Табиғатқа деген қамқорлық тоқырамау керек

Тумысымыздан табиғатты сүйіп өскен, қоршаған ортаға үлкен ілтипатпен қараған халықпыз. Сондықтан да күні кешеге дейін туған өңіріміздің табиғаты таза болды, "экология" деген сөзді естімей өстік. Кейін ғылыми-техникалық революция болды, көп тонналық өнеркәсіптер іске қосылды. Өкінішке орай, ғылым мен техниканың ғаламат жетістіктері мен шапшаң дамуы адамзаттың барған сайын аш көздікпен табиғатты тонауына, биосферадағы жаратылыстың тепе-тендік заңдарын бұзуға алып келді. Нәтижесінде жеріміздің ауасы тарылып, өзен-көлі бүлініп, жайылымдардың топырағы тілініп, қоршаған ортамыз көз алдымызда азып-тозды. Мұның соңы азынаған желге, ащы және улы жаңбырға, ормандардың мезгілсіз қурауына, ауа райының бұзылуына, қоршаған ортаның әр түрлі улы қосылыстармен ластануына әкеп соқтырды. Адамдардың денсаулығы нашарлап, ауру түрлері көбейді.

Экология балабақшадан бастап оқылу керек
Осы экологиялық апаттан қалай құтыламыз, табиғатты қалай сауықтырамыз? Бұл – өте күрделі мәселе. Алдымен, адамдар табиғатқа деген көзқарасын өзгертіп, дұрыстау керек. Балабақшадан бастап, мектептерде, жоғары оқу орындарында адамдардың қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертіп, қалыптастыру қажет. Қазіргі заманға сай экологиялық идеология қажет. Әрбір тәрбиеші, маман, басшы, экология негіздерін жақсы білгені жөн. Сонда ғана, әрбір адамның миында қоршаған ортаны бүлдірмеу керектігі туралы негіз қалыптасады.
Қазақстанның көптеген аудандары экологиялық мүшкіл хал кешуде. Қоршаған ортаны қорғау шараларына республика қазынасынан біршама мөлшерде мемлекеттік және орталықтандырған түрде күрделі қаржы бөлінеді. Оның 50-60 пайызын игеру үлесі ірі кәсіпорындарға тиесілі. Экожүйелердегі тұрақсыздық, табиғи-шаруашылық қорларының интенсивті түрде игерілуі, жер-су қорларына үсті-үстіне келіп жатқан антропогенді салмақ қоршаған орта жағдайын барған сайын нашарлатуда. Мәселен, Қазақстанда 1988 жылы стационарлы қондырғылардан ауаға 5,4 млн тонна  зиянды заттар лақтырылған, ал автотранспорттардан шыққан улы заттардың мөлшері 2,9 млн тонна болыпты.
Кейінгі кезде  Балқаш тау-кен комбинатында өндірістен бөлініп шыққан күкірт диоксиді түгел дерлік ауаға тасталуда. 2001 жылғы мәліметке сүйенсек, онда тұратын 70 мың тұрғынның әрқайсының басына 6 тоннадан күкірт диоксиді келеді екен. Комбинатта бұдан басқа да улы заттар көп мөлшерде қоршаған ортаға түсіп жатыр. Соның салдары болу керек, Балқаш қаласындағы ағаштардың басындағы жапырақтардың түгел дерлік жоғалуы және құстардың жаппай өлуі байқалған.

Қорғасын уы көп тараған
Атмосфераны ластағыш заттардан бір ғана мультипликатор – қорғасын ингредиентін мысалға алайық. Ол – политропты у. Организмдегі аз ғана конценфациясы органдар мен тканьдарды, қан, орталық нерв, иммун жүйелерін зақымдап, бүлдіреді. Қорғасынның жоғары мөлшері Өскемен, Зыряновск, Лениногорск қалаларының атмосфералық ауа құрамында байқалады. Шашқа жасалған спектральды анализ мәліметтері бойынша, бұл қала тұрғындарында ең жоғары, яғни шекті мөлшерден 6 есе көп болып шықты. Қорғасынның бірқатар мөлшерін тұрғындар су, азық-түлік өнімдері арқылы қабылдайды. Сондықтан шығысқазақстандықтардан ақ қан ауруына шалдыққандар саны көбейіп отыр.
Тауар күйінде 1 тонна қорғасын алу үшін, 1000 тонна кен қазып өңдеуге, 5 тоннаға дейін бос жынысты қазып алуға тура келеді. Қазақстан полиметалл кендеріндегі қорғасынның концентрациясы 0,32 мен 0,8 пайыз аралығында. Бұл көрсеткіш ең бай кен көздері үшін – 1,5/2,5 пайыз. Қалдық сақтағыш қоймаларда жинақталған уақытына байланысты өндіріс қалдықтарындағы қорғасын мөлшері – 0,4-0,7 пайыз, кейде 1,5 пайызға дейін жетеді. Бұл техногенді қалдықтар ұзақ уақыт жатқан сайын, микроэлементтер зияндылығы да қоршаған ортада арта түседі. Бүгінге дейін Қазақстандағы түсті металлургия кәсіпорындарының техногенді қалдықтарының мөлшері астрономиялық цифрларға жетіп жығылған – 9,139 млрд тонна.

Гумус қабатын жинау үшін жүз жыл қажет
Республикадағы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың тазалау қондырғыларының сапасы мен тиімділігі 30 пайыздан аспайды. Өндіріс сарқынды, шайма және қолданылған суларының әсерінен, Ертіс, Орал және басқа да өзендерінің суы зияндылығы жөнінен нормативтік көрсеткіштерден әлдеқайда асып түседі. Өзендердегі судың өздігінен тазаруы тек 300 километрлік жол жүріп өткен соң ғана турбулентті және ламинарлы араласулар әсерінен жүзеге асады. Тіпті, бұл су көздерінің "есте сақтау қабілеті" де зақымданған. Қазіргі экожүйені қалыптастыру үшін ғылым мен техника жетістіктеріне қаржы жұмсау мөлшері теңізге тамған тамшыдай.
Жер және минералды шикізат ресурстары, ауыл шаруашылық алқаптары тозудың аз-ақ алдында. Бұған үлкен аумақтардағы жер дефляциясы дәлел. Суармалы жерлердегі құнарлылықтың төмендеуі, топырақ қабатындағы гумус қабатының жұқалануы – егіс алқаптарында жиі байқалып отырған құбылыс. Ал, табиғатта қалыңдығы 5 см гумус қабатын жинау үшін жүздеген жылдар қажет, аридті климатты аймақтар үшін бұл мақсатқа мыңдаған жылдар кетеді. Топыраққа рекультивация жасау да қымбатқа түсетін іс-шара, 1 гектарға 300 мың теңгеге дейін, кейде одан да көп шығын жұмсалады. Мұның тағы бір зияны, экожүйенің микроклиматы енді қайтып орнына келмейтін күй кешеді.
Пайдалы қазбалардың ішінен ең максималды экономикалық, экологиялық және әлеуметтік зиян шектіріп отырғаны полиметалл кендері, түсті металлургия, ал микроэлементтерден – қорғасын, хром оксиді, марганец және уран. Олардың басым көпшілігі, шикізат күйіңде басқа елдерге жөнелтіліп, дайын өнім мен қымбат бұйымның тиімділігін солар көруде. Біздің маңдайымызға әзірше жазғаны – шикізат өндіретін орындар маңындағы зиянды қалдықтар мен бүлінген су, ауа, топырақ әсерлері.  

Арал әлемді алаңдатуда
Қоршаған ортаның халық науқастануына тигізер әсері 60 пайыз шамасында. Ол әсіресе, тау-кен өнеркәсібі орналасқан қалаларда жоғары. Қалаларда экологиялық ахуал, соматикалық ауру түрлерінің өршуіне ықпал етуде. Арал өңірінің экологиясы, Арал қасіреті республика аумағынан асып, бүкіл планетаның бас ауруына айналды. Оны сауықтыру бағатында Орталық Азиядағы бес мемлекет – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркменстанның президенттері бірнеше рет кездесті. Мемлекет басшыларының шешімімен, Арал бассейнін қалпына келтіру жобаларына қолдау білдіру туралы шаралар айқындалды.
Бір кездері арнасынан асып-тасып жатқан алып теңіз бүгінде жыламсырап ағады. Теңіз ұлтанынан ұшқан тұзды шаң әлемнің түкпір-түкпіріне жетіп жатқаны туралы суыт хабарлар барған сайын қатерлі де, қорқынышты сипат алуда. Бұл проблеманың БҰҰ мен басқа да мәртебелі мінбелерден қайта-қайта көтерілуі де сондықтан.
Экологиялық апат аймағында отырған ел, ең алдымен, ауыз су тапшылығын көріп отыр. Теңізбен қоса, Арал төңірегіндегі жергілікті тұрғындарды да құтқару керек. Өйткені, елді мекендердің тек 15-20 пайызы ғана таза су ішуде, ал қалған тұрғындар мемлекеттік стандартқа мүлдем қайшы келетін ауыз суды пайдалануда. Соның өзінде, ауылдық жерде су бір адамға бір шелектен келеді. Өркениетті елдерде оның шамасы 200-400 литрге жетеді. Мұның өзі түрлі жұқпалы аурулардың өршуіне, өңір халқының денсаулығына кері әсер етеді. Олар бір жағынан Арал теңізінен көтерілген тұзды тозаңның астыңда жатса, екінші жағынан Байқоңыр ғарыш аймағының қасіретін бастан өткізуде. Соның салдарынан тұрғындар арасында жүрек, өкпе, қан қысымы, бүйрек, бауыр және басқа қауіпті аурулардың көрсеткіші республикадан да жоғары болып тұр.
Теңіздің тартылуы салдарынан ауаның орташа ылғалдығы 18 пайызға төмендесе, ауа райының жылы кезеңі бір айға дейін қысқарады. Бұл өлкедегі бұрынғы 3000-дай көлден қазіргі таңда 85-і қалды. Аралдықтардың қазіргі жоспары – Кіші теңізді суға толтырып, оны бұрынғы қалпына келтіру. "Көкарал" бөгетінің құрылыс жұмыстарын аяқтау. Егер бөгет болмаса, Сырдария суы Үлкен теңіз тереңдіктеріне алып барып, үлкен айдынға жайылып, босқа буланып, ауаға ұшатын еді. Кіші теңіз тола бастағаннан бері, оның табиғи байлықтары да көбейе түсті. Оның болашағы баянды болу үшін, Кіші теңізге Сырдарияның суын жеткізу мәселесін түбегейлі шешу қажет.

Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"