Эвакуацияланған госпитальдар тарихы

Эвакуацияланған госпитальдар тарихы


   Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанға мыңдаған госпиталь көшірілді.

Эвакуацияланған госпитальдардың алғашқысы 1941 жылдың маусым айында Ақтөбе, Семей, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарына қоныстанды. Төсек-орындары орташа есеппен 400-600 дейін болды.

КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің 1941 жылғы 22 қыркүйектегі және Кеңес Армиясына медициналық қызмет көрсету мен эвакуация тәртібін жақсарту жөніндегі партияның орталық комитетінің 1941 жылғы 8 қазан күнгі қаулысы госпитальдардың жұмысын ұйымдастыруда маңызды рөл атқарды. Осы құжаттардың негізінде 1941 жылдың соңы мен 1942 жылдың басында облыстарда, өлкелер мен республикаларда эвакуацияланған госпитальдарға жетекшілік ету жөніндегі арнайы бөлімдер, науқастанған және жараланған солдаттар мен командирлерге қызмет көрсетуге көмектесу үшін комитеттер мен комиссиялар құрылды. Ұлы Отан соғысы жылдары госпитальдар мен өзге де әскери медициналық мекемелерде барлығы 200 мыңнан астам дәрігер және орта білімі бар 500 мың медициналық қызметкер еңбек етті. Олар Кеңес Армиясы мен Әскери Теңіз Флотының 10 млн-нан астам жаралы жауынгеріне көмек берді. Көрсеткіші жоғары әскери емдеу мекемелерінің қатарында Алматы қаласындағы №3990, №3582, №1279, Семей қаласындағы №3593, №2449 және Шымкенттегі №3981 эвакуацияланған госпиталь болды. Протезді госпиталь жұмысының қиындықтары мен ерекшеліктеріне қарамастан Семейдегі №3593 эвакуацияланған госпиталь қызметкерлерінің күшімен 1943-1945 жылдары 2796 операция және жаралыға 3218 протез жасалды. Госпитальдар жәрдемінің арқасында екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде жаралылардың 73%, тылдағы эвакуацияланған госпитальдарда емделгендердің 56%-тен астамы Қызыл Армия сапына қайта қосылды.

   Қазақстанға көшірілген госпитальдарда соғыс жылдарында 5177 лекция мен 3167 баяндама оқылды, 8720 әңгіме жүргізілді. 9036 киносеанс пен 3978 концерт қойылып, көркемөнерпаздардың 3638 кеші мен театрландырылған 468 қойылымы ұйымдастырылды. Әрбір сеанстың алдында кітап оқылып, «Справедливая и несправедливая война», «Кто такие националисты?», «Алкоголь и его последствия», «Война на Тихом океане», «Легендарные полководцы», «Дружба народов СССР», «О фашисткой рассовой теории», «Лечение огнестрельных переломов» және тағы да басқа тақырыпта дәріс оқылды. Мәселен, 1941 жылдың 1 қазаны мен 21 қараша күндері №3593 эвакуацияланған госпиталында «Песнь о любви», «Парень из тайги», «Большой вальс», «Музыкальная история», «Светлый путь», «Ошибка инженера Кочина», «Конек-горбунок», «Возвращение», «Моя любовь», «Будни», «Пятый океан», «Макар Нечай», «Случай на вулкане», «Яков Свердлов», «Валерий Чкалов», «Мои Университеты», «Доктор Калюжный», «Весенний поток» фильмі көрсетілді: И.Франко атындағы Киев академиялық театры әртістерінің, Москва, Ленинград және Одесса театрлары бригадаларының, сондай-ақ, қаладағы көркемөнерпаздар ұжымдарының күшімен барлығы 12 концерт қойылды. №3442 госпиталь ұжымы бекітілген жоспарға сәйкес, 1942 жылдың ақпан айында «Прииртышская правда», Казахстанская правда», «Центральная правда», «Известия», «Социалистік Қазақстан», «Екпінді» газеттері мен «Большевик Казахстана» журналын алып оқыды.

   «1942 жыл, 23 қаңтар. Жаралы жауынгер Иван Павлович Корченцовтың Краснодар өлкесі Труковск ауданындағы Тернов селолық басқармасының мүшелеріне жазған хатынан: Құрметті менің жерлестерім және жолдастар! Мен госпитальдамын, жарам жазылып қалды, денсаулығым қалыпқа келді. Бізге госпиталь дәрігерлері барлық мейірімін танытуда. Жақсы емдейді. Мұнда газет оқимыз, радио тыңдаймыз. Мен майдан шебінде болып, неміс басқыншыларының елді-мекендерді өртеп, балаларды, қарияларды, әйелдер мен аналарды аяусыз өлтіргенін өз көзіммен көрдім. Сол үшін кек алғым келеді. Госпитальдан шыққан соң жауды талқандауға қайта барамын. Барлығыңызды күш-жігерлеріңізді жинақтап, майданға көмектесуге шақырамын. Жаңа келген көктемде далаға түгелдей дән себіліп, нан, сүт, ет, жүн мол болсын. Кеңес Армиясы мен жұмысшы тобы шикізат пен нан қорынан таршылық көрмесін. Сау болыңыздар. Хат жазыңыздар: Семей қаласы, 76 пошта жәшігі, Иван Павлович Корченцовқа».

   Санкт-Петербор қаласындағы Әскери медициналық музейдің әскери медициналық құжаттар қорының мәліметіне жүгінсек, 1941-1945 жылдары Семейдегі № 3592 эвакуацияланған госпитальда 46 адам, №3593 эвакуацияланған госпитальда 48 адам қаза тапты.

                                                                        Алуа ИСКАКОВА

Суретте: Эвакуацияланған №3593 госпиталінің офицерлер палатасы


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи