Шығыс тойының шығу шежіресі қандай?

Көшпенді қазақ өркениетінің үлкен нышандарының бірі ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі. «Наурыз» сөзі парсы жұртының тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Мереке осы айдың 22-жұлдызында тойлануының себебі, осы күні жамандықтың қайнар көзі түнгі түнек жіңішкеріп, күндізгі жарық ұзара түседі. Ертеде шығыс халықтары наурыздың 21-күні түнде отты алаулатып жағып, жаңа жылды жарықпен қарсы алған. Әлі күнге дейін парсы тектес ұлыстар Наурыз мерекесінде отты маздатып жағып, өздерін пәле-жаладан аластап жатады.

Уағында ұлтты ұлыстың ұлы күнімен қайта қауыштырған Өзбекәлі Жәнібеков «Наурызды елден, елді Наурыздан ажыратуға болмайды» деп әз-Наурыздың Алаш жұрты үшін қаншалықты маңызды екенін дөп басып айтқан. Әлемнің ең көне мерекелерінің бірі Орта Азия халықтарында бес мың жылдан бері аталып өтілуде. Мұның туу тарихы турасында талас көп. Бірсыпырасын оқырмандарымызбен бөліссек...

Діннен бұрын жеткен дәстүр

Әдебиетші ғалымдар мен өнертанушылар әз-Наурыз мерекесін қазақ халқы ислам дінін қабылдамастан бұрын тойлағанын айтады. Олардың пікірінше, Наурыз мейрамы – қазақ халқының көшпелі тұрмысының қуанышты кездерін бейнелейтін ұлық мереке. Қыстоқсанның ішінде мал-жанын шүберекке түйіп, әупірімдеп көктемге әзер шыққан ел өрістегі малдың аузы көкке ілініп, арқа-басының кеңігенінің құрметіне ұлыстың ұлы күні ат шаптырып, аударыспақ ойнап, жамбы атып, балуан күрестіріп, ұлан-асыр той жасайтын болған. Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметовтің айтуынша, Наурыз мерекесін көшпелі түркі жұрты зороастризм сенімінен бұрын тойлаған. Оған дәлел ретінде көне «Афрасиаб» жырын мысалға келтіреді. Онда көшпелілер көктем шыға ұлыстың ұлы күнін тойлағаны айтылады. Ал, наурыз – Иран мәдениетінен Тұран мәдениетіне сіңіскен термин. Бірақ көшпелі түркі жұртының ұлыстың күнін тойлауы «наурыз» терминімен бекітілгенімен, мазмұн тұрғысынан, мерекені тойлау ежелден түркі жұртында бар дәстүр.

Наурыз мерекесінің отқа, құлдыққа еш қатысы жоқ екенін Жағда Бабалық та зерттеулерінде дәлелдеуге тырысады. Абыздың пікірінше, Қытай жылнамаларында арғы бабаларымыз Ғұндардың Наурыз мерекесін тойлағаны жазылған. Ғұн қағандары күн мен түн теңелген 22-наурыз күнi таң алакеуімде таудың басына шығып, көкке қолын жайып, Тәңiрден тiлек тiлеп, «Әумин» дескеннен кейін, абыздар қобызбен аңыратып тоғыз қоңыр күй шалып, іле-шала 365 жiгiт қолдарындағы қобызбен 365 күй тартады. Яғни, әр күнге бiр күйден арнайды. Осылайша Наурыз мерекесі басталып, түрлі дән-дақылдан наурыз көже жасалып, салт-дәстүрлер мен ұлттық ойындар өткізіліп, ат шаптырып, көкпар тартылып, мерекені мәре-сәре болып тойлайды екен.

Наурыз түркінің төл мерекесі екенін зерттеуші Бақыт Әбжет те дәлелдеп жазды. Оның жеткізуінше, көне түркінің мифінде жерді өгіз көтеріп тұр деп есептелінеді. Жерді бір мүйізіне салып көтеріп тұрған көк өгіз мүйізі талғанда, екінші мүйізіне ауыстырады. Осы кезде жер қайта жаңарып, тіршіліктің ояна бастауы жаңа жылдың келгенін білдіреді. Халық өгіз белгі бергеннен Наурыз мейрамын тойлауға кірісетін болған.

 

Нұх пен Наурыз

Наурыз мерекесінің Хақ дінге қайшы емес, керісінше діни мереке екенін Мәшһүр Жүсіп бабамыз «Нұх, Наурыз тарихы» атты еңбегінде жазады. Ғұлама мереке шежіресін былайша тарқатады: «Бұл наурыздама той болып, қай заманда басталған жұмыс? Жоғарғы жақта сөйленген Нұх пайғамбар еркегі, ұрғашысы араласып, сексен қаралы жолдаспен кеме жасап мініп, алты ай, он күн  суда жүзіп, су тартылып, кемесі Қазықұрт тауына кез болып, соған тоқтап, құрғақшылық көріп, қара жерді басқан. Біреудің әкесі, біреудің баласы, біреудің бауыры, туысқаны қырылып қалып, «салт атты, сабау қамшылы» болып судан шыққан» деп Нұх қауымның топан судан аман-есен құтылғандарына шүкіршілік ретінде қазан көтеріп, той жасағандығын жеткізеді. «Сөйтсе, сол күнде ай есебімен санағанда «Мұхарамма» айының оны екен де, жұлдыз есебімен санағанда, күннің хамале бір уәжібіне кірген күні бірінші хамале болып табылған. Нұх пайғамбардың тұңғышы - «Сам» деген баласы. Ғараб, Ғажам - сол Самның ұрпағы. Біреуі ай есебін ұстап, жыл басын «Мұхарамма» деп санап, оны «Ғашура күні» деп, мейрам қылып ұстап қалған. Біреуі – Ғажам жұрты жұлдыз есебін ұстап «Бірінші хамале – жыл басы» деп мейрам қылған. Мұның ұстап қалған күні число есебімен марттың тоғызына дәл келіп, қыс пен жаздың аударыс, төңкерісіне тұпа-тура, дәлме-дәл шыққан. Мұны біздің қазақ «Бұхар есебі» дейді. Бұл есептен біздің қазақ жұрты орысқа қарағанша, аумай, жаңылмай ұстап келген» дейді содан кейін.

Машһүр Жүсіп бабамыздың бұл дерегін Жағда Бабалық өзінің «Наурыз - мұқым ғаламның жыл басы мерекесі» атты мақаласында былай деп тірілте түседі: «1970 жылдары Мәскеудегi Ленин атындағы кiтапхананың архивiнен ескi бiр жырды кездейсоқ оқығаным бар еді. Араб графикасымен жазылған жыр екен. Ол жылдары арнайы рұқсатың болмаса, көшірмесін жасатпайтын. Көшірмесін алмағаннан кейін авторының аты-жөнiн ұмытып та қалыппын. Осы шығармада жер-жиһанды топан су қаптағанда Нұх пайғамбардың кемесi кеп Қазығұрт тауының басына тоқтағаны, дәл сол күнi күн мен түннiң теңескенi әсерлі баяндалады. Нұх пайғамбар күн мен түннiң теңесуінің құрметіне, сондай-ақ, азғынданған қауымның жойылып, жаңа бір тіршіліктің басталғанын тойлағаны суреттеледі. Жыршы бұл мерекені «Наурыз» деп көрсетеді. Бірақ, жыр иесі Нұх пайғамбар қайтыс болғаннан кейiн Наурызды тойлау үрдісі ұмытылғанын, арада үш ғасыр өткенде ғана Наурыз атты алып тұлғалы адам Нұх пайғамбардың бастамасын жалғастырып, жыл басы Наурызды тойлауды қайта қолға алып, осылайша Шығыс халықтары Наурызды жыл басы мерекесі ретінде тойлауды үрдіске айналдырғаны жырланған.

 

Тәуелсіздікпен қайта жаңғырған той

Енді нағыз аңызды сөйлетіп көрсек, Парсы патшасы Жәмшид елінің аумағын аралап жүріп, Әзербайжан атты мекенге тап болыпты. Осы жерде уәзірлеріне күнгей бетке қаратып үлкен тақ орнатуды бұйырған екен. Күн сәулесі тақпен шағылысып, айналаға ерекше нұр шашыпты деседі. Содан кейін жұрт осы күнді жаңа жыл есебінде тойлауды әдетке айналдырған. Қалай болғанда да, бұл мереке 18-ғасырға дейін Ежелгі Грекияда, Ежелгі Римде, Ұлыбританияда аталып, 1700 жылға дейін ежелгі Русьте тойланып келген.

Көктем мерекесі туралы мәліметтер антикалық және орта ғасырлық жазушылардың еңбектерінде кездеседі. Шығыс жыл санағы бойынша, мереке ирандықтардың жаңа жылы Наврузбен жанасады. Ал белгілі мәдениеттанушы Серік Ерғали былай дейді: Наурыз мерекесін парсылардың аржағында ежелгі түркілердің мерекелеп келгендігіне анық көз жеткіздік. Алматы маңындағы Аңырақай деген жерде таңбалы тастар бар. Сол тастардағы жазулардан Наурызды түркі халықтары осыдан төрт-бес мың жыл бұрын тойлап келгендігі анықталды. Наурыз мейрамының түп тарихын зерттеп зерделеуді Астанада ашылған Түркі академиясының ғалымдары да қолға алды. Деректердің дені осында сақталған. Атауы парсыдан шыққанымен, көне түркілік тарих тың дүниелерді қайта ұсынып отыр. Шығу тегі тым әріде жатқан жыл басының шежіресі әлі де болса елеп-екшеуді қажет етеді».

1926 жылдан бастап, тоталитарлық жүйенің ықпалымен наурыз мерекесін тойлауға тыйым салынды. Көп жылдар бойы ұмытылып, сынын жоғалтқан мереке 1988 жылдан бері қайта жаңғырып, Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі жалғасын тапты. Наурыз мерекесі 1991 жылы, 15 наурызда Қазақ СР Президентінің қаулысының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болды. Елбасы наурыз айының 22 жұлдызын "Наурыз мейрамы" деп жариялады. Ал 2009 жылдың 24 сәуірінде ҚР Президенті Н.Назарбаев наурыз айының 21, 22, 23-күндеріне "Наурыз мейрамы" деген атақ берді.


Көшірмеге қайта келу
Пікірлер

Жүгіртпе / Лента