Қарулы Күштеріміз – халқымыздың сенімді тірегі, мемлекеттің берік қалқаны

Қарулы Күштеріміз – халқымыздың сенімді тірегі, мемлекеттің берік қалқаны

7 мамыр күні Жамбыл облысы Қордай ауданындағы «Отар» әскери базасының аумағында Мемлекет басшысы, ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Отан қорғаушы күніне арналған жауынгерлік парад өтті. Атаулы шараға үш мыңнан астам сарбаз, 300-ден астам қарулану әрі әскери техникасы, 30-ға жуық авиация техникасы қатысты. Парадта әскерилер қазақ әскерінің қауқары мен әлеуетін паш етті.

«Әр сарбаз жауапкершілігін сезінуге тиіс»

Салтанатты жиында Президент қазақстандықтарды Отан қорғаушылар мерекесімен құттықтады. «Баршаңызды ұлы Отан қорғаушылар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Баһадүр бабалар ұлы даламызды ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап бізге аманат етіп қалдырды», деді Елбасы әскери парадтың ашу рәсімінде. Сонымен қатар бүгінгі әскерлерге зор міндет жүктелетінін атап өтті.

«Ұранды елдің ұрпағы айбарлы келеді» деген дана халқымыз. Бүгінгі айбынды армиямыз үшін елдің тыныштығын сақтап, тәуелсіздіктің қорғаны болу – мәртебелі зор міндет. Жау жүрек жауынгерлердің көтеретін жүгі ауыр, бірақ ол – абыройлы борыш, қастерлі парыз. Қарулы күштеріміз – халқымыздың сенімді тірегі, мемлекеттің берік қалқаны», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы жауынгерлік ту мен әскери дәстүрдің маңызына тоқталды. «Жауынгерлік ту – туған жерге адалдықтың, ерлік пен батырлықтың нышаны. Қасиетті байрақ рухы биік, ер жүрек сарбаздарды әрдайым жеңіске жетелейді. Бауыржан Момышұлының «батырлық өскен ортаға, көрген тәрбиеге байланысты» деген сөзі бар. Азаматтарды отансүйгіштікке тәрбиелеу ісінде әскери дәстүр маңызды рөл атқарады. Әр сарбаз Отан қорғаушы ретінде өзінің ел алдындағы ерекше жауапкершілігін сезінуге тиіс», деген Президент Қарулы Күштер қатарындағы жігерлі жігіттер, аяулы арулар да әскери қызметін абыроймен атқарып жатқанын атап өтті. Президенттің пікірінше, Отан қорғаушылар мерекесі ел азаматтарымен қатар сап түзеген қайсар қыздарға да ортақ.

Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет тарапынан әскери қызметкерлерге тиісті қамқорлық жасалып отырғанын атап өтті. «Мемлекет Отан қорғаушыларға ерекше қамқорлық көрсетіп келеді, көрсете береді. Өткен жылы әскери қызметкерлердің лауазымды жалақысы 25 пайызға артты. Әскерилерді тұрғын үймен қамтамамыз ету мәселесі шешімімен өз ретін тауып жатыр. Мұның бәрі Қарулы Күштер сарбаздарының ар-намысы мен айбынын арттыруға жол ашады. Сондықтан мен сіздерді әскери антқа адал болады деп сенемін», - деп түйіндеді сөзін Қазақстан Президенті.

Әскери парад – жауынгер дайындығының шынайы көрінісі

Аумақтық қорғаныс бригадаларының жауынгерлік туларын облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне тапсыру рәсімінен кейін Арнаулы операциялар күштерінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Ұлттық ұланның, Әскери-теңіз күштерінің арнаулы мақсаттағы жасақтарының, сондай-ақ аумақ әскерлерінің әскери қызметшілерінің шеруге қатысушы құрамдары сап түзеп өтті.

Заңсыз қарулы құрылымдардың шартты базасын жою жөніндегі тактикалық эпизодтарды орындау барысында «Точка-У» тактикалық зымырандық кешені, «Град» және «Прима» дүркін отшашу зымырандық жүйесі, МСТА-Б және Д-30 зеңбіректері, «Солнцепек» ауыр отшашу зымырандық жүйесі, «Штурм-С» танкіге қарсы зымырандық кешені және Ракета әскерлері мен артиллерияның басқа да қару түрлерінің мүмкіндіктері көрсетілді. Құрлық әскерлері және Әуе қорғанысы күштерінің әскерлері зымырандармен от шашып, бомба лақтырды, сондай-ақ барлық қару түрінен оқ атты. Әскери-әуе күштерінің майдандық және армиялық авиациясының ұшақтары мен тікұшақтары аспанда әуе ұрысын жүргізді. «Жетісу Барысы» ұшқыштар тобы жоғары пилотаждық шеберлігін көрсетті.

Әскери парадқа 3 мыңға жуық әскери қызметші қатысып, 300 әскери техника мен қару-жарақ және 40 ұшу аппараты жұмылдырылды.

Соңында Мемлекет басшысы әскери техника мен қару-жарақтың заманауи үлгілерімен танысты, сондай-ақ дала жағдайындағы ұрыста көрсеткен шеберліктері, оқ ату кезіндегі мергендіктері және жауынгерлік дайындықтары үшін парадқа қатысушылардың барлығына алғыс білдірді.

«Әскери парад сіздердің жауынгерлік шеберлік деңгейлеріңіздің және дала жағдайына жаттыққандарыңыздың шынайы көрінісі болды. Парад Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік дайындығы мен кәсібилік деңгейінің одан әрі артуына септігін тигізеді деп сенемін. Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс күнімен құттықтаймын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Мен қазақпын» әні көк аспанда әуеледі

Осы күні әскери парад барысында «Мен қазақпын» әнін бір мезетте 3 мың сарбаз шырқады. «Отардағы» полигонда сап түзеген әскерилердің «Мен қазақпын» әнін орындап жатқаны туралы видео әлеуметтік желіде тарап, халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Видеода Қазақстанның көк Туын желбіреткен жүздеген сарбаздың бір кісідей «Мен Қазақпын» әнін шырқап тұрғанын көруге болады. Жауынгерлер рухты әнді әскери оркестрдің сүйемелдеуімен орындады. Жазба барысында ұйымдастырушылардың дауыстап белгі берген пәрмені естіледі.

«Ел ішінде ұрпақ бойындағы патриоттық сезімді ояту үшін ер тұлғаларды əскерге алмай тұрып-ақ осылай қатаң түрде шеруге баулыса, ішкі рух бекіп, нығаяр еді. Өзім шеруді көріп отырған күйі Қазақ болып туғаныма мақтандым. Мақтанышым артып, елге деген құрметім артқаны рас», - деп жазба қалдырған әлеуметтік желі қолданушыларының бірі. Аталған бейне жазба #менқазақпын хэштегімен әлеуметтік желіде кеңінен таралуда.

Айта кетерлігі, ел ішінде соңғы 5-6 ай шеңберінде ғана кеңінен шырқала бастаған «Мен қазақпын» әнін талантты жас әнші Қуандық Рахым эстрадалық жанрда орындап жүр. Сөзін ақын Нұржан Өмірбай, ал әнін Жарасхан Төлебай есімді жас композитор жазған. Ән авторы Жарасқан Төлебайдың айтуынша, «Мен қазақпын» әні кейінгі буын өкілдерінің шетел музыкасына еліктеуі өршіп бара жатқан уақытта, елдің рухын оятатын қазақ әні жат елдің даңғазасына тойтарыс болсын деген мақсатта туындаған. «Қазақстан әскері – еліміздің тірегі. Бір мемлекеттің әскері сапта тұрып, «Мен қазақпын» әнін шырқап тұрса, әрине бұл мен үшін зор қуаныш, үлкен жетістік», дейді ол.

Ал ән сөзінің авторы Нұржан Өмірбай «Мен қазақпын» әні елге деген махаббаттан туындағанын атап өткен. «Мен қазақпын» өлеңі, ең алдымен, елге деген махаббаттан туған дүние. Онсыз да «Мен қазақпын» деген өлең көп қой. Соның ішінде шоқтығы биігі – Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп басталатын өлеңі. Менің өлеңім де атамыздың осы өлеңінің шекпенінен шыққан. Бірақ мен бұл жолы «Қазақ болып тумағанда, не етер ем» деп керісінше қарап көрдім. Егер біз қазақ болып тумасақ, біраз игіліктен, біршама құндылықтан айырылып қалады екенбіз. Толғағы жетіліп тұрған дүние болғандықтан, өлеңнің мәтіні оңай жазылды. Қазір әлеуметтік желіні ашып қалсақ, бір қазақ сүрініп, құлай кетсе, оны алаулатып-жалаулатып жан-жағынан жегідей жеп, шибөріше талап, жетер жеріне жеткенше атойлап, жан-жаққа жар саламыз. Ал біреу жеңіске, жетістікке жетіп жатса, оның жарнамасы дәл осындай бола қоймайды. Болған жағдайдың өзінде де, одан да бір сын тауып, мін тауып, сүріндіріп жіберуге ұмтылып тұрамыз. Бұл шығармам әлеуметтік желідегі көңілге қаяу салатын кейбір келеңсіздіктерге қарсы күрес ретінде туған өлең болатын», - деді Нұржан Өмірбай.

«Мен қазақпын» әнінің орындаушысы Қуандық Рахым бұл әнді әскерилердің орындағанын әлеуметтік желіден көріп, бойын қуаныш кернегендігін айтады. «Ең алғаш әлеуметтік желіден көрдім. Естіген кезде, әрине, ерекше бір сезімге бөленіп, бойымды үлкен бір қуаныш билегені рас. Əнші үшін әр ән өз баласындай. Əн халықтың көңілінен шығып, өз орнын тауып жатса, одан артық бақыт бар ма? «Мен қазақпын» әнінің халықтың пайдасына жарағанына қуаныштымын», дейді әнші.

«Отардағы» 40-әскери база аумағында өткен жауынгерлік парад тікелей эфир арқылы Қазақстан жұртшылығына көрсетілді. Соңғы рет жауынгерлік парад 2013 жылы өткен болатын.

Керек дерек

2012 жылы ҚР Үкіметі 7 мамырды мемлекеттік мереке - Отан қорғаушы күні ретінде белгіледі. Сол уақыттан бері 7 мамыр айбынды әскердің айтулы күні ретінде жыл сайын аталып өтілуде. 1992 жылдың 7 мамырында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен егемен ел – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Дербес елдің Қарулы Күштері құрылған уақытта Жоғарғы Бас Қолбасшылық Президентке жүктелсе, Тәуелсіз елдің тұңғыш Қорғаныс министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағанбетов тағайындалды.

1992 жылы ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшының Жарлығымен Құрлықтағы әскер, Əуе қорғанысы күштері мен Əскери теңіз күштерінің бас штабтары бекітілген еді. Аэроұтқыр күштерге Жоғарғы Бас Қолбасшының резерві құзыры беріліп, 2001 жылдан бастап Қазақстан «Орталық», «Оңтүстік», «Батыс» және «Шығыс» – төрт әскери өңірліктерге бөлінді.

2012 жылғы 3 мамырда Нұрсұлтан Назарбаевтың қол қойған «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдығы туралы» Бұйрығы негізінде «Отан қорғаушы күні» бекітіліп, оның құрметіне 2013 жылы Астанада тұңғыш рет жауынгерлік парад өтті. Оған 7 мыңнан астам әскери қызметші, 400 бірліктен аса әскери техника, 86 ұшақ пен тікұшақ тартылған еді.

ҚР Қарулы Күштері құрылғалы бері Қорғаныс министрлігінің басшылығында Сағадат Нұрмағамбетов (1992-1995), Әлібек Қасымов (1995-1996), Мұхтар Алтынбаев (1996-1999 және 2001-2007), Сәт Тоқпақбаев (1999-2001), Даниал Ахметов (2007-2009), Әділбек Жақсыбеков (2009-2014), Серік Ахметов (2014), Иманғали Тасмағамбетов (2014-2016) жетекшілік етті. 2016 жылдың қыркүйек айынан бастап бұл жауапты міндетті генерал-полковник Сәкен Жасұзақов атқарып келеді.

 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства