Расул Меирманов: Менің мақсатым – арнайы спорт ротасынан олимпиада чемпиондарын шығару

Расул Меирманов: Менің мақсатым – арнайы спорт ротасынан олимпиада чемпиондарын шығару

Әскер мен спорт – егіз ұғым. Дене дайындығы, өзіңді үнемі  жаттықтыру, көрсеткішті орындау үшін жанқиярлық еңбектену, кез келген жағдайға дайын болу –  бұл спортшы үшін де әскери адам үшін де аса қажет дүние. Спорт комитеті-Армия орталық спорт клубы – осы екі саланың басын біріктірген комитет. Бүгінде қазақтың мақтанышына айналған Дәулет Тұрлыханов, Серік Сәпиев, Ольга Рыпаковалар – осы Спорт комитеті-АОСК-нан шыққан кезіндегі мерзімді әскери қызметшілер. Ендеше бүгінгі әңгімеміз де осы тақырып төңірегінде болмақ. Осы ретте, Спорт комитеті- Армия орталық спорт клубының бастығы полковник Меирманов Расул Кенжебайұлын әңгімеге тартқан едік.

–       Сұхбатымызды Спорт комитеті-Армия орталық спорт клубының құрамына спортшыларды қалай қабылдайсыздар содан бастасақ. Арнайы дайындықтан немесе іріктеуден өткізесіздер ме?

–       Спорт комитеті-Армия орталық спорт клубында біздің арнайы спорт ротамыз бар. Онда шамамен 30-ақ адам. Олар – әлем біріншіліктері, республикалық деңгейдегі жарыстар, олимпиада, халықаралық жарыстарда біздің еліміз атынан шығатын спортшылар. Арнайы ротаға оларды біз мерзімді әскерге шақырылғандардың арасынан таңдау арқылы аламыз. Яғни, әскерге шақырылғандар арасынан ҚР чемпиондары, жүлдегерлері, әлем біріншілігінің жүлдегерлері сынды дайын спортшыларды таңдап, әскерге аламыз. Ол ең аз дегенде ҚР спорт шебері болуы керек. Бізде штаттық команданы дайындау орталықтары бар. Олар жыл бойы Қазақстан біріншіліктерін өткізіп тұрады. Сол біріншілік, жарыстарда көзге түсіп, талантымен танылған балаларды қарайды, таңдайды, іріктейді. Содан кейін біз спорттық дәрежесі осындай азамат, азаматшаларды біз Спорт комитеті- АОСК-на алғымыз келеді деген облыс әскери комиссариаттарына қағаз жібереміз. Яғни, олар бізге келгенде дайын спорт шебері болып келеді. Мәселен, «Әскер барысы – 2018» атағына ие болған Ерасыл Қажыбаев – қатардағы жауынгер. Ол баланы біз биыл мерзімді әскерге шақырып, Спорт комитеті-Армия орталық спорт клубына алдық. Неге десеңіз, ол дзюдо күресінен әлемге баратын ҚР құрама командасындағы нөмірі бірінші спортшы саналады. Бізде Ыстыбаев, Ұланов деген мерзімді әскер жауынгерлері бар. Олар Алла қаласа зіл темір көтеруден әлем біріншіліктеріне барады. Олар қазір спорт ротада Отан алдындағы өз борыштарын атқарып жатыр. Мәселен, Ұлттық ұланға бойы ұзын, түр-тұлғасы келіскен азаматтар таңдап алынатын болса, ал біз спорттық дәрежесіне қараймыз. Мәселен, мерзімді әскери қызметке 20 мың азамат шақырылса, соның ішінен халықаралық олимпиадаларда Қазақстан туын желбіретеді, ел спортын, Қарулы Күштердің атақ-абыройын көтереді деген 30-ақ адамды таңдап жүріп аламыз. Бір жылдық мерзімді әскерге келген спортшы антын қабылдайды да, одан кейін бірден жаттығу процесіне кіріседі. Жаттығуына таңертең кетіп, кешке келеді. Немесе бір айлық оқу-жаттығу жиынына жіберіледі. Біз оның дайындығын үзбейміз. Үнемі дайындықта болады, яғни таза спортпен айналысады.

–       Спорт комитеті-Армия орталық спорт клубының мерзімді әскери қызметшісі үнемі спорттық дайындықта болады. Ал өзге мерзімді әскери қызметшілерге қандай физикалық жүктеме қарастырылған, үнемі жауынгерлік әзірлікте болуы үшін олардың спортқа тартылу жағы қалай? Жалпы әскери қызметшілер арасында жыл көлемінде қандай спорттық шара, спартакиадалар өтіп тұрады?

