Табиғатты қорғауға халық та ынталы

Табиғатты қорғауға халық та ынталы

Қазақстандағы Бетпақдала, Орал, Үстірт популяциясында 100 мыңнан астам киік бар. Ал оларды қорғау, қамқорлықта ұстау – қай-қасымызға да парыз. Табиғат қорғаушылары да саны күрт азайған киікті сақтап қалу үшін сол маңдағы ауыл адамдарынан көмек сұрауда. Ақтөбеге «Қарағанды облыстық экологиялық мұражайы» бірлестігінің, «Қолдау Қазақстан» көпсалалық коммерциялық емес холдингінің өкілдері мен Германиядан табиғат пен биоалуантүрлілікті сақтау одағының сарапшылары келген. Олар Үстірт популяциясын сақтап қалу үшін ауыл тұрғындарымен кездесті.

Енді броконьерлермен тек арнайы табиғатты қорғау полициясы емес, ауыл адамдары да айналысады. Тұрғындармен кездесу өткізген сарапшылар ұсыныстың қолдау тапқанын, алдағы жылдары киік санын көбейту үшін бірлесе жұмыс істеуге шақырғанын хабарлады. «Бетпақдалада – 30 мың, Оралда – 70-80 мың, ал Үстіртте 2 700 киік бар. Дүниежүзі бойынша киіктің 90 пайызы осы үш популяцияны мекендейді. Бір кездері Үстірт популяциясында киік көп шоғырланған еді. 2015 жылы – 1 270, 2016 жылы 1 900 бас киік болды. Қазір 2 700 киік бар. Сондықтан осы жердегі жұмысты жандандырып, киікті сақтауға күш салуымыз керек», дейді «Қарағанды облыстық экологиялық мұражайы» бірлестігінің өкілі Айбат Мұзбай.
Қазақстандық табиғат қорғаушылары Тәжікстан, Қырғызстан даласында киік сақтау жұмысын жүргізген Германия сарапшыларының көмегіне жүгінді. «NABU» биоалуантүрлілікті сақтау одағының сарапшысы Штефан Михель аңшылармен, браконерьлермен кездесіп, популяция туралы айтып берген. Кездесуде адамдар заңсыз аңшылықты тоқтатуға, киікті атпауға, қорғауға келісті. Тіпті, бұл елдерде арнайы ұйым құрылып, жергілікті тұрғындар ауыл маңындағы киіктерді өздері қорғауға алған.  
«Орта Азияда ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп жүрміз. Қазақ жері өте қонақжай. Ауылдарға барып, адамдармен кездесу өткіздік. Бізді шайға, етке шақырды. Сол кезде біз адамдардың киікті сақтау туралы ойын білген болатынбыз. Олар киіктің күрт азайғанына алаңдап отыр. Бір кездері шоғырланып көшетін киіктер қазір жоқ, дала бос. Мұның бәрін терең ойлап, адамдар өздеріне жауапкершілік алды. Қазақстандықтар да табиғатты қорғауға келісті», дейді NABU халықаралық одағының жетекшісі Тильман Дитерих.
Бұл бағыттағы жұмыс енді басталды. Халықаралық топ екі мультфильм түсіріп, бірнеше жадынамалар таратты. Айта кетерлігі, шетелдік сарапшылардың жұмысына қолдау білдірген топтар баршылық. Бұл топ келер жылы Ақтөбенің Байғанин, Шалқар аудандарының ауылдарын түгел аралап шығып, киікті сақтау туралы үгіт-насихат жүргізеді. «Далада мал жайып жүрген бақташы киікті де қарап, оны қорғап жүруі керек. Жанашырлық танытқан кезде ғана киіктің саны көбейіп, сақтап қаламыз», дейді германиялық қонақ.

Аралға Ашхабад та алаңдаулы
Ашхабадта Орталық Азиядағы су ынтымақтастығын нығайту, Арал теңізі алабының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық ахуалын  жақсартуға, техникалық қолдау көрсетуге арналған меморандумдарға қол қойылды. Бұл туралы Қазақстандағы Түрікменстан елшілігі хабарлады.
Ашхабадта Халықаралық Аралды құтқару қоры атқарушы комитеті ғимаратында «Орталық Азиядағы су ресурстарын трансшекаралық басқару (ОА СРТБ)» аймақтық бағдарламасы, Аралды құтқару қоры атқарушы комитеті және Орталық Азия аймақтық экологиялық орталығы ұсынысы бойынша, Халықаралық Аралды құтқару қоры атқарушы комитеті мен Герман халықаралық әріптестік жөніндегі қоғамы (GIZ) арасында өзара түсіністік туралы екі меморандумға қол қою рәсімі өтті.  
Меморандумдарға қол қойылғаннан кейін, тараптар осы рәсімнің аймақтық әріптестікті ұлғайтуға және нығайтуға қосымша импульс болатынына, сондай-ақ Арал теңізі маңында тіршілік ететін халықтың  игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.  

Қар барыстары қайда кетті?
Қатонқарағай ұлттық паркінің аумағында болған экспедиция мүшелері сирек кездесетін жануар – қар барысының іздерін таппады. Бүкіләлемдік жабайы табиғат қорының (WWF) Алтай-Саян бөлімшесі Шығыс Қазақстан облысында қар барысын іздеу жұмыстарын «Pernod Ricard Kazakhstan» компаниясының қолдауымен ағымдағы жылдың көктемінде бастаған. Бөлімшенің баспасөз хатшысы Татьяна Иваницкаяның айтуынша, экспедицияға Қатонқарағай ұлттық саябағының және Бүкіләлемдік жабайы табиғат қорының Қазақстандағы серіктесі – Қазақстанның биологиялық алуантүрлілігін сақтау қауымдастығының қызметкерлері қатысқан.
Олар осы жылдың шілде-қазан айларында Қатонқарағай ұлттық саябағы аумағына үш мәрте экспедицияға шығып, қар барысы жүруі мүмкін жерлерге 19 автоматты камера орнатқан. Өкінішке орай, мамандар далалық жұмыстар барысында қар барысының ізін таба алмады. Арнайы орнатылған камералар сібір тау ешкісін, марал, аю, алтай ұларын суретке түсіріп алған.     «2015 жылы Қатонқарағай ұлттық саябағында қар барысының 4-5 түрінің ізі табылған болатын. Бұл нәтиже WWF бастамасымен және «Сібір саулығы» корпорациясының «Сенің төңірегіңдегі әлем» қорының қолдауымен өткен далалық экспедиция қорытындысында алынған еді. Өкінішке орай, бұл жолы серіктестеріміз Қатонқарағайдан сирек кездесетін жыртқыш аңды таба алмады.
Мұны түсіндірудің екі жолы бар. Яғни қар барысы ұлттық саябақ аумағынан жоғалып кетті немесе есепке алу тобы барынша тыңғылықты жұмыс істемеді. Ондай жайт та орын алып тұрады. Қараша айында Қатонқарағайдағы қар барысына не болғанын білу үшін WWF Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі Зоология институтымен бірге тағы бір экспедицияға бастамашылық жасады. Осы айдың соңында институт қызметкерлері ұлттық саябақпен астасып жатқан қырқаларға фотокамералар орналастырады. Келесі жылдың ақпанында барлық камералар тексеріледі», деді WWF Алтай-Саян бөлімшесі жобасының аға үйлестірушісі Александр Карнаухов.        


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: основные причины ДТП

Инфографика: основные причины ДТП