Жаугершілік замандағы әскери қару түрлері мен атаулары

Қазақ халқы күні кешеге дейін «аттың жалында, түйенің қомында» жаугершілік жағдайда өмір сүріп, өз елін, жерін, тәуелсіздігін қорғауда ата-бабаларымыздың басында дулығасы, арқасында жығасы, жүрек тұсында шарайнасы, үстінде сауыт, садақ, жебе, найзасы, қол шоқпары, белінде оқшантайлы белдігі т.б., халық ауыз әдебиеті мұраларында сақталған әскери қару-жарақ  атау-сөздері қаншама десеңізші…

Осы орайда,  бізге түсініксіз әскери қару-жарақ  атаулары ана тіліміздің сөздік қоры мен құрамында сақталғанмен, олардың бұл күнде қазіргі армия тілінде сиректе болса кездесетінін байқадық. Сондықтан әскери оқу орындарында арнайы пән ретінде қазақтың әскери өнерінің бір саласы  Қарутану мәселесін оқыту жеткілікті түрде әлі де қолға алына қойған жоқ десек, артық айтқанымыз емес. Осы кемшіліктің орнын толтыру мақсатында, қазіргі заманғы әскери өнерде ұмыт бола бастаған қазақтың ежелгі заманынан бері келе жатқан кейбір қару-жарақ атауларының (қарутану мәселесіне) мағынасына тоқталып, оқырман назарына мысалдар арқылы беруді жөн көрдік.

А) Шабуға және кесуге арналған қару:

БАЛТА – өткір жүзді, екінші жағы шүйделі, ағаш шабатын сабы бар құрал.

АЙБАЛТА – ұзын сапты, өткір жүзді, жарты ай бейнесіндегі соғыс қаруы. Орта Азия мен Қазақстанға айбалта ең бері дегенде XIV-XV ғасырларда тараған. Сабының ұңғыдан өтер екі жағы темір құрсаумен шегенделген. Жергілікті ұсталар айбалтаны қошқар мүйіз ою-өрнектерімен безендіруді ерекше өнерге айналдырған.

Базар жырауда:

Айбалтаны мұқалтқан,

Қайыңда қатты без болар.

«Қобыланды батыр» жырында:

Айбалтам тасқа өтпейді,

Жамандар сөзді кектейді,

Жүрмеймісің, құрдасым,

Қызылбастың еліне.

Зерттеуші А. Құралұлы айбалта сөзінің қатысуымен жасалған ертеде алтын жақты айбалта және бес аспап айбалта қару түрлері бар екендігін атап көрсетеді. 

ҚЫЛЫШ – шауып түсуге ыңғайлап болаттан істелген өткір жүзді, ұзындау келген, тұтқалы имек қару. Қылыш негізінен атты әскер қаруы. Қылыш ерте заманда жауға қарсы соғыстағы басты құралдардың бірі болды, б.з.б. 2-мың жылдықта әр елде пайдаланған. Қазақ халқының тұрмыстық кәсібінде өрмек арқауын бекітуге қолданылатын ағаш құралды да қылыш деп атайды. 


Махамбетте:

Ат – жігіттің майданы,

Қылыш – жанның дәрмені,

Өлім –хақтың пәрмені.

Базар жырауда:

Алмас қылыш асынып,

Жебесі болат найза алған.

АҚ АЛМАС – ақ семсер, өткір қылыш, наркескен.

Махамбетте:

Дулығалы бас кесіп,

Дұшпанының қанына

Ақ алмасын суарды-ай.

Базар жырауда:

Қолына байрақ, ту алған

Найзасын қарға асынып,

Алмасын қанға суарған.

«Қобыланды батыр» жырында:

Тобылғы атқа ер салды,

Ақ алмасты қолға алды.

ЖАЛАҢҚАТ – қылыш. Жалғыз байланатын қылыш.

«Қобыланды батыр» жырында:

Денеге оқты дарытпас

Дәуіт соққан жалаңқат.

немесе:

Мінуге керек қазанат,

Беліне керек шар болат,

Денеге керек жалаңқат.

Жырда жолдарынан «жалаңқат» сөзін «қылыш» мәнінде түсінсек, ал жыр түсініктемесінде «жалаңқат» сөзін «киім, жалаң шапан» мәнінде берілген. Біздіңше, «жалаңқат» сөзі жыр түсініктемесінен кеткен қате болуы мүмкін.

НАРКЕСКЕН – cом болаттан соғылған екі жүзді түзу қылыш. Наркескеннің басқа қылыштан өзгешелігі – оны асыл металдан екі жүзді етіп жасайды. Сабын сүйектен немесе мүйізден жасап, алтыннан немесе күмістен әшекей, өрнек салады, асыл тастар орнатады. Наркескенді хандар қолбасшыларға, батырларға сыйға тартқан. Наркескен атадан балаға ауысатын мұра, мүлік болып есептелген.

Нәркескен

СЕМСЕР – болаттан істелген екі жүзді өткір қару.

«Қобыланды батыр» жырында:

Беліне семсер іледі,

Ақ сауытын киеді,

Ноғай бөркін киеді.

АЛДАСПАН –  2. Жекпе - жек шайқаста сілтесетін семсер.  

«Ер Шобан» жырында:

Алдаспан ауыр қылыш байлаған,

Сыпайшылық бұ-ды деп,

Ала білек оқ салған.

Шалкиіз жырауда:

Дулығалы баc кескен

Ерлердің алдаспаннан игі қолы болар ма!.

Жыр жолдарынан қазақтың жаугершілік заманында қылыштың ақ алмас, наркескен, семсер, жалаңқат, алдаспан т.б. түрін қолданылғанын көреміз. Қазіргі армияда қылыш қаруы қолданылмайды, тек оны салтанатты жағдайда алып жүру үшін пайдаланылады. Ал «қылыштасу» элементі қазіргі спорт түрі «фехтования» дегенге жақын келеді.

Б) Түйреуге және кесуге арналған қару:

ҚАНЖАР – түйреуге және кесуге арналған қару. Құралды сыртқы пішініне қарай отырып, жақын ұрыс қаруларына жатқызуға болады. Бұл қарудың алғашқы түрлері неолит заманында, кейін қола дәуірінде қайталанады,- делінсе, ал Сөздікте: «Қанжар - белге байлап жүретін екі жүзді, ұшы үшкір өткір пышақ»,- деп берілген.

«Қобыланды батыр» жырында:

Қанжар қалды қайысып,

Семсер қалды майысып.

«Алпамыс батыр» жырында:

Ақ қанжарын суырып,

Заманасын қуырып,

Шұбарды басқа шабады.

В) Соққы жасау, ұру және түйреуге, шаншуға арналған қару:

Археологиялық мәліметтерге сүйенсек, шақан қоян қолтық ұрыстың басты қару болса керек. Дегенмен, қанжарға қарағанда, шақан түрлері Шығыс, Солтүстік және Орталық Қазақстан аймақтарында ғана кездеседі. 

Сөздікте: «ШАҚАН (чекан) – соққы жасау мен түйреуге арналған құрал. Екі бөліктен тұрады: шақанның өзі, яғни зақымдайтын бөлігі және ұстап жүретін ағаш сабы немесе тұтқасы,- деп берілген. 

НАЙЗА – ұшы істік, металдан істелген ұзын ағаш сабы бар, қадалғыш немесе лақтырмалы соғыс қаруы. Алғашқы да ұшы ұшталған таяқтан жасалады. Бертін келе ұзындығы 1,5 – 5 м. дейін жететін ағаш сапқа тастан немесе сүйектен (тас ғасырында) металдан (қола дәуірінен бастап) үшкір ұш орнатылған түрлері шықты. Қазақ батырлары мен жауынгерлері де найзамен қаруланды.


Доспамбет жырауда:

Алты құлаш* ақ найза,

Ұсынып шаншар күн қайда.

           Абыл ақында:

Емен сапты болат найза

Сынды дейді ұңғысынан.

Жоғарыдағы жыр жолдарынан найзаның неден жасалғанына қарай  түрлерін байқауға болады: ақ найза, атпа найза, болат найза, қоңыраулы найза, жалаң найза, қарағай найза, толғаулы найза, қималы найза, желекті найза т.б.

СОЙЫЛ – қолға ұстауға ыңғайлап жонған, қару ретінде пайдаланылатын мықты, ұзын ағаш.

Бұқар жырауда:

Ақ мырзамды өлтірдің

Ақ сойылмен төбелеп

Уа, сен танымай кетіп барамысың?,- деген жолдардағы «ақ сойыл» сөзі – сүйрете-сүйрете әбден ағарған сойыл»,- деген мағынаны білдіреді.  

«Қамбар батыр» жырында:

Тарта соқты (сойылын)

Бере алмай көпке тұрысты;

... «Соқтыға көрме бізге!» – деп,

Алшыораздан сауға сұрады.

«Алпамыс батыр» жырында:

Мойнындағы сотамен

Әрқайсысын бір салды.

Асаменен басқа ұрды,

Тұра алмастай тас қылды,- деген жыр жолындағы «сота» сөзі «шоқпар» мағынасында қолданып тұр. Мүмкін, жырды жеткізуші «шоқпар» сөзінің о бастағы алғашқы формасы жергілікті диалектіде «сота» сөзі екенін біліп, жыр арқауына қосқан-ау деген ойға жетелейді.

СҮҢГІ – бірнеше қырлы, ұшы үшкір, темірден, болаттан жасалған ағаш сапты қару.

«Қобыланды батыр» жырында:

Асылдан соққан сүңгімді,

Ырғай алып саптауға.

Нұрым жырауда:

Ерлер өтті қарасам,

Көк сүңгісін өңгерген,

Аузын көпке теңгерген.

... Ақ сүңгісін* өңгеріп,

Жауға жалғыз жөнелген,- деген жолдардағы «көк сүңгі – асыл металдан, болаттан жасалған қымбат сүңгі,- деген мағынаны білдірсе, ал *Ақ сүңгі – сүңгінің сабы ақ болаттан жасалғандығына байланысты аталуы мүмкін-ау,- деп ойлаймыз.

ШОҚПАР – бір басы дөңкиіп жұмыр келген соғыс қару. Түркі халықтарында көне заманнан қолданылып келген соғыс қаруы. Сойылдан қысқа, бас жағы жұмыр болады. Мұны ырғай, тобылғы, қайың сияқты қатты ағаштардан жасайды. Ырғай, тобылғыдан шоқпар жасағанда түбірін қоса қазып алады да, бас жағын жұмырлайды. Кейде шоқпардың басына темір немесе қорғасын құяды.

Қатты ағаштан жасалған, басы қос жұдырық шамалас, сабы 90-110 см  соғыс қаруы.

«Алпамыс батыр» жырында:

Ауырлығы бір батпан

Бұршақтай шоқпар ұрады.

ГҮРЗІ // КҮРЗІ – ерте замандағы соғыс және аң аулау құралы; шоқпар, темір шоқпар. Ертеде палица, булава аталып, орыстың жаяу әскерінің құралы, кейіннен билік белгісі болған. Қазақта гүрзі батырлар жырында кейде ескі діни түсініктерде кездеседі. Мысалы, діндар адамдар гүрзіні жерленген өліктен сұрақ алуға келген періштелердің қолындағы зат мағынасында көрген.

Ерте дүниеде қағанат билеген хандарымыз хан тағына отырғанда күрзі ұстап отыру дәстүр болған. Содан бері күрзі биліктегі күш иесінің рәміздік белгісі болып санамызда қалды.

«Алпамыс батыр» жырында:

Қолындағы күрзімен

Кетті салып басына.

Осы ұрған күрзіге,

Құлар еді шапқанда,

Қойқаптың тауы, тасы да.

КЕЛТЕК – шоқпардың шағын түрі.

«Қамбар батыр» жырында:

Қолында бір-бір келтегі,

Жын ұрғандай бұрқылдап,

Адамның бәрін жинады.

САҚ ЕТЕР – бос мойын шоқпар.

Доспамбет жырауда:

Сақ етер тиді саныма,

Сақсырым толды қаныма.

Жыр жолдарынан шоқпардың ең көне түрі - гүрзі//күрзі, ал шағын түрі - келтек, сақ етер т.б. кездестірдік.

Қорыта келгенде, алдымызға әскери қару түрлерін тілдік тұрғыдан талдауды мақсат етпегендіктен, ғалым Р. Сыздықова: «Әсіресе, бүгінгідей ана тіліміз – қазақ тілінің дәрежесі көтеріліп, әлеуметтік жүгі артқан кезде, осы тілдің барша байлығын игеру, тарихын білу – рухани парызымыз болмақ»,- деп жазғандай, әскери қару терминдерін өзге тілден аударма, калька арқылы қабылдауда гөрі, халық ауыз әдебиеті мұраларында кездесетін әскери қару-жарақ атау-термин сөздерге үңіле зерттейтін уақыт жетті. Оларды ұлттық әскери терминология аясында жүйелеу – тіл мамандары мен әскери мамандарының алда тұрған келелі міндеттерінің бірі. 

                                                                                                                                                                                                Манасбай ҚОЖАНҰЛЫ


Cвязанные новости:
Көшірмеге қайта келу
Пікірлер

Жүгіртпе / Лента