 

– Спорт комитеті-АОСК негізгі мақсаты – әлем чемпионатына қатысу, олимпиада ойындарына жолдама алу, нәтиже көрсету болса, ал мұндағы негізгі мақсат – бұқаралық спортты дамыту. Яғни ҚР Қарулы күштеріндегі барлық жауынгерді спортқа әкелу. Екеуінде де әскери адамдар. Бірақ спорттың өзі кәсіби және әуесқой деп екіге бөлінгені сияқты, Спорт комитеті-АОСК әскери қызметшілері мен өзге әскери құрылымдағы әскери қызметшілердің бағыт-бағдары да, жүктемесі де екі бөлек. Бұлар да әлем біріншілігіне қатыса алады, бірақ әскерилер арасындағы жарыстарға қатысады. Бұл балалар спорт ротаға бара алмайды. Неге десеңіз, біздің Қарулы Күштердің ішіндегі ең үлкен жарыс – ТМД Қарулы күштері командалары арасындағы әлем біріншіліктері.

Бізде «Шығыс, «Батыс», «Оңтүстік» және «Астана» сынды өңірлік қолбасшылықтар бар ғой, сол өңірлік қолбасшылықтарда дене дайындығы және спорт бөлімдері бар. Ол өңірлердегі спорт кешендері бізге қарайды. Бүкіл ҚР Қарулы күштеріндегі спорт пен дене дайындығына байланысты дүниенің барлығына Спорт комитеті-АОСК жауап береді. Мәселен, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты «Аягөз», «Өскемен», «Үшарал» гарнизондарында үлкен спорт кешендері тұр. Олардың басшыларын көп жағдайда спортта жақсы нәтиже көрсетіп, кейін жасы келіп, спорттық мансабын аяқтаған осы Спорт комитеті-АОСК-ның «экс сарбаздарының» ішінен тағайындаймыз. Олар сол жерде секциялар ұйымдастырып, жарыстарға дайындық жасайды. Жыл сайын спартакиадалар өтіп тұрады. Осы спартакиаданы ұтқан бала біздің ҚР Қарулы Күштерінің спорт командасына кіреді. Бұл, яғни әскери спорт.

Жалпы әр гарнизондағы әскери қызметші, оның отбасын спортқа баулу, бұқаралық спортты дамыту – ол да біздің мақсатымызға кіреді. Өйткені әр әскери қызметшінің дене дайындығы өте жоғары болуы керек. Әскери қызметшінің бір күндік жүктемесі – бір жарым сағат. Әскери гарнизон, өңірлік қолбасшылықтарда олардың спортпен шұғылдануына жұмасына 5 сағат бөлінеді. Оның 1,5 сағаты жалпы физикалық дайындық, біріншіден, ол жүгіре білу керек, өте шыдамды, төзімді болуы қажет. Екіншісіден физикалық тұрғыда күш қабілеті мықты болуы керек. Үшіншісі – жылдамдық. Төртіншісі – арнайы әскери машық, яғни кедергілерден өту, граната лақтыру, жабдықпен жүгіріп келе жатып, суда жүзу. Мәселен, әскери қызметші жүгіріп келе жатып, алдында көл пайда болды. Ол 40 келілік зат салатын рюкзагымен, ауыр жүгімен судан жүзіп өтуі тиіс. Осындай тапсырмалар бар. Ал 25 жасқа дейінгі әскери қызметшінің бір жұмадағы марш жүрісі 25 шақырымнан төмен болмауы керек. Неге десеңіз, біз оның шыдамдылығын, жүрегінің, денсаулығының мықтылығын, физикалық дайындығын – бәрін дайындаймыз. Сондай апталық жүктемелер бар.

–       Жаңа сөз орайы келгенде «Әскер барысы», биылғы «Қазақстан барысының» күміс жүлде иегері Ерасыл Қажыбаев жайында айтып қалдыңыз. Өткен жылы да Еламан Ерғалиев Спорт комитеті-АОСК-ның абыройын аспанға бірақ шығарып, жарқ етіп көрінді. Тағы кімдермен мақтана аласыздар? Ел спортын халықаралық деңгейде танытудағы табыстарыңыз қандай?

– Сонау 1970 жылдан бастап санамаласақ, өте көп. Біздің Спорт комитеті-АОСК-нан шыққан еліміздің бетке ұстар азаматтарының бірі Дәулет Тұрлыханов, өздеріңіз білесіздер, грек-рим күресінен КСРО жеңімпазы, әлем біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Одан кейін олимпиада чемпиондарының ішінен айтсақ, шаңғышы, әлемнің төрт дүркін чемпионы Владимир Смирнов, боксшылар Ермұхан Ибраимов, Серік Сәпиев, Біржан Жақыпов, жеңілатлетшілер Ольга Рыпакова, Ольга Шышигина да кезінде бізде жаттыққан. Кейінірек Динамоға ауысып кетті. Айта берсем, өте көп. Барыстардың ішінен Шалқар Жоламанов, Бейбіт Ыстыбаев спорт ротаның әскерлері болған. Мұхтархан Ділдәбеков, Генадий Головкин бізде дайындықтан өткен, Спорт комитеті-АОСК ротасында мерзімді әскери қызметін өткерген.

«Қазақстан барысында» да өздеріңіз көріп жүрсіздер, үлкен жетістіктерге жетіп жатырмыз. Арман Шораев ағамыз ең бірінші жылы «Қазақстан барысын» ұйымдастырғанда біз басында көрдік, байқадық. Кейіннен ол кісіге әскери қызметшілердің арасынан да бір палуан қатыстырайық деген ұсыныс тастадық. Ол кісі ұсынысымызды құп алып, 2015 жылы бізден бірінші әскер барысымыз Талғат Амренов қатысты. Ол ұтылып қалды. Бұл жеңіліс кішкене намысымызға тиді. Неге десеңіз, бұл ұлттық спорт түрі, батырлардың айқасы. Ал менің ойым, неге біздің әскери қызметшіміз ұтылуы керек. Біз – әскери қызметші, яғни жауынгерміз. Жаңағы өткізіліп жатқан қазақ күресі, жекпе-жек ұрыстары болсын біз бірінші орын алуымыз керек. Әскери адам әрдайым осыған дайын болуы керек. Осы жоспарымды ҚР Қорғаныс министрі қолдады. Өткен жылы Еламан Ерғалиев «Қазақстан барысы» болды. Бастапқыда «Әскер барысында» Еламан мен Ерасыл кездескен. Бірінші жекпе-жегінде Еламан Ерасылды таза жеңіспен ұтқан. «Қазақстан барысына» жолдама алды. Еламан былтыр жақсы дайындықта болды. Өздеріңіз көрдіңіздер, әскердің атақ-абыройын көтерді, «Қазақстан барысы» атанды. Биыл ол іріктеуден тыс жеке қатысты. Мерзімді әскери қызметшіміз болғаннан кейін биыл біз бар салмақты Ерасылға салдық. Биыл Еламан болмағанмен, Ерасыл жарқырап көрінді. Еламан Ерасылмен кездескен кезде ақырғы минутқа дейін Еламан басымдықпен келе жатты, неге десеңіз тәжірибесі бар, былтырғы атақ-абыройы да бар. Жеңіп келе жатты да, соңғы 1-2 минут қалғанда есепті теңестіріп, Ерасыл ұпай санымен Еламанды ұтты. Одан кейін өте дарынды, мықты палуан Руслан Әбдіразақовты ұтты. Дайындығы мықты, іс-қимылдары ширақ Руслан биыл «Қазақстан барысы» болатын шығар деп ойлағанмын. Бірақ Ерасылдың дайындығы жоғарырақ болып шықты. Ауылдан шыққан азамат.

–       Эверест шыңын, 14 «сегіз мыңдықты» бағындырған қазақ алпинистерінің бірегейі Мақсұт Жұмаев та сіздердің, Армия орталық спорт клубы Тау даярлығы орталығының офицері. Жалпы тау дайындығы спорты сіздерде қаншалықты жолға қойылған?

–       Мақсұт – ол өте дарынды спортшы, Алланың біздің елімізге, спорт комитетке берген бір бағы. Капитанымыздың жасы 40-тан асты. Дайындығы өте жоғары, тау әр адамды қабылдамайды ғой, өздеріңіз білесіздер. Тау дайындығы өте қиын. Жүру керек, тауда оттегі аз болады, оның өзіндік қиыншылықтары бар, оның өзіндік тамақтануы да басқа. Бірақ Мақсұт соның бәрінен өтіп, әлемнің ең биік шыңдарын бағындырды. К-2 деген өте қауіпті шың бар. Ол – соны бағындырған санаулы адамдардың бірі. Қазір Мақсұт екеуміз бір экспедицияны ойластырып отырмыз. Біз мына тау даярлығы орталығының құрама командасы мен Спорт комитеті-Армия орталық спорт клубының әскери қызметшілері бірігіп, барлығы 15 адам ҚР Қарулы Күштерінің Бас Қолбасышысы «Нұрсұлтан» шыңына шықтық. Енді осы Мақсат пен Василий Певцов сынды екі офицеріміз бағындырған К-2 шыңына экспедиция жасап көреміз бе деген ниетіміз бар. Тағы бір айтып кететін жайт, биыл бірінші рет Мақсұт Жұмаевтың атынан альпиниада өткіздік. Альпиниаданың мақсаты – біздің ҚР Қарулы Күштерінің арнайы мақсаттағы бөлімшелерін тексеру. Бүкіл біздің құрама команда, бөлімшелеріміз жаңағы арнайы мақсаттағы қойылған талаптарды орындап, одан жақсы көрсеткішпен өтті.

–       Жақсы көрсеткіш, нәтиже жақсы жабдықталған спорттық орталықтарға да байланысты. ҚР Қарулы Күштері құрамындағы Спорт комитеті-АОСК-на қандай спорт базалары қарайды? Сол спорт базалары мен түрлі секциялардың жұмысы жайында айтып өтсеңіз.

 

– Менің осы спорт комитетіне келгендегі ең бірінші мақсатым – Спорт комитеті-армия орталық спорт клубын, спорт ротасын көтеру, олимпиада чемпиондарын шығару.

Неге десеңіз, мен осы спорт ротасы дейміз ғой, Спорт комитеті-АОСК-нда өзім мерзімдік қызметтен өткенмін. Және осы жердің курсанты болғанмын. Осы жерден лейтенант атағын алып, басқа өңірлік қолбасшылықтарда қызмет істедім. Бұл саланы сондықтан жақсы білемін.

Спорт комитеті-АОСК-нда халықаралық деңгейдегі спортшыларды дайындау үшін барлық жағдай жасалған. Бурабай қаласында 2 спорт базамыз бар. Біріншісі – шаңғы орталығы. Шаңғышы, қысқы олимпиадада мықты нәтиже көрсеткен әскери қызметші Владимир Смирнов осы базада дайындалған. Олимпиадаға қатысқан Алина Райкова, Николай Чебачко секілді әскери қызметшілер де сол базамызда дайындалады. Екінші орталық – «Ботагөз» санаторийі. Ол жерде спортшылар жарысқа қатысып келгеннен кейін өз денсаулықтарын қалпына келтіреді. Көлдеріне түседі, уколдарын, емдерін алады. Ал Алматыға келсек, онда да бірнеше орталықтарымыз бар. Ең бастысы – Спорт комитеті-АОСК құрылғаннан бері келе жатқан үлкен үйіміз. Оның ішінде күрес, жекпе-жек, теннис, баскетбол, волейбол, спорттық ойын түрлеріне арналған залдарымыз бар. Одан кейін гимнастика, Анатолий Храпатый айналысқан ауыр атлетика залы бар. Қалпына келтіру орталығымыз бар. Одан кейін Панфилов кентінде Ольга Рыпакова дайындалған жеңілатлетика, ал Қапшағай қаласында су даярлығы орталығы бар. Былтыр Қорғаныс министрінің бұйрығымен біз тау дайындығын бастадық, орталық аштық. Ол жерде капитан Мақсұт Жұмаев нұсқаушы болып істейді. Ерасылды күреске Шымбұлақта, тау дайындығы орталығында дайындадық. «Қазақстан барысына» 2,5 ай қалғанда сарбазымызды сол жерде жаттықтырушысымен оқу-жаттығуын ұйымдастырып, тамағын, дәруменін беріп, жарысқа екі күн қалғанда алып келдік. Қандай нәтиже көрсетті, өздеріңіз көрдіңіздер. Сондай-ақ Сарыөзек, Аягөз, Үшарал гарнизонында, Приозерск, Өскемен, Шымкент қаласында осындай орталықтарымыз бар.

–       Әңгімеңізге рахмет. Ел намысын әлемдік деңгейде әйгілейтін әскери спортшыларыңыздың қатары көбейе берсін!

                                                                       Сұхбаттасқан Меруерт Сафаева

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

Броньды машиналар кәсіпорны

Броньды машиналар кәсіпорны

БКМ "Барыс 8х8"

БКМ "Барыс 8х8"