Әскери медицинаның маңызы зор

Әскери медицинаның маңызы зор

    Осы аптаның жексенбісі – еліміздегі медицина қызметкерлерінің күні. Әскери құрылымдар мен бөлімдердің медициналық қызмет жұмысының негізгі бағыты – әскери қызметкерлер мен олардың отбасыларына уақытында және жан-жақты дәрігерлік көмек көрсету, жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын жақсарту, бейбіт және соғыс уақытында әскери патологияны оқып-үйрену, гарнизонның жеке құрамының ауру пайызын төмендету мақсатында емдік-сауықтыру шараларын жүргізу. Осы орайда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы материалды-техникалық қызмет көрсету орталығының медициналық қызмет бастығы, медицина қызметінің подполковнигі Исхақ Кәрімұлы Гайсинмен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

Әскери медицинаның маңызы зор

 

 

– Исхақ Кәрімұлы, 1941 жылы Ұлы Отан соғысының оты тұтанды. Сол жылдар әскери медицинаға аса мән берілді. Яғни Қазақстанға көшірілген мыңдаған госпиталь сонау сұрапыл соғыс кезеңіне тиесілі емес пе?

– Иә, дұрыс айтасыз. Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанға көшірілген мыңдаған госпитальдің 75%-і 1941 жылы, 24 %-і 1942-1944 жылдар аралығында құрылған екен. Сол эвакуацияланған госпитальдардың алғашқылары Семейде де қоныстанды.

1941 жылдың желтоқсанында Семей облыстық әскери комиссариаты бастығының ҚКСР комиссариаты саяси бөлімінің бастығына эвакуацияланған госпитальдардың саяси-моральдық жағдайы және партиялық-саяси жұмысы туралы берген есебіне көз жүгіртелік. Мысалы, «Халық комиссариатының денсаулық сақтау жүйесіне қарайтын эвакуацияланған госпитальдар: №1006 госпиталі Семейге 1941 жылы қараша айында Ростов на Дону қаласынан көшірілді; №2449 госпиталі 1941 жылы тамыз айында Семейде физиоинституттың жанынан құрылды; №3442 госпиталі Семейге 1941 жылы қараша айында Славянск қаласынан көшірілді;

№3594 госпиталі 1941 жылы қыркүйек айында Аякөз қаласында құрылды.

№4043 госпиталі Батыс майданнан Семей облысына көшіріліп, 1941 жылы қараша айында Белағаш ауданындағы бұрынғы Березовск демалыс үйіне қоныстанды; №3592 және №3593 госпитальдары 1941 жылы қыркүйек айында құрылды».

Соғыс жылдары көрсеткіші жоғары әскери емдеу мекемелерінің қатарында Алматы қаласындағы 3990, 3582, 1279, Семей қаласындағы 3593, 2449 және Шымкенттегі 3981 эвакуацияланған госпитальдары болды.

 

– Яғни, Ұлы Отан соғысы жылдарында әскери медицина зор еңбек сіңірді демексіз ғой.

– Сөз жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары медициналық мекемелердің, құрал-жабдықтардың, дәрі-дәрмектің, медициналық мамандардың жетіспеушілігіне қарамастан медицина құрамы қыруар еңбек етті. Фашистік Германияның Кеңестер Одағына шабуылы басталған күннен бастап көптеген әскери далалық медициналық мекемелер құрылды. Егер соғыстың алғашқы айларында гарнизондық және эвакуациялау госпитальдарында 35 540 орын болса, 1941 жылдың 1 маусымында оның саны 122 мыңға, ал 1942 жылдың 1 тамызында 658 мыңға жетті. Медицина қызметкерлері ұрыс даласында жауынгерлерге барынша көмек көрсетті. Мұндай көп санитарлық шығындарды, атқарылған емдік-эвакуациялық іс-шаралардың мөлшерін бұрын-соңды көрмеген отандық және шетелдік әскери медицина жеңісті жақындатуға бар күш-жігерін салды. Ұлы Отан соғысы жылдары әскери медицина қызметкерлері ерен ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсете білді. 116 мыңнан астам әскери медицина қызметкері орден және медальмен марапатталса, 44-і Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Мәселен, Семей қаласының 100 орынды әскери-далалық госпиталінің тарихы 1970 жылдың 12 наурызындағы Кеңес Одағы Қарулы Күштерінің Генералдық Штаб бастығының директивасынан басталады.

- Жалпы «Шығыс» өңірлік әскерлері қолбасшысы басқармасының медициналық қызметі қай жылы құрылып еді? Әскери медициналық қызметтің ерекшелігі неде?

– «Шығыс» әскери округының медициналық қызметі 1992 жылы құрылды.

Шығыс» өңірлік әскерлері қолбасшысы басқармасының медициналық қызметіне Семей, Өскемен, Аякөз, Үшарал қалаларындағы госпиталь мен лазарет қарайды. Олардың басым бөлігінде хирургия, терапия, жұқпалы аурулар, анестезиология және реанимация бөлімдері, диагностикалық бөлімшелер, сәулелі диагностика бөлімі, лаборатория, стоматология кабинеті, физиотерапиялық кабинет, функционалды диагностика кабинеті, дәріхана, жылжымалы рентген және стоматология кабинеттері жұмыс істейді. Жыл сайын әскерде шыңдалған дәрігерлердің арқасында мыңдаған адам стационарлық және амбулаторлық ем қабылдайды. Әскери медицинаның даңқын асқақтатып жүрген мамандардың еңбегіне қарай көрсетілер сый-құрмет те ерекше. Себебі бұл – армия. Армияда тәртіп те, талап та күшті.

– Түрлі деңгейдегі оқу-жаттығулары әскери медицина қызметкерлері үшін не береді?

– Кез келген оқу жаттығулары арнайы әскери техника және медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді ұйымдастыру мен әскери-медициналық құрылымдарды лицензияландыруды арттыру жағдайын зерттеп, жан-жақты сараптама жасауға зор мүмкіндік береді.

– Қалай десек те, денсаулықты сақтау әрдайым басты назарда болуы керек қой?

– Әрине. Адам үшін басты байлық – денсаулық. Әр адам өз денсаулығы үшін жауапты. Соның ішінде Отан қорғаушыларымыздың дені де, рухы да мықты болуы қажет. Сондықтан әскери медицинаның қашан да маңызы зор.

Осыдан бірнеше жыл бұрын жалпы медицинаны көтеруге көңіл бөлінсе, қазір медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімді болуын арттыруға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ден қойылып отыр. Қысқасы, бүгінгі заманда ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген жөн.

– Әңгімеңізге рахмет!

                             

                                                    

 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи