Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар әскерилерді марапаттады

Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар әскерилерге жоғары және арнаулы атақтар мен сыныптық шендер тапсырды.

Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әскерінің кәсіби біліктілігі артқанына тоқталып, оның қатарындағы ең лайықты азаматтардың жоғары атақтарға ие болып келе жатқанын айтты.

– Бүгінгі рәсімнің Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығы қарсаңында өтуінің ерекше символдық мәні бар. Бұл – ел егемендігінің сенімді кепіліне айналған айбынды армиямыз үшін маңызды тарихи белес. Оның әлеуеті тәуелсіздік жылдарында әскери реформалардың, қару-жарақ пен техниканың жүйелі жаңартылуының арқасында айтарлықтай нығайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті жаңа жаһандық қауіп-қатерлер жағдайында еліміздің қауіпсіздік пен қорғаныс саласындағы барлық құрылымдарының кәсіби және жауынгерлік дайындығының жоғары деңгейде болуын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударып, бұл ретте командирлер корпусының ерекше рөлін атап өтті.

– Сіздер жауынгерлік өнегелі үрдісті, бабалардың ерлік дәстүрін жалғастырып, барлық жеке құрам үшін қалтқысыз қызметтің үлгісін көрсетіп келесіздер. Әскери дайындық деңгейінің артуы, әскердегі және құқық қорғау органдарындағы мінсіз ахуал сіздердің басшылық ету ісін сауатты жүргізулеріңізге байланысты. Күш-қуаттарыңыз, білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тәртіпті, еліміздің конституциялық құрылымын сақтауға бағытталуға тиіс. Сіздер қоғамдағы ең жауапты миссияны – қазақстандықтардың бейбіт өмірі мен тәуелсіздігіміздің құндылықтарын қорғау ісін жүзеге асырып келесіздер, – деді Елбасы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев рәсімге қатысушыларға зор денсаулық, бақ-береке және табыс тіледі.

Рәсім барысында генерал-лейтенант әскери атағы Т.Мұхтаровқа, ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты арнаулы атағы С.Әбішке, Ә.Садықұловқа, генерал-майор әскери атағы Д.Адырбековке, Е.Алдажұмановқа, Ж.Ахметовке, Т.Әбішевке, Т.Әміриевке, В.Беккерге, С.Исмайловқа, Қ.Қарақұловқа, Б.Құрманбаевқа, Қ.Тасыбековке, авиация генерал-майоры әскери атағы Т.Қойшықұловқа, контр-адмирал әскери атағы Қ.Есенеевке, ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағы К.Адамбековке, полиция генерал-майоры арнаулы атағы Б.Аймағамбетовке, М.Қызыловқа, 3-санаттағы жоғары біліктілік сыныбы Т.Татубаевқа, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шені Қ.Игембаевқа, Е.Сыбанқұловқа, Ә.Шындалиевке берілді.

                              

***

 

Ал, мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде Елбасы қатысушыларды алдағы Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс мерекесімен құттықтады.

– Қалыптасқан игі дәстүр бойынша мемлекеттік наградалар сіздерге Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күнінің қарсаңында тапсырылып отыр. Бұл мерекелер бізге айрықша қымбат. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы аға буынның ерен ерлігі мен асқан батырлығының үлгісіне айналды. Мұны әрқашан есте ұстауға тиіспіз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы құқық қорғау құрылымдары мен армияның ел қауіпсіздігін және тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі айрықша рөліне тоқталып, олардың адал қызметі мен кәсібилігі жоғары бағалануға, зор құрметке лайық екенін атап өтті.

– Сіздер Отанға қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп келесіздер. Туған жерге деген айнымас адалдықтарыңыз бен ерлік істеріңіз – өскелең ұрпақ үшін өшпес өнеге. Еліміздің әскери қызметшісі және құқық қорғау құрылымының қызметкері атағын алдағы уақытта да абыроймен алып жүретіндеріңізге сенімдімін. Біз сіздердің қиындыққа толы қызметтегі, халық игілігі жолындағы ерен еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Елбасы марапатталушыларға мінсіз қызметі үшін алғысын білдіріп, оларға зор денсаулық, бақ-береке, жаңа табыс тіледі.

– Мен бүгін осы наградаларды сіздерге зор ықыласпен тапсырамын. Бұл – еңбектеріңіздің, мінсіз қызметтеріңіздің бағалануының нәтижесі. Әскери қызметшілер, құқық қорғау жүйесі – мемлекетіміз бен тәуелсіздігіміздің тірегі. Сіздер награданы елеулі кезеңде – еліміздің Қарулы Күштерінің 25 жылдығында алып отырсыздар, – деді Қазақстан Президенті.

Салтанатты шара барысында І дәрежелі «Даңқ» орденімен Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры Б.Асылов, Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Нысандарды қорғау қызметінің бастығы М.Аюбаев, Ұлттық Ұланның бас қолбасшысы Р.Жақсылықов, Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының бастығы Қ.Қаражанов, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы М.Майкеев марапатталды.

ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы И.Лепехаға және Қорғаныс министрлігі «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерінің қолбасшысы Д.Оспановқа тапсырылды.

І дәрежелі «Айбын» орденімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департамент бастығының бірінші орынбасары Д.Бартенов марапатталды.

ІІ дәрежелі «Айбын» ордені Ұлттық қауіпсіздік комитеті Астана қалалық департаментінің басқарма бастығының орынбасары И.Әуесбаевқа, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Батыс Қазақстан облыстық департаментінің басқарма бастығы Т.Ғиззатовқа, Мемлекеттік күзет қызметінің департамент бастығының орынбасары Е.Лавренюкке, Қорғаныс министрлігі №30212 әскери бөлімінің командирі Т.Сапарбаевқа, Қорғаныс министрлігі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскері қолбасшысының бірінші орынбасары Т.Исмаиловқа тапсырылды.

ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Мемлекеттік күзет қызметінің Нысандарды қорғау қызметі 0112 әскери бөлімінің салтанатты рәсім батальоны бөлімшесінің командирі Н.Ахметуллин, Қорғаныс министрлігі Кадет корпусының сержанты М.Рахымбеков марапатталды.

«Ерлігі үшін» медалі Ішкі істер министрлігі Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің аға жедел уәкілі Б.Айтеленовке, Ішкі істер министрлігі Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі КА-168/3 мекемесінің жедел бөлімшесінің бастығы Н.Жидехановқа, Ішкі істер министрлігі Астана қаласы төтенше жағдайлар департаментінің №8 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі А.Салкеевке, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департамент басшысының орынбасары Ж.Тәжібаевқа тапсырылды.

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Үкіметтік байланыс қызметі басқармасының бастығы Ә.Әзімбаев, Қорғаныс министрлігі №41433 әскери бөлімінің командирі С.Елубаев, Қорғаныс министрлігіне қарасты Армия орталық спорт клубының – Спорт комитетінің нұсқаушы-сержанты А.Райкова, Қорғаныс министрлігі №55652 әскери бөлімінің авиациялық эскадрилья командирінің орынбасары Н.Тергеубаев, Қорғаныс министрлігі №32363 әскери бөлімінің десант-шабуыл батальонының командирі А.Төлегенов марапатталды.

«Ерен еңбегі үшін» медаліне Қорғаныс министрлігі Бас әскери клиникалық госпиталі бастығының орынбасары – медицина бөлімінің бастығы Г.Байділдаева ие болды.

Салтанатты шара аясында мемлекеттік награданы иеленген азаматтар да сөз сөйлеп, өздерінің ыстық ықылас-ниет­терін білдірді. Мәселен, Қорғаныс министрлігі Бас инс­пекциясының бастығы Құрбан Қара­жанов Елбасына деген жүрекжарды лебізін былайша білдірді: «Мәңгілік Елімізді, ұлтымыздың бірлігін көз­дің қарашығындай сақтау – Отан қорғау­шылардың парызы. Осы жолда Сіздің сеніміңізді ақтай білу – біз үшін қасиетті борыш».  Ал, Қорғаныс министрінің бірінші орынба­сары – Қарулы Күштер Бас штабының басты­ғы Мұрат Майкеев Елбасы қолы­нан жоғары марапатты алу өзі үшін үлкен абырой екенін жеткізді.

«Қазіргі таңда біздің өз еліміздің жоғары әскери мектебінің негізі қаланды. Әскери, қорға­ныс өнеркәсібі құрылды. Мұның бәрі – Сіздің батыл шешімдеріңіздің нәтижесі. Бүгінде Сіздің қамқорлығыңызбен, дұрыс жүргізілген әскери саясатыңызбен Қарулы Күштеріміз нығайып, дамып келеді. Осы орайда, Сізге Қарулы Күш­тері­міздің атынан және жеке өз атымнан үлкен алғыс білдіремін», – деді ол өз сөзінде.  Жоғары наградаға ие болған Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті департа­менті бастығының бірінші орынбасары Денис Бартенов қазіргі таңда қауіпсіз­дік саласында еңбек етіп жүрген қызмет­керлердің, офицерлердің алдына нақты міндеттер қойылып отырғанын, олар бұл міндетті одан әрі абыроймен атқаруға әрдайым дайын екендіктерін айтты. Сондай-ақ, Қорғаныс министрлігі Кадет корпусының сержанты Мирбек Рахымбеков: «Мен – Сіздің көреген саясатыңызбен ашылған Кадет корпусының түлегімін. Алғашқы әскери антымды қабылдаған сәттен бастап, Отаныма адал қызмет етіп келе­мін», – дей келе, бүгінде кәсіпқой сер­жанттар ел үшін адал қызмет ете беретінін атап көрсетті.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"