Мұхтар Алтынбаев, Армия генералы: Президентіміз болмаса, Қазақстан осылай дамымас еді

Биыл тәуелсіз қазақ жұртының дербестігін алғанына жиырма бес жыл толды. Осынау ширек ғасырда мемлекетіміздің дамуына көптеген азаматтардың еңбегі сіңді, арыстардың қолтаңбасы қалды. Армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың қорғаныс саласына жұмсаған күшін жоққа шығара алмаймыз. Оқырман назарына ұсынылатын бұл сұхбатта Халық қаһарманы еліміздегі бірегей бастамаларды сөз еткен, өзекті уақиғаларды әңгімелеген, өзі екі мәрте Қорғаныс министрі етіп тағайындаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі мен сарабдал саясатын да жоғары бағаланған.  Мұхтар Қапашұлымен болған сұхбатымыз оқырмандарымызға қызықты, тартымды болады деген ойдамыз.

 

– Елімізді екі мәрте түрлі дағдарыстан алып шығып, дамыған елу елдің қатарына қосқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ең алдымен алғыс айтқанымыз дұрыс. Міне, тағы бір дағдарыс халқымызға ғана емес, әлем елдеріне тізесін батырып бастады. Президентіміздің сарабдал саясаты бұл қиындықтан да алып шығады деген сенімдеміз. Өйткені, Мемлекет басшысының нұсқауымен түрлі шаралар қолға алынуда, құр қол қусырып отырған жоқпыз. Іргелі істердің негізін қалап, әлеуметтік ахуалымызды жақсарта түсу бағытында үлкен шаруалардың басын қайырып жатқанымыз рас.

Мұхтар аға, сол Елбасымыз өзіңіз айтқан қиын-қыстау шақта сізді екі мәрте Қорғаныс министрі етіп тағайындап, сенім білдірді. Сол жылдары лауазымды қызметте отырып, Қазақстан Қарулы Күштерінің өркендеуі үшін, ірге бекітіп, ілгерілеуі үшін көп еңбек сіңірдіңіз. Десе де, оқырмандарымызға сол кездердегі ахуалды тағы бір баяндап өтсеңіз.

– Міне, бірінші желтоқсан – тұңғыш Президент күні таяп келеді. Мен үлкен жиындарда, басқосуларда үнемі «Біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы болмаса, Қазақстан осылай дамымас еді» деп айтып жүремін. Өйткені, ол бірінші қадамынан-ақ өз жұртының тұрақтылығын, экономикалық жағдайын, қауіпсіздігін, қорғанысын күні-түні ойлап, сол бағытта маңдай терін сарп етті. Қазір халық сондай істердің жемісін көруде. Рас, біз сол жылдары генерал, қолбасшы болып, Елбасының жанында жүрдік. Бірақ, енді ғана егемендігін алған елдің жағдайында не істеу керектігін, неден бастайтынымызды білген жоқпыз. Ал Президент бізге барлығын тәптіштеп түсіндіріп, ақылын айтып, саясаткерлігінің, көрегендігінің арқасында рет-ретімен көрсетіп, үйретіп отырды. Өзің айтқандай, екі рет министр болып тағайындалғанымда атқарылған жұмыстар ең бірінші Елбасының сенімінің және талап-тапсырмаларының арқасында жүзеге асты. Екінші, қол астымдағы генералдар мен офицерлер, сарбаздар еңбектерінің арқасында жасалды.

Тәуелсіздік қантөгіссіз, соғыссыз, революциясыз қолымызға тиді. Қарапайым тілмен айтқанда, тегін келді. Бірақ Елбасының иығына өте үлкен күш түсті. Бұрынғы Кеңес өкіметінің іргесі сөгілгеннен кейін, экономикамыз бірден құлады. Инфляция жүздеген есеге өсті. Рубль аумағынан бізді лақтырып тастады. Ал бұл тұста біздің Мемлекет басшымыз шет елде Қазақстанның жаңа валютасын құпия түрде дайындаған екен. Жаңағыдай қиын шақта біз өз ұлттық валютамызды кіргізе қойдық.

Президенттің тағы бір көрегендігі, ол жаңағы алмағайып тұста: «Ең алдымен, экономика, содан кейін саясат» деді. Осы бағыттың дұрыстығына да қазір көзіміз жетуде. Мәселен, сол тұста бізбен бірге егемендік алған елдер ең алдымен саясатқа мән беріп, енді еңселерін тіктей алмай отыр.

Қазір іргелі ұйымға айналған Қазақстан халқы ассамблеясын да алғашқыда түсінген жоқпыз. Ал бүгінде ел тыныштығын, тұрақтылығын сақтап отырған үлкен шаңырақ. Халықаралық аренада да Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі байқалады. Алыс-жақын мемлекеттермен көп векторлы саясатымыз беделімізді асырып, бейнемізді айқындады. Бүкіл әлем Қазақ жұртын құрметтейді, сыйлайды. Былтырғы БҰҰ-ның жетпісінші сессиясында да Президентіміздің беделін байқадық. Түрлі ұсыныстар енгізді, үлкен державалардың президенттерімен жүздесті, маңызды мәселелерді шешті. Әлемде болып жатқан саяси тұрақсыздықтардың шешімін, тыныштандыру жолдарын Қазақ Басшысының аузынан естіді өзге президенттер.

Еліміздің тарихына қатысты бір кездері келеңсіз әңгімелер жиілеп кеткені рас еді. Біздің ұлтымыздың кешегісін жоққа шығарушылар табылған. Міне, біз Елбасының бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығын дүркірете тойлап, сондай желсөзге де нүкте қойдық.

Иә, қазақ тарихы мыңжылдықтардан тартады. Оны да дәлелдеудің реті келері анық. Содан кейін қазір дінаралық қақтығыстың белең алып тұрған шағы. Ал біздің Президентіміз әлдеқашан Астанамыздан Бейбітшілік және келісім сарайын тұрғызып, әлемдегі діндердің, конфессиялардың көшбасшыларының басын бір дастархан басында тоғыстырып, пікірлері мен ойларын бір арнаға бұрды. Бұл да үлкен табыс.

Сөз ететін тағы бір табысымыз – Астана. Экономикалық ахуалымыз әлі жақсара қоймаған тұстағы Президенттің астананы ауыстыру туралы идеясы көпшілігімізге түсініксіздеу болды. Бірақ депутаттарға Нұрсұлтан Әбішұлының тура туған күнінде жасаған ұсынысы, әлбетте, келісіммен аяқталды. Бірақ бұл шешім мен келісімнің сәтті жүзеге асатынына сенімсіздік танытқандардың қарасы көп болғанын айту керек. Міне, Елбасының көрегендігі, ептілігі, бұл идеясы да үлкен табыстардың қатарына қосылды.

Айта кеткенім жөн, 1996 жылы желтоқсанда министрлердің арасында бірінші болып мен келдім Арқаға.

– Қазақстан қорғаныс саласының қыр-сыры сізге бес саусағыңыздай мәлім. Кадр мәселесінде бұл саладағы жағдай да күрделірек екенін мойындау керек. Сіз әу баста, министр креслосында отырған тұста мамандар тапшылығын қалай шештіңіз, қазіргі ахуалға көңіліңіз толады ма?

– Кеңес одағының Қарулы Күштері кезінде біздің территориямызда Қырықыншы армия болатын, ПОО-ның, авиацияның корпустары, үш стратегиялық зымыраны бар дивизия бар еді. Ауғанстандағы соғыс біткеннен кейін запастағы техникалар мен қару-жарақтар бізге шоғырланды ғой, бұған көптеген әскери бөлімшелер мен құрылымдарды қосыңыз. Ал 1992 жылы Қарулы Күштер де бөлінді. Енді көптеген қару-жарақ қоймалары мен бөлімшелерді қалай бөлу керек?

Мен Түркістан әскери округінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс корпусының командирі қызметінен Президенттің шақыртуымен қайтып келдім. Содан кейін Президент Жарлығының негізінде Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалдым. Осы орайда айта кеткен жөн, Қазақстанда бірінші Қорғаныс комитеті, артынша 1992 жылы 7-мамырда Қорғаныс министрлігі ірге қалады. Кеңес Одағының Батыры, генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетовке Жоғары Бас Қолбасшы – Елбасы бұйрығымен генерал-полковник шені беріліп, министр болды.

Ең қиын жағдай қару-жарақты бөлу кезінде орын алды. Біз ол тұста Мәскеуге бағындық қой. Қазақ ұлтынан мамандар жоқ деуге де болады. Генералдардан – мен және Сағадат Қожахметұлы. Офицерлердің өзі санаулы. Өзге ұлттағы мамандардың бәрі-дерлік елдеріне кете бастады. Авиация полкінің басшылығы түгел қайтып кеткен. Не істерімізді білмедік. Оқу орны да жоқ бізде. Әскери бөлімдер басшыларының барлығы өзге ұлттағылар болғандықтан, олардағы қару-жарақтар да Ресейге жөнелтіле берді. Жиырма бірге жуық МИГ-29 ұшағы кетіп қалды. 1995 жылы Шағандағы стратегиялық ұшақтар кетті.

Мұның бәрін қалай ұстап қалу керек? 1991 жылы жасалған меморандум бар екен. Ондағы келісім бойынша 1991 жылға дейін келген қару-жарақтар Қазақстанда қалу керек те, одан кейін әкелінген қару-жарақтар қайту керек Ресейге. Мамандар тапшылығының салдарынан бұл келісімге де қараған жоқ олар. Не істеу керек? Содан кейін Қорғаныс министрлігінің шешімімен кіші лейтенанттарды тез-тез дайындай бастадық. Оларды әскери бөлімдерге тағайындадық.

Ол кезде өзімізде Құрлық әскерлерінің және Шекара әскерлерінің училищесі бар еді. Содан кейін Ақтөбедегі азаматтық ұшқыштар даярлайтын оқу орнын мемлекет меншігіне алып алдық. Сол жерден әскери ұшқыштарды даярладық. Көп ұзамай Радиоэлектроника институты ашылды. Іле-шала Ұлттық Қорғаныс академиясын аштық Шучинск қаласынан. Оны осы Астанаға көшіріп әкелдік. Осылайша мамандар тапшылығын шешкендей болдық.

Мұның бәрі қандай қиындықтармен, машақатпен келгенін тек түсіну қажет, түйсіну керек. Айта кеткен жөн, ТМД мемлекеттерінің ішінде тек Қазақстан ғана компенсация ретінде «С-300» зымырандары мен «Ту-34» ұшақтарын, басқа да техникаларды қайтарып алдық. Мұның өзіне екі жылдай уақытымызды сарп еттік. Сол жылдары он алты қазақ ұлтының өкілін Краснодарға дайындықтан өтуге жібердік. Мұның да тарихын айтсам, қарамағымдағы қызметкерлердің ішінен он алты қазақты таңдап алдым да, кілең орыс ұлтынан тағайындалған орынбасарларымды жинап, «Біз қай елде тұрып жатырмыз?» деп сұрадым. «Қазақстанда» дейді бәрі. «Көріп тұрсыздар, қазақ ұлтынан ұшқыштар жоқ. Енді ұшқыштар дайындауға тек қана қазақтарды жіберсек қайтеді?» дедім жан-жағыма сынай көз тастап. Басшысымын ғой, ешқайсысы қарсы келе алмайды, бастарын изейді. Қазір сол он алты адам басшылық қызметте жүр. Салтанатты парадтарда ұшып жүргендер да солар, өзіміздің қандастарымыз.

Бұған қоса, Ресейге компенсация ретінде тегін мамандарымызды оқыттық. Ал бүгінде жақсы оқу орындарымыз бар, сондықтан мамандарды өзіміз даярлаймыз. Оларда шетелдік азаматтар да оқып жатыр.

– Мұхтар аға, оқырмандарымызға Халық қаһарманының, Армия генералының балалық шағы жөнінде әңгімелеп берсеңіз. Сіздің өмір жолыңыз бүгінгі буынға үлгі болары анық еді...

– Өз өміріме тоқталсам, 1995 жылы Қарағандыда тудым. Әкем Ұлытуда дүниеге келген. Ашаршылық жылдарында Ұлытаудан Атбасар, Есіл арқылы осы Ақмолаға келіпті. Сол кездері Қарағандыдағы көмір бассейні ашыла бастаған. Содан кейін комсомолдық жолдамамен Қарағандыға барған. Украинаның сол кездегі Сталино деген жеріне (қазіргі Донецк) қазақтардан жасақталған жүзден астам маманды дайындыққа жібереді ғой. «Жүз адамнан шекараға жеткенде жеті-ақ адам қалдық, қалғанының бәрі қашып кетті» деп әкем айтып отыратын. Сол жеті адам Сталиноға жетіп, оқып, үйреніп, қайта Қарағандыға келіп, әкем әлгі бассейнде қарапайым жұмысшыдан, шахта директорлығына дейін өскен.

1941 жылы соғыс басталғанда әкем мен інісін соғысқа алу үшін вокзалда сапта тұрғанда, басшылық әкемді қажет кадр деп алып қалса керек. Артынша Қарағандыдағы шахта директоры қызметіне тағайындалады. Кейін білсем, әкем көмірлі қаладағы қазақ ұлтынан бірінші шахта басшысы болған екен.

– Сіздің өмір жолыңызға үңілсек те, бірнеше жыл шахтада жұмыс істегеніңізді көреміз.

– Жоғары сыныптарға келген соң, әке-шешемнің қарсылығына қарамай, шахтада жұмыс істедім. Түске дейін мектепте боламын, түстен кейін – шахтада, түнгі он бірде келіп, сабағымды оқимын. Осылайша алты жылым шахтада өтті.

Ал ұшқыш болуды бала кезімнен армандадым. Талғат Бигелдинов, И.Кожедуб, А.Покрышкин сияқты Кеңес Одағының батырлары туралы кітаптарды көп оқыдым. Осы кісілердей болуды алдыма мақсат етіп қойдым. Қарағанды қаласындағы аэроклубқа түспекші болдым. Алғашқы барған жылымда жасым жетпегендіктен, қабылдамай қойды. Келесі жылы түсіп, екі жылда орта мектептегі оқумен қатар, аэроклубты үздік деген бағамен бітіріп шықтым. Аэроклубтан кейін міндетті әскер қатарына бір жылға шақырылып, сержант-ұшқыш ретінде реактивтік «МиГ-15», «МиГ-17» ұшақтарында ұштым. Кіші лейтенант атағын алып, әскери запасқа тіркелдім. Екі жылдан соң офицер ретінде кадрлық әскери қызметке шақырылып, Кеңес Одағының әскери қатарына кірдім.

– Мұхтар аға, сіз туралы әңгімелерден сынақшы-ұшқыш болған деген сөзді естіп қаламыз...

– Мен сынақшы-ұшқыш болған жоқпын. Қазақта бұл қызметті атқарған – Тоқтар Әубәкіров қана. Мен өзіміздің жойғыш ұшақтарда ұшып жүрдім. Кіші лейтенанттан сегіз жылдан кейін сол полкта командир болдым. Кеңес өкіметі кезінде қазақ командиріне күмәнмен қарайтын. Бірақ менің полкым Кеңес өкіметі кезінде ПОО-ның алдыңғы қатарлы полкі болды.

1982 жылы бізді Қорғаныс министрлігі құпия тексеріп, өте жақсы баға алдық. Содан кейін басшылық менің қызметімді көтеру керек деп шешкен. Ал менің білімім арнайы училищенікі ғана. Академияны көрмегенмін. Сондықтан мені Жуков атындағы академияға жіберді. Оны қызыл дипломмен тәмамдадым. Одан соң Қазақстанға сұранып едім қызмет ету үшін, жіберген жоқ. Самарқандқа дивизия командирінің орынбасары қызметіне тағайындады.

– «Ғ-16» ұшағында ұшқаныңызды америкалықтар жоғары бағалаған деген мәліметті көзіміз шалып қалды. Осы туралы кеңірек әңгімелеп берсеңіз.

– Ол бір ерекше жағдай еді. Ол кезде Сағадат Қожахметұлынан кейін генерал Әлібек Қасымов министр болған еді. Ресми сапармен Америкаға бардық. Ұшқыштар академиясына жолымыз түсіп, «Ғ-16» авиабазасын араладық. Келіссөздерден кейін «Ұшақтарыңызда ұшуға бола ма?» дедім. Олар таң қалды. «Қандай ұшақта ұшқыңыз келеді?». Ол кезде «Ғ-18» – ең жаңа ұшақ. «Ғ-18» дедім ойланбастан. «Болмайды, ол құпия ұшақ» деді. «Онда жарайды, өздеріңіз таңдаңыздар» дедім де қойдым. Ертеңгісін  «Ғ-16» ұшағында ұшуға рұқсат берді. Сол күні дайындық басталып, тренажерда ұштым. Түстен кейін көкке көтеріліп, полигонға бомба түсіріп, зеңбірекпен оқ аттық. Мен нысанаға түгелін дөп тигіздім.

Кешке қайтарда Қорғаныс министрінің дастарханынан дәм таттық. Сонда министрліктің басшылық құрамы менің ұшқаныма ризашылықтарын танытып, таңданыстарын жасыра алмады. Онымен қоймай, Алғыс хаттарымен марапаттады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Асан ЫСТЫ


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"