Сот жүйесінің ардагері

Сот жүйесінің ардагері


Үстіміздегі жылдың шілде айының 31 жұлдызында Қазақстан сот жүйесінің ардагерлерінің бірегейі Мағауия Құсайынұлы Елемесов 60 жасқа толады.Мерейтой иесіне шын жүректен зор денсаулық, бақытты да ұзақ ғұмыр, отбасына құт-береке, заңгерлік қызметіне зор абырой тілей отырып ол кісінің өмір жолы туралыайтып өтсем деп едім.

Тәуелсіз Қазақстанның өз әскери құрылымдары пайда болуымен байланысты Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш рет өз Əскери соттары 1992 жылы құрыла бастаған болатын.

Сүйтіп, 1993- 1994 жылдары аралығында облыс орталықтарында, үлкен қалаларда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен гарнизондардағы әскери соттары құрылды.

2017 жылдың 28 шілдесінде әскери соттардың құрылғанына 25 жыл толуына байланысты мерекелік шаралар өткізіліп, сол жиынның құрметті қонақтарының бірі ретінде марапатталғандардың арасынан Мағауия Құсайынұлы Елемесовты көргенде ерекше қуанып қалдым, өйткені Мәкең екеуміз ежелден таныс, бір өңірдің түлектері –ақтөбеліктер болумен қатар, Маңғыстауда, әскери соттар саласында ұзақ жылдар бойы бірге қызмет жасадық.

Мәкең заң саласындағы еңбек жолын өзі туып өскен Ақтөбе облысы Байғанин ауданында сот орындаушысы қызметінен бастап, судьялық қызметін сол кездегі Маңғышлақ облысы Мұнайлы аудандық халық сотында 1987 жылы жалғастырып, 1990 жылдан сол облыстың облыстық соты судьясы қызметінде жалғастырған болатын.

Сол кездегі әділет министрлігінде құрылған әскери соттар басқармасы Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы маусым айының 11-күнгі «Қазақстан Республикасының әскери соттары және әскери прокуратура органдары туралы» қаулысын жүзеге асыру үшін жаңадан құрылып жатқан әскери соттарға сот, прокуратура саласында, өзге де құқық қорғау органдарында қызмет атқарып жүрген тәжірибелі мамандарды шақырған болатын.

Солардың қатарында әскери қызметке шақырылған М.Елемесов 1994 жылдың 31 қатарында құрылған Талдықорған гарнизоны әскери сотының алғашқы төрағасы боп тағайындалды.

Оның әскери соттардың алдына қойылған талаптардың тиісінше жүзеге асуына, нығаюына ұзақ жылдар елеулі еңбегі сіңгенін ерекше атап өту қажет. Мағауия Құсайынұлы Талдықорған гарнизоны әскери сотының жұмысын толық ұйымдастыруға атсалысып, жолға қойғаннан кейін Семей гарнизоны әскери сотының төрағасы, Қазақстан Республикасы Әскери сотының судьясы, Ақмола гарнизоны әскери сотының төрағасы қызметін абыроймен атқарды.

Мәкең қай жерде қызмет атқармасын өзіне тапсырылған міндеттерін шынайы ықыласпен, ерекше ыждахатпен, кәсіби біліктілікпен, адами зор парасатпен атқарғанын атап өту қажет деп санаймын. Өйткені, бәріміз де пендеміз, әртүрлі мінез-құлық, көзқарас иесіміз дегендей, кейде өзара түсініспеүшіліктерге ұрынып жатсақ, осы жылдар ішінде Мәкең туралы ешқашан кереғар, ұнамсыз пікір айтқан жанды кездестірмеппін.

Оның себебі, Мәкеңе Алланың сыйы - ата күші, ана сүтімен дарыған көркем мінезінен, үлкенді аға тұтып, кішіге ізет білдірген ибалы, кішіпейіл дархан көңілінен деп ойлаймын. Мәселен, шариғатта бір адам күні түсіп, қандай да болмасын сұрақпен келіп саған жүгінсе, білетін мәселең туралы оған жөн жауап беру парызың боп табылады. Менің аңғарғаным Мәкең кез келген адамды ықылас қойып тыңдап, мәселенің байыбына барып жанашыр пейілмен ақыл кеңестерін айтады, жөн сілтейді.

Мәкеңнің әкесі Құсайын ағайдан қазақ тілі мен әдебитінен, анасы Ақантай апайдан тарих пәнінен дәріс алған маған Мағауияның бойындағы ізгі қасиеттердің, қазір бақилық болған сол абзал жандардың тәлім-тәрбиесінен екені айдан анық.

Мәкеңнің адамгершілік қасиеті кәсібіне деген адалдығымен ұштасып жатыр. Небір күрделі, шытырманға толы үлкен істерді зор кәсіби дайындықпен келіп, қаралып жатқан дауға қатысты барлық мән-жайларды жан -жақты зерттеп, зерделеп әділ шешім шығарғанына талай куә болдық. Құдайға шүкір, Мәкеңнің еңбегі елеусіз қалған жоқ, талай рет Маңғыстау облыстық соты, Қазақстан Республикасы Әскери Соты төрағаларының, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Судьялар Одағы төрағасының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының атынан марапаттарға ие болып қазіргі күні өңірі орден-медальдарға толған сот ардагерлерінің сапында жүр. Солардың ішінен ұзақ жылдар бойы сот төрелігін жүргізудегі кәсіби шеберлігі үшін Елбасының Жарлығымен берілген «Айбын» орденін, судьялар қауымдастығында ерекше бағаланатын «Үш би» Құрмет белгісін Мәкең ерекше құрмет тұтады.

Мәкең судьялық қызметін 2011 жылы абыроймен аяқтап, құрметті демалысқа кеткенімен судьялар қауымдастығынан қол үзген жоқ, Қазақстан Республикасы Әскери сотының жанындағы қоғамдық ұйымдардың жұмысына белсенді түрде қатысып жүр.

Адами болмысы биік Мәкеңнің кәсіби шыңдалуына, кемел заңгер болып қалыптасуына кезінде оған басшылық еткен Ақтөбе облысы Байғанин ауданы халық сотының төрағасы Совет Мұхабетқалиев, Мұнайлы аудандық халық сотының төрағасы Марат Халмұратұлы Сабырбаев, сол Маңғышлақ облысы уақытша тарап, Гурьев облысына қарап тұрған кездегі облыстық сот төрағасы Қайрат Абдразақұлы Мами, Маңғышлақ облыстық сотының төрағасы Қуанышбай Талымжанұлы Мәмбетов ағаларының тәлімі мол болғанын өзі мақтанышпен айтады.

Зор құрметпен атап өтетін тағы бір жайт, ол ұстаздары көп Мәкеңнің өз шәкірттерінің де көптеп саналуында. Олардың қатарында сот саласында абыроймен судьялық қызметтерін атқарып жүрген Д.Ахтямов, Ш.Майшыбаев, Е.Абдуллин, Б.Аралбаев, Б.Турусов, С.Сабатаев, С.Сарсенбаевтарды атап өтуге болады.

Бұған қоса, Мәкең жарын сыйлаған парасатты отағасы. Зайыбы Дниза екеуі үш ұл тәрбиелеп өсіріп, немере сүйген бақытты ата-әже дәрежесінде. Мәкеңнің ізін қуған баласы Мәлік - заңгер, мемлекеттік емес салада қызмет жасайды.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» - демекші сот саласында ұзақ жылдар абыроймен қызмет атқарған әріптесіміз Мағауия Құсайынұлы туралы бұл шағын мақаланы жаудағы мақсатымыз болашағын бағдарлаған келер ұрпақтарға үлгі болсын, бірге қызмет жасасқан әріптестері оны мақтан тұтсын деген ізгі ой еді.

 

Қазақстан Республикасы Әскери сотының

судьясы                                                                                               М.Молышев

 

 

 

      

 

 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи