ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметова. От кешкен тағдыры

Қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметова. От кешкен тағдыры

Мәншүк Маметова – Исатай мен Махамбеттей жаужүрек батыр тұлғаларды, Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек сынды өнер тарландарын дүниеге әкелген шежіреге толы киелі мекен Бөкей ордасының тумасы.

Мәншүк Жиекқұм ауылында Шеркеш руынан Жеңіскәлі мен Тойылшаның отбасында дүниеге келді. Халқымыздың әдет-ғұрпын жақсы сақтаған ауыл ақсақалдары дастархан басында азан шақырып сәбиге Мәнсия есімін берді. Екі ұлдан кейін қыз күткен әке-шешесі Мәнсияға ерекше қарады. Мәнсия кішкентайынан өткір бала болғандықтан ата-анасының оған деген мейірімі де ерекше болды. Қызының қарақаттай мөлдіреген дөңгелек көздеріне қарап «Моншақ» деп еркелетті. «Иә, бұл біздің жарқыратып мойынға тағарымыз! Бұл маздаған моншақ!-деп аялап өсірді. Бүлдіршіннің тілін қызық көріп, «атыңды айтшы, Моншақ деші»-деп Мәнсияны сөйлетуге тырысатын. Сәби тілі келмей қиналса да:

-Мән-мән деп, кібіртіктеп бөгеліп барып, шүк,- деп тағы бір буынды зорға жалғап айтқан екен. Қыран-топан күлкіге батқан ата-анасы мен ағалары Нағи мен Қадыр бұл қыз Мәнсия да емес, Моншақ та емес, Мәншүк,- деп  ішек-сілелері қатқанша күліпті. Осылайша Мәнсия Мәншүк атанып кетсе керек. Бара-бара есімін құжаттарға да солай  жазыпты. Батыр қыз осы аяулы есіммен бүкіл майдан даласына Батыр Мәншүк атанды.  

         1927 жылы бұрынырықта Мәншүктің ата-анасы тұрған Жәнібек ауылына Саратов қаласынан университет түлектері ерлі-зайыпты Ахмет пен Әмина Мәметовтер ағасы Қанатқа қыдырып келеді. Қанаттың отбасы інісі мен келінінің келуіне байланысты қонаққа жақын тумасы Мәншүктің әке-шешесі Жеңіскәлі мен Тойылшаны шақырады. Олар өздерімен бірге көзі қарақаттай Мәншүкті ілестіріп әкеледі. Ахмет пен Әмина кішкентай, сүйкімді қызды ұнатып қалады. Мәншүктің ата-анасы ерлі-зайыптыларды өз үйлеріне қонаққа шақырады. Үй иесінің қонақасы беруі аяқталар уақытта, қазақ халқының салт-дәстүрі бойынша жас отбасы перзент сүйе алмағандықтан кішкентай Мәншүкті асырап алуды сұрайды. Әрине, әке-шеше үшін бір шешімге келу өте қиынға түсті. Алайда, олар сүйікті Мәншүгінің білімді адамдардың қолында тәрбиеленіп, қалалық жерде білім алуға зор мүмкіндігі барын ескеріп, қимастықпен беруге келіседі. Шынтуайтында, Мәншүктің анасы Тойылша  қызын беруге қимайды. Ахмет: «Оқытамын, тәрбиелеймін, бірақ өз атыма көшіріп аламын» деп қиылып қоймаған соң, Жеңіскәлі: «Жақсы көретін інім едің, көңіліңді қалдырмайын, енді саған аманат» деп Мәншүкті немере інісімен келініне біржола тапсырады.

         Ахмет дәрігер, Әмина педагог. Алғашқы еңбек жолдарын 1927 жылы Маңғыстауда бастап, кейіннен Семей қаласына ауысады. Семейде Мәншүк алғаш мектеп табалдырығын аттап, 1 сыныпқа барады. Мәншүк сабағын өте жақсы оқып, әкесінің айтқанын екі еткізбейтін көз қуанышы болады. Әкесі Ахметтің Саратов қаласындағы ординатура бөліміне түсуіне байланысты, 1930 жылы қоныс аударады. Оқуын ойдағыдай тәмамдаған соң Мәметовтар Алматы қаласына көшіп келеді. Ахмет Республика астанасында интеллегенттер ортасында танымал азамат болды, ол Бейімбет Майлин, Құдайберген Жұбанов тәрізді ірі қоғам қайраткерлерімен тығыз қарым-қатынаста болды.

Әмина мен Ахмет Мәметовтер

         Ахмет Мәметов еліндегі жоғары білімді санаулы дәрігерлердің бірі, зор талант иесі,  ұйымдастырушы, танымал қоғам қайраткері болатын. 1912-1914 жылдары Қазан қаласындағы ағайынды Кәрімовтер баспасынан «Ғибрат», «Кеңес» атты екі өлең кітабы шыққан.

         Әмина Сүлейменқызы 1928 жылы Саратов университетінің педагогика факультетінің лингвистика бөлімін бітіреді. 1928-1930ж.ж. Семей Кеңес партия мектебінде оқытушы, 1930-1931 ж.ж. Алматыда мектеп әдіскері болып қызмет атқарған.

Мәметовтер шаңырағында ғылым, өнер саласындағы адамдар жиі бас қосты. Бұл зиялы орта Мәншүктің тұлға болып қалыптасуына мол септігін тигізді. 1932 жылы Батыс Қазақстан облысының құрылуына байланысты Ахмет пен Әминаны Орал қаласына жұмыс бабымен шақырады. Олар жоғары білімді мамандар есебінде жаңадан ашылып жатқан білім беру және денсаулық сақтау саласында басқарушы қызметіне тағайындалады. Ерлі-зайыптыларға №51 көшесіндегі қазыналық пәтер беріледі (қазір Кеңес Одағының Батыры М.Мәметованың мемориалдық мұражайы осы ғимаратта орын тепкен). Сол 1932-1934 жылдары Мәметовтар  отбасы, осы қазіргі мұражай ашылған үйде тұрмыс құрған көрінеді.

1934 жылы Ахмет, Әмина Мәметовтар Алматы қаласына жұмысқа шақырылады. Бұл Мәншүктің он жасқа аяқ басып, есі кіріп қалған кезі. Мәншүк Алматы қаласындағы  №28 орта мектепте оқыды. Дәл осы жылы Мәншүктің туған анасы Тойылша, араға екі жыл салып әкесі Жеңіскәлі қайтыс болады.

1938 жылы қаңтар айында дәрігер Ахмет Мәметовты жазықсыз жаламен «халық жауы» деп ұстап, абақтыға қамайды. Сол жылы ату жазасына кесілген.

Мәншүктің соғыс алдындағы тағдыры өте қиын болды. Ахметтің зайыбы - Әмина бұл іске байланысты жиі жауапқа алынып, оның әрбір басқан ізі аңдулы болды. Әминаға халық жауының әйелі ретінде қарап, тіпті кейбір бұрынғы достары Мәметовтар отбасынан теріс айналды. Бұл адам төзгісіз жағдай Әминаның мінезін күрт өзгертіп, ашушаң болды. Материалдық жағдай қиынға түсті. Мәншүктің туған әке-шешесі өмірден өткен жылдары екі ағасы Нағи мен Қадыр Ахметтің ағасы Қанаттың қамқорлығында болды. Нағи ержеткен соң Ордадан Орал қаласына оқуға келеді. Қадыр Орал пединститутын тәмамдаған соң, әскер қатарына шақырылады.

Мәншүк институтты тастап, үкіметтің басқарма істерінде хатшы ретінде жұмысқа орналасады. 1940 жылы жалғыз қалған Мәншүк Ордадағы жақындарына өзінің ауыр жағдайын, жан-жақтан органдардың қысым көрсетулеріне байланысты шарасыздан оқуын тастап, жұмысқа кіретіндігін, материалдық қолдау керектігін айтып хат жазады. Бірақ тумалары «халық жауының қызы» деген атақтан үркіп, байланыс жасауға қорқып, Мәншүктің хатына жауап бере алмайды. Орда ауданындағы ең жақын адамы Қанаттың әкесі Ахметпен жақын-туыстығын ГПУ тергеп-тексеріп, ақыры партия қатарынан тықсырып қуып тынған еді. Ақыры қызметтен алынып, жұмыссыз қалғандықтан күн көріс мәселесі де қиынға соққан.

1941 жылдың бас кезінде Мәншүк Әмина апайдың үйінен жатақханаға кетеді. Мәншүктің замандас досы, белгілі жазушы Ілияс Есенберлин былай еске алады: «Біз екі жігіт, Мәншүктің жақын достары, барлық қиыншылық, ауыртпалықты көрдік, тірідей жетім Мәншүкті барынша жұбатып, демедік. Ол әкесі Ахметтің ұсталып кеткеніне қатты қайғырды, ешқандай тағат таппады, әкесімен кездесуге сұранды, инстанция бойынша да жазды, яғни әкесі Ахмет Мәметовтың кінәлі емес екендігін дәлелдеу үшін. Бірақ өкінішке қарай, мұның бәрі бос әурешілік болды. Бір кешкі уақытта біз оның байлығы: шереден жасалған сандықша толы жеке заттарын алып үйінен жатақханаға көшірістік. Жұмыстан бос кезімізде Мәншүктің жанында болуға тырыстық».

Алдағы жоспар, атқарылатын жұмыс бәрі де артта қалды. Барлығының уайымы біреу – жаумен күресу. Ең жарамды, күш-қайраты мол таңдаулы жастар фашистерге қарсы соғысқа аттанды. Мәншүк 18 жасқа толды. Ол тез есейіп, өз еркімен майданға аттанып, Отан қорғаушылар қатарында болсам деген тың шешім қабылдады. Оған мынадай ой келді: Кеңестер елін қорғауға қатысып, майдан даласында жаумен шайқасу арқылы өзінің сүйікті әкесі Ахметті жазықсыз жазадан құтқару. Әкесі қанша азап шексе де Мәншүк ол тірі болар деп ойлады. (Бірақ Мәншүк әкесінің атылып кеткенін білмеген еді). Осы уақытта ел арасында мынадай сыбыс таралды: «Егер «халық жауының» балалары Отан қорғауға өз еркімен барса, онда ата-анасына жағылған қара күйе, қылмыстық жаза кешіріледі». Бұл сыбыс Мәншүктің құлағына тиісімен-ақ ұйқысы қашып, қалайда майданға аттануға біржола бел байлайды. Бір жылға жуық уақыт өз еркімен майданға баруға өтінішін қанағаттандыру мақсатында дегенінен қайтпай әскери комиссариатқа барып, есігін тоздырумен болды.

Өз өтінішінде былай деп жазды:

«Мен Мәметова Мәншүк, 1922 жылы кедей шаруаның отбасында дүниеге келгенмін. Ата-анам қазіргі уақытта қайтыс болған. Жұмысшы факультетін оқып бітіргенмін, қазір Халкомкеңесте халық комиссарлары кеңесі төрағасы орынбасарының жеке хатшысы болып қызмет етемін. Өмірбаяным жөнінен қысқаша мағлұмат бере отырып, Сізден ағаларыммен және апаларыммен (қарулас) бірге фашист-қарақшыларды талқандап құрту үшін мені майданға жіберуіңізді сұрағым келеді, өйткені майданға баратындай ағайым да, апайым да (отбасым да) жоқ, сол себептен де өзім сұранамын. Өтінішімді қанағаттандыруыңызды сұраймын. 1939 жылдан комсомол мүшесі.27.08.1941ж.(М.Мәмеова)».

Шындығында, ол кезде үкіметтің әйелдерді әскерге алу туралы жарлығы болмаған еді. Қазақ бойжеткендерінің 18 жаста әдемі көйлектерінің орнына гимнастерка, туфлиді керзі етікке ауыстырып, туған жерінен ұзап соғыс жүріп жатқан ұрыс даласына аттану, нағыз қанда бар қайсарлықты білдірсе керек.

Мәншүктің майдандас досы Александра Прокепенко танысқан уақытын былай еске алады:

«...Біздер, орыс қыздар Мәншүкті Маша деп атасақ, ол сол арада жігерлі үнмен, мен қазақ қызымын, Мария-Маша, яғни Мәншүкпін, дәл осылай атаңыздар деп нақпа-нақ жауап берді. Ол туралы басқа таныстары да «Қарайгөр, нағыз характерлі қыз» деген ой түйді».

«Майданға бара жатқан барлығымыздың ішінен ең кішкентайы, әрі ең нәзік сүйкімдісі де Мәншүк болатын. Қасындағылардың оған бірден көңілдері ауды... Ол біздермен емін-еркін әңгімелесіп, күліп отырады, ал ерлер жағына келгенде ол өзін қатты және байсалды ұстайтын.

... Мәншүк бізге қай-қай жағынан да ұнаушы еді, ең алдымен оның адалдығы мен ашықтығы қатты ұнайтын. Әсіресе, ол бізді парасаттылығымен таңқалдырды».

1942 жылы 13 тамызда Қазақстан астанасы Алматы қаласынан Ұлы Отан соғысы жылдарында құрылған 100-ұлттық атқыштар бригадасы жасақталды. Бұл бригаданың жартысынан көбін қазақ жауынгерлері құрады.

100-ші ұлттық қазақ атқыштар бригадасы алғашқы ұрыста 1942 жылы 25 қарашада 39 армия құрамында болды. Қарсыластарына үлкен тойтарыс жасап, Васильевское, Березка, Толкачево селосын және Калинин облысы Молодотуд ауданының алты деревнясын жаудан аман алып қалды. Бұл ұрыстан соң ізінше 1943 жылдың басында Великие Луки қаласы үшін қиян-кескі қарсы шабуылдар басталды. Бригада бұдан кейін 1943 жылдың екінші жартысында Невель қаласын азат ету үшін шайқасты. Қанды Невель ұрысы жыл аяғына дейін созылды. Аталмыш шайқаста 100-бригада өздерін жақсы қырынан танытып, топтасқан әскер ретінде көрсетті. Табандылық пен қажырлылық, жоғары әскери шеберліктері үшін жүздеген солдат пен офицерлерге орден, медальдар, ал ержүрек пулеметші Мәншүк Мәметоваға 1943 жылғы 15 қазанда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Қазақстанның халық жазушысы, Мәншүктің майдандасы - Әзілхан Нұршайықов майданға аттанар сәтін былай еске алады: «Біздің санымыз 100-бригада қатарында І Алматы станциясынан аттанарда 4889 болды, ал Жоғарғы Қолбасшы И.Сталиннің жеке өкімімен эшолон аттанарда қатарымызға Мәншүк қосылып, санымыз 4890 адам болды». Араларында екі қазақ қызы дәрігер Мариям Сырлыбаева және Мәншүк Мәметова. Майданға шығаврып салушылардың арасында ұлы ақын Жамбыл да бар еді. Отан қорғауға бара жатқандарға: «Батырларым, Сіздерді, ерліктерің үшін құрметтесін»  деген жалынды тілегін білдірді.

Мәншүкпен бірге майданға оның құрдастары Әзілхан Нұршайықов, Райымбек Байсейітов, Нұржан Құсайынов, Сұлтан Жиенбаев, Тахауи Ахтанов аттанды. 100-бригаданың командалық құрамында командир қызметінде Сақтаған Бәйішев, Асқар Закарин, Мәлік Ғабдуллин, Ыбырайым Сүлеменов, Әбілқайыр Баймолдин болды.

Майдан даласына аттанған поезд қазақстандықтарды Ярославск облысы Бабушкино қаласына жеткізді. Мәншүк мұнда Қызыл Армияның жауынгері болды. 1942 жылы қыркүйек айы бойы Мәншүк қызмет еткен бөлімше күшейтілген түрде әскери дайындықпен айналысты. Мәншүк штаб жанындағы оқу ротасына кіші командир болып қабылданды. Ротаны аға лейтенант, байырғы  командир Қалиасқар Қабдуллинов басқарды.

Мәншүк өзінің тәртіптілігі, жинақылығымен командирлер құрамының көңілін аударды. Ол ер солдаттармен иық тірестіре бірдей жүрді, олардың істеген жұмысын да бірге атқарысты. Күздің жаңбырлы күндері шинелі, керзі етігі су болып жүрген кездері жиі болды, «Максим» пулеметінен, винтовка, автоматтан атуды үйренді. Мәншүкпен бірге оқып, бірге тұрған достары украин Шура Прокопенко, Надя Стояновская, әскери фельдшер, қазақ Сара Жолдасбаева. Олардың бастығы әскери дәрігер, капитан Мәриям Сырлыбаева болды.

Жүзінші атқыштар бригадасы әскери дайындықтан өткеннен кейін, Ржев бағытындағы, сол жақ қанаттағы Калинин майданында отыз тоғызыншы армияның қарамағында болды және бұл «әрекет етуші» армия болғандықтан ілгері қарай жылжи берді.

Мәншүк басқа да жауынгерлер сияқты пластикалық түтікше медальон алып, оған өзі туралы анық мәліметті жазды, яғни: үй мекен-жайы, туғандарынан кім бар екенін жазып, ұқыпты орап түтікшеге салды.


Бірінші әскери тапсырманы Мәншүк штаб бастығы подполковник Мостовтан алды. Аға сержант Ыбырайым Сүлейменовтің алып жүруімен Мәншүк екінші атқыштар батальонына штабтың материалдары бар папканы жеткізу керек болатын. Байланысшылар тобы жаудың артиллериялық шабуылының астында қалды. Басшылықтан берілген тапсырма ойдағыдай орындалып, Мәншүкке алғыс айтылды.

Бұдан былайғы ұрыстарда Мәншүк батылдығымен, өжеттілігімен және қару-жарақты қолдану шеберлігімен көзге түсті, жаралы жауынгерлерді өлім аузынан құтқара отырып, санитарлық қызметті де, бірге ала жүрді. «Шынашақтай болғанмен жасқанбай батыл қимылдайтын әрі қайратты еді» деп еске алысады ол туралы майдандастары. «Мәншүктің алдында азаматтық биіктен табылу барша жігіттер үшін үлкен сын болды, ол бар жерде ынжықтық, ездік білдіру мүмкін емес еді» деп еске алады олар бастан кешкен ортақ тағдырды.

1942 жылдың 23 желтоқсанында Мәншүк Великие Луки қаласы үшін болған сұрапыл соғысқа тікелей қатыса жүріп, майдандағы ұрыс даласында санитариялық нұсқаушы болып шайқасқа түсті. Мәншүк соғысқа дейін әкесі Ахмет секілді дәрігер болуды армандады. Ол медициналық институттың бірінші курсын бітіріп үлгерген еді, нәтижесінде Қайырымды солдат атанды. Өжет, үнемі дамыл таппай, жүгіріп жүретін Мәншүк қасындағы жауынгерлердің назарын мығым іс-әрекеттерімен өзіне аударды.

1943 жылдың  карсаңында Великие Луки жаудан азат етілді.Қаңтардың шытымыр аязды күндері  Ушаков батальоны Невель тас жолы бойындағы Бурцево деревнясы үшін ұрыстар жүргізді. Осы батальонда Мәншүк те бар болатын.

Алғашқы ерекше ерлік, ержүректілікті осы шайқаста танытты. Қиян-кескі ұрыс жүріп жатты, Бурцево 4 рет қолдан- қолға өтті. Шайқастың нағыз қызу шағында Мәншүк көптеген жаралыларды жаудан қорғап тасып жүргенде, бір уақытта сол жақ қапталда соққы беріп жатқан пулеметтің үні өшкенін байқады. Әлгінде қаза тапқан жауынгердің жылы денесін тасып болғасын, Мәншүк «Максимнің» қасында орнығып, қатарласқан фашистті нысанаға алады. Пулеметті байқаған жау мергені қарсы оған қарай көздеп тұрды. Мәншүк те пулеметті оңға қарай тез қайта орналастырып алған еді, мергеннің көздеген оғы басының үстінен дызың ете өте шықты. Оқ-дәрілері біткен кезде Мәншүк уақыт жоғалтпай, шапшаң шұңқырдың қасына жорғалап барып, бір ленталы қорапты тауып, нысаналы көздеп атуды жалғастыра түседі. Осы кезде оның қасына көмекке старшина Сұлтан Жиенбаев келіп, Мәншүкті жаралыларға жібереді.


Ол көптеген жаралы жауынгерлерді қорғай жүріп, тағы да жараланған пулеметшіге кезігеді. Алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қасындағы пулеметке жабысып немістерді жақындай түсуін күтіп, «Максимінен» оқты үдете бастайды. Мәншүк осындай үлкен азаматтылығымен ротаны жаудан құтқарып қалады. Ұрыс даласында бірнеше солдаттарынан айрылған немістер артқа шегінуге мәжбүр болады. Бұл Мәншүктің көрсеткен ерлігі. Жауынгерлер ұрыстан соң Мәншүктің үстіне жарықшақтардан тиген жыртық, тесіктерді байқады, Мәншүк те тонындағы жарықшақ тесіктеріне қарап тұрып, бөркінде тесіп өткен тесіктерді көрді. Жігерлі жастық жүрегі сын сағатта «Отан үшін жан пида» деп атойлап соқты. Өз орны майданда деп сезінуінің сан тарау себептері бар. Алған тағылым-тәрбие, оқып-тоқып бойына сіңірген білім ел басына күн туғанда Мәншүктей қаһарманды жайбарақат қалдырмайды.

Мәншүктің осынау ерліктері оның пулеметші боламын деген арманына да жеткізді. 1943 жылдың күзінде жауынгерлер қорғаныс шептерінде болған уақытта командование Мәншүктің  алғы шепте болғым келеді деген өтінішін қанағаттандырды, оның пулеметшілер батальонына қызметке өтуі туралы бұйрық шықты.

Мәншүк бөлім командирі болып тағайындалып, оған сержант атағы берілді. Пулеметшілер бөлімінің командирі бола тұра Мәншүк табандылық, қажырлылық үлгісін таныта білді.

Мәншүктің бір сүйікті машығы ән орындау болғанын, қазақ және орыс әндерінің қай-қайсысын да әдемі шырқағанын оны білетіндердің бәрі де сүйсіне сөз етеді. Тоғай ішіндегі тамылжыған таза ауада «Караторғай», «Сырымбет», «Көзімнің қарасы», «Зәуреш», тағы да сондай ұлттық бояуы қанық тамаша әндерді жүзі балбұл жанып, кереметтей келістіре шырқайды екен. Бригада ансамбілінің үздік өнерлі мүшесі ғана емес, белсенді ұйымдастырушысы болғанын куәгерлер растайды.

«1943 жылғы жаздың бір күнінде, біздер, әскери тілшілер Мәншүкпен кездесіп қалдық, ол кезде Мәншүк батальон штабында жұмыс істей жүріп пулеметшілер ротасының «Жауынгер парағы» газетін редакциялаған болатын, осы игілікті қызмет үшін екі кісіге алғыс жарияланды: ол Мәншүк және мен».

1943 жылы 15 қазанда Мәншүктің батальоны Изоча станциясын жаудан азат етуге қатысатыны туралы бұйрық алды. Таңертең ертемен ұрыс басталды. Жауынгерлерге станцияны  еш шығынсыз алу туралы бұйрық берілді. Көп кешікпей немістер қарқынды түрде қарсы шабуылдарын бастап кетті. Кіші лейтенант Болат Ахметжанов аталмыш ұрыс туралы естелігінде мынадай деректер келтіреді: «Біз жақтан адам өлімі көп болды, сондықтан позицияны тастап артқа шегінуге мәжбүр болдық. Кері шегінер жолда басынан жарақаттанған, ұрыс даласында бір өзі ғана қаза тапқандардың пулеметін қайта түзеп орнына қойып жатқан Мәншүкті көрдік. Біз одан 4-5 километр қашықтықта алшақ тұрғанбыз, оған бізбен бірге жүр дегенде, ол: «Өздерің бара беріңдер, егер мен кетсем, сендерді кім қорғап қалады» деп қарсылық білдірді. Ол көнбегесін, біздер кете бердік. Біраздан соң тылда өлі тыныштық орнады, біздер бір-бірімізге аң-таң күйде қарап: «Бәрі бітті» дедік. Одан әрі Болат Ахметжанов естелігін былай аяқтайды: «Осыларды еске түсіре отырып, менің айтқым келетіні, егер Мәншүк бізді жаудан қорғап қалмағанда, қазір тірі болмас едік, сондықтан біз өмір бойы Мәншүк үшін қарыздармыз!».

Қан майданда дұшпанға қарсы өзінің «Максимімен» бірге құйындата оқ боратқан жаужүрек қыз ұрыстың гүрсіл-дүрсілін естімеді, бойын батылдық пен ашу кернеп, өзін іштей қайраттандыра, жігерлендіре түсті. Жүздеген немістер қайсар пулеметші қыздың дәл тиген оғынан қырылып қалды. Немістер Мәншүктің «қаһарлы пулеметінің» көзін жоюға күш-жігерлерін сала түсті. Осылайша жаумен қасқая күрескен қайсар қыз, көзсіз ерлік көрсеткен батыр қыз, қазақтың аяулы Мәншүгі 1943 жылы 15 қазанда ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты.

Батыр қыздың қазасы дүниені дүр сілкіндірді. Мәншүктің қаруласы Әзілхан Нұршайықов: «15 қазанда Мәншүк қаза тапты. Бұл қаралы хабарды біз сол қырғын ұрыс болған күннің түнінде естіп, қабырғамыз қайысты» деп жазады өзінің «Невель түбінде» атты деректі туындысында.

Батыр қыздың ерлігі туралы хабар аңыздай әсемделіп, майдан даласына әп-сәтте тарады. Аймандай арудың абырой-даңқы асқақтай түсті. Еліміздегі барша ұлт өкілдері оны өз бауырындай өнеге тұтып, мақтаныш етті. Мәншүктің есіл ерлігі, аяулы есімі барлық тілдерде радиодан айтылып, газеттер жарыса жазды. Изоча станциясы үшін болған ұрысқа қатысушы Ахметқазы Болатов Мәншүк туралы естелігінде былай дейді: «Мәншүк Мәметоваға қаза тапқаннан соң 6 ай уақыт өткеннен кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді». Мәлік Ғабдуллин Мәншүктің ерліктерін дәлелдейтін құжаттарды қайта рәсімдеуге қол жетікізіп, КСРО-ның Жоғарғы Кеңес Президиумының бұйрығымен 1944 жылы 1 наурызда Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова қазақ халқының қаһарман қызы, бұл даңқты есіммен барша қазақстандықтар мақтанады. Ол Батыр атағын Шығыс қыздарының арасынан бірінші болып алды. Күллі Азия елдерінің арасында Кеңес Одағының Батыры атағын алған қазақтың қос шынары, қос мақтанышы – Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова екенін зор мақтанышпен айтамыз. Батыр қыздардың есімі халықымыздың жүрегінде мәңгілік маздайтын болады. 

Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

(мақалада келтірілген деректер Батыс Қазақстан облысындағы Мәншүк Мәметованың атындағы мемориалдық мұражайдың жеке қорынан алынды)


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: БПЛА Wing Loong - "птеродактиль" казахстанской авиации

Инфографика: БПЛА Wing Loong - "птеродактиль" казахстанской авиации