Адам, мәдениет, мемлекет үшін қасиетті құндылық

Адам, мәдениет, мемлекет үшін қасиетті құндылық

Дін тақырыбы екінің бірінің әңгімесіне айналып, қоғамда артық-кем пікірлер туа бастаған шақта, тоқетерін айтатын ғалымның сөзі бәрінен маңызды. Бұл салада соңғы кездері жаңалық та баршылық. Түсініспеушіліктер де жоқ емес. Сондықтан да философия және теология ғылымдарының (PhD) докторы, профессор Досай Кенжетаймен пікірлескен едік. Ол, әсіресе, еліміздегі дәстүрлі исламның жай-күйін баяндап, қолға алынуы тиіс шаруалардың денін тілге тиек етті.

– Қазір еліміздегі діни ахуалды қалай сипаттар едіңіз? Діннің мемлекеттік рөлі қандай деңгейде?

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Дініміз – ислам, кітабымыз – Құран, тегіміз – түрік» деген тұжырымында терең болмыстық ақиқат бар. Тәуелсіздігімізбен бірге діни орталықтандыруды шешу мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылуы, Дін істері агенттігінің кейін комитет ретінде мемлекеттік институтқа айналуы, министрлікке өзгеруі, заңымыздан «Ханафи мәзхабы» тарихи миссиясының орын алуы, зайырлылық ұстанымының «құндылық» дәрежесінде анықталуы, әлем діндері басшыларының Астанада бас қосуы, осы сияқты өзге де оқиғалардың көз алдымызда үдеріске айналуы – «дін құбылысының» мәнін дұрыс бағамдау мен тануға деген қажеттілікті көрсетеді.

Қарапайым ел азаматтары тұрмақ, мемлекеттік институттардағы құқық, әділет, білім беру, дін істері мен ұлттық қауіпсіздік комитеттері арасында осы мәселедегі танымдық бірізділік идеялық және қағидаттық деңгейде шешілмеген. Содан барып, жаһандық саясиланған дін шаблондарынан арылу былай тұрсын, өзіміз қазір дінді саясаттың орталығына айналдырып жібердік. Қазір іс жүзінде ел аумағындағы барлық ішкі саясат бөлімдерінің басты тақырыбы осы дін төңірегінде болып отыр.

– Осы орайда, дін арқылы мемлекеттіліктің баяндылығын да, мәдениетті де, тұрақтылықты да, саясатты да шешеміз деу қаншалықты ақылға қонымды?

– Рас, дін құбылысы адамды қоршаған танымдардың бірі әрі бірегейі. Ол – мәдениеттің мазмұны, адамды қалыптастыратын негізгі құндылықтық институт. Қоғамда пікір алуандығы болғаны дұрыс. Бірақ бұл табиғи негізде болса, құба-құп. Ол – қауіпсіз, керісінше пайдалы құбылыс. Мысалы, егер мемлекет тек қана «бақылау мен бағыттауды» қамтамасыз етіп отырса, «дәстүрлі және дәстүрлі емес» топтар арасында пікір қайшылықтары екі жақтың да орта жол табуына, өзара білімін жетілдіруіне ықпал еткен болар еді. Мемлекеттік және қоғамдық институттар арасында өзара сенім басты құндылық ретінде ғылыми танымға негізделсе құба-құп. Егер Елбасы айтқандай, «дініміз – ислам, кітабымыз – Құран, тегіміз – түрік» деген анықтамаларды негізге алсақ, онда бұл мәселелерді болмыстық, құндылықтық, құқықтық және ғылыми-танымдық шеңберде ұйымдастыруды қолға алғанымыз абзал. Бұл – мемлекеттіліктің де, зайырлылықтың да беделін өсіретін ұстаным.

Ата заңымызда, дін құбылысына қатысты баптарда «діни сенім ар-ождан бостандығы» заңмен қорғалады. Бұл – зайырлылық ұстанымының басты функциясы. Мемлекет қоғамдық талапты ескере отырып, заң «ханафи мәзхабы мен православие» туралы олардың тарихи, мәдени, рухани тәжірибесін ескеріп бап қабылдады. Бұл мемлекеттің болмыстық, құндылықтық, тарихи, кеңістіктік, өркениеттік қабатына деген міндеті болатын. Бірақ бұл мемлекеттің осы діндерге басымдық беруі ретінде емес, жоғарыдағы құндылықтық қабаттарды негізге алатындығын көрсететін дәстүрлі мемлекеттілік анықтама талабы ғана. Және зайырлы елдегі діни білім беру, діни бірлестіктерді тіркеу, олардың діндер аралық қатынастарын реттеу, бақылау, қадағалау сияқты іс-шаралар кіреді.

– Бүгінгі «діннің» өзі саясиланып кеткен жоқ па? Осы салаға мемлекеттің араласуын қалай түсінеміз?

– Мысалы «саяси ислам» деген анықтама ішіне кіретін фундаментализм, экстремизм, терроризм сияқты идеологиялық мазмұндағы, дінді құрал ретінде қолданып, елді тұтастыққа емес, бүлікке, тұрақсыздыққа, лаңкестікке, фанатизмге жетелейтін саяси, партиялық, идеологиялық шаблондағы, түсініктегі, платформалардағы топтарды айтамыз. Мемлекет зайырлы ұстанымды басшылыққа алатын болғандықтан бұл топқа заңмен тыйым салып қойған. Мысалы, Ата заңымызда діни партия, идеологиялық платформа, ұлттық негіздегі саяси құрылымдарға рұқсат бермейді. Енді осы шаблонға сай, саяси сипат алған кез келген діни топтар мен жамағаттар егер бар болса, олардың критерилері табылса, қоғамда көрініс тапса, әрине, мемлекет араласып, заңмен тыйып отырады. Міне, сондықтан соттың шешімі бұл кездейсоқ емес, қаншама азаматтарымыз бұған дейін жоғарыдағы «көріністер мен психологиялық мінез-құлықтарын көрсетіп» заң алдында жауапқа тартылды. Олардың әрекеттері бара-бара ұлғайып, типтеніп, сенімдік-психологиялық, танымдық-идеологиялық сипатқа жетті. Салыстырмалы тұрғыдан да аймақтық геополитикалық орталықтардағы сипаттармен ортақ ұқсастықтары мен байланыстары нақты айқындалып отыр. Мысалы, Ирак, Сириядағы ислам халифатына аттанып кеткен қаншама азаматтарымыз қор болды. Осы келеңсіз оқиғаларды заңмен, құқықпен шектеу – мемлекеттің функциясы. Сондықтан экстремизм бұл қоғамдық тұрақтылық пен мемлекеттік қауіпсіздікке қарсы идеологиялық платформасы бар орталық деген сөз. Ондай орталық елімізде тіркелмейді де, олар бар болған соң мемлекет осындай қадамға барып отыр. Олардың идеялық негіздері, методологиясы, ұстанымы, қоғамдағы көріністері біздің қоғамда бар. Сондықтан осылардың бәрін бір жіпке тізіп түрмеге тоғытуда, құқықтық жаза беруде өте әділ әрі сақ болғанымыз жөн. Дегенмен осы азаматтарымыздың ішінде адасып, бөтен, жат, теріс пиғылды жамағатшылық жетегінде кетіп, ақидалық тұрғыдан ақиқат менікі деп танымдық қырынан бұрынғы дәстүрлі діни танымымызға «қырын қарап» жүргендерге ескерту болсын деген ниет жатыр.

Дін тақырыбы қазіргі таңда және келешекте де адамзат үшін ең маңызды мәселелердің бірі. Халыққа жеткілікті дәрежеде діни білім бере алмаған қоғам уақыт өте келе мазмұны мен сипаты жағынан рухани биліктің қол астына өтеді. Әлемде осындай сипаттағы мемлекеттер бар. Сондықтан да мемлекеттер басқа салаларға назар аударғанындай, дін мәселелеріне тиісті маңыз көрсетуі керек. Мұның жолы университеттерде қазіргі заман талабына сай діни білім алған зиялылар арқылы ғана жүзеге асады. Бұлай болмаған жағдайда жүйесіз, әдіссіз, арнайы мамандарсыз діни білім беру фанатизмді алып келуі мүмкін. Надандық жайлап, ақыл мен ғылым үстемдік құрмаған орынды зорлық-зомбылық басады. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін мәселе.

– Демек, діни құндылықтар діни білім берумен қатар берілмесе, қоғамда дұрыс ойлау методы да қалыптаспайды. Ал біз зайырлы мемлекетпіз, осындай елде діни білім берудің қандай жолын ұсынасыз?

– Ең қауіптісі ақыл мен білім қағидаларына кайшы келетін кейбір жалған сенімдерді қоғамға дін деп үйрететін жамағаттарға көз жұма қарап, олар еленбесе, қоғам қалың тұманға кіріп адасады. Қоғамда алғашқы тәуелсіздік жылдардағыдай дін атын жамылған небір діни сенімдер мен диструктивті жүйелер пайда болады. Топтарға бөліну, түрлі діни жамағаттар, тіпті шейх, мүршид, мәхдилік секілді ұғымдар аясында қоғам бөлінуі мүмкін.

Қазіргі адамзат әлемінің ең маңызды мәселелерінің бірі шүбәсіз фундаментализм, экстремизм. терроризи және басқа да секталар болып табылады. Жахандағы барлық мемлекеттер осындай зиянкес ағымдар мен диструктивті түсініктерге қарсы ымырасыз күрес жүргізуде. Экстремизмнің және басқа әсіре ағымдардың әрекеттерінің алдын алудың ең тиімді жолы ғылымды, дінді дұрыс үйрету болып табылады. Осындай методқа қол жеткізілетін жер, ең алдымен заман талабына сай түсінікпен білім беретін теология факультеттері. Бұл факультеттің оқу бағдарламасында әлемдегі барлық діндер салыстырмалы түрде бөлек-бөлек оқытылуы керек.

Бар мәселе дінді ел игілігіне жарату болып отыр. Себебі, дін – адам, мәдениет, мемлекет үшін де ең басты құндылық. Ата заңымызға демократиялық, зайырлы, құқықтық ұстанымды басшылыққа алатын елміз деп жарияладық. Кешегі «жабық қоғамнан» ашық қоғамға өттік. Сырттан дін үйретемін деп келген кез келген миссионерге құшағымызды аштық. Артынан сәлафилік, уахабистік діни танымдар арқылы ел бірлігіне сына қағыла бастағанда есімізді жинай бастадық. Өйткені сәлафилік тенденция да қазақтың өткен тарихын, діни тәжірибесін, болмысын, жалпы ұлттық құндылығын жоққа шығарады. Кешегі кеңестік ғылыми атеизм арқылы мансұқталған болмысымыз енді онтологиялық, психологиялық қабаттарда салафизм тұрғысынан мансұқталуын жалғастырды. Сондықтан кешегі «ғылыми атеизм» мен «бүгінгі салафизм» – ұстанымдық жағынан бір платформаға негізделген ұлттық болмысты мансұқтаушы идеология.

–       Сіздің сөзіңізге қарасақ, мемлекет елдегі діни ахуалды барынша назарында ұстаған жөн дейсіз. Осы орайда, зайырлылық сөзіне қандай анықтама бересіз?

– Зайырлылық – еліміздің ата заңындағы ең басты құқықтық ұстаным. Қазақтар да дәстүрлі ел ретінде өзіндік құқықтық ұстанымы бар мемлекет құрушы жеке мәдениет болғандықтан зайырлылық ұстанымын өзінің тарихы мен құндылықтарына жауап беретін, сол арқылы ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңын жетілдіргісі келсе, ешкім қарсы уәж айта алмауы тиіс. Дегенмен зайырлылық ұстанымының ішкі және сыртқы функцияларын қоғамға ғылыми негізде түсіндіру шаралары үздіксіз үдеріске айналғаны абзал. Оған қоса жаңа заңымызда осы «зайырлы ел» деген тіркестің ішкі мазмұны мен ұстанымдық функцияларына түсіндірмелер жасалу керек. Ол түсіндірмелер де мәдени, тарихи сана мен діни, өркениеттік тәжірибемізді ескеріп жасалса құба-құп. Себебі дін құбылысы киелі, моральдық тұжырымы бар, діни ғұрыптық қырымен қоса, аксиологиялық, сенім және құлшылықтар институты. Адамның рухы, ар-ожданымен таразыланып қабылданатын киелі заң.

Егер кез келген азамат заң шарттарын орындап, діннің тыйымдарын жүзеге асыра алмаса, немесе заң талаптарын бұзбаймын деп діннің шарттарын орындай алмаса, Алла алдында күнә жасаған болып есептелмейді. Себебі ол діндар адам әрі азамат ретінде осыны істеуге мәжбүр деген сөз. Ал мәжбүрлік исламда күнә емес. Сондықтан дін еркіндігін діни және саяси фанатизмге қарсы қорғаудың бірден-бір жолы зайырлылық ұстанымы және оның көпқырлы функциялары болу керек.

Зайырлылық – осы дүниедегі өлшем, тепе-теңдік жүйесі. Мемлекет зайырлылықтың осы функциясын, яғни барлық діни танымдар мен діни жамағатқа бір көзбен қарау ұстанымын қандай да бір діни топқа беріп қоймауы керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Асхат РАЙҚҰЛ


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства