Қазақ жасағының туын жықпаған Қазымбет батыр

Қазақ жасағының туын жықпаған Қазымбет батыр

«Қазымбет батыр» қорының төрағасы Ертай Кәрімов sarbaz.kz тілшісіне қазақ жасағының туын жықпаған батыр туралы айтты.

- Қаракерей Қабанбай мен би Боранбайдың сенімді сардарларының бірі, Қабанбай қолының ту ұстаушысы болған Қазымбет батырға тең келетін тұлға бар ма тарихта?

- Қазымбет руы – Найман-Қаракерей-Жеті Жолымбет-Рақ-Құттымбет. Бала күнінен ат құлағында ойнап, жай тартуды үйреніп қана қоймай, талай ерлік жасады. Ол – қазақ-қалмақ соғысының батыры. Сәмеке ханның тұсында қалмақтың Қалден-Церен ханы қазақ жеріне жеріне шабуыл жасағанда 17 жастағы Қазымбет әкесі Құттымбет батырдан былай деп рұқсат сұраған екен: «Әке, ел шетіне жау келсе-жаспын деп жата көрме, не күшім көп баспын деп аса көрме, шайқас, жеңемін деп алыс, батыл бол, жеті атаң жаудан жеңіліп көрмеген, бәрі де өз ажалынан өлген. Қорыққанды оқтың өзі іздеп табады деп айтатын ақылыңыз қайда? Мен бала емеспін. Батаңызды тездеп беріңіз. Сәмеке ханның қолына уақыт оздырмай қосылуымыз керек». Әкесінің батасын алған жас қалмақтың Жолан батырымен жекпе-жекке шығып, қақ жүрегінің тұсынан оқ атты. Қалмақ өкіріп жерге құлағанда Қазымбет батыр жетіп барып, басын кесті. Қолына ту ұстап, өз аталастарын әкесі Құттымбеттің орнына жауға қарсы соғысқа әзірлей де білді.

Осы жекпе-жектегі жеңістен кейін жас Қазымбет Сәмеке ханның жасағына бас қолбасшы болды емес пе?

- Иә. Бұдан кейін де ата-бабадан қалған жерді азат ету жолындағы ірілі-ұсақты талай соғыстарға қатысты. «Бір өзі келе жатқанда екпінінен 400-500 адамның дүмпуі білінетін, қаранөпір жауға тиіскенде кірген жағы – есік, шыққан жағы – жол болып қалушы еді», деп Шақшақ Жәнібек батыр ерлігін ерен санаған әруақты Қабанбай батырдың және қазақ халқының жоңғар басқыншылығындағы батыры, белгілі би Боранбайдың сенімді сардарларының бірі болды. Ұрыстарға қолбасы, он мың басы, ту ұстаушы болды. Ештеңеден ықпайтын нағыз батыр Қабанбай қолының туын ұстады. 52 жыл бойы ат үстінде жүріп, ондаған жылға созылған ұрыстарда басын өлімге тікті. Қазақ жерін жаудан азат ету жолындағы соңғы ұрыс­та 69 жасында қазақ жасағының туын жықпай, Қазымбет батыр тудың астында тулап өлді. Осындай Отансүйгіштік қасиеттің үлгісі мен туды құлатпау үшін төніп келген ажалды кеудеден итеріп тоқтатқан асқақ рухты тарихтан кездістіру қиын.

- Қазымбеттің жау қолынан тапқан ажалы өкініш пен қайғы әкелсе де, рухының заңғарлығы қазақ қолының жігерін жаныған ғаламат жұмылдырушы күш болды ғой.

- Әрине. Найманның шежіресінде:

«Қазақтан тізе берсең маңғазы көп,

Бай, батыр, игі бағлан, сарбазы көп.

Бойында үш Шәулінің өлген екен,

Қазақтың туын жықпай Ер Қазымбет.

Қапысыз ажал келсе кім өлмеген,

Шыңқожа, Шөңкейді де шідерлеген.

Қос жебе өндіршектен қадалса да,

          Қазымбет тудың сабын жібермеген» дейді. Батырдың өліміне серіктері  қабырғалары қайысып қайғырса да, ерлігіне таңдай қағысты.

-  Әлгінде Қазымбет батыр туралы аңызға айналған әңгімені бастап қалып едіңіз...

- Шайқастардың бірінде Қазымбеттің әскері жүз қалмақ сарбазын қолға түсіргенде арасынан бұрымды сұлу әйел де шығады. Жәй-жапсарын сұрай келе, Қанжығалы Бөгенбай батырмен жекпе-жекке шығып, қаза болған қалмақ батыры Қаранайдың кегін алмақ болған әйелі Таңшебер екені анықталады. Қазымбет батыр көп ұзамай Таңшебермен некелесіп, Келдібек, Жаулыбай, Майлыбай есімді үш ұл дүниеге келеді. Уақыт өте Қаранайдың кіндігінен туған Таңшебердің тұңғыш ұлы Қабек әкесінің кегін қайтарып, қазақ қолынан шешесін қайтармаққа әрекеттенеді. Қалмақ қолының басшысы қазақ әскерін жекпе-жекке шақырғанда ерінен рұхсат алып, бес қаруы жанында еркекше киінген анасы Таңшебер шығады. Бұл жолы қызыл қырғын соғыс болмай, қан төгілмей, екі жақ бейбіт тарасыпты-мыс. Таңшебердің жасауын елу шақты түйеге артып, боз жорғасын күмістен ер-тоқымдап, он қыздың ұзатылуындай сән-салтанатпен шығарып салған деседі.

- Жалпы алғанда, қандай болмасын соғыс – батырдың табысының бір көзі болған ғой?

- Ол рас. Мәселен, Бөгенбай батырдың малы көп болған. Бойында ұсталық, ақындық, айтыскерлік, шешендік өнерімен қоса, рулардың арасындағы дауларды шешті. 1710 жылы қазақ жүздерінің жоңғар хандығына қатысты жиынында Бөгенбай батыр семсерін аяғының астына тастап былай деген екен: «Жауымыздан есемізді қайтарамыз, тоналған жайлауымызды, тұтқындалған балаларымызды көріп қарап отыра алмаймыз, өлсек қолымызға қару алып өлеміз. Қыпшақ даласының батырлары қай кезеңде бастарын төмен түсірген? Мен қолымды жауымның қанына бояған кезде сақалыма әлі ақ түспеген еді. Қазіргі келімсектердің зорлығына қалай шыдаймын. Біз әлі жүйрік аттардан кенде емеспіз. Әлі қорамсақта өткір ұшты садағымыз бар». Бөгенбай батыр қазақ пен қалмақ арасындағы соғысқа, 1756-1758 жылдары қытай әскерімен болған қанды шайқасқа қатысты. Жаудың мыңдаған әскерін қырып, мал-мүлкі мен қару-жарағын олжалады.

- Шешуші ұрыстардың тарихына үңілсек, Қазымбет батырдың шоқтығы өзгелерден биік тұрады. Демек, тушы мен оны қорғаушылардың мәртебесінің жоғары болғаны ма?

- Маңызды ұрыстарда күллі қазақтың туына ерекше мән берілді. Сол себептен ту ақылды, көреген, әрі мықты батырға сеніп тапсырылды. Әскердің күші мен қуатын және рухын жауға сездіру үшін тушы ерекше тәжірибелі жауынгерлерден іріктелініп алынды. Тарихи бір деректерде Қабанбай батыр мен Қазымбет батырдың шағын қолынан ойсыра жеңіліп, қашқан жоңғарлар: «Қабанбайдың екі иығында екі арыстан аузынан от шашып бірге келеді. Оның қорғаушысы бар. Ал, Қазымбет батырдың найзалы туының үстінде екі көзінен оты шығып алып дала бүркіті отыр. Бұларды жеңу мүмкін емес» деген екен. Қаз дауысты Қазыбек би Қазымбет батырға «Жалғанда жаның шықса да, өліп кетсең де туың жығылмасын, сағың сынбасын, тауың шағылмасын» деп батасын да берген екен. Батыр да өле-өлгенше «Иә, Алла, жанымды алсаң да, халқымның туын жыға көрме. Елімнің амандығы үшін тек аттан құлатып, туды жыға көрме. Өлсем де осы туды тік ұстаған күйімде абыроймен өлейін» деп тілек тіледі.

- Сіз батыршылдық дегенді қалай түсінесіз?

- Батыршылдықтың басты мұраты – ерлік, батылдық, адалдық, асылдық, тектілік, елге сенімділікпен қызмет етіп, жан қию. Қаруды қастерлеу, кие тұту, қаруға табыну, қаруға ат қою, қарумен серттесу, қаруды жаман іске жұмсамау, қаруды әр түрлі символға айналдыру секілді қарумен байланысты дәстүр де батыршылдық салттың бір бөлігі. Жалпы алғанда, батыр бабаларымыз ерлік, намыс және парыз деген мәселелерді барлығынан биік қойды. Бұл батырлық рухта тәрбиелеудің бір көрінісі.

- Әңгімеңізге рахмет.


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: основные причины ДТП

Инфографика: основные причины ДТП