Ерлан Сыдықов: "Меморандум мақсаты – маман даярлауды біріге атқару"

Ерлан Сыдықов: "Меморандум мақсаты – маман даярлауды біріге атқару"

Үстіміздегі жылдың 27-қаңтары күні Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде  ҚР Қорғаныс министрлігі мен аталған оқу ордасы арасындағы ынтымақтастықты дәріптейтін «Әскери БАҚ: ынтымақтастық арқауы» атты бірлесе ұйымдастырған шара өткен болатын. Тұңғыш жүзеге асырылған елдік маңызы орасан зор шара аясында екі тарап: Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасында «Әскери іс-шаралар жайында хабарлайтын журналистерді даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы» меморандумға қол қою рәсімін өткізді. Соған байланысты жоғары дәрежеде ұйымдастырылған шара мен болашақта жемісі мол деп күтіліп отырған екіжақты ынтымақтастықты айқындайтын тарихи құжаттың мән-маңызын білу мақсатында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, белгілі қоғам қайраткері Ерлан Бәтташұлы Сыдықовпен сұхбаттасу сәті түсті.

– Ерлан Бәтташұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен ҚР Қорғаныс министрлігі арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумды сала мамандары ыстық ықыласпен қабылдауда. Осынау маңызды құжат аясында алғашқы шаралар  басталып та кеткен сыңайлы, Сіз басқаратын оқу орны студенттері қатысқан «Әскери дискурс» практикалық семинарын айтамын. Меморандум тағы қандай игі шараларды жүзеге асыруға мұрындық  болмақ?

Әңгімені әріден бастағанды дұрыс көріп отырмын. Екі тарап арасында меморандум жасасу туралы идея Елбасының сенімді серігі ретінде Тәуелсіз еліміздің 25 жылдық даму тарихында өзіндік қолтаңбасы бар, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов ҚР Қорғаныс  министрі болып тағайындалғаннан кейін жаңа қызметімен құттықтап шығу сәтінде туған еді. Мен кәдесый ретінде «Комсомольская правда» газетінің 1945 жылғы 9 мамыр күнгі шығарылымының түпнұсқасын ала барған едім. Газет материалдарымен таныса келіп, әскери журналистер даярлау мәселесі туралы сөз қозғалды. Мен университетіміздің журналистика және саясаттану факультеті профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушыларын қатыстыра отырып, ҚР Қорғаныс министрлігінің жоғары дәрежелі әскери мамандарымен бірлесе шешуге болатындығы туралы ұсыныс айттым. Оны Иманғали Нұрғалиұлы бірден қолдап, министрліктің тиісті құрылымдары басшыларына телефонмен тапсырма беріп жатты. Сол бастаманың қорытындысы екіжақты меморандум қабылдаумен аяқталды. Оған ҚР Қорғаныс министрлігі тарапынан министрдің орынбасары, генерал-майор Талгат Мұхтаров, университет тарапынан мен қол қойдым.

Сол кездесуіміздің аяғы мынадай қызық жайға ұласқан еді. Иманғали Нұрғалиұлы мен ала барған газетті әскери музейге өткізу туралы тапсырма бергенде тиісті құрылым басшылығы ондай музейдің жоқ екенін баяндады. Сол замат Қорғаныс министрі ондай музей Тәуелсіз еліміз үшін ауадай қажет, жоқ болса, тез арада ашу керек деген ойды айтып қалды. Көп ұзамай, ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери музейі ашылғанда оған менің де қатысым болғандығы өн бойымда қанағаттанарлық сезім туғызды.

Енді қойған сауалыңызға қарай ойысайын. Ынтымақтастық туралы мемарандум аясында іс-шара басталып кетті деп дұрыс айтып отырсыз. Білім ордамыздың Ғылыми кеңес залында өткен «Әскери БАҚ: ынтымақтастық арқауы» атты  шара соның бастауы болса, ҚР Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған «Әскери дискурс» практикалық семинары соның заңды жалғасы деп білемін. Оған университетіміздің журналистика және саясаттану факультетінің студенттері көптеп қатыстырылды. Олардың барлығы да арнайы сертификат иемденіп, сала бойынша біліктіліктерін едәуір жетілдіруге мүмкіндік алды. Бұл бағыттағы бірлескен іс-шараларымыз алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады. Айталық, әскери журналистер даярлаудың өзекті мәселелерін талқылап шешу үшін екі тарап мамандарының қатысуымен дөңгелек үстел, ғылыми семинар, конференциялар ұйымдастыруға болады. Сонымен бірге жетекші мамандардың шеберлік сыныптарын өткізсе, екі жақ үшін де пайдалы болар еді. Одан басқа профессор-оқытушыларымыз бен білім алушыларымыздың жазғы демалысын пайдаланып, жазғы семестр ұйымдастыруға мемарандум мүмкіндік береді. Қысқасы, ниет болса, бірлесіп атқаратын шаруа жетіп артылады.

Меморандумға қол қойған қос тарап зерттеу жұмыстарын, бірлескен ғылыми жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға да уағдаласты. Мұның нәтижесінен қандай жаңалықтар күтеміз?

Қазақ әскери журналистикасы – игерілмеген тың, соны сала. Менің білуімше, бұл бағытта зерттеу жұмысымен тұрақты айналысып жүрген ғалым жоқ секілді. Соның салдарынан қазақ әскери журналистиканың тарихы, теориясы мен тәжірибесі туралы монография мен оқулық, оқу-әдістемелік құралдар жоқтың қасы. Ал оларсыз маман даярлау ісі нәтижелі болады деп айта алмаймын. Ендеше күн құрғатпай осы бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру ауадай қажет деп санаймын. Осы жұмысқа университетіміздің журналистика және саясаттану факультетінің профессор-оқытушыларымен қоса білім алушыларын, әсіресе, магистрант, докторанттарын жұмылдыруға болады. Ол үшін олардың отандық және шет елдердің мұрағаттарынан мәлімет, құжаттар жинауына, шетелдік жетекші мамандардан тәжірибе жинақтаулары үшін іссапарға шығуларына мүмкіндік жасалынуы керек. Оның барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Осы орайда, ҚР Қорғаныс министрлігімен  бірлесе  ғылыми жобаларды қаржыландыру көздерін іздеу – уақыт талабы. Қос тарап мамандары бірлесіп даярлаған іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеу жобаларын  ұсынатын болса, ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан жарияланатын конкурстар бойынша гранттар да ұтып алуға мүмкіндік бар.

Тоқсан сөздің тобықтай түйінін айтқанда, осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуге мемарандум мұрындық болады деген ойдамын.                                 

Ерлан Бәтташұлы, аталған құжат аясында қос тарап келіскен – әскери журналистерді даярлау мәселесін бірлесе шешу жолдарын іздестіру, расында да, өзектілігімен маңызды. Осыдан екі жыл бұрын Сіз басқаратын университеттің журналистика және саясаттану факультетінің деканы Сақ Қайрат мырза оқу орнында салалық журналистиканы дамыту бағытында жұмыс басталғанын айтып қап еді. Осы бағыттағы бастамаларыңыздың алғашқы нәтижелерімен таныстыра кетсеңіз.

– Ол рас. Университетіміздің журналистика және саясаттану факультетінде салалық журналистер даярлауға алғашқы қадамдар жасалуда. Нақтырақ айтсам, журналистика мамандығы бакалавриатының модульдік білім бағдарламаларына 2013-2014 оқу жылынан бастап 3 бағыт бойынша мамандандыру пәндері енгізілді. Соның нәтижесінде спорт журналистикасы, фото журналистика және интернет журналистикасы бағыттары бойынша студенттерге модуль таңдау еріктері берілді. Түсінікті тілмен айтқанда, білім алушыларымыз өз бейімдеріне қарай пәндерді таңдап, білім ордамыздағы электронды жүйе – Платонус арқылы тіркеледі. Олардың таңдауы негізінде топтар жасақталып, профессор-оқытушылар құрамының педагогикалық жүктемелері анықталады. Сабақ осы жүйе бойынша жүзеге асырылады.

Алғашқы бастама болғандықтан салалық журналистер даярлауда бірқатар қиындықтар бар екенін байқадық. Солардың ең бастыларына тоқтала кетейін.

Біріншіден, сала бойынша білікті мамандардың, әсіресе ғылыми дәрежесі бар профессор-оқытушылар тапшылығын сезінудеміз. Біз әзірге практик-мамандарды БАҚ редакцияларынан шақыру арқылы мәселені шешіп келеміз. Болашақта магистранттар мен РhD докторларымызды арнайы дайындау арқылы маман тапшылығын толық шешеміз ғой деген ойдамын.

Екіншіден, салалық журналистика бойынша оқулықтар мен оқу құралдары жетіспейтіні өзінен-өзі түсінікті. Әсіресе, мемлекеттік тілдегі әдебиеттер тым тапшы. Факультет профессор-оқытушылары осы олқылықтың орнын толтыру бағытында ізденіс танытуда. Болашақта бұл мәселе де біртіндеп өз шешімін табады деп сенемін.

Осындай қиындықтарына және ашылғанына бар болғаны бес жыл толғанына қарамастан журналистика және саясаттану факультеті БАҚ мамандарын сапалы дайындау бағытында еліміздегі беделді орталыққа айналып келе жатыр деп санаймын. Ол туралы журналистер қауымы жақсы біледі деген сенімдемін.

– Шындығында, Сіз басшылық етіп отырған университеттің журналистика және саясаттану факультетінің ұжымы еліміздегі журналистер қатарын жыл сайын талантты кадрлармен толықтырып, сала жетекшілерінің көңілдерінен шығып жатқанын атап өтуге тиістіміз. Десек те, шешімін күткен мәселелер туралы айтпасқа болмайды. Мәселен бүгінде салалық журналистиканың ішіндегі әскери тақырыптың мамандары саусақпен санарлық. Осы олқылықтың орнын толтыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Әскери және экстримальды журналистер даярлау – уақыт талабы. Соны сезіп, білгендіктен білім ордамыз бұл бағытта да мәселені шешудің жолдарын іздей бастады. Журналистика мамандығының модульдік білім бағдарламаларына «Әскери журналистика», «Экстримальды журналистика» пәндерінің енгізілуі – соның алғашқы қадамдары.

Өткен оқу жылынан бастап ҚР Қорғаныс министрлігінде көп жыл әскери журналист болып қызмет атқарған, полковник шеніндегі Жүніс Омаров деген азаматты университетіміздің «Еуразия ақпарат» орталығына қызметке алдық. Аталған пәндерді оқытуға сол азамат тартылуда. Бұл бағыттағы жұмысымыз заңды жалғасын таба беретін болады. ҚР Қорғаныс министрлігімен жасасқан мемарандумымыз осы басталған жұмыстың одан сайын жандануына өз септігін тигізеді деген сеніміміз кәміл.

– Қазіргі қазақ армиясы жайында ойыңыз бен көзқарасыңызды білгіміз келеді.

Қазақ – тегінде батыр халық. Егер батыр болмаса, осынша кеңбайтақ жерімізді қорғап қала алмас еді. Қараңызшы, қаншама батырларымыз бар. Оның солай болуы заңдылық та. Меніңше, кезінде  әрбір қазақ  батыр болған. Кешегі екінші дүниежүзілік соғысы кезінде Кеңес Одағының батыры атағын алған жауынгерлердің ержүрек халқымыздың арасынан көптеп шығуы да – сол ата жолының ұрпаққа жетуінің нақты дәлелі.

Бұлай десек, қазақ әскерінің айбынды болуының барлық алғы шарты бар. Ата дәстүрімізді жаңғырта білсек, жауынгерлердің қаһармандық рухы қандай қиындықты да еңсеруге негіз бола алады. Осы мақсатта білім ордамыз бастама көтеріп қана қоймай, профессор-оқытушыларымыздың айрықша ынта-ықылас танытып, еңбектенуі арқасында Ұлы Отан соғысы жеңісінің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген қазақ халқының батырлық жырларының «Ержүрек» атты он томдық антологиясының берері мол. ҚР Қорғаныс министрі И.Тасмағамбетовтің тікелей қолдауымен бас-аяғы бес-алты айдың ішінде көзі қарақты оқырман қолына тиген жинақ әрбір сарбаз бен сардардың күнделікті оқып, санаға сіңіретін оқу құралына айналса, қазақ әскерінің рухы қалай биіктер  еді деген тілегіміз бар.

Қазақ әскерінің материалдық-техникалық базасының жақсаруына, ең жаңа заманауи қарумен қамтамасыз етілуіне Жоғары Бас Қолбасшы, Елбасының барлық жағдай туғызып отырғанын естіп біліп, көріп отырмыз. «Өз әскерін бақпаған ел өзгенің әскерін бағады» деген дана сөз бар. Сол айтқандай, еліміз әскерінің айбынды, жауынгерлерінің рухы биік, отансүйгіш сезімдерінің жоғары, еліміздің әр бір сүйем жерін қорғауға, тыныштығымызды көздің қарашығындай сақтауға дайын болуына әрқайсымыз жауаптымыз. Отан отбасынан басталады десек, осыны санамызда ұстауымыз керек.

Құрметті Ерлан Бәтташұлы, алтыннан да қымбат уақытыңызды бөліп, риясыз әңгімелескеніңіз, қымбат ойларыңызды ортаға салып, сүбелі сұхбат өрбіткеніңіз үшін айрықша алғысымызды білдіреміз. 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Итоги "KADEX - 2018"

Итоги "KADEX - 2018"