Ұлы жеңіс күні елімізде сән-салтанатпен атап өтілді

Биыл – Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 72 жылдығы. Сұрапыл соғыста Отан үшін от кешкендерді еске алып, рухына тағзым ету, құрмет көрсету – жылдағы игі дәстүр. Үрдістен жаңылмай, биыл да өткізілген игі шаралар еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылды. Соның бірегейіне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

 Үнсіздікпен еске алды

 Алдымен Астанадағы «Отан қорғаушылар» монументі алаңында Президент және жиналған қауым Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған жауынгер қазақстандықтарды бір сәт үнсіздікпен еске алды.  Ресми рәсімнен кейін ҚР Республикалық үрмелі аспаптар оркестері еліміздің Әнұранын орындады. Осыдан кейін Құрметті қарауыл ротасы ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысының және Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің алдында салтанатпен сап түзеп жүріп өтті. 

Салтанатты шараға ҰОС ардагерлері, ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Үкіметінің, ҚР Парламентінің, орталық мемлекеттік органдарының, дипломатиялық корпустардың өкілдері және қала жұртшылығы қатысты.

Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн 200 мың жауынгердің 600 мыңы үйлеріне қайтып оралмады. Жалпы, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғында елімізден аттанған 500-ден астам жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы Кеңес Одағының Батыры атанған болатын, оның 100-ден астамы - қазақтар.

Сонымен қатар 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды. Соғыс ардагерлерінің қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Бүгінде Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 2 мыңға жуық ардагері тұрады.

Президент құттықтады

 Мұнан кейін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан xалқын Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады.

«Құрметті қазақстандықтар, отандастар! Әр жыл сайын мамыражай, күншуақты мамыр күнінде біз Ұлы Жеңіс мерекесін атап өтеміз. Бұл жеңістің мағынасы өте үлкен. Адамзаттың тариxында мұндай сұрапыл соғыс болған емес. Ондаған миллион xалықтың өмірін алып кеткен, қанша қалаларды күйреткен фашизмге қарсы соғыста біздің бабаларымыз үлкен жеңіске жетті.

Осы жеңістің арқасында мынадай ашық аспан астында, бейбітшілікте өмір сүріп, балаларымызды, ұрпағымызды өсіріп, мемлекетімізді нығайтып жатырмыз», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президент елімізде ардагерлеріміздің қатары күн санап, сиреп бара жатқандығын қынжылыспен атап өтті.

«Отан қорғаушылар» алаңында гүл шоғын қою – қаза тапқан бабаларымызға тағзым, қатары сиреп бара жатқан ардагерлерге құрмет. Қазақстан ол кезде 6 миллион xалқы бар мемлекет еді. Оның 1,8 миллионы соғысқа қатысып, тең жартысы майданнан қайтқан жоқ. Қазақстан майданда да, тылда да қолдан келгенше барлық көмегін тигізді. Сондықтан еліміздің бүкіл ардагерлерін, xалқын Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, аспанымыз әр уақытта ашық болсын дейміз!», - деді Елбасы.

 Ардагерлермен әңгімелесті

 Салтанатты шара соңында Елбасы «Студенттер» саябағындағы ша­тыр­лар қалашығына барып, қарт майдан­герлермен емен-жарқын әңгіме құрды.

Жылдағы дәстүрге сай мұнда 11 әскери шатыр орнатылып, ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне арналған дастарқан жайылған болатын.

Айта кетейік, бүгінгі таңда елордамыз – Астана қаласында Ұлы Отан соғысының 121 ардагері тұрады.

Майдан әндері тыңдалды

Астана концерт залында Ұлы Жеңістің 72 жылдығына арналған мерекелік кеш өтті. Оған соғыс ардагерлері мен тылда еңбек еткен азаматтар қатысты. Онда патриоттық рухтағы әндер шырқалып, жырдан шумақ шашылды. Ұлы Отан соғысының адам баласына салған жарасы аз емес.Талай боздақтарымыз қан майданнан оралмады. Оқ пен оттың ортасында жүріп, отан үшін кеудесін оққа тосқан азаматтарымыз осы Ұлы Жеңіс күнін асыға күтті. «Мереке құтты болсын қарақтарым! Иә, біз көрген қиыншылқты қазір өсіп келе жатқан өрендеріміз көрмесін! Үкіметіміз қазір бізді құрметтеп, елеп ескеріп барлық жағдайымызды жасап жатыр. Ел қорғаны болар, отанына адал, білекті де білімді азаматтарды тәрбиелей берейік», - дейді тыл ардагері Кеңес Тыхемет.

«Қазақ елін мерекелеріңізбен құттықтаймын! Кешегі батыр бабаларымыздың ерлігі бүгінгі бейбіт мамыражай тіршілігіміздің жемісі. Соғыс ардагерлеріне басымызды иіп, тағзым етеміз. Қазақ көгінде бейбітшілік туы мәңгі желбірей берсін», - деді актер Әділ Ахметов. Сондай-ақ мерекелік кештің соңында Астана қаласы әкімі Әсет Исекешевтің атынан ықылас гүлі тарту етілді.

  Отшашумен аяқталды

Соғыс ардагерлерінің құрметіне арналған мерекелік шаралар Астана қаласында кеңінен ұйымдастырылды. Қала жұртшылығы, ардагерлер «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қою рәсіменен бөлек, тағы басқа да игі шараларға қатысты. Атап өтсек, мерекеге жиналған майдангерлер сарбаз ботқасынан ауыз тиді, майдандық әндерді тыңдады. Қаланың түрлі алаңдарында концерттік бағдарламалар өтіп, әуеде әуезді әндер қалықтады. 
Елордадағы шаралар отшашумен тәмамдалды. Отшашу сонау Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен бастап қазіргі уақытқа дейін жарақтандыруда тұрған және Ұлы Жеңістің нышаны болып табылатын 76 миллиметрлік зеңбіректерден артиллериялық дүркіндетіп оқ атумен жүргізілді. Салют 2 заманауи отшашу құрылғысымен жасалолды. Олардың әрқайсының 173 бағыттаушысы болды.

 Алматы да қалыс қалмады

 Сол 9 мамыр Жеңіс күнінде Алматы қаласындағы 28-ші гвардияшыл-панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік алау алдындағы алаңда Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Концерттік бағдарламада «Поклонимся великим тем годам», «Священная война», «Жас қазақ», «Әлия», «Тальяночка», «Сағадат», «Смуглянка», «В землянке», «Ана туралы баллада» және басқа да әндер шырқалды.

Сондай-ақ алматылықтар осы күндері Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Иван Панфилов, Талғат Бигельдинов, Рақымжан Қошқарбаев, Мәлік Ғабдуллин, Сергей Луганский және 1941-1945 жылдарғы соғыстың өзге де батырларымен «тірідей» кездесіп, суретке түсу мүмкіндігіне ие болды. 
Кешкісін «Астана» алаңында «Тағзым!» атты мерекелік концерт көрсетілді. Онда Олег Татамировтың, Талғат Күзембаевтың, Игорь Благодарныйдың орындауындағы «Поклонимся», Алексей Тимофеевтің орындауындағы «Память», «ill-Canto» квартетінің орындауындағы «Тальяночка», Жанна Орынбасарованың орындауындағы «Катюша», Толқын Забированың орындауындағы «Ана туралы баллада» сынды әскери әндер айтылады. Іс-шаралар мерекелік отшашумен аяқталады.

Ауқымы кең шара

 Жалпы Жеңістің 72 жылдығы құрметіне республикамыздың түпкір-түпкірінде еске алу вахталары, әртүрлі акциялар, ардагерлермен кездесулер ұйымдастырылып, өткізілді. Өйткені, жыл сайын аталып өтетін мейрамның ерекше және құрметтi орны бар. Біздің болашағымыз үшін құрбан болған миллиондаған адамдарды еске түсіру үшін, әрбір қазақстандық бұл мерекені Отанға деген сүйіспеншілігінің нышаны ретінде атап өтеді. Екінші дүниежүзілік соғыстағы  Жеңістің 72 жылдығы құрметіне елімізде өткізілген көптеген шаралар – осының айғағы. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінде республикада Екінші дүниежүзілік соғысының 2776 ардагері және мүгедегі, 157 679 тыл еңбеккері, блокада кезінде Ленинградта еңбек еткен 194 азамат, концлагерьлер мен өзге де мәжбүрлі ұстау орындарында кәмелет жасқа толмай түскен 487 адам, көз жұмған соғыс ардагерлерінің 7 806 жұбайы, әскери қызметшілердің, партизандардың, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза болғандардың (із-түзсіз жоғалып кеткен) қайта тұрмыс құрмаған 80 жесірі, Жеңіске еңбк сіңірген өзге санаттағы 778 адам бар. 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"