Отан алдындағы адалдық

«Өжеттілік пен қайсарлық – жауынгердің, тіпті мүмкін емес деген жағдайдың өзінде өз өмірін абыроймен өлімге бас тігуге тәуекел етушілік, игілікті құлшыныс...» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, әскери борышқа адалдық танытқан әрбір жауынгер Отан алдында өжеттілік пен қайсарлық танытуы хақ. Бүгінгі әңгіме 2006 – 2013 жылдар аралығында Сарыөзек әскери гарнизонындағы 74262 әскери бөлім (жанар-жағар май сақтау бөлімінің)  бастығы лауазымын атқарған майор Қайрат Балтабайұлы Қожахметовтың Отан алдындағы атқарған борышы жайында болмақ. Бейбіт күнде әскери қызметтегі офицерлер мен жауынгерлердің ерліктерін біле бермейтініміз шындық. Алайда, қауіп төндірерлік жағдайда ел мен жердің қамын ойлаған осы бір азамат жайында айтпай кетуге болмас деп ой түйіп, қолыма қалам алған едім.

Қайрат Балтабайұлы 1976 жылы 28 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы, Шахта-тогус кентінде Балтабай Қойшығараұлы мен Қызылгүл Қабылбекқызының отбасында төрт қыз бен алты ұлдың бірі болып дүниеге келді. Әкесі Балтабай Шымкент қаласында фосфор зауытында, шахтада қарапайым жұмысшы болса, анасы Қызылгүл аспаз болып еңбек етті. Пысық та елгезек ұлдары Қайрат орта мектепте бірінші сыныптан сегізінші сыныпқа дейін орыс сыныбында оқыды. Одан соң 9-11 сыныпты Шымкент қаласындағы Сабыр Рахымов атындағы (бұрынғы Суворов атындағы) әскери мектеп-интернатында білімін жалғастырды. 1994-1999 жылдар аралығында Ульяновск қаласындағы Богдан Хмельницкий атындағы жоғары әскери-техникалық училищесінде оқып, ойдағыдай тәмамдады. Сол жылдың сәуір айында алғашқы еңбек жолын лейтенант шенімен Сарыөзек әскери гарнизонындағы 10989 әскери бөлімі командирінің орынбасары, штаб бастығы боп бастады. 2003 жылы Шымкент қаласындағы 10278 әскери бөлімінде жанар-жағар май қызметінің бастығы болып, 2004 жылы Тараз қаласындағы 63563 әскери бөліміне жанар-жағармай қызметінің бастығы болып ауыстырылды. Сарыөзек әскери гарнизонындағы 10989 әскери бөлімі 2006 жылы 74262 әскери бөлімі боп аталды. 2006 - 2014 жылдар аралығында 74262 әскери бөлімінің бастығы болып қызмет етті. 2014 жылдан бері Алматы қаласындағы 29219 әскери бөлім командирінің орынбасары, штаб бастығы қызметін адал атқаруда. Ол осы уақытқа дейінгі еңбек жолында І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» және бірнеше мерейтойлық медальдармен, сондай-ақ, жоғары басшылықтың бірқатар Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. 2010 жылы наурыз айында майор, 2015 жылдың шілде айында подполковник шендерін иеленді.
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің жанар-жағар май қызметі техникалық құралдармен, сондай-ақ, жанар-жағар маймен толық және үздіксіз қамтамасыз ету үшін жоғары санатты мамандарды қажет етеді. Осы орайда, КСРО Қарулы Күштерінің жанар-жағар май қызметінің офицерлер кадры Ульяновск қаласындағы Богдан Хмельницкий атындағы жоғары әскери-техникалық училищесінде дайындалатын еді. Жанар-жағар май қызметі тылдық қамсыздандыру жүйесінің орны ерекше. Ұрысқа шыққан автомобиль, танк,  ұшақтарға жанар-жағар майдың, сұйық отынның әртүрлі түрлері жұмсалатыны белгілі. Жанар-жағар май қызметінің жеке құрамы «Жанар-жағар майсыз әскер болмайды» деген ұранмен жұмыс істейді. Осындай жанар-жағар май  қызметі бөлімдерінің бірі - Сарыөзек әскери гарнизонындағы  74262 әскери бөлімі. Ол ҚР ҚК Тыл басқармасының құрамында болып, Алматы қаласындағы 29219 әскери бөліміне бағынады. Сарыөзек әскери гарнизонындағы бұл бөлім – жанар-жағар майды қабылдайды, сақтайды және Сарыөзек ауылы, Талдықорған, Жаркент, Үштөбе қалаларында орналасқан әскери бөлімдер мен мекемелерді жанар-жағар маймен қамтамасыз етеді.
2008 жылдың тамыз айында Сарыөзек оқу-жаттығу орталығында танк бөлімшесінің ұрыс қаруымен тактикалық жаттығу өтті. Сонда Қайрат Балтабайұлының басқаруындағы аталмыш бөлім дала жаттығуында жанар-жағар май пунктін орналастырып, ұрыс техникаларын қамтамасыз етіп, жоғары жаттығу көрсеткішін байқатты. Одан бері де өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді.
Сарыөзек әскери гарнизонының 74262 әскери бөлімінде 410 тоннаны құрайтын зымыран отынының қоры сақталған болатын. Өте қауіпті сұйық отынның жаздың күндері буланып, өзі тұрған аумаққа зиянды әсерін тигізу қаупін төндірді. Кеңес Одағының кезінде елімізде болған «меланж» зымыран отынының сапасыз қорын жою өзекті мәселелердің бірі болды. КСРО заманынан қалған, одан бері сақталып келген «меланж» зымыран отынын жою мақсатында ҚР Қорғаныс министрлігіне 74262 әскери бөлім (жанармай сақтау бөлімі) бастығы Қайрат Балтабайұлы Қожахметов 2006 жылдан 2013 жылға дейін жиі хат жазып, шешімін күтті. Елдің, жердің қауіпсіздігін ойлаған ол жауап күтуден жалықпады.  
«Тамшы да тас жарады» дегендей, үздіксіз жазылған хаттың жауабы да келді. 2013 жылдың 19 наурыз айында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің №114 бұйрығы бойынша «меланж» атты қауіпті сұйық отынын Ресей жеріне тасымалдап, пайдаға асыру міндеті қойылды. ҚР ҚК әскери бөлімдерін экологиялық сақтандыру мақсатында ҚР Қорғаныс министрлігі, Европа ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымы (ЕҚЫҰ) және Ресей Федерациясының Техноазот жабық акционерлік қоғамы арасында үшжақты келісімшарт жасалды. Ауқымды да қауіпті шара 2013 жылдың маусым айында жүзеге асты. 74262 әскери бөлімі аумағынан «меланж» зымыран отынының шығарылуына ҚР ҚК әуе қорғаныс күштері, құрлық әскерлері, Тыл басқармасы, арнайы әскерлер, әскери полиция, әскери-медициналық бас басқармаларына бағынышты әскери мекемелер мен бөлімшелерден жасақталған елу екі әскери қызметші және жиырма екі арнайы техника жұмылдырылған еді. ҚР ҚК Тыл басқармасының офицерлері – полковник Б.Алдабергенов, майор Р.Ямилов, сондай-ақ, майор Қ.Қожахметовтың басқаруындағы 74262 әскери бөлімше командасының қосқан үлестері зор болды. Әскери міндет қауіпсіздік шараларының сақталуымен ауқымды іс ойдағыдай атқарылды.
Мінсіз атқарылған шараға қатысқан Украина Республикасы атынан келген өкілдер - ЗАО НПФ «Техноазот» бас директоры С.Ушаков, ЕҚЫҰ секретариатының бас менеджері А.Мартынюк, Ресей Федерациясы қорғаныс министрінің мемлекеттік бақылаушысы О.Прокопенко, ЕҚЫҰ-ның Астана қаласындағы өкілі Н.Зарудная 74262 әскери бөлімнің жеке құрамына алғыстарын айтып, өздерінің қолтаңбаларын қалдырған еді.
Қайрат Балтабайұлы әңгіме барысында: «меланж» - бұл азот қышқылының 90 пайыздан артық және күкірт қышқылының аз мөлшерінен тұратын ракета жанар-жағар майының сұйық компоненті. Өте қауіпті қоспа уақыт өткен сайын металл ыдыстың, яғни цистернаның қабырғасын жейді. Ыдыс тесілмеу үшін оны ауыстыратын уақытта басқа ыдысқа құйып отыру керек. Белсенді ортада онымен қарым-қатынас жасау өте қауіпті. Атқарылған шаруаны айтуға оңай, әрине. Сол кезде офицерлердің қобалжып, күн-түн демей, «Елімізге, жерімізге қауіпті отынның зиянын тигізбей, әскери міндетімізді абыроймен атқарып, орындасақ» деген  күдік пен қорқыныш ұялаған сәттерін біреу білсе, біреулер білмес. Жан-жақты дайындық әбден зерттелді, мамандар мен техниканың да жағдайы толық зерделенді. «Бейбіт күнде дайындық жақсы болса, ұрыста жеңіл болады» дегендей, қайта құю, тасымалдау жұмыстары арнайы тактикалық оқу-жаттығулар ретінде жүргізіліп, жеке құрамның әскери әдістері сенімді әрі шебер игерілуі тексерілді» деді өткенді еске алып.
2013 жылдың 15 шілдесінде BNews.kz веб-сайтында тілші Айымгүл Әбілеваның  «Қазақстаннан 400 тоннадан астам қауіпті зымыран отыны Ресейге шығарылды» атты мақаласы жарияланған болатын. Онда: «Бұл жөнінде бүгін ҚР Қорғаныс министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы ҚК Тыл басқармасының бастығы: «29 маусымда Кеңес уақытынан бері Қазақстан аумағында сақталып келген зымыран отынын Ресейге қайта өңдеуге жөнелту жұмыстары аяқталды. Бұл күні Қазақстандағы ЕҚЫҰ елшісі Наталья Заруднаяның қатысуымен Ресейдің аумағына тасымалдау үшін Нижегородск облысы, Дзержинск қаласындағы кәсіпорын бұдан әрі кәдеге жарату үшін теміржол цистерналарына тиелді. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің бір топ әскери қызметшісі Сарыөзек кентіндегі 74262 әскери бөлімінде зақым келген теміржол цистерналарын және зымыран отынының құрамдасын сақтау орындарын залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуде», – деп  мәлім етті» делінген.
«Ұтымды ұйымдастыра білген ұтады» деген сөз бекерге айтылмаса керек. Халықаралық дәрежедегі маңызды да жауапты міндеттің шығынсыз, зиянсыз атқарылуына бар жауапкершілікті өз мойнына алған 74262 әскери бөлімнің командирі майор Қожахметов Қайрат Балтабайұлының жан-жақты ұйымдастыруының арқасында ауқымды жұмыс еш кедергісіз жүргізілгенін айта кеткеніміз абзал болар. Мәселен, өзге де әскери бөлімдерден келген әскери қызметшілер мен азаматтық қызметшілердің жатын орындары, тамақтану кестесі, тасымалдау, жуынып, шайынатын тазалық орындары, демалатын бөлмелердің барлығы санитарлық талапқа сай әзірленді. Жұмылдырылатын техникалар мен құрал-жабдықтар да еш кедергісіз қозғалатын жайлы орындарға орналастырылды. Бұл шаруалар уақ-түйек болып көрінгенімен, аталған шаруаны атқаруға зор ықпалын тигізгені анық. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2013 жылдың 6 қарашадағы №520 бұйрығы бойынша 74262 әскери бөлімнің жеке құрамына «меланж» зымыран отынын Ресей жеріне жөнелтуде өз міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін марапаттау бұйрығы шықты. «Біздің әскери бөлімнің жеке құрамы бұл марапатты үлкен абырой және құрмет деп білдік. Бөлім бойынша он төрт әскери қызметшіге, азаматтық құрамға алғыс жарияланып, үш адам мемлекеттік наградаға ұсынылған еді» – деді подполковник Қайрат Балтабайұлы.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Қайраттың қайырымды іске қол жеткізбей тынбайтын қасиетін де ерекше атауға болады. Көп жылдар бойы жанар-жағар май сақтау бөлімі орналасқан қалашық тұрғындарының балалары аудан орталығындағы мектепке жаяулатып келіп-қайтатын-ды. Осы өзекті мәселені шешу үшін аудан басшыларына бірнеше рет хат жазды. Осы жолда нақты нәтижеген қол жеткізуді ұстанған Қайрат Балтабайұлының тілегені көп ұзамай орындалды. Бұл жайында аудандық «Кербұлақ жұлдызы» газетінің 2014 жылғы 14 ақпандағы №7 (3704) нөміріне «Әкім бол, халқыңа жақын бол» айдарымен «Алғысымыз шексіз» атты мақала жарық көрді. Онда 74262 әскери бөлім басшылығы және қалашық тұрғындары жаңадан келген аудан әкімі Бағдат Байшалұлы Алиевке балаларының мектепке қатынауына арнайы микроавтобус бөлгеніне зор алғысын білдірген-ді.
Ол өмірлік жары Алима Құрбанбаевамен Анель, Кәусар және Талғат атты ұл-қыздарын мәпелеп өсіруде. Анель Алматы қаласы, Түркісіб ауданы, №32 орта мектебінің 9-сынып оқушысы болса, Кәусар – бірінші сыныпта. Ал, Талғат бір жаста. «Бала – бауыр етің» дегендей, аудандық «Кербұлақ жұлдызы» газетінің 2009 жылғы 27 ақпанында жарық көрген «Баршаңыздан қайрымдылық күтеміз» атты мақалада 5 жасар қызы Анель Қайратқызының туғаннан сүйегі өзінен-өзі сына беретін «Несовершенный остеогенез» диагнозды науқасқа шалдыққандығы, біршама жерге апарып қаратқанымен дауасы болмағаны, осындай диагнозбен ауырған ауруды емдеп жазған  Мәскеудегі америкалық орталыққа апарып емдету үшін қыруар қаржының қажеттігі айтылып, халықтан көмек сұраған-ды. «Көп түкірсе - көл» дегендей, көмек қолын созған аудан тұрғындары мен Сарыөзек әскери гарнизонының қызметкерлеріне аталмыш газеттің 3 сәуірдегі нөміріне зор алғысын білдірген-ді. Бүгінде Анель ата-анасының қамқорлығымен емін тоқтатқан жоқ. Он үшке толған бүлдіршіннің жүріп-тұруы қиын болғанмен сүйектерінің сынғаны басылды. «Отбасым - байлығым» деген қамқор әке қашанда отбасын бірінші орынға қояды.
«Көргені жақсы көш бастайды» дегендей,  «меланж» атты қауіпті отынның Ресей жеріне тасымалдануына, оның зиянының алдын бөгеп, маңызды шаруаның атқарылуына мұрындық болған Қайрат Балтабайұлының отбасына бақыт пен шаттық, еңбегіне жеміс тілейміз.

Айнаш ҚАСЕНОВ

Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"