"KADEX - 2016" көрмесіндегі павильондар көз тартады

Кеше Астанада «KADEX-2016» IV халықаралық қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесі шымылдығын ашып, өз жұмысын бастады.

Маусымның 2-сі. Астана халықаралық әуежайының әскери секторы аумағы. Тоқсан мың шаршы метр жерді алып жатқан кең алаңға біз де беттедік. Орталық кіреберістегі оң жақ қапталында тігілген киіз үйлер. Сол жақ қатпалында «KADEX-2016»,  «Қош келдіңіздер!» деген жазуы бар биік нысан. Сонда ілініп тұрған LED экран мен екі жақ маңайында интерактивті тақталар. Олардың көмегімен келген жұрт көрме жайында мәліметтерге қанығуда. Тіпті, кейбіріне интерактивті тақтаның жанында тұрғандар жөн сілтеуде.

Біз сондағы жабық павильондарға қарай бет түзедік. Алғашқы бас сұққанымыз бірінші жабық павильон болды. Онда Испания, Франция, Германия, АҚШ, Болгария, Италия, Нидерланды,  Израиль, Сингапур, Пәкістан, Үнді, Ресей, Украина және Қазақстан елдері әскери мақсаттағы өз өнімдерін ұсынуда. Мәселен, әлемдегі ең ірі әуе құрылыс компанияларының бірі Испания-Франция-Германия бірлескен Airbus Group аэронавтика және авиациялық ғарыш саласындағы қызметінен хабардар етіп, ультра заманауи технологиясын көрсетуде. Осындағы Францияның ALKAN компаниясы да әуе қорғанысында ұшатын аппараттарын, қозғалтқыш мускулды жетектері бар ЛА мен тікұшақтарға арналған әскери авиациялық жабдықталымын қамтыған. Ал, Болгарияның Arsenal 2000 JSCО  компаниясы көпшілікке өз өніміндегі қарулар мен оқ-дәрілерді, детонаторлар мен жарғыштарды, зарядтық құрылғылар мен пиротехникалық бұйымдарды танытты. Сондай-ақ, Үнді елінің BrahMos Aerospace компаниясы ұсынған әмбебап қанатты ракеталар да назардан тыс қалмады. Ракетаның жылдамдығы – 290 км ұзақтығымен 2,8 Мах бар. Бұл әмбебап ракета әскери-теңіз, құрлықтағы және әуе кемелері негізінде кез келген түрдегі платформадан жіберіле алады. Және құрлықтағы әскерде немесе әскери-теңіз мақсаттарында қолдануға болады. Қазіргі таңда «BrahMos» жүйесі Үнді қарулы күштерінің қаруында бар.  Сондықтан да Үндістан Ресеймен және онымен одақтас елдерімен осы қаруды экспорттауды көздейді.

Міне, осындай әскери өндірісі бар әлемнің небір экспоненттері 1-павильоннан орын тепкен. Олардың арасында отандық өнімдерді ұсынған «ТАКТИК ПРО» ЖШС, «№405 авиажөндеу зауыты», «Эйр Астана», «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы АҚ бар.

Екінші павильонда Бразилия, Венгрия, Грекия, Ұлыбритания, Швейцария және тағы да Франция мен Германия елдерімен қатар, ТМД-ның  Ресей, Беларусь мемлекеттері орналасыпты. Аралай жүріп, әр елдің әскери мүлік техникаларына, заманауи жабдықталымдарына куә болдық.

Көрмеге Германияның BRUKER DETECTION компаниясы химиялық, биологиялық, ядролық қаруларын, жарылғыш заттарын айқындауға арналған жабдықтарымен келіпті. «Біз, -дейді сол компанияның өкілі, – Ассортиментте қол қашықтық детекторларынан бастап өмірді қамтамасыз ету объектілерін қорғау және платформаларын ықпалдастыру үшін кешенді шешімдерге дейінгі түрлі өнімдерді ұсынамыз. Біз есірткілер мен жарылғыш заттарын айқындау құралына кірген өнімдеріміздің желісін кеңейтуге мүмкіндік алып отырмыз».

Отыз жылдан астам тәжірибесі бар, 120-дан астам өнім өндіретін Бразилияның CONDOR NON-LETHAL  TECHNOLOGIES компаниясы да сондай мүмкіндіктен қалыспауды жөн санапты. ОС, СS, түтінді, дауысты және жарықты қару-жарақ пен гранаталар, бұрышты аэрозоль, өткізу қимылындағы (ұшқынды оғын алу) электр құрылғысы, іске қосу құрылғыларын өндіретін кәсіпорын барлық континенттегі 40-тан астам елде өнімдерін экспорттайды. Солардың қатарын осы көрме арқылы көбейткілері келеді.

Осындағы Грекияның MILTECH HELLAS S.A кәсіпорыны – сол елдегі қорғаныс өнеркәсібі саласындағы жетекші компаниялардың бірі. Ол аэроғарыш электроникасы мен аэроқұрылымдарын жинақтауда, көздеудің тепловизиондық аспаптарын, ұшақтар мен тікұшақтарға арналған электр аспалы жүйелерін, әскери-теңіз күштері үшін жерүсті электронды жүйелерін жасауда ірі қорғаныс компанияларымен өзара ынтымақтастықта. Осы жолғы «KADEX-2016»   көрмесінен күтері көп. Басқа да елмен келісімге келіп, ынтымақтастықты нығайтқысы келеді. Сондай-ақ, 2-павильондағы Чехияның AERO Vodochody AEROSPACE a.s, DeDEFENCE I, Ұлыбританияның PHILIPS, Швейцарияның Хубер-Зунер АГ компанияларының да үміттері зор.

Айтпақшы, осындағы қазақстандық компаниялардың қатарында өзіміздің «Қазақстан ГеоАқпаратпен қамтамасыз ету Жөніндегі орталығы» АҚ 233-орында орналасыпты. Олар SAS талдамалық жүйесі - мониторинг технологиясын және тағы басқа өнімдерін ұсынуда. Осы орайда айта кетейік, кіреберістегі бірден көзге шалынған LED экрандар,  интерактивті тақталар және тағы басқа техникалық жабдықталымдарды осы «Қазақстан ГАЖ орталығы» АҚ оңтайлы ұйымдастырған екен. « Өздеріңіз байқаған боларсыздар,  ауқымды іс-шарада дыбыстық сүйемелдеудегі бейнебелгімен басқарылатын жүйемен жабдықталған  LAYHER жинағымен біріккен, өлшемі 6.40х3,80 м 3 жарықдиодты экран ілінді. Одан басқа, IV халықаралық «KADEX-2016» қару-жарақ пен әскери техника көрмесіне келушілер мен қатысушыларға көрме нысандарының орналасуын, қатысушы компаниялар және олар ұсынатын өнімдер жайлы мәлімет беретін «KADEX-2016» мобильді қосымшасы жасалды. Ол Wi-Fi Kadex желісіне қосылғанда автоматты түрде жүктелуде. Технологиялық «фишкалардың» ішінен павильондар мен ашық алаңның дыбыстық жарақтануын, баспасөз орталығы мен көрме штабына арналған LED дисплейларды, көрме штабының күнделікті міндеттерінің сенсорлы панелін, оған қоса, баспасөз орталығы үшін өлшемі 3х3 м.бейнетақтаны айтуға болады»,- дейді орталық мамандары.

Екі павильоннан соң үшіншісіне ендік. Тек Ресейдің 50-ге жуық компаниясының басын біріктірген бұл жерде сол елдің небір әскери өнімі қойылыпты. С.В.Ильюшин атындағы авиациялық кешені, «Авиация және спорт» журналы, «Ресей тікұшақтары» АҚ, М.В.Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығы, Біріккен авиақұрылыс бірлестігі, Швабе, Ульяновск механикалық зауыты АҚ, Созвездие концерні және тағы басқа кәсіпорындарының өнімі жетерлік. Атап айтсақ, реактивті жүйелер, электрошокты қару-жарақтар, арнайы сүңгу жасақтары мен жабдықтар, диагностикалық және бақылау-тексеру аппаратуралары, ультрақорғалған өнеркәсіптік ноутбуктер, планшеттік және қалталық компьютерлер, тағы сол сияқты жарақтар.

Бұдан соң бесінші павильонға бас сұқтық. Онда Түрік елінің ұлттық экспозициясына тап болдық. Бәрімізге мәлім, Түркия қорғаныс өнеркәсібі саласы кеңінен дамыған. Оны үлкен жоғары тиімді бірлестік деуге де болады. Оның құрамында ірі негізгі мердігерлер, көптеген субжүйені өндірушілер, МСП, жоғары технологиялар нарығының секторына ғылыми-зерттеу институттары мен университеттері тартылған ҮЕҰ  кіреді. Түркия қорғаныс өнеркәсібінің жылдық қуаты 5,1 млрд. АҚШ долларына, ал, экспорттық әлеуеті 1,6 млрд. АҚШ долларына жетіпті. Түркияның ірі инвестициясы жыл сайынғы шығыны 900 млн. долларды құрайтын ҮЕҰ салу болды. Енді SSM (қорғаныс, қауіпсіздік және авиациялық-ғарыштық өнеркәсіп) үшін эскпорт көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Осы орайда, түркиялық UNDERSECRETARIAT FOR DEFENCE INDUSTRIES (SSM) MoND, TURKISH DEFENCE ALLIANCE – TDA, High Tech Port by MUSIAD, ASELSAN A.Ş, ROKETSAN A.Ş, HAVELSAN A.Ş және тағы басқа

компаниялары жоғары технологияларды, миналар мен шабуылдан қорғанысы бар бронетранспортерлерді және т.б өнімдерін ұсынуда.

Алтыншы, жетінші жабық павильондарда да Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина мемлекеттерінің біраз әскери өнімдері қойылыпты. Солардың ішінде Беларусь Республикасының «Пеленг» ААҚ компаниясының броньды техникаға арналған оптика-электрондық приборлар мен көздеуіш кешендерін, сондай-ақ, бірқатар аэроғарыштық фотоаппаратураларын, криминалистикалық және метеорологиялық жабдықтарын, Ресей Федерациясының «Орал вагон зауыт» ғылыми-өндірістік корпорациясы» АҚ-ның қашықтықтан басқарылатын әмбебап жауынгерлік модульмен жабдықталған «Армада» шынжыртабанды тұғырда жаяу әскердің ұрыс машинасын,  ресейлік «МиГ» ұшақ құрастыру корпорациясының  МиГ-29К, МиГ-29КУБ, МиГ-29М/М2 көпфункционалдық жойғыштарын, украиналық компаниялардың бірнеше стендттерін, «АНТОНОВ» әртүрлі мақсаттағы  Ан-148 және Ан-158 өңірлік ұшақтары мен техникалардың ауқымды сұлбаларын атап өткеніміз артықтық етпес. Сонымен қоса,  Иордания, Израиль, Канада елдерінің ұсынған өнімдері де назар аудартпай қоймады.

Сегізінші және тоғызыншы павильондардың біз үшін орны ерек. Мұнда талайдан бері көрменің ұйымдастырушысы болып жүрген «Қазақстан инжиниринг ұлттық компаниясы» мен «Қазақстандық технологиялар»  АҚ өз алдарына көш түзеп тұр.  Қазақстан инжиниринг ұлттық компаниясы» жабық павильонда 95 үлгі және 27 сұлбасын ұсыныпты. Ашық алаңқайға да орналасқан жайы бар. Ондағы көрсетілген үлгі 47-дей. Жалпы, осы көрмені қатысушы 100-ден аса отандық компания  қыздыратыны сөзсіз.

Айта кетейік, 2012 жылы «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ әлемдік жетекші компаниялармен  2020 жылға дейін ұзақ мерзімдік ынтымақтастық жөніндегі келісім жасасты. Екіжақты келісім 1,8 млрд АҚШ долларын құрады. Ал, 2014 жылы көрме барысында  қол жеткізілген уағдаластық нәтижесінде 2,6 млрд-қа жуық АҚШ доллары сомасында 31 ұзақ мерзімді құжат жасалды. Биыл да осы үдеден шығып, іскерлік байланысты нық орнату – жоспардағы іс.

Сонымен, осы тоғыз жабық павильондар мен ашық алаңқайларда әлемнің 45 мемлекетінің 350-ден астам компанияларының ресми делегациясы кешеден бастап өз жұмыстарына кірісті. Көрме жеті негізгі: авиациялық техника, ұшу аппараттары техникасы жəне ғарыштық технологиялар, IT технологиялар, байланыс жүйелері мен құралдары, əскери саладағы робот техникасы жəне тағы басқа тақырыптарда өрбуде.  Соның барысында қатысушылар осында озық қару-жарақ пен техниканың жеткізілуі мен шығарылуына көп миллионды келісімшарттар жасалатынына үмітті. Әсіресе, Қазақстанның Қарулы Күштері іскерлік алаңда жетекші қорғаныс кәсіпорындарымен тұтас бірқатар құжаттардың қол қойылатына сенім артып отыр. Төртінші халықаралық «KADEX-2016»  қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесінде біздің ел осыған қол жеткізеді деген ойдамыз. Көрме жұмысы әлі де жалғасуда. 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"