Намысты жанитын жауынгерлік парад

Намысты жанитын жауынгерлік парад

Биыл 7 мамырда Отан қорғаушылар күніне орай «Отар» 40-әскери базасында Жауынгерлік парад өткізіледі. Республикалық деңгейдегі маңызды шараға дайындық Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Мұқан Дүйсекеевтің басшылығымен өтуде.

Жауынгерлік парадты дайындау бойынша арнайы құрылған жедел топтың құрамына Қазақстанның Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштерінің әртүрлі құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері кірген. Әскери шеруге дайындық жөніндегі барлық мәселелерді үйлестіру міндеті осы жедел топқа жүктелген. Қазіргі уақытта әскери база аумағында Жауынгерлік парадқа қатысатын техникалар мен бөлімшелердің жеке құрамы шоғырланып, бірлескен дайындықтар жасалып жатыр. Оған барлығы 3 мыңға жуық әскери қызметші, 300-ден аса бірлік қару-жарақ пен әскери техника және шамамен 30 бірлік ұшу аппараты қатысатын болады.

«Отар» 40-әсери базасына темір жолмен екі эшелон танкі және мотоатқыштар бөлімшелері жеткізілді. Ақтаудан теңіз жаяу әскерінің батальоны мен «Батыс» өңірлік қолбасшылығының барлау бөлімшесі келді. Оның алдында Отарға авиациялық материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімдері барлық қажетті құрал-жабдықтарымен жеткен болатын. Жауынгерлік парадқа алаңсыз, тыңғылықты дайындалу үшін әскери авиация ұшқыштарына арналып жеке лагерь тігілген. Парадтық есептоптардың күнделікті тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін жауынгерлерге барлық қажетті жағдай жасалған далалық лагерь құрылған.

Құрлық әскерлері мен Әуе қорғанысы күштері «Мәтібұлақ» полигонында өтетін парад кезінде бүгінгі күнде жарақтанған заманауи қарулар мен техникаларды іс жүзінде қолданып тактикалық шеберліктерін көрсетеді. Дайындықтың бастапқы кезеңінде парадтық қораптардың сап түзеу тәртібі нақтыланып, парадқа қатысушылармен сәлемдесу тәртібі, туды шығару элементтері, сондай-ақ жеке құрамның салтанатты маршпен жүріп өтуі пысықталған болатын. Қазіргі кезде барлық атыс қарулары, танктер мен әуе күштерінің жауынгерлік ұшақтары негізгі дайындықтан өтті.

«Отар» 40-шы әскери базасының аумағында өтетін жауынгерлік парадта сарбаздар сап түзеп қана қоймай, атыс шеберліктерін көрсетеді. Яғни, осында жиылған небір соғыс құралдары – автоматтар, танкілер мен зымырандардың қалай атылатынын жұрт өз көзімен көреді. Парадқа қатысатын жауынгерлердің барлығы психологиялық және саптық даярлық бойынша іріктелген ең үздіктер. Биылғы шараға әскерилер мен қару-жарақ және әскери техникадан бөлек, отызға жуық ұшу аппараты қатысады.

Айта кетейік, жауынгерлік парад елімізде алғаш 2013 жылдың 7-ші мамырында осы «Отар» 40-шы әскери базасында өткен еді. Онда 7 мың әскер мен 400 әскери техника және 80 ұшақ пен тікұшақ қатысқан болатын. «Қазіргі уақытта Құрлық әскері бөлімдерінің оқу-жаттығу атуларына дайындық шаралары жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында Т-72 танкілері, жаяу әскерлердің соғыс көлігі, «Арлан» жауынгерлік көлігі және десанттық шабуылдау жасақтарының зенитті бөлімдері бар», -дейді Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің жауынгерлік дайындығын ұйымдастыру басқармасының бастығы Қанат Қазизов.

Әскери шеруде майдандық, армиялық және әскери-көлік авияциясы, С-295 су жаңа әскери-көлік ұшақтары мен СУ-30 көп нысаналы жойғыштары ел назарына ұсынылады. Одан басқа, аумақтық қорғаныс әскерлеріне алғаш рет жауынгерлік туды табыс ету рәсімі көрсетіледі. Қазір Қазақстанның әр өңірінен шеруге арнайы келген әскери қызметшілер әскери палаткаларда тұрып жатыр. Қазақстанда жауынгерлік шеру екінші мәрте өткізілуде. Биылғы шерудің ерекшелігі – заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы, авиацияны жауынгерлік тұрғыда қолдана отырып, барлау бөлімшелерінің шынайы тактикалық іс-қимылдарын көрсету.

Оқу-жаттығу өтіп жатқан сынақ алаңынан Қорғаныс министрлігінің өкілдері ақпарат таратпақ. Негізгі спикерлер арасында Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Мұрат Бектанов, Қарулы Күштер бас штабы басшысының орынбасары Әділбек Алдабергенов және «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Дулат Адырбеков бар. «Осы жауынгерлік парадқа бір ай бұрын – наурыз айында әкімшілік құрылып, дайындығын бастады. 8 сәуірде әскери парадқа қатысушы қызметшілер осы базаға келіп 4 далалық лагерь мен казармада ұйымдастырылды. Биылғы жауынгерлік парадтың ерекшелігі арнайы операциялық күштерінің тактика қимылының жаңа және модернизацияланған жаңа қару-жарақ пен техниканы қолдануды көрсетуі болмақ», – дейді Дулат Адырбеков.

Жамбыл жерінде өтетін шоқтығы биік шараға дайындық қыза түсуде. Қазіргі таңда барша әскери құрылымдар жұмылып, ел айбынын айғақтайтын парадтың жоғарғы деңгейде өтуі үшін бар күш-жігерін жұмсауда. Жыл сайын 7 мамыр күні өтетін әскери шерулердің әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Тартылған жеке құрам мен әскери техниканың саны бойынша бұл парад бұдан бұрын өткізілген сап түзеуден өзгерек. «Мәтібұлақ» полигонында шамамен 30 жаяу әскер парадтық есептоп құрамында 3 000-нан аса жауынгер салтанатты маршпен адымдап өтуі жоспарлануда.

7 мамыр күні Қазақстан Қарулы Күштері Бас қолбасшы алдында кәсіби қабілеттерін көрсетпек. Елдің тұтастығы мен егемендігін сақтайтын сарбаздар сынағы көпшілік назарына тікелей трансляция арқылы таратылатын болады. Құрлық әскерлері мен Әуе қорғанысы күштері шынайы ракеталар жіберіп, бомба тастауды және қарудың барлық түрінен жауынгерлік атыстардың қалай орындалатындығын паш етеді.

«Майдандық және армиялық авиацияның ұшақтары мен тікұшақтары аспанда әуе ұрыстарын жүргізу үшін көкке қайта-қайта көтеріліп, жауапты сәтте қателеспеулерін қадағалап жатыр. Окопта ондаған заманауи зеңбіріктер қатар қойылған. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс қабілетін С-125 зенитті зымыранды кешен мен «Град», «Прима», Д-30 гаубицалары «Штурм-С» сынды танкіге қарсы зымырандық қарулардан алыс қашықтыққа оқ атылады.

152 миллиметрлік «Мыса» ату зеңбірегі 24 шақырымдағы жаудың күшін жоюды жоспарлайды. Одан кейінгі Д-30 зеңбірегі 15 шақырымдағы жауды күйретеді. 122 миллиметрлік «Прима» әскери техникасы, 300 миллиметрлік «Сметч» қаруы 90 шақырымдағы жаудың нысанасын жояды», - деп таныстырды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері 5-артиллерия бригадасының басшысы Самат Арсанов.

Ауқымды түрде шеру жасау қомақты қаржыны талап еткендіктен бұндай шаралар Тәуелсіз Қазақстан тарихында осымен тек екінші рет өткізілмек. Бұл – егемен еліміздің айбынын, қорғанысының қарымдылығын аңғартатын айшықты шара. Сондықтан сарбаздарымыз бен сардарларымызға сын сағатта сәттілік серік болсын!

Асхат РАЙҚҰЛ


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

История развития органов воспитательной и идеологической работы ВС РК

История развития органов воспитательной и идеологической работы ВС РК