Отанды қорғау – абыройлы міндет

  Ел армиясының қатарын сайдың тасындай сарбаздармен жасақтау – зор жауапкершілікті жүктейтін жұмыс. Өйткені бүгінгі бозаң шақта жүрген бозбала ертең әскер қатарына қосылғанда елдің шетінде, желдің өтінде жүріп ел тыныштығын қорғайды. Ата-ананың аялы алақаны, жылы ұясынан шыққан жеткіншек «әскер» атты үлкен өмір мектебінде шыңдалады, шынығады. Сондықтан оған дайындық, әскерге шақырылушыларды іріктеу де тиісті деңгейде өтуі керек. Осы ретте біз биылғы көктемгі шақырылымның қорытындысы мен күзгі шақырылымға дайындық барысы жайында мән-жайды білу үшін Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданының қорғаныс істері жөніндегі Басқармасына барып, аталмыш Басқарма бастығы майор Арман Қияқбаевты сөзге тартып көрген едік.

–       Арман Ахмадуллаұлы, алдымен көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындысы жайында айтсаңыз. Есіл ауданы бойынша қанша жасөспірім әскерге аттанды? Оларды іріктеу жұмыстары қалай өтті?

– ҚР Президентінің Жарғысына және еліміздегі тиісті заңнамаларға сәйкес атқарылған біздегі жұмыстардың нәтижесінде көктемгі әскерге шақыру кезеңінде ҚР Қарулы Күштері мен елдегі басқа да әскери құрылым түрлеріне 400-ден астам жасөспірімді армияға аттандырдық. Оған негізінен әскерден қалуға заңдық тұрғыда себептері жоқ, жасы 18-27 аралығындағы, яғни 2001-1992 жылғы туған азаматтар тартылды. Әрине, оларға қойылған ең басты талап медициналық сараптамалар негізінде денсаулығының дұрыс болуы және психологиялық тестілеуден дұрыс нәтижемен өтуі болды. Ал жалпы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 1000-ға жуық жас азамат әскерге жіберілді. Осылайша Қорғаныс министрлігі тарапынан берілген тапсырма толық орындалды деуге болады. Бұл жерде ескерте кетер жайт, біздің мақсат жоспарды орындап, әскерге жарамдылардың санын көрсету ғана болған жоқ, мұндағы басты міндетіміз шақырылушы азаматтарды сапалы медициналық, психологиялық тестілеуден өткізіп, әскер қатарын сапалы сарбаздармен толықтыру болды. Өйткені, біздегі жұмыстардың артында зор жауапкершілік жатыр. Тиісті тексерістерден өтіп, әскерге аттанған жастар денсаулығына байланысты кері қайтып келсе бізге үлкен сын. Сондықтан әр науқан алдында медициналық комиссия мүшелері, өзіміздің жеке құрамымыздың қатысуымен тікелей нұсқамалық-әдістемелік сабақтар өткіземіз. Конспект жазғызып, сынақ қабылдаймыз. Мәселен, көктемгі науқанда Нұр-сұлтан қаласы бойынша 7000 адам тіркелген болса, соның 1000 адамы ғана медициналық сараптамадан сәтті өте алды.

–       7000 адамның ішінен тек 1000-ын ғана таңдап алсаңыздар үлкен іріктеу жұмыстары жүргізілген екен. «Тепсе, темір үзетін» жастағы азаматтарымыздың денсаулығы қалай, жалпы қанша пайызы жарамсыз немесе кейінге қалдырылды?

–       Тіркелген азаматтардың 30 пайыздайы денсаулығына байланысты әскерге жарамсыз деп танылды. Сондай-ақ, оған жоғары оқу орындарына түсуіне, оқуын жалғастырып жатқанына, үйленуіне және басқа да заңды себептерге байланысты кейінге қалдырылғандарды да қосыңыз.

Ал, әскерге шақырылған жастарымыздың денсаулық жағдайын айтатын болсам, өкінішке қарай хирургиялық жолмен емделетін майтабан дерті және омыртқаның қисаюы секілді ауру түрлері жыл сайын кездесіп жатыр. Мамандардың мәлімдеуінше, мұндай дерттердің пайда болуына балалардың бірнеше сағаттап компьютерге немесе телефонға телміруі, яғни дене жаттығуымен айналыспауы себеп болуда. Сондай-ақ, бұл жағдай олардың көз жанарының әлсіреуіне әкеп соқтыруда. Сондықтан оларды мұндай жат әрекеттен бала кезінен ата-аналар, оқу ошағындағы мамандар мейлінше сақтандырып отыруы тиіс. Өйткені, бізге жастар дене-бітім әбден қалыптасқан кезде келеді. Демек, дерттің себебімен күресу кеш, тек салдарымен күресуге тура келеді. Қысқасы, ата-аналар мен мектеп мұғалімдері алдын алу шараларына маңыз бергені абзал.   

Жалпы, медициналық сараптама жасалғанда азаматттарды денсаулықтың жарамдылығына байланысты бірнеше топқа бөлеміз. Мысалы «А» – әскери қызметке толық жарамды, «Б» – кішігірім шектеулермен әскерге жарамды, «Г» –емделуге мұқтаж, «Д» – бейбіт уақытта жарамсыз, соғыс жағдайында жарамды, «Е» – бейбіт кезде де, соғыс кезінде де жарамсыз деген санаттары бар. Дәрігерлер сараптамадан өткізгенде ауру тізімі жасалады. Қай санатқа жататыны сонда көрсетіледі.

–       Биыл әскердің қай түріне басымдық берілді? Жастарымыз көбіне қайда барғысы келеді?

–       Бізде жылда бірінші басымдық Мемлекеттік күзет қызметіне беріледі. Ол сан жағынан аздау болуы мүмкін, бірақ іріктеуде аса қатты көңіл аударамыз. Біріншіден, бойлары 180-нен төмен болмауы керек. Екінші, денсаулық жағдайы өте мықты болуы қажет. Тіпті, бет-әлпет пропорциясы, дене бітіміндегі тыртықтарына дейін қараймыз. Яғни, бір сөзбен айтқанда мінсіз болуы керек. Көктемде Мемлекеттік күзет қызметіне Нұр-Сұлтан қаласынан шамамен 22, ал Есіл ауданы бойынша 7 азамат аттанды. Жаңағы 22 баланы кем дегенде 80 баланың ішінен іріктейміз. Ал екінші орында басымдық ҰҚК шекара қызметіне беріледі. Оған 200-220-дан астам азамат аттанды.

Жастарымыздың көбі десанттық шабуылдау әскеріне барғысы келеді, парашютпен секіріп, десантшы болуды армандайды. Бірақ үміткерлердің көбі денсаулығына байланысты әскердің ол түріне жарамай жатады. Әрине, жастардың арасында денсаулығы мығымдары да, тіпті спорт шеберлігіне үміткерлер де кездеседі. ҰҚК Шекара қызметіне де барғысы келетіндер бар, өйткені әскерден кейін олар сол саланың құрылымдарында еңбек еткісі келеді. Біз жоғарыда айтқанымдай үміткерлердің бітім-болмыс ерекшеліктеріне қарап таңдаймыз. Бойлары, денсаулығы, болмыс-бітімі келіп тұрған азаматтар Мемлекеттік күзет қызметіне барады.

Жалпы, шақырылушы азаматтарға «Әскердің жаман түрі жоқ» деп түсіндіріп айтамыз. ҰҚК Шекара қызметі, ҚР Қарулы Күштері, оның ішінде Десанттық шабуылдау әскерлері, Әуе Қорғанысы күштері, Механикаландырылған бригада, Құрлық әскерлері, Әскери теңіз күштері, үшіншісі Мемлекеттік күзет қызметі және Ұлттық ұлан секілді әскердің әр түрінің өз мақсаттары мен өзіндік тапсырмалары бар.

–       Кешегі аға буын үшін әскерге ілінбей қалу деген ұят саналатын. Ол кезде әскерге барып келу үлкен мәртебе, абырой еді. Қазіргі жастарымыздың ел армиясының қатарын толықтыруға деген құлшыныстары қандай?

–       Кезінде әскерге бармаған азаматтарға қыздар да қарамайтын. Бұл қандай себептермен бармай қалды, демек денсаулығында кінәрат бар дегендей. Қазір ондай приоритет жоқ. Дегенмен, балалардың әскерге деген көзқарасы түзу. Дегенмен, «Бес саусақ бірдей емес». Қазір «мен әскерге барушы едім, бірақ менің несием бар» деген секілді жағдайлар көп кездеседі. Кейбірі «Маған жұмыс жасау керек, ауылдағы ата-анама көмектескім келеді» дейді. Ал мұндай жағдайлар заң жүзінде әскерден қалуға себеп емес. Бүгінгі таңда екінің бірінде несие бар және ол аз қаражат емес. Сондықтан біз кейде өз тарапымыздан заңда қарастырылмаса да банк филиалдарына «мына азамат заңға сәйкес әскер қатарына жіберіледі, сол себептен несиені кейінге қалдырсаңыздар деген өтініш хат жібереміз. Бұл адами көзқарастан туындаған жағдайлар.

 

–       Көктемгі шақырылым бойынша қорытынды жасағанда әскерге аттанған сарбаздардың әлеуметтік жағдайына сараптама жасадыңыздар ма, қандай қорытындыға келуге болады?

– Жіберілген азаматтардың 80 пайыздан астамы жұмысшылар мен қарапайым қызметшілердің балалары, яғни орта тап. «90-жылдардың балалары» деген түсінік бар ғой. Тәуелсіздік алып, мемлекетіміз енді аяғынан тік тұрып келе жатқанда дүниеге келгендер. Бұл жылғылардың ішінде толық емес отбасынан шыққандар көп, яғни жаңа мемлекет орныққанша елең-алаң кезеңде ата-аналары ажырасып кеткендері де бар. Бірақ, бұл ешқандай кемшілік емес. Бізде сондай-ақ әкесі мен шешесі Сауд Арабиясында елшілікте қызмет атқаратын, өзі халықаралық қатынастар университетін бітірген, дипломы бар, болашағы зор бір қазақ жігіті Отанымды қорғаймын деп арнайы Қазақстанға келіп, отбасында жалғыз ұл болса да, әке-шешесінің ақ батасын алып, әскерге барған жағдай да болған.

–       Осы жерде мынадай сұрақ туындап тұр. Әскерге шақырылу үшін білім қаншалықты маңызды?

–       Бізге тек денсаулығы мен салмағы ғана емес IQ-ы, яғни интеллектісі жоғары азаматтар қажет. Біз психологиялық және басқа да тестілеуден өткізгенде оларды жан-жақты зерттейміз. Армияда техникамен жұмыс істеу керек. Әскер тек бір жылда бір жерде адымдап, денені шынықтырумен ғана бітпейді ғой, ол жерде әскери мамандық беріледі. Кіші әскери маман, байланысшы, механик сынды мамандықтарға үйретеді. Егер әскерге шақырылушының техникалық білімі бар болса, ол азаматқа жеңіл әрі қызықты болады. Әскерден кейін ары қарай келісімшарт негізінде қызметін жалғастыруға болады. Келісімшартқа қызметке қалған сарбазға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер, әлеуметтік пакет қарастырылған.

–       Әскери қызметтен жалтаратындар бар ма, оларға қандай жаза қарастырылған?

–       Өкінішке қарай «бес саусақ бірдей емес». Жастардың арасында әскерден қашып жүрген азаматтар да бар. Оларға заңға сәйкес әкімшілік, қылмыстық кодекстер бойынша шара қолданамыз. Қала әкімі, аудандық Қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен құзырлы органдардың өзара келісімі негізінде әскерде жалтарғысы келетіндерді жауапкершілікке тарту және іздестіру жөніндегі шараларды қабылдаймыз. Жасыратыны жоқ, кейде ата-аналар жалғыз баламыз еді деп өтініш жазып жатады. Ондай жағдайда тікелей басшылықпен сөйлеседі, түсіністік танытып жатамыз.

–       Қазір еліміздің барлық өңірлерінде күзгі шақырылым науқаны басталды. Осыған байланысты қандай шаралар атқарылып жатыр?

–       20-шы тамыздан бастап алдын-ала медициналық сараптамадан өткізу жұмыстары басталып кетті. 11-ші қыркүйекте бірінші команда Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданына ҰҚК Шекара қызметіне аттанады. Сол күні ата-аналардың қатысуымен салтанатты түрде қоштасу рәсімі ұйымдастырылады. Одан кейін Алматы, Ақтау, Атырау бағыттары бойынша әскерге шығарып салу салтанаты жалғасады. Әскери бөлімдерден офицерлер келіп, 3 күн ішінде іріктеу жасайды. Әскерге жіберілетін азаматтармен міндетті түрде сұхбаттасу, ата-аналарымен әңгімелесу, зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл күзгі шақырылымда республика бойынша 30 мың, ал Есіл ауданы бойынша 200-ден астам азамат әскерге аттанады. Жақында Қорғаныс министрі генерал-майор Нұрлан Ермекбаев жергілікті әскери басқару органдарының басшыларын жинап, үлкен жиын өткізді. Онда әскерге шақырылушылардың басындағы несие, әскерге барғысы келмейтіндердің мәселесі сынды келелі тақырыптар талқыланды. Министрлік тарапынан жастардың әскерге баруға қызығушылығын арттыру үшін қандай ынталандыру жұмыстары жасалуы керек, әскерге барып келген азаматқа ЖОО төлемақысында тым болмаса жартысына жеңілдік жасау, жұмысқа тұруына жеңілдіктер қарастыру, әскерге жіберілгендерге ақша төлеу мәселесін шешу жақтары ойластырылуда. Енді ол алдағы күндердің еншісінде.

–Тұщымды жауап, салиқалы сұхбатыңызға рахмет.

   МЕРУЕРТ САФАЕВА


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи