Қазақстан әскери баспасөзі

Қазақстан әскери баспасөзі

Қолдарыңызға ұстап, қарап отырған бұл газеттің тарихы, өткен жолы бар. Алғашқы беттен аңғарғандай, сол жақ қапталда «Сарбаздың» бұрынғы атаулары мен шығу кезеңі көрсетілген. Бұл – әскери журналистиканы зерттеуші ғалымдардың пайымы. Соны тарқаталық...

Түркістандағы тұңғыш басылым

 

Иә, қоғамның бір саласы – әскери сала. Әскери баспасөз елімізде XX ғасырдың басында пайда болды. Біз айтқан тұста, яғни 1918-1920 жылдардағы кеңестік Ресейде орын алған азаматтық соғыс қазақ елін де шарпығаны мәлім. Сол кезде Қазақстан азаматтары қызыл армия қатарында да, «ақтар» басып алған аудандарда жасақталған партизандық жасақтар құрамында да азаматтық соғысқа қатысуға мәжбүр болды. Дегенмен, көбісі Кеңес өкіметінің әскери құрылымы қызыл әскерді (жұмысшы-шаруа қызыл әскері) қолдап, оны орнатуға күш салды.

Соған сәйкес, кеңес өкіметі орнағаннан кейін 1918 жылы жұмысшы-шаруа қызыл әскерін құру туралы декрет шығып, 21 ақпанда жұмысшылар мен шаруаларды қызыл әскер қатарына шақырған үндеу қабылданды. Мұнымен қоса, Жоғарғы әскери кеңес (4-наурызда), әскери комиссариаттар (8 сәуірде), Бас штаб пен әскери округтер (4 мамырда) құрылды. Сол 1918 жылдың 4 мамырында РКФСР ХКК-нің шешімімен құрылған округтің бірі – Түркістан әскери округі. Оның құрамында Түркістан облысы, Каспий бойы аймағы, Самарқан, Ферғана, Сырдария, Жетісу аймақтары болды. Штабы Ташкент қаласында орналасты.

Осы кезде 1918 жылдың қазанынан бастап Ташкентте әскери округтік басылым жарық көрді. Атын бірнеше рет («Красноармеец», «Красный фронт», «Набат революций», «Клич трудового казачества», «Борец за коммунизм», «Еженедельник политработника», «Красноармейская газета», «Красная звезда») өзгерткен сол газет туралы зерттеуші-ғалым Александр Рашков «Жаңа сападағы әскери басылымды одан әрі дамыту үшін әзірленген негіз ретінде «Красноармеец» газетін Түркістан өлкесіндегі тұңғыш басылым деп айта аламыз», («Қазақстан Республикасы әскери баспасөзінің даму үрдісі» атты зерттеу еңбегінде) дейді. Ғалымның жазуынша, бұл тұңғыш басылымның (1918 ж.) 30-ға жуық нөмірі жарық көрген.

Одан кейін, әрине, ғалымның зерттеуінде келтірілген Орынбор мен Полторацкеде «Кизил юлдуз»-«Красная Звезда», Ақтөбе майданында «Наша фронтовая жизнь» (1919 жылғы мамыр айының соңында), Жетісу майданында (1919 жылдың желтоқсанында) «Бой за коммунизм», Түрк майданында 3-ші Түркістан дивизионы саяси бөлімі органының «Правда» газеттері әскери журналистиканың негізін қалыптастырды. Бұл басылым беттерінде көбінесе, майданнан жеткен хабарламалар, елдің ішкі жағдайы мен халықаралық оқиғаларға қатысты мақалалар «ресми» тілде беріліп тұрды.

Ал, 1926 жылдары елдегі әскери құрылымдық өзгерістерге байланысты жоғарыда түрленген «Фрунзевец» газеті бұрынғыдай Түркістан әскери округіне емес, Орта Азия округіне қарайды. Өйткені, сол жылдың 4 мамырында Түркістан майданы Орта Азия әскери округі болып өзгерген-ді. Округ құрамына қазіргі Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан республикаларының аумағы кірді. Осыған байланысты, әскери басылымның да жұмысы кеңейіп, бес республикадағы қорғанысқа бағытталды.

 

   Қазақтың әскери басылымы

 

Ал, тұңғыш ана тілімізде (қазақ тілінде) жарық көрген газет – «Қызыл әскер». Александр Рожков мырзаның дерегінше, «Qьsьl әsker» («Қызыл әскер») – Қазақ әскери комиссариатының, кеңес қоғамдық-саяси қорғаныс ұйымының және «Еңбекшіл қазақ» баспасының апталық газеті. Басылым 1929 жылдың 7 қарашасынан бастап, 1936 жылдың 31 қазанына дейін Алматыда аптасына бір рет, қазақша латын әріптерімен және кішігірім ақпараттар араб әріптерімен жазылып шығыпты. Басылым форматы үлкен - А0.

Газет жазылу арқылы және жеке сатылымға да беріліп отырған.

Газетпен Ілияс Жансүгіров, Асқар Лекеров, А.Көшімов шығармашылық қарым-қатынаста болыпты. Шығу мақсаты – қорғаныс саласында жүргендерді сөзбен демеу, әскери қызметке жастарды тарту және офицерлердің әскери білімін жетілдіру еді. Газет бетінде алғашқы әскери дайындық (соның ішінде әйелдер үшін де), шетелдегі әскери  жаңалықтар, сонымен қатар, ақын-жазушылардың өлеңдері мен әңгімелері жарық көріпті. Баса айта кететін жайт, сол уақыттың өзінде фотолар, кестелер, түрлі  қызықты суреттермен қоса, мақалалар публицистикалық стильде жазылып, соның арқасында қазақша әскери терминдер қолданысқа енгізілген екен. Бұған көз жеткізгісі келген адам мұрағатқа барып, танысуына болады. Өйткені, аталмыш газет тігіндісі бүгінде толық болмаса да, бүтін күйінде Алматыдағы ғылыми-техникалық ақпараттық орталығында сақталған екен.

 

 

      Бейбіт күндегі «Боевое знамя»

 

1969 жылы Орта Азия әскери округі қайта құрылғанда еліміздің әскери баспасөзі «Боевое знамя» газеті дүниеге келді. Сексенінші жылдың ортасында осы газетте өзге ұлт өкілдерімен бірге, бір қазақ журналисі жұмыс істеген екен. Ол – бүгінде қазақ әскери журналистикасының атасы саналатын Сапарғали Жағыпаров.

Қызмет еткен сол жылдарды еске ала: ««1984 жылдары Боевое знамя» газеті А-2 форматта, күн сайын, жүз мыңнан астам таралыммен шығып тұрды. Өз алдына редакциясы бар басылымды полковник Владимир Чекалин басқарды. Редакцияда тәжірибесі мол әскери журналистер, шамамен 50-шақты адам жұмыс істеді. Мысалы, Ұлы Отан соғысы кезінде майдан газеттерінде әскери тілші болған Григорий Красилов, жауынгерлік-физикалық дайындық бөлімнің бастығы болған подполковник Виктор Свирко, ӘӘК бөлімін басқарған авиация подполковнигі Александр Сидорчук, ПВО бөлімі – подполковник Иван Захарченко, ақпарат бөлімі – подполковник Игорь Волкович, мәдениет және тұрмыс бөлімі – ақын, подполковник Николай Завьялов, комсомол өмірі бөлімі – подполковник Василий Калантыренко, хат және бұқаралық жұмыстар бөлімі – майор Виктор Муковоз және тағы басқалары», - дейді Сапарғали аға.

Мәскеудегі Львов атындағы жоғары-саяси училищесін бітірген тұңғыш қазақ әскери журналисі Сапарғали Жағыпаров лейтенант кезінен-ақ осы газетпен тығыз байланыста болған. Тынық мұхиты флотында жүріп, қаламын серік еткен Сапар аға тек «Боевое знамяда» ғана емес, еліміздің басқа да басылымдарында қазақ тілінде әскери тақырыптарды қаузады.

ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, запастағы полковник Сапарғали Жағыпаров қазір әскери ортада сыйлы, оны білмейтіндер кемде-кем. «Боевое знамядағы» кезеңінен бастап бүгінге дейінгі қаламы түспеген Сапар ағаның өмірі бізге де үлгі.

Айта кету керек, сол кезеңдерде Кеңес Одағының әскери басылымдары – «Фрунзевец» те, «Боевое знамя» да ақпарат айдынында қатар шығып тұрды. Кейін Кеңес өкіметі құлаған кезде олардың орнын басқа ақпарат құралдары басты.

 

       Тәуелсіздіктің жаршысы – «Қазақстан сарбазы»

 

Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін егемен ел атандық. Осы тұста тәуелсіз Қазақстан армиясының жаңа тарихы 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарулы Күштерді құру туралы Жарлығына қол қойған күннен бастау алды. Қазақстанның қарулы күштерінің дербес құрылымы өмірге келгеннен соң, араға алты сай салып, «Боевое знамя» газетінің базасында ҚР Қорғаныс министрлігінің органы «Қазақстан сарбазы» - «Воин Казахстана» газеті өз оқырмандарына жол тартты.

Газеттің алғашқы санының жарық көруі 1992 жылғы 16 желтоқсанына тұспа тұс келді. Аталмыш басылым өзінің алғашқы санын ел Президентінің ақ батасымен ашып, тұсауын кесті.

Газеттің тұңғыш бас редакторы Виль Рахманқұлов болды. Одан кейін есімі бәрімізге таныс Сапарғали Жағыпаровқа бас редакторлық бұйырды.

««Қазақстан сарбазы» - «Воин Казахстана» газеті А-2 форматта, 4-беттен, аптасына екі рет, қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Бұл басылым Қазақстан Қарулы Күштерінің қалыптасуы мен дамуына өзінше үлес қосты. Әр қадамы, әр жолы осы газет беттерінде айқын көрініс берді», дейді сол кезді еске ала Сапар аға.

Иә, сол кезде газеттің әр қызметкері өзінше үлес салмағын бөліскені рас. Атап өтсек, әскери тақырыпқа қалам тербеген Совет Сейітов, Марат Нұрсейітов, Кәкімхан Құттыбаев, Сәндібай Күмісбеков, Шәміл Хайруллин, Борис Грибачев, Алтынбай Дәуренбеков, Жүніс Омар, Әубәкір Смайлов, марқұм Құдайберген Медиманов, Марат Жүніс-Бек, Мұхарбек Манарбек және т.б. «Қазақстан сарбазында» қолтаңбалары қалды.

 

    Атауы «Сарбаз» болып ауысты

 

2008 жылы «Қазақстан сарбазы» атын (2007 жылдың аяғына дейін «Қазақстан сарбазы» (Воин Казахстана) деген қосарланған атпен шығып тұрды) өзгертіп, «Сарбаз» газетіне айналды. Газеттің бас редакторы Ярослав Голышкин болды. Ал қаржы жағынан басқару «Қазақстан ГАЖ орталығы» акционерлік қоғамына берілді.

Сол тұста «Сарбаз» газеті қазақ және орыс тілінде А-3 форматта, аптасына бір рет, 16 беттік болып шығып жүрді. Сонымен қоса, «Айбын» журналы да жарық көріп, әскери басылымның қатары толықты.

Кейін атауы өзгерген осы газеттің бас редакторлық тізгінін қаламы қарымды, белгілі журналист Ерғазы Әсембеков ұстады. Ерағаң бұл газетте соңғы өмірін сарп етті. Бес жыл бойы басқарған басшы газеттің мазмұнына ғана емес, бет-пішініне де өзгеріс әкелді. Қара шаңырақтағы ұжымды ұйыта білген марқұм Ерағаның еңбегі өлшеусіз. Ол кісі өмірден озса да, елеулі ісі газет беттерінде қатталып қалғаны сөзсіз.

 

       Бүгінгі баспасөздің тынысы

 

2015 жылы «Қазақстан ГАЖ орталығы» АҚ-ының еншілес «ГИС Әскери медиа» ЖШС құрылып, «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналы осыған қарады. Жеке отаудың тізгіні сол кезде Нұрғали Бақтиярұлына бұйырды. Ал бас редакторлық қызметті журналист Қойшыбай Есентаев атқарды. Кейін бұл қызметтерге Батырхан Қуатбек лайықты болып танылды.

Бүгінде Батырхан Серікұлы бастаған ұжым дәстүр сабақтастығын жалғастырып келеді. Қазір аталмыш серіктестік құрамында тағы да бір «Әскери заңгер» атты газет бар. Және заманға сай «sarbaz.kz» сайты да жұмыс істейді. Болашақта әскери басылымдарды электронды нұсқада шығару – көзделіп отырған іс.

Әзірге бас газетіміз пішінін өзгертіп, D-2 форматта, аптасына бір рет, 6 бет – қазақ тілінде, 6 бет – орыс тілінде оқырмандарға жол тартуда. Латын қарпінде алғашқы беттің сол жақ қапталында берілетін ақпарат саны өсіп келеді. Қазір әр беттен кем дегенде бір ақпаратты латын қарпінде кездестіруге болады.

Ақпараттар легі әр өңір мен аймақтардағы баспасөз қызметтерінен ресми тілдегіге қарағанда мемлекеттік тілде там-тұмдап келіп жатады. Осы арада бізбен тығыз байланыс орнатып, ана тілімізді асқақтатып жүрген авторларымызды тілге тиек еткеніміз жөн. Басқа жұмысқа ауысып кетсе де айтуға тиіс жандар – ҚР Әскери-теңіз күштерінен капитан Жәмиля Тұяқбаева, Радиоэлектроника және байланыс-әскери инженерлік институтынан Ербол Әлібаев. Олардың ісін сол жоғарғы әскери оқу орыннан бүгінде Жанар Әміржанова мен Солтүстік Қазақстан облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінен Айман Әбжапбарова жалғастыруда.

Тағы ерекше айта кетер есім, газетіміздің байырғы қызметкері, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығынан әріптесіміз Алуа Искакова үнемі ақпараттар мен мақалалармен қамтамасыз етіп жүр. Далалық полигонға барып, жауынгерлік жорыққа шығып жүрген Алуаны біз қашанда мақтан тұтамыз.

Сөз соңында айтарымыз, жаңа сападағы «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналы еліміздің қуатты Қарулы Күшін дәріптеуде, айбынды әскердің абыройын асқақтатуда дәстүр сабақтастығын әлі де жалғастыра бермек.

 

 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи