Ұлттық ойын-ұлт игілігі

Ұлттық ойын-ұлт игілігі

Қазақ халқының өмірде болып жатқан сан қилы оқиғаларды бастан аяқ баяндап беретін ғасырлар бойы бірге жасасып келген әдет-ғұрып ойындары бар. Көбінесе ұлттық ойындар үлкен тойларда, мерекелерде, думандарда соның ішінде «Наурыз» мерекесінде ойналатын ойындар болған.
Жалпы қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар: аңға байланысты, малға байланысты, түрлі заттармен ойналатын, зеректікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін, соңғы кезде қалыптасқан ойындар. Олардың негізгілерінің өзі жүзден астам. Бұл ойындардың көбісінің ежелден қалыптасқан арнайы дәстүрі бар.
Қазақ ұлты негізінен ұрпақ қамын басты мақсат етіп қойып, балалардың нағыз азамат болып қалыптасуына аса зор мән берген. Нәтижесінде дәстүрлі бала тәрбиесінің басты құралы ретінде ұлттық ойынды орайластырып, дамытып отырған.
Атадан – балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойын-сауық түрлеріне зер сала қарасақ, олар ұрпақты жастайынан тәрбиелеп, ыстық ықыласын оятып, көңілін көтереді, дүниетанымын арттырып, еңбекке баулиды. Сондай-ақ батылдыққа, ептілікке, тапқырлыққа, күштілікке, төзімділікке, мергенділікке, қырағылыққа да тәрбиелейді.

КӨКПАР

Көкпар – қазақтың ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Дәстүрлі қазақ қоғамында көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Семіз серке терісі жыртылмайды. Бұл жарыста салт аттыларға оңай тимейді. Өйткені салмағы 30-40 кг немесе 50-60 кг болатын бассыз серкені (ешкі) спортшылар жерден көтерулері немесе қарсылас команда ойыншысынан тартып алып «мәре салым» қарсыласының қазандығына салулары керек.
Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт.

ҚАЗАҚША КҮРЕС

Қазақ күресінің даму тарихы қазақ халқының тамыры тереңнен тартылатын тарихымен тұтасып жатыр. Түрлі бас қосулар мен мереке тойлар спорттың осы түрінің сайысынсыз өткен емес. Күші басым түсіп, жеңіске жеткен палуандар халықтың төбесіне тұтар құрметті адамына айналған. Қазақтың ұлы батыры Қажымұқан есімі қазақ халқының тарихына ғана еніп қойған жоқ, сонымен бірге спортшылардың әлемдік элитасының қатарына кірді.
Қазақ күресі бойынша бірінші ірі жарыс 1938 жылы ауыл шаруашылығы аймақтары арасындағы спартакиада аясында өткен. Сол сәттен бастап жарыс дәстүрлі түрде республика қалаларында тұрақты өткізіліп келеді.
Бұл ойын адамның денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандырады. Қазақша күрес күш жетілдіретін спорт.

АҚСҮЙЕК

Ай сүттей жарық түн¬дері, жазды күні қыздар мен жігіттер, балалар араласып ойнай береді. Ойынға ерте кезде ірі қараның қураған қу жілігі пайдаланылған. Сондықтан ойын да «Ақсүйек» атанған. Ойынға келгендер екі топқа бөлінеді. Бастаушы ақ сүйекті әуелетіп алысқа лақтырады. Басқалар ай сәулесіне шағылыса жарқылдаған ақ сүйектен көз айырмай қарап, қай шамаға түсетінін бақылайды. Ақ сүйек жерге түскен соң, бастаушы: «Ал іздеңдер» деп бұйырады. Бәрі іздейді. Ақ сүйекті тапқаны: «Мен таптым!» деп айқайлайды да, ақ сүйекті жоғары көтеріп көрсеткеннен кейін сөреге қарай жүгіре жөнеледі. Қарсыластары оны қуып жетіп ұстап алуға тиіс. Ұсталып қалса, ол ақ сүйекті өзін ұстаған ойыншыға береді. Ол әрі қарай жүгіреді. Сөйтіп, ақ сүйекті қай топтың ойыншысы сөреге жеткізсе, солар жеңімпаз атанады. Жеңілген топ ән салып немесе басқа да өнерлерін ортаға салуы тиіс.

АСЫҚ ОЙЫНЫ

Бұл – қазақ халқының дәстүрлі ойыны. Асық ойыны күндіз де, түнде де ойналады. Күндізгісі – мергендікке, түнгісі – ептілікке баулиды. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны – сақа, жақсылары – оңқы аталады. Асық ойынының мынадай түрлері бар: құмар, тәйке, омпы, алшы, хан (хан ату), қақпақыл, т.б.
Мысалы, құмар ойынға 2 – 4 адам қатысады. Олардың жақсы жонылып, табаны қайралған төрт асығы болуы керек. Ойыншылар өзара келісіп жеңімпазға жүлде тағайындап алады да кезек-кезек төрт асықты иіреді. Егер иіруші: төрт бүк, не төрт шік, не төрт алшы, не төрт тәйке түсірсе, жүлденің жартысын алады, төрт асық төрт түрлі түссе, онда тігілген жүлдені түгелдей алады. Осылайша ойын жалғаса береді. Асықты мұртынан не жамбасынан тұрғызуды омпы дейді. Омпы ойыны тегіс алаңда, жазық жерде, тіпті үлкен бөлме ішінде де ойнала береді. Ойыншы саны неғұрлым көп болса, ойын соғұрлым қызықты өтеді. Мақсат – көп асық ұтып алу. Ойнаушылар арасы 20 қадам екі көмбе сызады да көмбенің тең ортасына сызық бойына әрқайсысы екі асықтан тігеді. Тігілген асықтардың тап ортасына бір асықты омпысынан тұрғызады. Балалар кезек-кезек сақаларымен он қадам жердегі омпыны атып түсіріп, асық ұтып алуға кіріседі. Егер атушы омпыға бірден тигізсе, онда тігілген бар асықты сол алады, ал омпыға тигізе алмай, тұрған асықтардың біреуіне тигізсе, сол асықты ғана алады.
Кеңес өкіметі кезеңінде, ұлттық ойындар оның ішінде асық ойыны еріккеннің ермегі, ойын балаларға тәрбие бермейді деп есептелді.

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ

Қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі, ақыл-ой ойы¬ны – тоғызқұмалақ.
Соңғы деректерге қарағанда, оның шығу тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Ал кейбір мамандардың айтуынша, оның пайда болған кезі бұдан да көп уақыт болуы әбден мүмкін. Тоғызқұмалақ ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы – 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны – қостаушы деп атайды. Кейде бастаушы үшін ақ жағы, қостаушы үшін қара жағы деген тіркестерді қолданылады. Қазіргі таңда рес¬публикада оның жеке қауымдастығы бар, облыс орталықтарында тоғызқұмалақты үйренемін деушілерге қауымдастықтың бөлімшелері мен үйірмелері ашылған.
«Қазақ күресі» мен «Тоғызқұ¬малақ» ойыны халықаралық деңгейге көтерілді. Жастарымыз спорттың осы түрлеріне қатты қызығушылық танытып, көптеп тартылуда. Бұл екеуі Олимпиадалық ойындар қатарына енудің сәл-ақ алдында тұр. Сондай-ақ бүркітшілеріміз де жылдан-жылға табысқа жетуде. Бұған дәлел, бүркітшілеріміз Дубай, Англия, Болгария сынды бірқатар елдерге барып, баптаулы бүркітін «қансонарға» – халықаралық жарыстарға салып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Одан басқа «Жекпе-жек», «Бес қару», «Ер жігіт ойы¬ны» секілді ұлттық спорт түрлерінен халықаралық деңгейдегі жарыстар ұйымдастыру қарқын алып келеді.

БӘЙГЕ

Қазақ халқының ұлттық спорт ойындарының бірден-бір көп тарағаны — бәйге мен аламан бәйге. Спорттың бұл түрінің өзгеше бір ерекшелігі сол — жарыс тек жазық жерлер мен ипподромдарда ғана өтіп қоймайды, спортшының өзі мен оның атына жоғары талап қойылатын ойлы-қырлы, жасанды, бөгесінді жерлерде де өткізіледі. Бір жағынан, бұлайша жарысты бұрын белгісіз, ойлы-қырлы жерлерде өткізу қазіргі заманғы ат спортының классикалық түріне жуықтайды. Бұл қазақстанның халықтары арасында спорттың классикалық түрлерін кеңінен таратуға өзінің пайдасын тигізетіні сөзсіз.
Әсіресе аламан бәйгенің спортшының тактикалың шеберлігін жетілдіруде маңызы орасан зор. Жарыста мықты да жылдам спортшылардың бәрі бірдей жеңе бермейді, мұнда кімде-кім жарысты жаттығу жағынан дұрыс құрып, жағдайды дұрыс бағалап, жарыстың барысында атының күшін тиімді пайдаланса сол ғана жеңіске ие болады.
Аламан бәйге ертеректе өте алыс қашықтыққа өткізілетін болған. Қазіргі уақытта аламан бәйге жарыс ережесі бойынша 25 шақырымдық қашықтықта өткізіледі. Жарысқа 7 мен 14 жас аралығындағы шабандоз балалар қатысады, дегенмен майталман жокейлердің қатысуларына да болады. Әдетте мұнда бәйгелер үшін жеңіл салмақты, тырмысқақ және амалшыл балалар таңдалып алынады.
Бәйге мен аламан бәйге табандылыққа, батылдыққа, тапқырлыққа үйрететін ұлттық спорттың бағалы түрі болып табылады. Қазақстанда бұл сияқты тамаша спортты кеңінен таратуға барлық жағынан мүмкіншілік мол, республикамызда мініскер аттарды өсіретін арнаулы жылқы заводтары жұмыс істейді.


ЖАМБЫ АТУ

Қазақ халқының ер жігіттің мергендік, ептілік қабілетін сыннан өткізетін, намысын жанитын ежелгі ойынының бірі – жамбы ату жарысы. Ұланғайыр жерімізді батыр аталарымыздың сақтап қалуына себеп болған астындағы желдей ескен сәйгүлігі мен сенімді қаруы болған садағы. Бұл екі мұра, ұрпақтан –ұрпаққа жалғасып, бүгінгі еліміздің тәуелсіздік алған күніне де жетті. 70 жыл өмір сүрген Кеңес үкіметінің тұсында ұмыттырылған бұл ойынымызды Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығы қайта жаңғырта бастады.
Ежелде жамбы атудың бірнеше түрлері болған. Солардың ішінде көп тараған түрі тай-тұяқ (көлемі тай тұяғындай) жамбыны ату. Мұнда, жамбы ату жарысы көлемі 300 метрге дейін келетін жазық алаңда өтеді. Мәреден 100 метр қашықтыққа орналасқан биіктігі 3-4 метр келетін бағанаға көлемі тайдың тұяғындай жамбы орналастырылады. Жамбыны спортшы ат үстінде шауып келе жатып көздейді. Егер атының басын тежеп көздесе ұпай есептелмейді. Жарысқа қатысушы шабандоздар жеребеде алған кезегімен, төрешінің «Алға!» деп берген бұйрығы бойынша, арнайы жасалған жолмен шаба жөнеледі. Шауып келе жатып сол қапталындағы жамбыны тұсынан өте бере садақпен нысанаға алып атады. Оғының дарығанына, дарымағанына қарамай сол шапқан бойы мәре сызығынан өтеді. Нысана бекітілген діңгектен құлап түссе оқ тиген болып есептеліп спортшыға ұпай есептеледі. Нысана мен ат шабатын сызықтың арасы 35-45 метр шамасында болады. Жарыс кезінде әрбір спортшыға қанша рет мүмкіндік берілетіндігі алдын ала шешіліп қойылады және барлық спортшыға бірдей мүмкіндік жасалады.
Жамбы атудың басқа: айқабақ, мылтықпен ату түрлері, немесе қатар-қатар қойылған бірнеше нысананы ату түрінде де болған. Бүгінгі таңда жамбы ату жарысы құзырлы органдардың бекіткен ережесі бойынша өткізіледі.

АЛТЫН ҚАБАҚ
Бұл да мергендер сайысы. Жігіттер садақ жебесін нысанаға әрі тез, әрі дәл тигізуге тиісті. Бұл сайыс үлкен тойларда арнайы жүлде тағайындалып өткізіледі. Алтын қабақ сайысының түрлері: жаяу немесе ат үстінен сы-рық басындағы теңгені атып түсіру, жоғары лақтырылған қалпақты, басқа да заттарды атып түсіру, ат үстінде шауып келе жатып нысанаға дәл тигізу. Мергендер сайысының тағы бір түрі – жамбы ату, садақ тарту.
Ат сайысы. Спорттық ойын. Оның түрлері: ат омырауластыру, аударыспақ, жорға жарыс, көкпар тарту, теңге алу, қыз қуу, қыз жарыс, сайысу т.б. Олар үлкен тойларда ұйымдастырылады. Сайысқа түсетін аттар алдын-ала жаратылады. Ат сайысындағы кейбір ұлттық ойындар Олимпиада ойындарының жоспарына енгізілген.
АРҚАН ТАРТЫС


Бұл ойынды ойнау үшін алдымен бес-алты ойыншы тартқанда үзілмейтін арқан дайындап алу қажет. Арқан тартысу әр жерлерде әртүрлі болады. Ортаға бір сызық белгілеп, ойынға қатысушылар екі топқа бөлінеді де, арқанды екі жаққа тартады. Тартыста қай топ әлгі сызықтан өткізіп әкетсе сол топ жеңіске жетеді. Бұл ойын қатынасушылардың күш-қуатын дамытуға, таза ауада демалып, еңбектенуге үйретеді.
ТЕҢГЕ АЛУ
Жерде жатқан теңгені атпен шауып келе жатып іліп алу үлкен ептілікті, ат құлағында ойнайтын шабондоздық тәжірибені талап етеді. Теңгені жерден іліп алғандарға бәйге беріледі. Бұрындары қазақ жігіттері атпен шауып келе жатып қолындағы қылышымен жерде жатқан тезекті түйреп алып көкке лақтырып жіберіп, оны жалма-жан қылышымен екіге бөліп шауып түсіретін.

АУДАРЫСПАҚ

Аударыспақ – спортшыдан үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін қазақтың ұлттық спортының бір түрі. Бұл ойында екі салт атты бір-бірін аттан аударып алуға тырысады.
Аударыспаққа тәртіп бойынша ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындығы бар спортшылар ғана қатынаса алады. Ал дайындығы жеткіліксіз, тәжірибесі аз спортшылар үшін бұл өте қиын.
Аударыспақта негізгі рөлді ат пен ойыншы жігіттер атқарады. Оспадарлық, жұла қашу, салып қалу, қол қайыру сияқты айла-амалдарды қолдануға болмайды.

P.S. Тамыры тереңнен тартылған ұлттық спорт түрлері – халық құндылықтарының ажырамас бөлігі. Сондықтан оның өрісін кеңейтіп, дені сау, өресі биік ұрпақ тәрбиелеуде сенімді құралға айналдыра білсек ұтқанымыз. Ата-бабаларымыздың қалдырған осынау мұрасына ісімізбен адалдық танытсақ, әрине, өзімізге пайда
Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства