Талабы - тегеурінді, бағыты бекем тұжырымдама

Ел Президентінің 2017 жылғы 20 маусымдағы № 500 Жарлығымен Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілгенінен хабардармыз. Үш бөлімнен тұратын құжатта ағымдағы ахуалды талдау, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың даму үрдістері мен пайымы, мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері, сонымен әскери қызметкерлердің дінге көзқарасы мен міндеттері қамтылған. Біз мұны еліміздің дін саласындағы мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастарды жетілдіруге бағытталған, мемлекеттің зайырлы қағидаларын нығайтуға және дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеу бойынша ресми көзқарастар жүйесі деп білуіміз керек.

Құжаттың мән-маңызы қандай?

Тұжырымдамаға зер сала үңілсек, дін саласындағы негізгі үрдістер мен ерекшеліктерді талдау негізінде дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2020 жылға дейінгі стратегиялық мақсаттары мен негізгі бағыттарын аңғарамыз. Оның құқықтық негізін Конституциядағы "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы", "Коммерциялық емес ұйымдар туралы", "Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы" заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер, ратификацияланған халықаралық шарттар құрайды. Бұл құжатты әзірлеу қажеттігі "Қазақстан-2050" стратегиясын, "100 нақты қадам " Ұлт жоспарын, Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты Жолдауын, Мемлекет басшысының дін саласын реттеу мәселелері жөніндегі тапсырмаларын іске асырудан туындады.
Тұжырымдама мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңін басшылыққа алып, конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің әлем мойындаған қазақстандық моделіне сүйеніп, дін саласындағы мемлекеттік саясатты одан әрі дамыту, елдегі дін саласын реттеу бойынша нормативтік құқықтық актілер жүйесі мен әлеуметтік-экономикалық, саяси және басқарушылық шараларды жетілдіруге негіз болады. Сонымен қатар дін саласындағы мемлекеттік саясаттың пайымына арналған кешенді тәсілдерді білдіреді. Өйткені, бұл мемлекеттік саясатты дамыту бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың, діни бірлестіктер мен азаматтық қоғам институттарының күшін топтастыруға, халықтың тарихи-мәдени мұрасының ерекшеліктеріне негізделген мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастардың қазақстандық моделін одан әрі дамытудың бағыт-бағдарын тұжырымдауға арналған.

Дін саласындағы мемлекет саясатының даму үрдістері

Қазақстан тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде әлемдік қауымдастық мойындаған, дінаралық және конфессияаралық диалог пен келісімді табысты ілгерілетуде бірегей тәжірибесі бар мемлекет ретінде қалыптасты. Сан ғасырлар бойы түрлі этностар мен конфессиялар өкілдері тату-тәтті өмір сүрді, бір-бірін мәдени тұрғыдан өзара байытты, дәстүрлі рухани құндылықтарын дамыту үшін қажетті саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық жағдайлардан өтті. Конституцияға сәйкес тілі мен діни көзқарасына қарамастан барлық азаматтардың заң алдында теңдік қағидаттарына және жеке наным-сеніміне құрметпен қарауға негізделген зайырлы модел пайда болды.
Жалпыға ортақ әлемдік нормаларға сай мемлекет азаматтардың құқықтары мен қоғамдық қауіпсіздікті қорғауды қамтамасыз ету мақсатында діни ұйымдардың қызметін реттеуге құқылы. Мәселен, "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" Заң халықаралық құқық пен ар-ождан бостандығы құқығын іске асыруға бағытталған, ол дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың және ұлттық мүддені қорғаудың құқықтық негізі іспеттес. Қолданыстағы заңнама аясында діни бірлестіктердің қызметі реттелген, миссионерлік қызметті жүзеге асыру, діни іс-шараларды, дінтану сараптамаларын жүргізу, ғибадат үйлерін салу, діни әдебиетті тарату тәртібі айқындалған.
Мемлекет тұрақтылықты сақтау, қоғамда конфессияаралық келісім мен толеранттылықты нығайту, кез келген діни экстремизм мен радикализм идеологиясына халықтың иммунитетін қалыптастыру бағытында нақты шаралар қабылдауда. Биыл 1 қаңтарда ресми тіркелген 18 конфессия атынан өкілдік ететін 3658 діни бірлестік пен филиалдар қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті жағдай жасалған. Олардың ішінде саны жағынан ең көбі – Ханафи мәзхабындағы ислам мен православиелік христианшылық. Сонымен қатар католиктер және протестанттар конфессиялары, иудейлер, буддашылар және басқа да қауымдар бар.
Республикада 3464 ғибадат үйі тіркелген, оның ішінде 2550 мешіт, 294 православие және 109 католик шіркеуі, 495 протестант храмы мен ғибадатханасы, 7 иудей синагогасы, 2 буддашылар храмы, 7 "Кришна санасы қоғамы" және бахаи қауымының ғибадатханасы бар. Жұмыс істеп тұрған 2550 мешіт Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) меншігіне кіреді. Соңғы жылдары ҚМДБ филиалдары саны, әсіресе, Алматы, Қарағанды, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында көбейгені байқалады. Қазақстанда 15 діни білім беру ұйымы, мешіттер мен жексенбілік мектептер жанындағы 400 бастауыш курс, ғибадат үйінен тыс, діни іс-шараларды өткізуге арналған 383 үй-жай, оның ішінде намазхана, ғибадат бөлмесі және шіркеулер бар. Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды таратуға арналған 257 арнайы стационарлық үй-жай айқындалған.
Діни қатынастардың барлық тіркелген субъектілері өз қызметтерін ел заңнамасына сәйкес жүзеге асырады, бейбітшілік пен келісім жолында, қоғамды дамыту, мемлекетті нығайту үшін қызмет етеді. Олардың басшылары Қазақстан халқы Ассамблеясының, орталық және жергілікті деңгейдегі консультативтік-кеңесші органдардың жұмыстарына белсене қатысады. Республикада Президент бастамасымен Құрбан айт және православиелік Рождество діни мерекелері демалыс күндері болып белгіленген.
Ел халқының ізгілік пен бейбітшілік құндылықтарын ұстануы, конфессиялар мен мәдениеттердің оң диалогтары, дін саласындағы мемлекеттік сарабдал саясат, сондай-ақ түрлі дін өкілдерінің тамыры тарих қойнауының тереңіне жайылған бірігу дәстүрі елдегі діни ахуалға оң әсерін тигізеді. Қазақстан ел ішінде тұрақтылық пен келісімді сақтауда, әмбебап жалпыадамзаттық құндылықтардың жалпыұлттық бірлігін нығайтуда діннің маңызды рөл атқаратынын, түрлі діндер мен конфессиялардың бірге өмір сүре алатынын және толық өзара түсіністік пен сыйластықта үйлесімді дами алатынын әлемге айқын танытып келеді.
Қазақстан көпэтносты және көпконфессиялы тәуелсіз мемлекет ретінде билік органдары мен діни бірлестіктер арасындағы өзара қарым-қатынастың өзіндік үлгісі мен тәртібін қалыптастыруда. Біз – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы әмбебап көпжақты халықаралық шарттарға қатысушы мемлекетпіз. Елбасы Н.Назарбаевтың Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу бастамасы мемлекеттің бейбітшілік пен тұрақтылық жолында жаһандық өркениетаралық және дінаралық диалогты дамытуға қосқан үлесі болды.

Мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері

Дін саласындағы тиімді мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары оны құқықтық қамтамасыз ету және заман талабы мен сын-тегеуріндерге сәйкес, оның ішінде ақпарат және коммуникация, қорғаныс, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, мемлекеттік қызмет, жергілікті өзін-өзі басқару және өзге де салалардағы заңнаманы жетілдіру болып табылады. Мемлекеттің зайырлы құрылысы – Қазақстан халқының маңызды тарихи жетістігі. Қазақстан бірегей мәдени-тарихи жағдайларға, коғам дамуының өзіндік ерекшелігі мен діни аяның өзгешелігіне ие бола отырып, әлемдік қоғамдастық мойындаған мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың өзіне тән моделін іске асырып келеді.
Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың мүддесі мемлекеттің зайырлылық тірегін, халықтың ұлттық-мәдени және тарихи дәстүрін нығайту, мораль қағидаттары мен жоғары әдепке дін ықпалының өрісін шектеу болып табылады. Осылайша, зайырлылық қағидаттары мемлекеттік басқару және мемлекеттік кызмет жүйесінде мынаны көздейді: Зайырлылық қағидаттары қазіргі заманғы Қазақстанның дамуы мен тыныс-тіршілігінің негізі болып табылады. Барлық азаматтар өздерінің күнделікті қызметінде дінге қатысына қарамастан, ең алдымен, заңдарды, өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын, , барлық меншік нысандарындағы ұйымдардың ішкі қағидаларын басшылыққа алады.
Мемлекеттің конституциялық құрылымы заң шығаруда, мемлекеттік билік органдарының құрылуы мен жұмыс істеуінде, лауазымды адамдардың этикасында діни мүддені жоққа шығарады. Мемлекет пен діннің арасында ерекше қарым-қатынас орнатылуда, бұл ретте бірде-бір дін мемлекеттік немесе міндетті болып танылмайды, ал мемлекеттік саясат қандай да бір діни ілімнің нұсқамасымен құрылмайды, ол тұтас алғанда, азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің тыныс-тіршілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты мүдделерінен туындайды.
Демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде Қазақстанда мемлекеттік шешімдер қандай да бір діннің немесе оның жекелеген ұстанушыларының мүддесіне орай емес, тұтас қоғамның мүддесі негізінде ғана қабылданады. Қазақстан әрбір азаматтың құндылығын мойындайды және оның ар-ождан бостандығын қамтамасыз етеді. Елдің азаматтары өзінің дінге деген көзқарасын дербес және мәжбүрлеусіз айқындауға не өзін қандай да бір дінге байланыстырмай, діни институттарға жүгінбей-ақ өмір сүруге құқылы.
Мемлекеттік органдар және мемлекеттік қызметшілер мемлекет атынан азаматтарды белгілі бір дінді ұстануға немесе ұстанбауға қандай да бір нысанда мәжбүрлей алмайды, бірақ дінді ұстанатын және дінді ұстанбайтын азаматтар арасында, сондай-ақ әртүрлі діни бірлестіктер арасында өзара сыйластық пен келісімді орнатуға ықпал етеді. Ұлттық, оның ішінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүддесінде мемлекет қоғамдық қатынастарды реттейді және басқарады. Осы мақсатта мемлекет діни бірлестіктерге ұсыныстар беруге және адамның ішкі жан дүниесі мен діни наным-сеніміне қол сұқпай заңда көзделген шектеулерді енгізуге құқылы.
Құқық қорғау, арнаулы органдары мен Қарулы Күштер жүйесінде де дінді насихаттауға жол берілмейді. Әйтсе де әскери міндеттілік діни нанымнан бас тартуды талап етпейді. Әскери қызметші өз наным-сенімін ұстана алады, алайда осы наным-сенімін іске асыру жұмыстағы қызметіне нұқсан келтірмеуге тиіс.

P.S: Тұжырымдаманы іске асыру Конституцияның негізгі құндылықтары мен қағидаттарын жаңа геосаяси ахуал мен ұлттық қауіпсіздіктің ішкі және сыртқы сын-тегеуріндеріне уақтылы ден қою тұрғысынан одан әрі жүзеге асыруға ықпал ететін болады. Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру зайырлы Қазақстан дамуының басым міндеттерін шешуге және түрлі конфессиялар мен этностар өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан елдің қауіпсіз болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"