Наурыз-татулық пен сыйластықтың алтын діңгегі

Наурыз-татулық пен сыйластықтың алтын діңгегі

Наурыз – ызғарлы қыстың кетіп, көктемнің келгенін білдіретін мейрам. Күн мен түн теңеліп, жер бетіндегі тіршілік атаулының жанданып құлпыра түсетін кезеңін қарсы алуға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскерилері де дайындық үстінде. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында 54835 әскери бөлімінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімі мемлекеттік тілді дамыту және мемлекеттік-құқықтық даярлық қызметінің бастығы, ҚР ҚК қызметшісі Жанаргүл Шәкербайқызы КӘКІМЖАНОВАНЫ әңгімеге тартқан едік.  

-    «Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды қазақтан басқа күншығыс жұрттарының көбі мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрамы етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, марттың ескіше 9-да, жаңаша 22-де күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі», деген екен қазақ халқының көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, жалынды көсемсөз шебері Міржақып Дулатов. Сіз үшін Наурыз мейрамының ерекшелігі неде?
-    Наурыз - ұлттық мейрам, жыл басы. Бұл күнi күн мен түн теңеледi. Табиғат та, Жер-Ана да, жан-жануар да түлейдi, жаңарады. Қазақтың кең даласын Қыдыр баба аралап, адам баласына құт-береке сыйлайды. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып сақтала отырып, жетi түрлi дәмнен наурызкөже әзірленеді. Халық бір ай бойы Ұлыстың Ұлы күнiн тойлайды. Ең бастысы - бұл күні араздасқандар татуласып, бір-біріне өкпесін кешіреді. Наурыз мерекесінің ерекшелігі де осы.
-    Сіздің ойыңызша, Наурыз мейрамында қандай салт-дәстүр сақталуы тиіс?
-    «Саналы ел салтын сақтар» демекші, Наурыз мейрамында қазақ халқына тән салт-дәстүрлердің барлығы сақталуы керек. Әр халықтың салт–дәстүрі, оның ұлттық рухани құндылығы болып саналады. Көне деректерге сүйенсек, тоғыз күн тойланатын той «Наурызнама» деп аталады. Әдетте, наурызнаманы бай, ауқатты кiсiлер жасаған. Алайда, әр шаңырақ өзiнше наурызкөже пiсiрiп, ақ толы аяғын босағадан аттағанның бәрiне ұсынған. Ауыл ақсақалдары үй-үйден дәм татып, ыдыспен сыбаға тасып жүрген. Ал, бойжеткендер соғымның соңғы етін уызға салып пісіріп, ұнатқан жігіттеріне дәм таттыратын. «Ұйқыашардың» қарымтасына жігіттер «селт еткізер» рәсімін жасап, қалауынша айна, тарақ, әтір суын сыйлаушы еді. Тәрбиенің басы болып саналатын тал бесікке тоқталып «Бесікке салу», рамазан айын мадақтайтын «Жарапазан», «Селт еткізер» мен «Ұйқыашар» салттары бүгінгі күнге дейін жетіп отыр.
-    Дегенмен, басқа шығыс халқымен салыстырғанда ерекше өзгешелік бар ма?
-    Наурыз – бағзы заманнан қалыптасқан бүкiлхалықтық жаңа жыл. Оны Иран, Ауғанстан, Үндiстан, Кавказ және Орта Азия халықтары төл мерекесi ретiнде тойлайды. Дегенмен, дәстүрді сақтауда өзгешелiктер бар. Мәселен, өзбек елі 13 күн бойы туған-туыстарын аралап, той тойлайды. Олар 13 күн бойы жасаған игілікті ісі айдан-айға ұласып, бір жылға жалғасады деп сенеді. Әр үйдің дастарқанына «сумалак» асы қойылады. Бұл ас бидайдан жасалады. Тәжікстанда да «суманақ» немесе «сумалақ» тағамы әзірленеді. Бұл елде 21-24 наурыз аралығында тойланады. Жоғарыда аталған елдегі секілді тәжіктер де тағамның мол болғанына көп көңіл бөледі. Жаңа жылдың алғашқы күні дастарқанға ұн мен еттен жасалған тағамдар көп қойылады. Сумалақты дайындау бір апта бұрын басталады. Мерекеге арнайы әзірленген тағамға құран оқылып, осыдан кейін туған-туыс пен көрші-қолаңға таратылады. Тағамды татпас бұрын іштей тілек тілейтін дәстүр де бар көрінеді. Наурыз – Ауғанстан тарихы мен мәдениетінде тамырын тереңге жайған мереке. Аталмыш мейрам осы елдің ауыз әдебиеті мен өнерін, отбасылық және адами құндылықтарын құрметтеудің нышаны болып саналады десек артық болмас. Ауғандықтар дәмді тағамдарға толтырып, «Һафт син» дастарханын жаяды. Ұлыстың ұлы күнін ұлықтау үшін ақ түстен тігілген жаңа киім киеді. Ауғанстанның ауылдары мен қала тұрғындары күрес, ән айту, халық билерін орындау, әтеш төбелестіру секілді рәсімдерді өткізу арқылы Наурызды қарсы алуға жиналады. Табиғат аясында көңіл көтеріп, шаттыққа бөленеді.
-    Наурыз мерекесін атап өту үшін әскерде қандай бағдарлама дайындалады?
-    Әскерде Ұлыстың ұлы күніне арналған іс- шаралар әскери бөлімнің шеңберінде өткізіледі. Әскери бөлімдердің аумағында киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылады. Қашанда ошағы өшпеген қазақпыз ғой! Қара қазанда ет асылып, наурызкөже пісіріледі. Ертегі кейіпкерлері де той-думанның ортасынан табылып, мереке ұлттық ойындармен, концерттік бағдарламамен жалғасады. Әскери қызметшілер бар өнерін ортаға салып, дүйім жұртты тамсандырады. Олардың отбасы мүшелері де түгелдей қатысады. Балалар жағы ән айтып, би билеп, жұмбақтарды шешеді. Әрине, ешқайсысы базарлықсыз қалмайды. Жаңа жылға бағышталған жақсы тілектер де көп болады. Қалай дегенмен, Ұлыстың ұлы күні қазақ баласы үшін киелі күн. Ол – татулық пен сыйластықтың алтын діңгегі іспетті.
-    Әңгімеңізге рахмет.

                                                                                   Алуа ИСКАКОВА
Суретті түсірген автор

Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Итоги конкурсов АрМИ-2018 на территории Казахстана

Итоги конкурсов АрМИ-2018 на территории Казахстана