Наурыз - жыл басы

Елімізде бірер күннен кейін Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі айрықша аталып өтіледі. Тарихи тамыры тереңге бойлаған бұл мейрамның аңызы мен әфсанасы жетерлік. Десек те, сан ғасырлық шежірелі Наурызды еліміз қайта жаңғыртып, ерекше тойлайтыны ақиқат.

 Қазығұрттан басталған...

Адамзаттың алтын бесігі – киелі Қазығұрт тауына қатысты аңызды білмейтін қазақ жоқ. Жер бетін басқан топан су тартыла бастағанда бүкіл тіршілік иелерінен бір-бір жұптан салып алған Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрттың басына келгенде қайырлайды. Бұл күн мен түннің теңескен жыл басы – Наурызға, яғни Ұлыстың ұлы күніне дөп келеді.

Міне, осылайша жер бетіндегі жаңа тіршілік осы Қазығұрт тауынан басталады деседі. 

Әрине, бұл – аңыз. Дегенмен аңыз түбі ақиқат екенін де ұмытуға болмайды.

  Самарқанның көк тасы...

 Жердiң тоңы жіби бастаған шақта көнекөз қариялар «Самарқанның көк тасы еритін күн келіп қалды» деп жатар еді. Оң мен солды әлі тани қоймаған бала кезіміз ғой. Көз алдымызға анау-мынауға ери қоймайтын тастың балқып жатқаны келеді. «Бұл не деген құдірет, сонда тас та ери ме?» деп қоямыз. Балалық қиялмен талай жерді шоламыз. Жауабын таба алмаймыз. Үлкендерден сұраймыз. Кейбірі білгенін айтқан болады. Олай екен дейді. Бұлай екен дейді. Нақты жауапты ешкім де айтпайды. 

«Самарқанның көк тасы еріді ғой, енді бет қарыған үскірік болмайды» деп топ­шылайды біреулер. Естуімізше, одан кейін елсіз далада қалып қойған адам да еш үсімейді екен. Сонда ел-жұрттың аузынан түспейтін көк тастың мәні ерекше болды ғой...
Әйтеуір, оның астарында да үлкен мән жатқан тәрізді.

Ғылым мен техника қазіргідей дамы­маған болса да, аспан әлемінің қыр-сырын білгісі келген ғұлама Ұлықбектің обсерва­ториясында тұрған тасқа Ұлыстың ұлы күні қарсаңында күн сәулесі тікелей түсіп, ерітеді екен деген де әңгіме айтылады. Сондай-ақ Самарқан топырағында әйгілі Ақсақ Темірдің отырған тағы бар. Әрине, тақтың жібуі – екіталай нәрсе. Дегенмен дәл осы күні қабағы қату сұсты хан ел мен жұрттың қателігі болса кешіріп, рақым жасайды деген де айтылады. 
Елдегі ағайын Самарқанның көк тасы ерігеннен бастап өз қамын жасай бастайды. Қазір де солай. Жерді емген егінші дала қо­сына шығады. Малшы төрт түліктің бабын жасайды. Әйтеуір, қыс ауасына дейін жалғасатын қым-қуыт тіршілік нау­рыз айының бел ортасынан қыза түседі. Ұлттық ұғымға қайшы келетін талай әрекетке барған кешегі кезеңде де аға буын аталмыш уақытты асыға күтіп жа­татын. Сол күннен кейін наурызкөже қа­занға құйылып, алыс-жақындағы аға­йын осы дәмнен ауыз тиетін. Самарқан­ның көк тасы еритін күн береке мен бірліктің бастауы секілді бізге...

 

Көп елде ресми тойланады

Десек те, аңызы көп Наурыз мейрамы – халықаралық мереке. Шығыс өркениетіне жататын халықтар үшін Жаңа жыл болып есептелетін бұл мерекені өзге өркениет өкілдері де мойындайды. Мысалы, қазірдің өз­інде Наурыз мейрамын Қазақстан, Әзірбайжан, Албания, Ауғанстан, Босния және Герцеговина, Үндіс­тан, Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Ресей құрамындағы Татарстан, Башқұртстан сияқты мемлекеттер ресми түрде атап өтеді. Сонымен қатар Түркия, Өзбекстанда да мемлекеттік мейрамдар қатарына енгізілген.

 Елімізде қайта жаңғырды

 Ұмыт бола жаздаған ұлттық мерекені қайта тірілтуде көп еңбек сіңірген ғалым Өзбекәлі Жәнібеков ағамызға мың тағзым етуге тиіспіз. Наурызға қатысты зерттеулер жүргізген өзге де ғалымдарымыз аз емес. Солардың бірі – этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы. Ол да Наурызға қатысты осы пікірді қуаттаған. Ғалым Мәскеудегі В.Ленин кітапханасындағы араб қарпімен жазылған «Наурыз» атты жырда Нұх пайғамбардың кемесі Қазы­ғұртқа қайырлағанда күн мен түн теңелген уақыт екендігі айтылғанын кездестірген. Сөйтіп, араға 62 жыл салып, 1988 жылы Қазақстанға бұл мерке қайта оралды. Осы жылдары Алматыда және Жамбыл ауданында, ал 1989 жылы еліміздің барлық облыстарында есте қаларлықтай қызығы мол, өрісі кең, халықтық сипатта өтеді. Міне, сол 1989 жылдан бері Наурызымыз қайта түлеп, қайта түрленіп, ел ортасында есте қаларлықтай ерекше тойлана бастады.


   Мемлекеттік тұрғыда тойланады

   2008 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Наурыз мейрамын жаңа тұрғыда мерекелеу қажет екенін айтқан болатын. Мемлекет басшысының осы бастамасына байланысты Парламентке депутаттар 2009 жылы 4 наурыз күні «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға өзгеріс енгізуді көздейтін заң жобасын мақұлдады. Кейін Сенат қарап, қабылданған заңға Қазақстан Президенті қол қойды. Сол заңға сәйкес мемлекеттік мереке Наурыз мейрамы бір күннің орнына үш күн бойы, яғни, 21-22-23 наурыз күндері мерекеленетін болды. Жалпы БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан халықаралық мейрам деп танылған әз-Наурызды біздің ел ғана емес, Шығыс халықтары да әспеттеп, ерекше түрде атап өтеді.

 Міне, осы үш күндік мереке кезінде еліміздің  түкпір-түкпірінде ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, дастарханымыздан ас кетпей, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз қайта жаңғыртылып, халқымыз ерекше шаттық күйге бөленіп жатады. Осындай шаттық пен ынтымақтастық мерекесінен еліміздің Қорғаныс  саласы да тысқары қалмай жатады. Жыл сайын әр әскери салалар мен әскери бөлімдерде Наурыз мерекесін насихаттайтын іс-шара кеңінен ұйымдастырылып өтіп жататыны – соның айғағы.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"