Шығыстағы отты күш

Шығыстағы отты күш

   «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 36803 әскери бөлімі 1964 жылы 21 қазан күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысы негізінде құрылған болатын. КСРО қорғаныс министрінің 1970-ші жылғы 19 желтоқсандағы бұйрығының негізінде 19 қараша - мереке күні. Яғни, 36803 әскери бөлімінің 53 жылдығы зымыран әскері және артиллерия күнімен тұспа-тұс келеді.

1917 жылдың қазан айында алғашқы артиллериялық бөлімдер мен құрылымдар пайда болып, оларды командалық кадрмен қамтамасыз ету жұмыстарының басталғанын көне деректер дәлелдейді. 1918 жылдың соңында кеңес артиллериясы – Қызыл Армияның отты күші атанды. Артиллерияның көмегінің арқасында ақ гвардияшылар мен интервенттердің, әсіресе Царицын мен Петроград қорғанысының және Колчак, Деникин, Врангель армиясының күл талқаны шықты. Азаматтық соғыс жылдары        18 артиллериялық бөлім құрметті революциялық Қызыл Тумен марапатталды. Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында түрлі калибрдегі жаңа 25 артиллериялық жүйе шығарылды.
   Ракеталық әскер мен артиллерия күнінің тарихы 1942 жылдың 19 қарашасынан басталады. Осы күні Волга бойындағы шайқаста ракеталық әскер мен артиллерия күшінің қуаттылығы маңызды рөл атқарды. Бұдан соң артиллериялық жүйенің сапасын жетілдіру қарқынды дамып қана қоймай, әскерді жаңа қару-жарақ түрлерімен қамту да жүргізілді. Көп ұзамай реактивті «КАТЮША» артиллериясының даңқы жер жарды. Ұлы Отан соғысы жылдары артиллерияның саны мен сапасының артуы оны қолданудың түрлері мен пішіндерін жетілдіруді, командалық кадр тарапынан басқарудың шеберлігін талап етті. Курск доғасындағы шайқаста «соғыс тәңірі» атанған артиллерия жаудың бетін аяусыз қайтарды. Артиллерияның көмегінің нәтижесінде Германия әскері 300 мың ға жуық солдат пен офицерден, 1,5 мың танк пен 3 мың қару-жарақтан және 3,7 мың ұшақтан айрылды. Бұл бір ғана мысал. Жеңіс жолында артиллерия лайықты үлес қосты. 300-ден астам артиллериялық бөлім мен құрылымға жоғары гвардиялық атақ берілді. 800-ге жуық полк, бригада мен дивизия құрметті наградалар алды. 600 мыңнан астам артиллеристің кеудесіне орден мен медаль тағылды, 1800-ден астам адам Кеңес Одағының Батыры атанды. 1950-ші жылдардың ортасында ракеталы-ядролық қару құрудың мәселесі шешілді. 1957 жылы 4 қазан күні қуатты ракета тасымалдаушы тұңғыш рет орбитаға жасанды Жер серігін ұшырған болатын. 1960-шы жылдары батыс елдерінде «СКАД» деп аталған ракеталық кешен құрылды. Осы кешенмен жасақталған 36803 әскери бөлімі 1964 жылы 21 қазан күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысы негізінде құрылды. КСРО қорғаныс министрінің 1970-ші жылғы 19 желтоқсандағы бұйрығымен бригадада 19 қараша мереке күні болып белгіленді. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде бригада қиын әскери жолды басынан кешіре отырып, мемлекеттік полигондардағы сынақтан сүрінбей өтті. Ракеталық техниканың дамуымен қатар әскери бөлімде де көп өзгеріс болды. 1987 жылы 4 шілде – 17 қыркүйек аралығында бригада жаңа ракеталық «ОКА» кешенімен қайта қаруланды. 1988 жылдың қаңтарында 2-ші және 3-ші дивизион КСРО мен АҚШ арасындағы келісімге сәйкес «Темп-С» және «Ока» кешенді ракеталарын жою жөніндегі үкімет тапсырмасын орындау үшін Сарыөзекте болып, қайта бұрынғы ракеталық кешенге көшті. 1993 жылы әскери бөлім жаңа «Точка-У» ракеталық кешеніне көшірілді. Ракеталық кешендерді сәтті меңгеруде Иван Степанович Лагус, Ертай Қайыпұлы Шораев, Мирлан Қабылқанұлы Мақадиев, Айдар Тортайұлы Манасов, Валерий Федорович Кузьмин, Гүлнара Төлеубекқызы Тұрсынова, Наталья Михайловна Панфелец, Валерий Николаевич Шутиков, Владимир Иванович Резник, Егор Егорович Дерр, Сомат Маликович Кауазов және тағы да басқалары көп еңбек сіңірді.
   Әскери бөлім үшін 1998 жыл ерекше есте қалды. Осы жылы 28 тамызда жалпы тағайындаудағы ракета әскері мен артиллерия Күштерінің, Әуе қорғанысы Күштерінің, инженерлік және байланыс әскерінің, тылмен қамтамасыз ету бөлімдерінің, тағы да басқа әскер жауынгерлерінің қатысуымен ҚР ҚМ орталық жалпыәскери полигонында кешенді жаттығудың шешуші кезеңі өтті. Бұл жаттығуда тұңғыш рет дәл осы 36803 әскери бөлімінің «ТОЧКА-У» кешенінен ракета жіберілді. Құрылғының тетігін  Қазақстан Республикасының Президентi – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Назарбаев қосты. Кешенді жаттығуда 36803 әскери бөлімінің ракеташылары подполковник С.Тұраров, подполковник К.Әбдіқұлов, подполковник Д.Тоқпанов, 1 класс сержанты Ф.Сапрыкин, аға прапорщик В.Будниченко шеберлігі үшін ҚР Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының жоғары бағасын алды.

   Айдар МАНАСОВ, Ауғанстан соғысының ардагері, запастағы майор: «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы артиллеристердің ұлы ерлігін бүгінгі ұрпақ мәңгі есте сақтайды. Қазақстандық патриотизм мен ракета және артиллерия әскеріне деген сүйіспеншілікті одан әрі арттыру мақсатында әскери-патриоттық жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Бұл қуантарлық жәйт. Осындайда «Анаң үшін аянба - ант ұрады, балаң үшін аянба – бетің күйеді, елің үшін аянба – ерлігіңе сын, жұртың үшін аянба – жігіттігіңе сын» деген қазақ ұлтының қайсар қолбасшысы Бауыржан Момышұлының нақыл сөзі еске түседі. Мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуде қызмет етіп жүрген барша әскерилерге мықты денсаулық, береке-бірлік пен мол табыс тілеймін».

Алуа ИСКАКОВА
Суреттерді түсірген автор

Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: основные причины ДТП

Инфографика: основные причины ДТП