Қос думанның қуанышы көпшіліктің есінде көпке дейін қалады

Қазақстан жұртшылығы 7-мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9-мамыр – Ұлы Жеңіс күнін биыл да салтанатты жағдайда атап өтті. Бұған мереке күндері ұйымдастырылған думанды шерулер мен жоғары көңіл-күйдегі іс-шаралар куә. «Сарбаз» газетінің тілшісі Астана қаласында өткен айтулы басқосулардың басы-қасында болып, тамашалап қайтқан еді. Көрген-түйгені мен алған әсері мынандай...

Мерекеге дейінгі мереке

Әсілі, мерекеге дейін-ақ мереке басталып кеткен. Өйткені, 6-мамыр күні Отан қорғаушылар және Ұлы Жеңіс күндері қарсаңында Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығына барды. Мемлекеттік хатшы Әскери-тарихи мұражайдың экспозицияларымен танысып, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың құрметті қонақтары кітабына естелік жазбасын қалдырды. Одан кейін Г.Әбдіқалықова жоғары оқу орындарының студенттерімен, «Жас ұлан» республикалық мектебі мен әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілерімен, Астана қаласының жалпы білім беру мектептерінің оқушыларымен кездесу өткізді. Сонымен қатар қазақстандық бітімгершілік батальонының әскери қызметшілері әскери техниканы жүргізу және басқару шеберлігін паш етіп, ерекше флэшмоб өткізді. Әскери машиналарды алты лекке тізіп, олар қақтығыс болдырмай қозғалыста нақты және үйлесімді түрде керегенің символын (киіз үйдің құрамды бөлігін) құрды. Бұл ретте барлық іс-қимылға санаулы минуттар ғана кетті.

Мерекелі маңызды шаралар «Қазақстан» орталық концерт залында басталды. Қазақстан Республикасының Президент – ҚР ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев осында өткен Отан қорғаушылар күніне арналған концертке қатысты. «Ежелден бері Отан қорғаушылар абырой мен қайсарлық, батылдық пен ерлік, патриотизм мен өз халқына ұдайы қалтқысыз қызмет еткен. Қазақстандықтар еркіндік пен тәуелсіздік үшін өздерінің өмірін сарп еткен батырлардың ерліктерін мәңгі есте сақтайды. Аталарымыз бен әкелеріміздің қажырлы марапаттары – бұл қазақстандық отбасылар үшін баға жетпес жәдігер. Отан қорғаушы күні және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні мерекелік күнтізбемізде бірінен кейін бірі қатар тұрғаны жайдан-жай емес. Бұл халқымыздың барлық ұрпақтарының даңқты әскери дәстүрінің сабақтастығын білдіреді» деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев думанды кеште. «Қорғаныс шығыстары, тіпті, қиындыққа да қарамастан,  басымдық тәртіпте қаржыландырылады. Қайта жарақтандырудың бағдарламасына сәйкес жауынгерлік кезекшілікке әскери техниканың жаңа түрлері келіп түсуде. Жақын арада қару мен техниканың барлық түрлерінің 70 пайызы, ал жеке санаттар бойынша 100 пайызға дейін жаңартылатын болады. Жыл сайын ықтимал заманауи соғыстың жағдайына барынша жақындатылған жүзден аса жедел тексерулер мен әскери оқу-жаттығулар өткізіледі» деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты концерттің негізгі идеялық желісі – ол Отан үшін құрбан болғандарды еске алу, ардагерлерге құрмет көрсету, Отанды қорғау парызының киелілігі, бейбітшілік пен келісімді сақтау маңыздылығы, еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін қорғау болып табылады. Қарулы Күштердің қуаттылығын көрсету барлық уақытта халықтың өз еліне деген мақтаныш сезімін ұялатып, армиямыздың Отанды қорғау қабілеттілігіне деген сенімін күшейтеді. Осыған байланысты, әскери қызметшілердің жеке концерттік нөмірлерге қатысуы ерекше болып отыр. Концерттік бағдарламада ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери ансамблі мен эстрадалық-симфониялық оркестрі солистерінің, сондай-ақ еліміздің танымал әртістерінің орындауында патриоттық әндер мен Отан, оның батырлары мен жауынгерлері туралы сазгерлердің музыкалық шығармалары орындалды. 

 

Бұқаралық жүгірумен басталды

Ал Отан қорғаушылар күні Астанада жаппай жүгіруден басталды. Дене даярлығы ҚР Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің жауынгерлік қабілеттілігінің негізі болып табылады. Сондықтан Отан қорғаушы күні Астанада әскери қызметшілердің бұқаралық жүгіруінен бастау алғаны орынды.  600-ден аса әскери қызметші Отан қорғаушылар алаңына жиналды.  Жүгіруге қатысушылар Бауыржан Момышұлы атындағы ескерткіштің жанында мәре сызығына келіп жетті.

«Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні мейрамдары қатар жүретіні жайдан-жай емес. Бүл ұрпақ сабақтастығын білдіреді. Жүгіру мақсаты –жауынгерлерімізді, Ұлы Отан соғысының ардагерлерін еске алу, оларға сый-құрмет көрсету болып табылады. Біз үш шақырымға жүгірдік. Бауыржан Момышұлының ескерткішіне дейін жүгіріп жетіп, гүл шоқтарын қойдық» деді ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Әмір Халықов. «Мен барша әскери қызметшілерді Отан қорғаушы күнімен құттықтап, ардагерлерімізге мықты денсаулық және бақыт тілеймін. Одан басқа, барлықтарыңызды салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын» деп ағынан жарылды жүгіруге қатысушы, 68665 әскери бөлімінің ұлан аға сержанты Арслан Серкебаев. Одан өзге, ҚР Қарулы Күштерінде алғаш рет әскери бөлімдер мен мекемелер арасында «Әскер барысы» атағына қазақ күресінен турнир басталды. Турнир жеңімпазы «Қазақстан барысы» республикалық турниріне жолдама иегері атанады.

 

Әскерилер айрықша әсерге бөледі

Отан қорғаушылар күні ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері елорданың тұрғындары мен қонақтарына ерекше сый тарту етті. Олар орталық көшелерде ән айтып, саптық маршпен жүріп өтті. «Бүгін бізге үлкен құрмет көрсетіліп отыр. Отан қорғаушылар және Ұлы Жеңіс күндері қарсаңында 300 адам екі бағыт бойынша жаяу маршпен жүріп өтті. Біз халықтың өз қорғаушыларын білсін, танысын, армиясының қуаттылығын көріп, ұғынсын деген ниетпен марш жасадық» деді 1-қорап командирі аға лейтенант Асан Бекенов.

68665 әскери бөлімінің десантшы әскери қызметшілері екі қорапта «Бәйтерек» монументінен және Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионнан екі бағыт бойынша бір уақытта марш бастады. Жаяу жүріс маршы кезінде әскери қызметшілер көпшілігіміз бала кезімізден жақсы білетін әскери әндерді хормен айтты. «Мен мереке күндері Астанаға іс-шараларда болып, армиямыздың қуаттылығын көру үшін арнайы келдім. Біз немерелерімізбен бірге қыдырып, әдемі лекпен ән шырқап жүрген әскерилерді көрдік. Жүрегімізді мақтаныш және қуаныш сезімі кернеді, немеремнің өзі қолымнан жұлқып сол жерге алып барды. Мен барлық Отан қорғаушыларды шын жүректен құттықтаймын. Сендерге мықты денсаулық, тыныш жұмыс және барлық қарапайым қазақстандықтардың атынан алғыс білдіремін» деді Астана қаласының мейманы Галина Дузгумбаева.

Осы күні Орталық әскери оркестрдің солистері мен қыз-келіншек әскери қызметшілер де елорданың орталық көшелерінде мерекелік кортежбен жүріп өтіп, қала тұрғындарын мейраммен құттықтады. «Қазақстандық армияның барша қыз-келіншек әскери қызметшілерінің атынан бізге барша азаматтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтау мүмкіндігі туып отырғанына өте қуаныштымыз. Бұл күн ата-бабаларымыздың ерен ерліктері мен Отанға қалтқысыз қызмет етудің дәстүр сабақтастығының тарихын бейнелейді. Біз, қыз-келіншек әскери қызметшілер ерлермен қатар жауынгерлік даярлық бағдарламасын меңгеріп, барлық жүктелген тапсырмаларды орындап жүргенімізді нық сеніммен айта аламын. Баршаларыңызды мерекелеріңізбен құттықтап, зор денсаулық, бейбіт өмір, тыныштық және бейбітшілік тілегім келеді» деді кіші сержант Қарлығаш Ақылбекова.

Әскери автомобильдерге жайғасқан арулар алаңдарда болып, аялдамалардағы жүргіншілерге естелік кәдесыйлар таратты. Содан кейін ансамбльдің әскери қызметшілері акробаттық трюктармен нағыз шоу ұйымдастырды. Әскери үрмелі оркестрдің сүйемелдеуімен черлидинг элементтері бар би қимылдары елорда тұрғындарының таңданысын туғызып, көрермендердің ықыласына бөленді. Акробаттық трюктардың көмегімен қыздардың «7» санын құруын елордалықтар оң әсермен қабылдады. 

 

Сарбаз ботқасынан дәм татты

Отан қорғаушылар күніне орайластырылған шаралар Ұлттық әскери-патриоттық орталығының аумағында жалғасты. Онда Қарулы Күштердің әскери қызметшілері қала тұрғындарын құшақ жая қарсы алып, мерекелерімен құттықтап, сыйлықтар табыс етті. «Қазақстандық армияның әскери қызметшілері елорданың тұрғындары мен меймандарына, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне, балалар үйі мен балалар қалашығының тәрбиеленушілеріне арнап «Сарбаз ботқасы» акциясын ұйымдастырды. Мұнда палаткалы қалашық және далалық ас үйлер орналастырылды. Біз барлық қонақтарға сарбаз ботқасынан дәм татқыздық. Әрқайсысы әскери қызметшілермен бірге қару-жарақтар мен мұражай жәдігерлерін тамашалап, суретке түсті» деді орталықтың аға офицері капитан Шынар Аягөзова.  

Орталыққа жақын барлық аумаққа Орталық ансамбль әртістерінің өнерлері ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қатысушылар мен қонақтарға Жеңіс ленталары, жалаушалар мен Отан қорғаушылар күнін мерекелеудің өзге де атрибуттары үлестірілді. Отбасылық жұптар үшін әскери тақырыпқа бағытталған «Әкем, анам, мен – әскери отбасы», «Көңілді эстафета» сынды ойындар ұйымдастырылды. Іс-шараға келген ең кішкентай меймандар үшін асфальтта сурет салу байқауы өтті. Ал өзінің күшін, ептілігі мен айлалығын, білімін тексергісі келгендер жеке жарыстарға, блиц-сайыстарға қатысты. Одан басқа, қонақтар ҚР Қарулы Күштерінің әскери-тарихи мұражайын аралап, экскурсия жасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы мерекелік іс-шараға барлығы 1 800-ге тарта адам тартылды.  

 

Гүл дестелерімен құрмет көрсетті

9 мамыр күні 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығына орай «Отан қорғаушылар» монументіне салтанатты гүл қою рәсімі өтті. Шараға ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов, Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Мәжілісінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов, соғыс және еңбек ардагерлері, мемлекеттік орган басшылары, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысында қаза болған қазақстандықтарды еске алу үшін жиналған елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты.

«Бүгін мерекелік шараға Ұлы отан соғысының 45 қатысушысы құрметті қонақ ретінде қатысты. Ауарайының қолайсыздығына қарамастан ардагерлердің көңіл-күйі көтеріңкі. Өкінішке орай, жылдан-жылға олардың саны азайып барады. Ардагер аталарымызға денсаулық тілеймін. Балалары мен немере, шөберелерінің ортасында аман-есен жүрсе екен» деді жиында Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Бахтияр Пернебеков.

Бұл күні «Отан қорғаушылар» ескерткішіне 1 500-ге жуық гүл шоқтары қойылды. Гүл қою рәсімі ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің орындауындағы музыкалық шығармалармен сүйемелденді. Шара қатысушыларының жүзінен қуаныш пен толқыныс, ерекше мақтаныш сезімі байқалып тұрды. Қан майданда ерлікпен қаза болған отандастарымыздың рухына тағзым жасалып, бір минут үнсіздік жарияланды.

 

«Жаужүрек полкі» жүріп өтті

Ұлы Жеңіс күнінің құрметіне Астана көшелерімен «Жаужүрек полкі» жүріп өтті. Мерекелеге арналған ауқымды акцияға бейбітшілік пен жеңісті сыйлаған, аталарының жанқиярлық ерлігін құрметтейтін қала тұрғындары мен азаматтары, әскери қызметшілер қатысты.

Шараға қатысуға мыңдаған адам ниет білдіріпті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияға 5000-ға жуық адам тартылған. Олардың ішінде отбасы мүшелерімен, балаларымен келген азаматтар көп. Қатысушылар «Astana mall» сауда, ойын-сауық орталығынан бастап, Тәуелсіздік даңғылымен «Отан қорғаушылар» монументіне дейін, барлығы 1,8 шақырым қашықтықты жүріп өтті. Олар қолдарына Ұлы Отан соғысында қаза болған аталарының портреттерін ұстап, соғыс жылдарындағы әндерді орындай отырып, үлкен мақтанышпен шерулетті. Одан кейін «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қойды.

Айта кетейік, «Жаужүрек полкі» акциясы әлемнің 600 қаласын қамтыды. Жылдан жылға шара бұқаралық сипатқа айналуда. Астанада аталған акция өткен жылы 8 мамырда алғаш рет ұйымдастырылды. Онда қала көшелерімен 1500 адам жүріп өтті.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"