Тәу етер Тәуелсіздік

«Тәуелсіздік алу – қиын, ал оны сақтап қалу одан да қиын».  Осы бір сөзді еліміздің Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын салтантты жиындарда халқымыздың қаперіне салып келеді. Бұл – тектен-тек айтылмаған сөз. Егер, тәуелсіздіктің 27 жылында еліміздің басынан өткен түрлі жағдайларды сараптай қарасаңыз, бұған анық көз жеткізер едіңіз.

Әлқисса

Сонымен, 1991 жылдың 16-шы желтоқсанында еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізді. Мұнымызды жаһан жұртшылығына жариялап, қуаныштан «бөркімізді аспанға да аттық». Сан ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған егемендікке жету ел басқарған азаматтарымыз үшін де, халқымыз үшін де теңдесі жоқ мәртебе болды. Ол кездегі ел-жұрттың көңіл-күйін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Арман ақиқатқа айналып, азаттықтың аң таңы атты. Алайда, ә, дегеннен күніміз шуағын бізге шаша қойған жоқ. Кеңес Одағы ыдыраған тұста ел әл-ауқатының негізгі көзі саналған өндіріс орындары тоқтап, тоқырау кезеңін басынан өткізді. Бірі-бірінсіз «өмір сүре алмайтындай» жүйеде құрылған бұларды сақтап қалу мүмкін де емес еді. Еліміз тәуелсіздік алғанымен, экономикамыз құлдыраудың шыңына көтерілді. Рубльдің шырмауында болдық. Ол құрғырың күн сайын құбылып, сағат сайын құнсызданды. Оны тежеу кезінде Одақ құрамында болған мемлекеттердің ешқайсысының да қолынан келмеді. Тіпті, Ресейдің өзі дүбәра күй кешті. Республикамыздағы экономикалық құлдырау еліміздің әл-ауқатын әжептәуір нашарлатып тастады. Дүкендерде халық күнделікті тұтынатын азық-түліктің өзі тапшы болды. Жұмыссыздық жаппай етек алды. Еңбек еткендердің өзі жалақысын бірнеше айлап ала алмайтын жағдайға келдік. Бәрінен де, зейнеткерлерге қиын соқты. Қартайған шағында тиесілі қаражатын уақытылы ала алмай, олар да тіршілік тауқыметін тартты. Осындай ел басына түскен қиыншылық кезеңде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халқымызды «Бұл – өтпелі кезең. Басқа түскен қиыншылықты барлығымыз бірлесіп қана жеңе аламыз. Біз үшін ең қымбаты – Тәуелсіздік» деген секілді сөздерімен жұбатып, әрдайым сабырға шақырып отырды. Елімізді экономикалық тығырықтан шығарудың жолын қарастырды. Шет мемлекеттерді аралап, олардың ұстанған бағытын зерделеді. Нәтижесінде, әлем халықтарының басым бөлігі бет бұрған нарықтық экономиканы біздің елімізге қолайлы деп тапты.
Экономика
Тәуелсіз ел болғандықтан өзінің төл волютасы болуы – заңдылық. Алайда мұны жүзеге асыру оңайға соққан жоқ.
1993 жылы 3 қарашада Президенттің Жарлығымен құрылған Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия ұлттық валютаны енгізудің тұжырымдамасын дайындады. Бұл құжатта жаңа валютаның енгізілу мерзімі, тәсілі, жаңа валютаны айырбастау пункттеріне жеткізу мәселелері, қолма-қол ақшаны айырбастау коэффициенті мен лимиттері, валюта бағамын қалыптастыру және басқа маңызды мәселелер айқындалды. Ұлттық валютаны енгізудің заңдылығын сақтау және өркениетті түрде енгізу үшін дайындалып жатқан іс-шаралар туралы халықаралық ұйымдар және көрші елдердің үкіметтері дер кезінде хабардар етілді.
1993 жылдың қарашасында теңгенің айналысқа шығарылуы біздің жас тәуелсіз республикамыздың жылнамасындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болып табылады. Ол еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолындағы түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу үшін қажетті тарихи қадам болды. Төл теңгеміз пайда болғалы жүргізіліп келе жатқан мемлекеттің қаржылық саясатының арқасында елімізде нарықтық институттар макроэкономикалық тұрғыдан тұрақталып, біртіндеп қалыптаса бастады.
Өзіміздің ақша бірлігімізді енгізу қазіргі кездегі қол жеткен экономикалық табыстарымыздың негізін қалады. Оның дұрыстығы қаржы-несие секторының белсенді дамуымен және теңгенің тұрақтылығымен айқын дәлелденді. Тарихи күн қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті теледидар арқылы халыққа алда болатын акцияны түсіндіре отырып, сөз сөйледі. Мұндай шаруаның жан-жақты ойластырылғанын, елдің бүгінгі мүмкіндіктері мен күні ертең көрінетін жаңа көкжиегі астастырылғанын, өз жолымен, жөнімен жүзеге асатынын халыққа ұғындырды.
Теңге ресми түрде 1993 жылы 15 қарашада енгізілді. Ең бірінші бағамы 1 АҚШ долларына 4,75 теңге болды. Әр теңге 500 рубльге ауыстырылды. Теңгенің валюталық қызметінен кейін оның құнын жоғалтпай ұстап тұру – ең маңызды шаруалардың бірі болды.
1993 жылдың сәуірінде “Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы”, “Қазақстан Республикасындағы банк және банк қызметі туралы” заң күші бар Жарлықтарға қол қойылды. Бұл құжаттарда коммерциялық банктердің қызметін тоқтату және іске қосу тәртібі, сондай-ақ коммерциялық банктердің қызметін Мемлекеттік банк арқылы реттеудің қағидаттары мен әдістері бекітілді.
Ұлттық валюта енгізілгеннен кейінгі алғашқы екі жыл біздің еліміз үшін өте қиын жылдар болды.
Елдегі барлық өндіріс орындары мен шаруашылықтар социалистік жүйедегі ұжымдастыру бағытында құрылғандықтан оларды нарық заңдылығына сәйкес жекешелендіруге тура келді. Бұл науқан Президенттің Жарлығымен 1993 жылы басталды. Қаладағы, облыс аумағындағы мемлекет меншігі саналатын өнеркәсіптер, ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер, не керек өндіріске арналған барлық нысандар, мүліктер жаппай жекешелендіріле бастады. Мемлекеттік деңгейде жүргізілген бұл шараны алғашқыда қарапайым халық жете түсіне қойған жоқ. Жетпіс жылдан астам уақыт «Үкімет асырайды» деген үміттің жетегінде келген еліміз үшін әрине, бұл жағдай бастапқыда мүлде басқаша әсер етті. Ел-жұрт болған соң «Енді қалай күн көреміз?» деп егілгендер де, «қара аспанды жаудырып», қара уайымға жегілгендер де кездесіп жатты. Уақыттың ағымын түсініп, нарыққа бейімделгендер де табылды. Бірақ, олардың қарасы көп болған жоқ. Әйтсе де, уақыт өте келе мемлекеттен алған меншігін өзінің отбасы игілігіне икемдегендердің «тасы өрге домалағандығына» былайғы жұрт көз жеткізе бастады. Соның нәтижесінде, қара халықтың қам-қарекеті артып, «өз арбасын өзі сүйрейтуді» үйренді. Мемлекет басшысының жекешелендіру кезеңін жедел қолға алуының сыры сірә, осында жатса керек. Егер бұл реформа дер кезінде жүргізілмегенде онсыз да тұралаған ел экономикасы тіпті ушығып, зардабын қарапайым елге тигізе берер еді. Мұның соңы әлеуметтік дағдарысқа әкеп соқтыратынын өздеріңіз де білесіздер. Ол кезде біздің Республикамызға сырттан көз алартып отырған елдер аз болған жоқ. Бетін аулақ қылсын әрине, алда-жалда әлеуметтік дағдарыс орын ала қалса, іштей ірітуге дайын тұрғандары да болды. Бастапқыда өзімен бірге біраз қиындығын алып келген жекешелендіру науқаны көп ұзамай өз жемісін берді. Кәсібін-нәсібіне айналдырған азаматтардың қарасы көбейді. Тырбаңдап, тіршілік жасағандар тиын-тебенсіз қалмады. Осындай жағдайлар елдегі жалпы әлеуметтік ахуалдың жақсаруына септігін тигізді. Сол арқылы Тәуелсіздігіміз де нығая түсті.

Саясат
Халқымыз нарыққа алғаш қадам басқан кезеңдерде ел басқару ісінде де біраз өзгерістер жасаудың қажеттілігі туды. Бұғанасы беки қоймаған жас тәуелсіз мемлекетімізде елдің игілігі үшін жедел шешім қабылдауға тиісті мәселелер жетерлік еді. Бірақ, Кеңес Одағының сарқытындай болып қалған билік жүйесі мемлекет басшысына мұндай мүмкіндікті берген жоқ. Сол уақыттағы Жоғарғы кеңесте мемлекеттік маңызы бар кей мәселенің өзі ұзын-сонар талқы таразысына салынып, сағызша созылып кететін кездері де болды. Олардың арасында «тауы шағылғандары» да бар. Бұған ел Президентінің астананы ауыстыру туралы алғаш жасаған ұсынысын мысал ретінде айтуға болады. Жоғары Кеңес депутаттарының құптамағанына қарамай мемлекет басшысы бұл ұсынысын 1995 жылы өз туған күніне тұспа-тұс тағы ұсынып, мақсатына жеткен жоқ па еді. Бұл еліміздің жарқын болашағы үшін жаслған игі қадам екенін бүгінде бәріміз түсініп отырмыз. Сонымен көп ұзамай елімізде жаңа саяси реформа да жасалды. 1993 жылы қабылданған тәуелсіз Қазақстанның Ата Заңы 1995 жылдың 30-шы тамызында жаңартылған нұсқада жалпыхалықтық референдум арқылы қайта қабылданды. Нәтижесінде, билік Президенттік басқаруға көшті. Жоғары кеңес қос палаталы (Сенат пен Мәжіліс) Парламентке айналды.
Мемлекет басшысының елорданы Ақмолаға ауыстыруға бел шеше, батыл кірісуі алғашқы кездерде көп адамның көкейіне сенімсіздік ұялатқанымен, қазір оның бір мысқалы да қалған жоқ. Керісінше, бұл әрекет қалың жұртшылық тарпынан ерен ерлікке бағаланып жүр. Көрегенділік десек те еш әбестігі жоқ. Елбасы осы бір ерлігі арқылы Қазақ Елінің тәуелсіздігіне, жер тұтастығына төніп тұрған қауіптен құтқарды. «Қазақстанның солтүстік сегіз облысы Ресейдікі» деп сандырақтап жүргендердің үнін салиқалы саясатымен өшірді. Тәуелсіздігімізді сақтау жолындағы күрес мұнымен біткен жоқ. Нақты белгіленбеген мемлекеттік шекарамыз ертеңгі күні ең үлкен дауға айналатынын алдын ала сезген Президентіміз көрші ел басшыларымен өзара мәмілеге келіп, бұл мәселенің нүктесін қойды. Бұған аз уақыт кеткен жоқ. Бірнеше жылдық келісімдердің, тартысқа толы талай талқылаулардың жемісі бұл. Елбасының тәуелсіздікті сақтау жолында атқарған ерлікпен пара-пар тағы бір еңбегі осы. Кешегі Кеңес Одағына қараған, бүгіндегі тәуелсіз мемлекеттердің арасында қазір Қазақстан ғана мемлекеттік шекарасы халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалған жалғыз Республика. Өзгелердің барлығында жер дауы бар. Естеріңізде болса, шекарамызды нақты белгілеу жұмыстары жүргізіліп жатқанда мемлекет басшысы «Біз болашақ ұрпаққа жер дауын қалдырмауымыз керек» деген сөзді халқымызға жиі айтушы еді ғой. Ал, қалдырғанда не болушы еді? Бұл сұраққа бүгінгі Украинадағы жағдайға тереңірек үңілсеңіз, жауап аларыңыз хақ.

Тоқетері

Тәуелсіздігіміздің 27 жылы ішінде Елбасының және еліміздің тарапынан егемендікті сақтап қалу жолында қыруар жұмыстар атқарылды. Біздің сөз еткеніміз солардың бір парасы ғана. Олардың әрқайсысына үңілген сайын ойымызға мемлекет басшысының «Тәуелсіздік алу – қиын, ал оны сақтап қалу одан да қиын» деген сөзі еріксіз орала береді.
Шынында да тәу етер тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолында Елбасы табанды еңбек етті. Оның жемісін бүгінде ел-жұртымыз көріп те жатыр. Мемлекет басшысының ұстанып келе жатқан саясаты еліміздің егемендігін сақтап қалу, оны нығайту секілді ұлы мұраттарға саятынын саналы қауым әлдеқашан түсінді. Тәуелсіз Қазақстан өзінің 27 жылдық тарихында талай қиындықты да, қызықшылықты да басынан өткерді. Бір нәрсе анық, Елбасы тарапынан көтерілген мемлекеттік деңгейдегі кез келген бастама өзінің өміршеңдігімен ерекшеленді. Бұған уақыттың өзі төреші болып келе жатыр.
Ерлібай ӨЗБЕКБАЙҰЛЫ
Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"