Тапсырманы тез әрі тиянақты орындау – әскери қызметке тән

Әскери салада орын алған оқиғалар мен іс-шаралар жөнінде шұғыл бұқаралық ақпарат құралдарын хабардар ету, олармен тығыз қарым-қатынас орнату, бір сөзбен айтқанда, екі жақты жағымды пікір қалыптастыру жұмыстарын атқаратын ол – сол мекеменің баспасөз хатшысы. Осы орайда біз Атырау облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз хатшысы майор Үрбайза Әбитованы әңгімеге тартқан едік.

Үрбайза Қабылбекқызы, білдей бір мекеменің беделін асқақтатып, абыройын арттырып жүрсіз. Яғни сізге жүктелетін міндет те, артылатын жауапкершілік те оңай емес. Өзіңіз осы қызметке келгенге дейін өмірдің қандай өткелдерінен өттіңіз?

- Баспасөз қызметіне келер алдында мен үлкен өмір мектебінен өттім десем де болады. Жамбыл облысында ауыл мектебінде мұғалімдіктен бастап, Астана қаласындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінде сабақ берумен жалғастырдым. Ал одан кейін әскери салада қызмет етуім «Жас ұлан» мектебіне келуіммен байланысты болды. Алты жылдан соң әскери қызметші атандым.

-Сіз үшін мемлекеттік қызмет пен әскери қызметтің айырмашылығы мен ерекшелігі көп пе?

- Әрине, әскери қызметтің өз қызығы мен қиыншылығы бар. Темірдей тәртіпті үйренесің немесе Бауыржан Момышұлы айтқандай, «тәртіпке бағынған құл болмайтынын» түсінесің. Әскери қызмет мен үшін шыңдалу жолы. Ал мемлекеттік қызмет пен әскери қызметтің айырмашылығы – жер мен көктей. Әскери киімдегі адамдарға елдің сеніммен қарайтынын байқадым. Ерекшелігі – сол берген тапсырманы бұлжытпай орындау. Қай салаға барсам да, осы қағиданы ту қылып ұстауды үйренеді екенсің.

- Әу баста баспасөз хатшысы қызметіне қызығушылығыңыз болды ма, әлде өмір ағымымен келдіңіз бе?

- Баспасөз хатшысы деген лауазым Қарулы Күштерге 2013-2014 жылдары енгізілген лауазым түрі. Себебі, әр мемлекеттік органның я болмаса кез келген мекеменің бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысы болуы керек. Қазіргі заман – ашық ақпарат заманы. Әр атқарылып жатқан іс-әрекет БАҚ арқылы хабардар етіледі. Ал, бұл қызметке өмір ағымымен келгенім рас.

- Сіз Атырау облыстық қоғамдық-саяси газетінің жаңа жылға арналған санында редакцияның шешімімен жылдың үздік баспасөз хатшысы атандыңыз. Бұл істі қалай бастадыңыз?

Атырау облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментіне ауысып келгеніме бір жылға жуық уақыт болды. Әр істің қызығы да, қиыншылығы да болуы тиіс. Ол – заңдылық. Сол себепті бастапқы да бәрі де болды. Ал, баспасөз хатшысының міндеттеріне келсек, жұмыс істеп жүрген сала мен бұқаралық ақпарат құралдары арасында тығыз байланыс орнату, олармен тиімді жұмыс жасай білу, әскерге шақыру барысы жөнінде атқарылатын іс-шаралардың жергілікті БАҚ-та шығуын ұйымдастыру кіреді. Бір сөзбен айтқанда қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бүкіл ақпараттық-имидждік жұмыстарын арттыру, ұйымдастыру деуге де болады. Бұл істе маған көмекші болған нәрсе – ол жауапкершілік.

-         Бір жылға жуық баспасөз хатшысы қызметінде жүрсіз, дегенмен сіз қорғаныс саласында бірнеше жыл қызмет атқарып келе жатқан әскери қыз-келіншектердің бірісіз. Бұндай жетістікке жету көпжылдық тәжірибенің нәтижесі ме, әлде?..

-         Көп жылдық тәжірибенің де, алған білімнің де қатысы бар деп ойлаймын. Тіл маманы ретінде бірнеше жыл Қорғаныс министрлігі Бас әскери-медициналық басқармасында қызметте болдым. Осы жылдардағы қызметімнің нәтижесінде медициналық сөздік құрастырып, жарыққа шығарған кездер болды. Қазіргі кезде ол аудармашылардың көмекші құралы ретінде қолданыста жүр.

-         Әскери қызметшісіз және отбасыңыз бар. Осы жайында да сөз ете отырсаңыз...

-         Әрине, әйел адамның бірінші міндеті – ана болу. Отбасымда бір ұл, бір қызым және тәп-тәтті немерем бар. Қазақта «немере – баладан да тәтті» деп жатады ғой. Тура айтылған. Астана қаласында тұрады. Сүйікті әжемін. Осы бүгін ғана сол жақтан келе жатырмын.

-         Әңгімеңізге рақмет, еңбегіңізге жеміс тілейміз!!!

 

Сұхбаттасқан Қарлығаш АҚЫЛБЕК


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"