Перизат Өтепова: "Басты мақсат – тағылымды тәрбие беру"

Перизат Өтепова: "Басты мақсат – тағылымды тәрбие беру"

Перизат Өтепова, ҚР Қорғаныс министрлігінің «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы» РММ-нің бастығы.

– Перизат Ақселеуқызы өзіңіз жетекшілік ететін Әскери-патриоттық орталықтың жұмыс істей бастағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Дей тұрғанмен, ақпарат құралдарында Орталықтағы Әскери-тарихи музей жайында, әсіресе күн санап толығып жатқан тарихи жәдігерлер туралы жиі жарияланып жатыр. Солар туралы кеңірек айтып өтсеңіз.

– Жалпы, музей әскери қызметкерлерге, өскелең ұрпаққа әскери патриоттық тәрбие беру мақсатында құрылған. Соған байланысты, Қорғаныс министрлігі музей қабырғасында Қазақ халқының батырлық жылнамасы болып табылатын барлық жәдігерлерді жинауға үлкен күш жұмсады. Жәдігерлерді таңдауда, экспозицияларды құрастыру барысында музей қызметкерлеріне Қазақстан тарихын зерттеуге үлкен үлес қосқан тарихшы-ғалымдар көмектескен болатын. Музейімізде тек зерттеу жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер ғана емес, сондай-ақ қарапайым азаматтардың музейге тарту еткен үйлерінде сақтаулы тұрған жәдігерлері де ел назарына қойылған. Құнды жәдігерлер жайлы айтатын болсақ, музейіміздің қорында сирек кездесетін жәдігерлер жетерлік. Мәселен, музейдегі археология артефактілері, қазақ хандығына байланысты қару-жарақтар мен қазақтар пайдаланған садақтың әлемде 2-3 данасы ғана сақталған. Жақында музейімізге салтанатты түрде Жеңіс Туының көшірмесі сыйға тартылды. Бұл туды Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі Сергей Шойгу мырза еліміздің Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовке Мәскеуде салтанатты қабылдау кезінде табыстаған  еді.

 

– Әскери Орталықтың елордамыз Астанада ашылуын ел-жұрт жақсы қабылдады. Біздің газет пен журналдың оқырмандары да ризашылық лебіздерін білдіріп келеді. Осы орайда, Орталықпен танысуға деген қала тұрғындары мен қонақтарының ниеті, талпынысы жайында білейін деп едік. Келіп-кетушілер көп пе? Бұл бағытта насихаттық жұмыстар қалай жүргізілуде?

– Музейге келушілер саны желтоқсан айының өзінде 4 мыңнан астам адамға жетті. Оның жартысынан  астамы – жасөспірім балалар. Бұл орайда айта кетер жайт, Әскери-патриоттық орталықтың негізгі жұмыс бағыттарының бірі өскелең өрендерді, ел жастарын патриоттық рухта тәрбиелеу болып саналады. Себебі, көкірегі ояу, рухы биік ұрпақ қана «Мәңгілік елдің» негізін қалай алады. Сондықтан, желтоқсан айының өзінде бізге 2 мыңнан астам баланың келуі үлкен жетістік дер едім. Насихаттық жұмыстар туралы айтар болсақ, музей жайындағы ақпараттар мен  жаңалықтарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы із суытпай жеткізу жұмыстары бір ізге қойылған.

– Мешін жылында халықты қандай іс-шаралармен қуантқалы тұрсыздар?

– Осы жылға арналған жоспарларымыз өте көп. Бұл жыл музейдің алғашқы қадамдарында келушілерінің әр жасын ескере отырып олардың қызығушылығына қарай, патриоттық сезімдерін оятатын, біздің ата-бабаларымыздың ерліктерін көрсететін, еліміздің ұлы жауынгерлік тарихымызды насихаттайтын экспозицияларды көрсету болып табылады. Жыл бойында музей қорына әскери тарихымызды ашатын, халқымыз әлі тани қоймаған экспонаттарды жинақтау жұмыстарын жүргіземіз.

Сонымен қатар, заманауи техникаларымен де толықпақ. Бесінші қабатта бүгінгі заманға сай әскери-патриоттық тәрбие беруге бағытталған интерактив залы ашылмақ. Бұл қабатта келешекте ұшақ, танк секілді  техникалардың имитациялық кабиналары, ату қарулары қойылады.

Жас ұрпаққа беретін тағылымы мол көркем және деректі фильмдер көрсетуге арналған 3Д кинотеатрын ашу да жоспардағы іс.  

Халықаралық қатынасты нығайту мақсатында әскери-тарихи тақырыпта шет елдегі музейлердің көрмелерін ұйымдастыру да жоспарға алынған.

Әскери істі насихаттау барысында ағартушылық, ғылыми-зерттеу бағытындағы жоспарлардың бірі ол – Қазақстан Рсепубликасының аймақтық музейлерінің қорын көрсету, сол арқылы хандарымыздың, батырларымыздың ерлікке толы тарихын ашу болып табылады. Тарихи деректерге сүйене отырып, жасөспірімдер, кәсіби суретшілер арасында конкурс немесе көрме ұйымдастыру жоспарда бар. Ал, ғылыми-зерттеу бағытында музей тақырыбына байланысты семинарлар және конференциялар өткізілмек. Жарыққа шыққан ғылыми материалдар бойынша ел-жұртымыз әскери тарихпен терең таныса алатынына күмәніміз жоқ.

Ескерте кетер жайт, бұл тек негізгі бағыттағы жоспарларымыз. Жыл барысында қосымша іс-шаралар, мейрам күндеріне арналған мерекелік бағдарламалар өткізіледі.
Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер
Тақырып бойынша материалдар:

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи