Дін – патриотизмнің діңгегі

Дін – патриотизмнің діңгегі

Қазіргі заманда ұлттық идеологияның қалануы мен ұлт бірлігі мен бірлестігін бейбітшілікте сақтауда діннің орны маңызды. Қай салада болмасын, қай тұрғыда болмасын дін және қауіпсіздік ажырамас ұғымдарға айналып барады.
Отансүйгіштік пен діннің арасында да мызғымас бір көпір бары анық. Бүгін, ертең және келешекте бізді тек бір Отан сөзі ғана біріктіре алады, және бізден басқа ешкімге де тәуелсіз ел болып өркендеуіміз қажет емес.
Алайда, елімізде бүгінгі күні діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес ең күрделі мәселелерге айналып отыр.

Қазақстанда түрлі діни ағымдар жұмыс істейді. Бүгінгі күні мейірімділік пен татулық, моралдық талаптарға жауап беретін дұрыс бағыттағы діни ағымдарды танып, айыра білу қажетілігі күн артып туындап келеді. Әсіресе жастарға толассыз келіп жатқан секталар мен теріс діни ағымдар қауіп төндіруде.
Осыған орай, жастарға дұрыс түсінік беру, дұрыс және теріс діни ағымдарды ажыра білу қағидаларын түсіндіру мақсатында «Шаңырақ» оңалту орталығының директоры, теолог Мерхат Мұратұлы Мадияровпен сұхбаттасып қайтуды жөн көрдік.

–       Бүгінгі күні әскери ортада дін – қауіп төндіруі мүмкін бір ұғымға айналып барады. Радикалды діни ағымдар жастарға психологиялық тұрғыда шабуыл жасауда. Жастар әртүрлі теріс діни ағымдарды қабылдап, ел тынысына қарсы шығып жатқан кездері де кездесуде. Осы жайында не дей аласыз?

–       Жастардың дінге деген көзқарасы ең алдымен оның дінге алғаш рет қай тұрғыда бетпе-бет келгеніне, оған оның эмоциялық тұрғыдан қалай әсер еткеніне байланысты.

Шындығында, жасөспірімдерде өмірлерінің дәл осы кезеңдерінде дүниеге көзқарастары қалыптасады, санасының жетілу процесі жүріп жатады. Осы өтпелі кезеңді дәстүрлі емес дін өкілдері дөп басып пайдаланып қалғысы келеді. Сол кезеңде жастардың басын жылдам айналдырып, теріс пиғылдарын санасына сіңіріп, теріс жолға сала алады.

Қазіргі кезде ақпараттандырылған заман болғандықтан, дін туралы ақпараттың түр-түрі тарап кетіп жатыр. Түрлі желілер мен ойындар арқылы жастар біртіндеп арбауға түсіп жатқандықтарын сезбей қалады. Арбауға түскен жастар осындай ағымдармен бетпе бет кездескен кезде тығырыққа тіреледі. Өз қатарластарымен, отбасы мүшелерімен қарым-қатынас жасаудан бас тартады. Осыдан барып кездейсоқ шешімдер қабылдайды.

Осыған байланысты қазіргі кезде көптеген түсіндіру жұмыстары көбейіп келеді, жастар арасындағы діни сауатсыздықты жою бойынша кешенді жұмыстар атқарылуда.

–       Түрлі теріс діни ағымдардың ықпалынан жастар Отан алдындағы борышынан қашқақтауда. Осы жөнінде сіз не айта аласыз?

– «Отанды қорғау иманнан» деген қазақта аталы сөз бар. Яғни, Отан деген ұғымға бабаларымыз отбасын, ағайын-туғанын, елді-мекенін, Ұлы Даланы түгелімен қамтып айтқан. Сондықтан, қазақ даласына ислам келгенде, отбасы мен отанын қорғағаннан бас тартып, майданнан қашқандарды Алланың қаһарына ұшырайды, тозақ отына жанады деген тұғырнамасын бірден қабылдады. Себебі ар-намыс, айбат пен қаһармандық Ұлы Дала перзенттерінің бірден бір айбынды ұрандары еді.

Екі дүниенің сардары, аяулы Пайғамбарымыз с.а.с.: «Екі түрлі көз ахыретте тозаққа күймейді, біріншісі – күнәсіне өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз болса, екіншісі – Отанды қорғап, шекараны күзеткен көз»,- деген еді. Яғни, Отан қорғау қызметіндегілер, бүкіл мұсылмандардың арманы – жәннәтқа кіруге амал жасап тұрғаны ғой, себебі ахыретте екі ғана жол: тозақ не жұмақ. Тозақ отына күймесең, екінші арман қақпасына жол тартқаның. Ал, Жаратушының қалауымен, ер-азамат болып осы дүние есігін ашқаннан кейін, мойныңа аманат болып түскен үлкен борышың – Отаныңды қорғаудан бас тартуыңнан артық сатқындық, опасыздық бар ма бұл фәниде?

– Дін және патриотизм: екі ұғымның бір-бірінен қашықтығы мен қайшылығы бар ма? Дін Отанды сүюге немесе Отанды сүю дінге кедергі келтіреді ме?

–Кейбір бауырларымыз, амалдың ең үлкені «Алла разылығы үшін жиһадқа шығу» деп жүр. Оның өзін, басқа соғыс өрті лаулаған, халқы сол соғыстан зардап шегіп отырған елдерге жиһадқа баруды уағыздайды. Сол бауырларымыз біле ме екен, қазірде күніге жаназа намазы толассыз тоқтамай тұрған Шам елінің астанасы Дамаск қаласының Баб аль-Барид зиратында әлемге әйгілі бабамыз сұлтан Бейбарыстың мүрдесі жатқанын.

Бүкіл дүниеге түркілердің даңқын шығарған Мысыр (Египет) елінің билеушісі болған сұлтан Бейбарыс түркілердің қыпшақ руынан еді. Мамлүктер мемлекетін құрған арабтарға шығыстан да батыстан да үнемі қауіп төніп тұрғандықтан, мамлүк әскеріне айбаттылығымен әлемге белгілі түркі азаматтарын көптеп алатын. Монғолдар шапқыншылығынан ығысып, Қырымға өтпек болған кыпшақтық азаматтар Бұлғар ханы Анардың қолына опасыздықтың арқасында тұтқынға түсіп, құлдыққа сатылып кетеді. Махмуддинді (кейіннен Бейбарыс) Айтегін әмір сатып алып, оның ұстазы әрі досы болып кетеді. Кейіннен Мысыр сұлтаны Аюбидің көзіне түсіп, нөкері бостандық алып, сақшы басшысы болады. Кресшілермен болған Дүмият соғысында көрсеткен ержүректігі үшін әмір атағын алады.

Мамлүктердің айбынды бөлігін құрайтын түркілер, ертеңгі ұрыс алдындағы түнде от жағып, соны қоршап отырады екен де, елін, жусаны аңқыған даласын сағынатынын, ертеңгі өлімге қаймықпай баратындарын қобыздың зарлы дауысына қосып өлеңдетеді екен. Ертесіне жау әскерінің жартысы бұлар жаққа өтіп, қалғандары түркілердің қаһарына шыдай алмай ұрыс алаңынан безетін болыпты.

1260ж. 3 қыркүйекте Наблус маңындағы шайқаста Бейбарыс бастаған мамлүктер моңғолдарды тас-талқан жеңіп, олардың Сирядағы билігі тоқтап, Египетті басып алу қаупі жоғалады. Осыдан кейін билікке енді мастана бастаған Кутузды Бейбарыс жақтастары өлтіріп, ол билікке сұлтан болып келеді.

Мансұрдағы кресшілермен болған соғыста, оларды күйрете жеңіп, француз королі Людовик ІХ тұтқынға алынып, крес жорығын мәңгіге тоқтатады. Бейбарыс арабтардың бүкіл шығыс өлкесін, селжүктік Орта Азияны, Кіші Армения мен берберлерді билейді. Бұл аймақтарда қатаң тәртіп орнатылып, шарап ішу мен жезөкшелікке қатаң тиым салынады. Барлық өзендерге көпірлер салынып, әр қалада кемінде бір мешіт пен базар салынады. Су құбырлары іске қосылып, канализация пайдаланылады. Ислам оқу орны жаңартылып, жетім балалар үйлерін алғаш құрып, мемлекет аясына алдырады. Медина қаласындағы пайғамбар Мұхаммед с.а.с. мешітін жаңартып, Иерусалимдегі Аль-Ақса мешітін салдырады.

Империяның барлық құл базарларынан түркілер азат етіліп, ғалымдар мен дін мамандарына қолдау көрсетіледі. Арабтардың өздері істей алмаған осынша даңқты істерді сырттан келген түркі-қыпшақ атқарып кетеді.

Он жеті жыл биліктен кейін, 1277 ж. Бейбарыс сұлтан уланған қымыздан мерт болады. Әскери күш жағынан түркілер ХVІ ғасырға дейін (зеңбіректің пайда болуы) тек қана бір-бірінен ғана жеңілген, оларды жеңе алатын осы алып кеңістікте қайратты күш болмады.

Байқасаңыз, сұлтан Бейбарыс қарулы күші тасып тұрса да жиһад деп Шығысқа, болмаса Еропаны мұсылман ете қояйын деп кресшілердің елдеріне барып ойран салмады. Елдің рухани болмысын қалыптастыру үшін мешіттер салып, ислам оқу орындарын ашса, экономикалық тәуелсіздікте болу үшін арабтарға базарлар ашып берді.

Осы орайда, жиһадты тек қана қарумен күрес деп түсінген отандастырымызға Пайғамбарымыз с.а.с. жиһад жөнінде айтқанын ескерте кетейік. Бір үлкен жорықтан қайтып келе жатып, демалысқа тоқтаған уақытында, Алла Елшісі, сахабаларына: «Біз бір кіші жорықтан, үлкен соғысқа бара жатырмыз»,- дейді. Сонда, сахабалары: «О Расулаллах, сонда басымыздан өткен қанды шайқаста қаншама достарымыздан айырылдық, жерлеп келе жатырмыз. Сонда бұндай соғыс кіші жиһад болса, үлкені қандай болмақ?»,- деп таң қалады. Алла Елшісі: «Біздің үлкен жиһадымыз, ол – өз нәпсімізбен күресу!»,- деген екен.

Олай болса, атадан балаға мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды – тілімізді, салт-дәстүрімізді сақтап, жастарымызды отансүйгіштікке, ар-намысты болуға тәрбиелеп, жетімін жылатпай, жесірін жалғыз қалдырмаған бабалар жолымен жүрсек, Ел болашағы бұлыңғыр болмас.

   –Рахмет аға! Жастарға айтар тілегіңіз болса...

–       Тәуелсіздімізді сақтап қалу, ел іргесінің тыныш болуы –азаматтарымыздың, әсіресе жастардың қастерлеп аялайтын міндеті. Бұған апарар жол – патриоттық сезімді шыңдау. Осы ұлан - байтақ жерді атамыз қазақ елім деп еңіреп жүріп, атынан түспей қамшысына сүйеніп ұйықтап, қызғыштай қорғады, иманын жоғалтпады, дұғада болды, намазын қаза етпеді.

Елдігіміз бен ұлан-ғайыр даламызды, жер қойнауы тола байлығымызды көре алмай іштен күйген сырт дұшпандардың кертартпа сөздеріне еріп, жоғарыда айтқан құндылықтарды жоққа шығарып, адаспаңдар бауырларым. Қазірде қаншама миллиондаған саны бар халықтар, мынау менің Отаным, жерім, шекарам, Әнұраным, Туым деп айта алмай отыр. Өз Отанымызды, өз жерімізді, тәуелсіз Елімізді өзіміз құрметтеп, қорғамай, бізге ешкімнің жаны ашымайды, себебі әркімнің өз Отаны өзіне қымбат.

–       Сұхбатыңызға рақмет! Сау болыңыз!

 

Индира Ескендірова

Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі

департаменті баспасөз қызметінің бастығы


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства