ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналған парад: пікірлер тоғысы

Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналған парад: пікірлер тоғысы

ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, полковник Жұмабай ТАМАБАЕВ:

– Міне, бүгін Қазақстанның Қарулы Күштеріне 25 жыл толып отыр. Соның құрметіне және Отан қорғаушылар күніне арналған парадтың куәсі болып отырмыз. Қарап отырсақ, әскери әуелетіміз артып, техникамыз еселеніп, қарулы күштеріміздің қауқары жылдан жылға үлкен маңызға ие болып келеді. Осыған шүкір дейміз. Бұл – егемен еліміздің бейбіт күндері жетістігі. Жоғарғы Бас Қолбасшымыздың қолдауымен іске асып жатқан жасампаз істер деп білеміз. Жасай берсін, Қазақстанның айбынды армиясы!

Маңғыстаудан келген ардагер, полковник Ж.ҚУАТБАЕВ:

– Алпыс екі әулелі, киелі жер Маңғыстаудан арнайы Астанаға ат басын тіреп отырмыз. Маңғыстаудан Астанаға елдің сәлемін ала келген осы үшеуміздің де көңіліміз марқайып отыр. Заманға сай жаңа қару-жарағымыз, бойын тіктеп өткен қаншама әскеріміз бүгінгі Қарулы Күштеріміздің жай-күйін паш еткендей. Еліміздің тыныштығы – осы сарбаздар мен сардарлардың қолында. Біз де аянып қалмаспыз, Отанды қорғауға ант бергенбіз, сол антымызда әлі де тұрамыз. Денсаулығымыз сыр бергенше, қасық қанымыз қалғанша қорғай береміз елімізді.

Сержант Назгүл САЯЗБАЕВА, парадқа қатысушы:

– Ең бірінші 2013 жылы жауынгерлік парадқа қатысудан бастағанмын. Биылғы парадқа мен үшінші рет қатысып отырмын.  Парадқа қатысу әрине, біз үшін міндет. Сондықтан да Қарулы Күштері қатарына өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын. Қазақстан Қарулы Күштеріміздің 25 жылдығы құтты болсын!

 

Подполковник Марат ТУРАБАЕВ, Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті:

– Егемендігімізді алғаннан кейін Жоғарғы Бас Қолбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойды. Міне, бүгін соған тура 25 жыл толып отыр. Осы жиырма бес жылда қорғанысымыз бекіп, қару-жарағымыз жаңарып, әскеріміздің қатары көбейіп, бүгінгі күнгі жетістіктерге жетіп отырмыз. Өзім талай жыл осы салада қызмет ете жүріп, көзім жеткені, қазір Қарулы Күштіміз қауқарлы. Қарышты қадамдарымызға еліміз түгілі, өзге ел де куә. Соның айғағы – қорғаныс өндірісімізді және әлеуетімізді айқындатқан «KADEKC» сынды халықаралық игі шаралар. Асқақтай бер, еліміздің айбынды армиясы!

Ефрейтор Ләззат СЕЙІЛҚАДЫРОВА, парадқа қатысушы:

– Мен 54380 әскери бөлімінде сарбаз-телефоншы болып қызмет атқарамын. 2011 жылдан бері әскери парадқа үзбей қатысып келемін. Бұл – менің қатысқан төртінші парадым. Парадқа қатысу – мен үшін үлкен мәртебе. Әсіресе, биыл Қарулы Күштеріміз жиырма бес жылдығы белесіне көтеріліп отыр. Армиямыз айбынды, еліміз абыройлы бола берсін!

Қатардағы Динара ИГІБАЕВА, телеграф, парадқа қатысушы:

– Биыл біз үшін мерейлі мереке. Еліміздің Қарулы Күштеріне ширек ғасыр толып отыр. Соның құрметіне арналған әскери шеруге қатысу бақытына ие болдым. Бұл мені үшін зор қуаныш, абыройлы міндет. Осы үдеден шыға білдік деп ойлаймыз. Қыз-келіншектердің есептобында парадтық киіммен өтуде үлкен толқынысты бастан кештім. Дегенмен, абыроймен атқардық деп ойлаймын. Биылғы 25 жылдығымыз және Ұлы Жеңістің 72 жылдығы құтты болсын!

Бақтияр және Данияр АЯЗБАЕВТАР, оқушы:

– Біз алдында парадты көргенбіз. Осыдан екі жыл бұрын. Биыл ерекше болады дегенді естіп, әкемізбен алдын-ала келіп алдық. Танктер, камаздар көрдік. Тікұшақтар мен ұшақтардың әуелегенін көрдік. Ту алып өткенін түсіріп те алдық. Ертең келе алмаған сыныптастарға көрсетеміз, міне, біздің армиямыз осындай деп. Біз де осындай офицер боламыз! Елді қорғаймыз, жерді қорғаймыз! Біз елімізді мақтан тұтамыз!

 

Сәуле ЖАНШЫБАЙҚЫЗЫ, көрермен:

–Бүгінде қасиетті жеріміз көкте де, жерде де, суда да сенімді қорғалатынына көз жеткіздік. Осы шеру осының айқын көрінісі болып табылады. Әскери шеруге балаларым және немерелеріммен келдім. Бәріміз керемет әсер алдық. Әсіресе, ұшқыштардың "Бәйтерек" монументін бейнелеген арнайы от шашу тәсілі жұрттың таңданысын тудырды. Парадта біздерге ең әдемі болғаны – ұшақтардың бірнеше топқа бөлініп ұшуы, ал тікұшақтардың көк аспанда «25» санын бейнелеп ұшқаны тіпті керемет! Менің балаларымның барлығы әскери салада қызмет етеді.
Жерінің қауіпсіздігін, елінің тыныштығын қорғау әр азаматтың қасиетті парызы, абыройлы міндеті болып саналады. Балаларымның еліміздің шекарасы берік, шебі бүтін болуы үшін қалтқысыз қызмет етіп жүргені парадқа қатысып отырғанда үлкен қуанышқа бөледі.  Осындай әскеріміз күшті болып, егемендігімізді сақтап қалсақ, одан басқа ештеңе керегі жоқ. Барлық әскери қызметшілерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын!

Мадияр ЖӘНІБЕКҰЛЫ, 5 жаста:

-Маған ұшақтар мен тікұшақтар қатты ұнады. Ұшқыштар аспанда 25 саны мен Бәйтеректің бейнесін салды. Өскенде әкем сияқты әскери адам болам.

Бердіхан САЙВ, сержант, 68665 әскери бөлімінде байланыс ротасында бөлімше командирі:

–Егемендігімізді алған алғашқы жылы іргеміз бекіп, қорғанысымыз мықталды. Елбасы Жарлығымен қолға алынған нақтылы істердің арқасында Қарулы Күштеріміздің қанаты қатайды, бұғанасы бекіді. Бұл парад жылдағыдан ерекше болды. Үлкен әсерде отырдым. Парадқа қатыстырылған әскери техниканың бір бөлігі отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарынан шығарылған. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Осы ауқымды әскери шеруден кейін Қазақстан халқының еліміздің армиясына деген сенімі ұлғая түсті деп ойлаймын.  

Еркебұлан СӘРСЕН, 9 жаста, Пердехан, СӘРСЕН, 8 жаста:

–Біз Астанаға Шымкенттен көшіп келдік. Ал,  бұл мерекеге әкеміз алып келді.  Бізге қатты ұнады. Көптеген әскери машиналарды көрдік. Солдаттардың бір ретпен, бастарын тік ұстап жүргендері қандай керемет?!Ұшақтар мен тікұшақтарға қатты қызықтық.


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: минно-тральный корабль "Алатау"

Инфографика: минно-тральный корабль "Алатау"