Семей полигоны ел игілігіне пайдаланылады

Семей полигоны ел игілігіне пайдаланылады

Биылғы Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығы Ядролық қаруға тыйым салу бойынша халықаралық кампанияға (ICAN) берілгенін бір ай бұрын әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. Ослода Норвегия Нобель комитетінің төрағасы Берит Райсс-Андерсеннің мәліметінше, ICAN-ға беделді сыйлықтың берілуі адамзатқа және Жердегі өмірге қауіп төндіретін ядролық қаруға тыйым салуға бағытталған халықаралық күш-жігерді жандандыруға көмектеседі. Бұл тақырыпқа назар аударуымыздың себебі, жаһандық қырып-жою қаруы Қазақстанға да жат емес. Алайда, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен еліміз бұл тажалдан бас тартып, әлем елдерін бейбітшілік туының астына шақырды. Бұған жер жүзі мемлекеттері үн қосып, АҚШ-тан бастап, алпауыт елдердің дені Елбасы саясатын қоштаған еді.

Енді, міне, еліміз Кеңестік жүйенің атомдық сынамаларынан зардап шеккен өңірлерді сауықтыру шараларын ойластыруда. Бұрынғы Семей ядролық полигоны мемлекет территориясының 18 мың шаршы шақырым аумағын алып жатыр. Ұлттық ядролық орталығы мамандарының пайымынша, бұл жерлердің бір бөлігін қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Радиациядан анағұрлым аз зардап шеккен жерлерді, тіпті ауыл шаруашылығында пайдалануға болады екен.

Орталықтан мәлім еткендей, полигонның территориясын шаруашылық қажеттілікке қайтару жердің жетіспеуінен туындаған. Ядролық алаңға жақын тұратын адамдар оның шекарасында көкөніс өсіріп, мал жаюға мәжбүр. Тұрғындарды қауіпсіздендіру және қоршаған ортаның экологиялық ахуалын жақсарту үшін ғалымдар зерттеулер жүргізіп, аумақты тазарту шараларын жүргізуге тырысуда. Қазіргі уақытқа дейін полигонның жалпы аумағының 50 пайызы зерттеліпті.

Ұлттық ядролық орталық полигонды өнеркәсіп, көлік, байланыс және ғарыш салаларында пайдалануға болатынын анықтады. Дегенмен, радионуклидтермен нормадан тыс мөлшерде ластанбаған учаскелер де бар. Олар, әсіресе ауыл шаруашылығында пайдалы болуы мүмкін. Ал ядролық жарылыстар жүргізілген аумақ мүлдем пайдаланылмайтын болады, себебі олардың ластану деңгейі өте жоғары.

Жалпы, Семей сынақ алаңының барлық аумағы «қордағы жерлер» санатына жатады. Бұл жерлерді пайдалана бастау үшін алдымен оларды басқа кадастрлық санатқа ауыстыру қажет. «Біздің позициямыз келесідей: сынақ алаңдарының территориясы қолданысқа берілетін учаскелер ретінде қарастырылмайды, яғни олардың дәрежесі өзгермейді. Ядролық сынақтар өткен орындардың барлығы қордағы жерлер ретінде қалуы тиіс», дейді Ұлттық ядролық орталық филиалы Оқыту-ақпараттық орталығының жетекшісі Юрий Стрильчук.

Бүгінде полигонда өндірістік жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, кезінде жерасты жарылыстар өткізілген «Балапан» алаңында Қаражыра көмір кеніші өңделуде. Айта кетейік, бұл отынды Шығыс Қазақстан облысы өңірінің көптеген жылу электр орталықтары пайдалануда. Егер Семей ядролық полигоны аймағында ауылшаруашылық өнімдері өсірілетін болса, мемлекет оның санитарлық талаптарға сәйкестігін тексеріп отыратын болады. Талаптардан болмашы ауытқулар анықталған жағдайда, жер учаскелері ауылшаруашылық айналымнан алынып, консервацияланады. Ал онда өсірілген көкөністер сатылымға жіберілмейді.

Радиацияның таза аумақтарға таралуын болдырмас үшін Ұлттық ядролық орталық полигонның ластанған жерлерін қайта қалпына келтіруді жоспарлап отыр. «Бұл полигонға жақын жерде тұратын халықты қауіпсіздендіру деңгейін арттырады», - дейді Ю.Стрильчук.

Бүгінде «Бұрынғы Семей сынақ полигонының ластанған жерлерін қалпына келтіру» арнайы бағдарламасы әзірленді. Жерлерді қалпына келтіру үшін әртүрлі шаралар қолданылатын болады. Мысалға, радиоактивті қалдықтармен ластанған топырақтың үстіңгі қабаты арнайы алаңға шығарылып, көміледі. Ал ластану деңгейі төмен учаскелерде жер жыртылады немесе үстіне таза топырақ төгіледі. Аса қауіпті жерлерге ешкім өтіп кетпес үшін айналдыра кедергілер тұрғызылады. Сондай-ақ бағдарлама аясында радиациялық мониторинг жүйесі құрылатын болады.

Осы мақсаттардың барлығына 9 млрд теңгеге жуық қаржы қажет. Ұлттық ядролық орталық мамандарының сендіруінше, егер мемлекет аталған соманы бөлетін болса, алты жылдың ішінде Семей сынақ полигонының басым бөлігін шаруашылық айналымға қайтаруға болады.

Еске сала кетейік, биылғы жазда Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті ректорының ғылым жөніндегі кеңесшісі, Ұлттық ядролық орталығының бұрынғы директоры – Ядролық физика институтының бұрынғы директоры Қайрат Қадыржан 2020 жылға қарай Семей ядролық полигонының аумағы толықтай зерттеліп бітетінін хабарлаған болатын. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда полигон аумағында жоғары радиоактивті қауіп төндіретіндей учаскелер жоқ. Полигондағы жағдай тұрақты, жоспарлы жұмыстар тоқтамайды. Учаскенің әрбір 20 метрі радиоактивтілікке өлшенеді. Оның нәтижелері Ұлттық ядролық орталықтың сайтында жарияланып отырады.

Полигон жабылғалы бері ядролық сынақтардың залалы мен жағдайын зерттеу жұмыстарына 200 миллион АҚШ доллары жұмсалған екен. Соның ішінде Қазақстан тарапынан бөлінген қаржы 15 миллион доллар шамасында болса, қалған қаражатты АҚШ, Жапония және тағы басқа халықаралық қорлар берген.


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Итоги "KADEX - 2018"

Итоги "KADEX - 2018"