Қазақтың батыр қыздары

Қазақтың қыздары тәрбиесімен, әдептілігімен, сонымен бірге батырлығымен де көзге түскен. Өзінің әйел заты екенін ұмытып, қолына қылыш ұстап, жауды шапқан қазақтың батыр қыздары тарих бетінде өшпестей із қалдырды. Бүгін осы жандар туралы тарқатып жазуды жөн көрдік.  

Зарина

Зарина есімі ежелгі Ассирия, Мидия елдерінің Азиямен байланысы тұсында айтылады. Мидия өзін бағындырғысы келген Парфия мемлекеті үшін сақ тайпаларымен соғысады да, Мидия ханзадасы Стриангия Заринаны жаралайды. Екі жақ та үлкен зардап шегеді. Ақыры олар келісімге келіп, дос әрі одақтас болуға уағдаласады. Осы оқиғалар тұсында сақ тайпасын басқарған патша Зарина болатын. Ол өзінің батылдығы, сұлулығы және ақылдылығымен дараланған. Сақ жеріне көз тіккен көрші патшалардың талайын жеңіп, ел тұрмысын жақсартқан, көптеген қалалар салдырған. Зарина тағдырына байланысты туған “Зарина және Стриангия” атты жыр да бар. Оның мазмұны бізге толық күйінде жетпесе де, қаҺармандық эпос рухындағы туынды екені анық. Заринаның ерлік істері көне түркі тарихы мен әдебиетіндегі “Қырық қыз”, “Баршын қыз” секілді жыр-дастандар мазмұнына келіп ұласады.

Айбике Ару

Айбике Бұланбай батырдың жары, ал Абылай ханның жау тылындағы барлаушыларының басшысы болған. Ол өте алғыр ойлы табанды қыз болған, сонымен қатар қалмақ тілін де жетік білген. Өзінің қол астына бірнеше тыңшы, барлаушы ұстаған және ұзақ жылдар бойы жаугершілікте “қолға түскен күң” түріндегі бейнеге еніп, Қалмақ Қоңтайшысының ордасында күтуші болған. Тарбағатай мен Алтай бойындағы, Ертіс пен Емілегі жаудың күші мен қару-жарағы, олардың орналдасқан жері мен шапқыншылық ниеті туралы Абылай ханға, Қабанбай мен Бөгенбай батырларға және басқа да қолбасшыларға астыртын құпия хабарлар мен құнды ақпараттар жеткізіп тұрған.

Гаухар батыр

Ол Малайсарының туған қарындасы. 1724 жылы қазақтардың сол кездегі астанасы Түркістан қаласын жоңғарлардың қалың қолы тұтқиылдан шабуылға алады. Осы шайқаста Кіші жүздің ханы Әбілхайыр отыз мың әскер, Орта жүзден Сәмеке жиырма мың әскер дайындап, Қабанбайдың бас сардарлығымен жоңғарларға қарсы шабуылға шықпақ болып жатады. Гаухар жоңғарлардың қоршауын ерлікпен бұзып шығып, Қабанбайдың қасына барып, оларды жау жағдайы жөнінде толық мәліметпен қамдайды. 1725 жылы әйгілі «Бұланты» жеңісі осының нәтижесі еді. Кейін Гаухар Қабанбайға өмірлік жолдас болып, ұзақ жылдық соғыстарда бірге жүріп ұрыс жасайды. Уақыт өте келе ел аузында жыр дастанға айналған әйгілі «Гаухар батыр» атанады. 

Ақбикеш

Кіші жүз құрамындағы Байұлы тайпасының Алшын руынан шыққан көріпкел, ержүрек, батыр қыз. Есімхан жасақтарының Бұхара, Қашғар уәлаяттарына, Құба қалмақ жорықтарына көп көмектескен. Ақбикеш еліне оралған соң, Қаратау өңірінен биік мұнара тұрғызып, жауын осы қарауыл мұнарадан қарап тұрған. Мұнара “Ақсүмбе” деген атпен тарихшы Шараф әд-Дин әл-Жүздінің Зұфар-нәмесінде (Жеңіс кітабы) айтылады. Әмір Темірдің 1389-1390 жылдардағы Тоқтамысқа қарсы жорықтарын сипаттағанда Дешті Қыпшақ даласын бақылап отыру үшін Қаратау шыңына салынған қарауыл мұнарасы ретінде айтылады. Ақбикеш батыр қыз сыртқы елдің басқыншылары қанды жорық жасап, елді шапқанда, елдің ер-азаматтарымен қатар бостандық соғысына қатынасып, ерлік көрсетуімен жау қолында мерт болады.

Сапура батыр “Көктемір”

Сапура 22 жаста болғанда бiрiншi күйеуiн қашқын қалмақтар өлтiрiп кетiп, әмеңгерлiкпен қайнысы Жанболатқа қосылады. Ресейдегi Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерiлiсiне татарлардың, башқұрттардың, қазақтардың қатысқаны да мәлiм. Патшаға қарсы шыққан қазақтардың қолын осы Сапура батыр басқарды. Сапура апамызды көтерiлiсшiлер “Көктемiр” деп атайды. Ал орыс әскерлерi оның әйел екенi туралы ғана емес, тiптi кiм екенiн бiлмейдi. Тек “Көктемiр” деген атын ғана бiлетiн болған. Сол тұста “Көрiнбейтiн Көктемiр батыр” туралы алып-қашпа әңгiмелер тараған.

Хиуаз Доспанова

Хиуаз – Ұлы Отан соғысында әскери ұшақпен аспан төрінде майдан салған ерлігімен танылған, ал соғыстан кейінгі бейбіт өмірде қайраткерлігімен дараланған қазақтың қаһарман қызы. Ол 1942 жылдың көктемінде сол кездегі авиация тарихында тұңғыш рет құрылған, түнгі мезгілде жау шептерін бомбалайтын әйелдер авиаполкінің құрамында майданға аттанады. Батыр апамыздың ерлік еңбектері туралы қалдырылған жазба деректер бойынша Хиуаз қызмет еткен полк Оңтүстік майданда, яғни Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Белоруссия, Польша, Германия аспанындағы шайқастарға қатысқан. Ол кездегі авиациядағы штурманның атқаратын рөлі ерекше маңызды еді. Өйткені ол ұшақты алдын ала анықталған жау құрамаларының дәл төбесіне әкеліп бомбалайтын. Сондай-ақ олар ұшаққа жау тарапынан шабуыл жасалғанда әуе шайқасын да жүргізеді. Ал экипаж командирі алда-жалда мерт болса немесе жаралана қалса, штурман өзі отырған жерінен ұшақты да басқарып, әуедегі шайқасты да жалғастыра береді. Әуеде қарша бораған оқтың арасында жүріп осындай бірнеше міндетті бір адамның атқаруы екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Ал Хиуаз осы міндетті абыроймен, тіпті асқан шеберлікпен атқара білді. Ол 300-ден астам маңызды тапсырмаларға жіберіліп, барлығында да ерлік көрсеткен. Кейіннен Кеңес одағының батыры атағын алған Марина Чечневаның Хиуаздың шеберлігі туралы: «Хиуаз Доспанова ұшағын нысанаға ылғи да дәл апаратын және өз аэродромына да сондай дәлдікпен қайта оралатын»,- деп жазғандығы бекер болмаса керек. Осы ерлігі үшін оның “Түнгі жалмауыз” деген лақап аты қалыптасады. Соғыстағы ерліктері үшін батыр қыз «Қызыл Жұлдыз», «II дәрежелі Отан соғысы» ордендері мен «Кавказды азат еткені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарын иеленіп, әскери атағы аға лейтенант шеніне дейін өседі.

Әлия Молдағұлова

Әлия бала кезінде анасынан ерте айырылып , Алматыда ағасының қолында тұрған, ал 1935 жылдан бастап Ленинград, Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46-шы балалар үйінде тәрбиеленген. Санкт-Петербургтегі 9-орта мектебінде оқыды. Оқудағы озаттығы және үлгілі тәртібі үшін Әлия Қырымдағы Бүкілодақтық пионерлер лагері – Артекке жіберіледі. Артекте батырлар тақтасына Рубен Ибарурри, Тимур Фрунзе сияқты батырлармен қатар Әлия Молдағұлованың да суреті енгізілген. Соғыс басталған соң балалар үйімен бірге Ярославль облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Вятское орта мектебінен 7-сыныпты бітірісімен Рыбинск авиациялық техникумына түседі, бірақ көп ұзамай (1942) ЖШҚӘ-ға (Жұмысшы-Шаруа Қызыл Әскері) майданға жіберу туралы өтініш жібереді.

1943 ж. Снайперлер дайындау орталық әйелдер мектебін аяқтайды. 1943 ж. бастап 54-ші арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-ші әскер, 2-ші Балтық жағалауы фронты). Жау әскерінің 30-дан аса сарбаздары мен офицерлерінің көзін жойған. 1944 ж. 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты.

Мәншүк Маметова

Қазақ қыздарының арасынан тұңғыш рет Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова (шын есімі – Мәнсия). Анасы еркелетіп Моншағым дей бергеннен Мәнсияның тілі келмей өзін Мәншүк деп кеткен. Ата-анасынан ерте айырылған Мәншүк балалық, жастық шағын Алматыда Ә.Мәметованың тәрбиесінде өткізеді. Ұлы Отан соғысы басталған кезде Алматы медициналық институтында оқып жүрген. 1942 жылы тамызда ол өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-інші атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және тобында батылдығымен көзге түсті. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты.

 


Көшірмеге қайта келу
Пікірлер

Жүгіртпе / Лента