Халықаралық армиялық ойындар шын мықтыларды анықтайтын дода

Халықаралық армиялық ойындар шын мықтыларды анықтайтын дода

Сәрсенбінің сәтінде елімізде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан байрақты бәсеке салтанатты түрде шымылдығын түреді.  Биыл Жамбыл облысы Гвардейск әскери қалашығында Армиялық халықаралық ойындарының «Артиллериялық оқ ату шеберлері», «Сұңқар аңшылығы» және «Сенімді қабылдау» атты үш байқауы өтеді. Оған Тәжікстан, Ресей, Өзбекстан, Иран, Қытай, Беларусь, Сирия, Армения, Венесуэла, Қырғызстан, Әзербайжан, Зимбабве елінен сайыскерлер қатысады. Сондай-ақ Катар, Монғолия, Үндістан және Пәкістаннан келген бақылаушылар бұл ойынға баға бермек.

Қазақстан ойын өткізуге әзір

 

Қазақстан Армиялық халықаралық ойындарға жыл басынан бері дайындалып келеді. Бұл сайыстарға қатысу үшін әскери қызметшілер бірнеше мәрте іріктеуден өтіп, нағыз жарысқа лайықтылары қалды. Ал өткізілетін орынның жай-күйі Қорғаныс министрлігі тарапынан жіті бақыланып келеді.

Естеріңізде болса, осыдан екі апта бұрын Отар 40-шы әскери базасында Нұрлан Ермекбаев байқаулардың өткізілу орындарын, қатысушы командалардың тұруы жағдайларын, маршруттардың орналасуын тексерген болатын. Одан басқа, Нұрлан Ермекбаев қару-жарақ пен әскери техниканың техникалық жай-күйін тексерді. Сондай-ақ Қорғаныс министріне танк экипаждарының, ұшқышсыз ұшатын аппараттар есептоптарының, байланысшылар мен артиллерияшылардың жаттығулары көрсетілді. Әскери қызметшілермен кездесе отырып, ол сайыста сәттілік пен жоғары деңгейдегі өнер көрсетуді тілеген-ді.

Мұнан кейін Гвардейск гарнизонының әскери бөлімдеріне бару аясында Бас штабының бастығы генерал-майор Мұрат Бектанов та әскери қызметшілердің Армиялық халықаралық ойындарға қатысуға әзірліктерін тексерді. Гарнизондағы жұмысы барысында Қорғаныс министрінің орынбасары нысандардың «Сұңқар аңшылығы», «Артиллериялық оқ ату шеберлері» және «Сенімді қабылдау» байқауларын өткізуге әзірліктерін тексерді. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері мен байқауға қатысу үшін әскери техниканың (көп функционалды жеңіл броньдалған тартқыш) дайындығы мәселелерін зерделеді, сондай-ақ қатысушы командалардың орналастыру жағдайымен танысты және мәдени-тынығу орталығын аралап шықты. Одан басқа, Бас штабының бастығы қазақстандық және шетелдік (Тәжікстан) командалардың әскери қызметшілерімен кездесу өткізді. Оның барысында орналастыру, тамақтандыру, алдағы жарыстарға әзірлік пен көңіл-күйлерін біліп қайтты.

Бүгінде қазақ жері шетелдерден келген сайыскерлер мен бақылаушыларды құшақ жая қарсы алуда. Санаулы күндерден кейін еліміздің оңтүстік өңірі дәстүрлі түрде армиялық ойынның шымылдығын ашады. Осы орайда

командалар жеке құрамының барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, байқауларды жоғары деңгейде ұйымдастырады деген бек сенім бар.  

 

Десантшылар дайындықтарын пысықтады

Қазақстандық десантшылар Ресейдің Псков облысында секіру алдындағы дайындықтан өтуде. Жарыстың бірінші этапы «Взвод құрамымен десантталу, қону алаңына жиналу және 10 км марш-бросок жүгіру» бағдарламасына сәйкес, қатысушы мемлекеттер әуе-десанттық комплекстегі секіру алдыңдағы даярлықтарынан өтті. Әскери қызметшілер 6 сериялы Д-4 және «Арбалет-2» парашюттік жүйелерінде өз әрекеттері мен қимылдарын пысықтады.

Конкурстың барлық қатысушылары десантшы парашютисттің вертолеттен секіру, жерге қону, әуедегі және күмбезді жабудағы іс-қимылдарын сапалы түрде орындап шықты.

«Біз осы конкурсқа жақсы дайындалдық, - дейді аға лейтенант Бекдияр Ергешев. – Конкурсқа қатысу, біздер үшін үлкен абырой және Қарулы Күштердің тарапанын білдірген сенім, сондықтан осы жарыста барлық тапсырмаларды сауатты орындап, абыроймен ораламыз деген сеніміміз мол» - дейді қазақстандық десантшылар взводының командирі.

Секіру алдындағы даярлық барысында десантшылар ауа-райы туралы ақпарат алып, практикалық қимылдарын пысықтайды, қону орны мен секіру тәртібі туралы нұсқаулық алады. Сонымен қоса, парашюттік жүйенің бүтіндігін тексеріп, секіруге жинайды.

Сөйтіп, 21 елдің десантшылары дайындық барысындағы алғашқы секірулерін орындап, «Кислово» қону алаңында өтетін жарыстың бірінші кезеңініне дайындығын тәмәмдады. Ал конкурстың салтанатты ашылуы «Завеличье» полигонында 3 тамыз күні өтеді.

 

Ерлеріміз ел намысын қорғайды

 

Қазіргі таңда қазақстандық командалардың алғашқы легі Халықаралық армия ойындарына қатысу үшін бірқатар елге аттанып үлгерді. Олар еліміздің намысын әртүрлі байқауларда қорғайтын болады. Аталған байқауларда ұсынылған біздің командаларға бірқатар сыннан өтуге тура келеді. Айталық,

«Мерген шебі» сайысында қазақстандық мергендер Беларусь Республикасының Брест полигонында. Халықаралық армия ойындары аясында «Мерген шебі» сайысы өтеді. Біздің жігіттер 6 күн бойы әдістемелік нұсқау беретін және соны іс жүзінде көрсететін сабақтарға қатысады. Әр жылдағыдай бұл жолғы сайыста үш кезеңнен тұрады. Атап өтсек: бірінші кезең – «Жеке сынақ», екінші кезең – «Жұптық сынақ», үшінші кезең – «Мерген эстафетасы», төртінші кезең – «Мерген дуэлі» (бұл конкурстың сынағына кірмейді). «Мерген шебі» конкурсына әлемнің 23 елі қатысады деп жоспарлануда.Ел әскерилері жеке гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының аумағындағы шатырлы қалашыққа орналасты. Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылы дәл осы «Мерген шебі» сайысында біздің жігіттер 2-ші орын алған болатын. Биыл жігіттерге сәттілік серік болсын деп тілейік!!!

Сондай-ақ Тараздағы әскери әуе айлақтан қазақстандық әскери қызметшілер Моңғолияға аттанды. Ондағы мақсат Армия халықаралық ойындары аясында өткізілетін «Әскери бәйге» байқауына қатысу.

Әскери бәйге – Халықаралық армия ойындарының құрамына биыл алғаш рет өткізілгелі жатқан жаңа байқау. Бұл ойын тамыз айында басталмақ. Дегенмен біздің жігіттер жарыс өтетін жерді барлап, бейімделу үшін он күн бұрын жолға шықты. Ерте шығудың да өзіндік мәні бар, моңғол аттарын шабыста сынап көру. Себебі жарыс шартына сәйкес аттарды сайыс өткізетін тарап береді.
Қазақстаннан «Әскери бәйге» байқауына қатысатын команда шеберліктері шыңдалған, мықты топ. Биыл елімізден армия ойындарына қатысатындардың ішінде бірінші болып жолға шыққан – осы шабандоздар.
Қазақстандық әскерилер жарысқа бес ай бойы дайындалды.
Моңғолия Қарулы Күштерінің өкілдері биыл Армия халықаралық ойындарының бағдарламасына бәйгені қосу жөнінде ұсыныс жасағанда, Қазақстан қатысушы ретінде бірінші болып өтініш жасады. Бұлай болуына бірнеше негіз бар. Еліміздегі таулы-егерлік бөлімше «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрамында жиырма жылға жуық қызмет етіп келеді. Және Қарулы Күштеріміздегі жалғыз бөлімше.
Бұл бөлімше «ер қанаты – ат» екенін жақсы біледі. Олар көп жыл бойы тұлпарды серік етіп, түрлі тапсырмаларды орындап келеді. Сондықтан болар дәл осы бөлімшенің әскери қызметшілері команданың негізгі сапында. Олар бес ай бойы әскери бөлімнің базасында және оған тиесілі аттармен полигонда жаттықты.
Ат құлағында ойнайтын жауынгерлерден құралған топты анықтау үшін іріктеу жүргізіліп, «Аравт әскери бәйгесі» жарысына барынша лайықты деп танылған шабандоздарды алды.
Қазақстандық әскерилердің нағыз қарсыластары – сайыс өтетін жердің иелері моңғолдар, сонымен қатар, есе жібермейтін қырғыздар мен ресейліктер. Қалай болғанда да, ат десе делебесі қозып тұратын жігіттер осындай мықты қарсыластармен сайысқа түседі. Шын жүйрікті анықтау, әлбетте алдағы уақыттың еншісі. Ал, ел абыройын асқақтатар жігіттерге жарыста жеңіс тұғыры бұйырсын деп тілейік!

Мұнымен қоса, Ресей елінде дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген әскери ойындар барын ұмытпалық. Олардың бірді-екілін тілге тиек етер болсақ, «ә» дегеннен ауызға ілігері «Танк биатлоны», одан соң «Теңіз кубогы». Осы орайда айта кетейік, Ресейдегі Алабино полигонында Армиялық халықаралық ойындар – 2019 аясында өтіп жатқан «Танк биатлоны» байқауы командаларының жеребесі өтті. Оған команда жетекшілері, бапкерлер мен танк экипаждарының мүшелері қатысты. Биылғы жылы алғаш рет қатысушы командаларды екі дивизионға бөлу туралы шешім қабылданды. Бірінші дивизионға «Танк биатлоны-2018» сайысының қорытындысы бойынша 1-ші мен 12-ші аралығында орын алған командалар кірді. Қалған командалар екінші дивизионға кірді. Жеңімпаздар әрбір дивизионда анықталатын болады. Сайыс қорытындысы бойынша барлық 25 команданың рейтингісі құрылып, айқындалады. Бұл келесі жылы дивизиондарды жасақтауға септігін тигізеді. Жеребе тастау нәтижелері бойынша Қазақстан құрамасы «Танк биатлонында» бірінші дивизионда көк танктерде үшінші болып сайысқа түседі. Қазақстандық танкішілермен бірге қызыл танкте Моңғолияның командасы, жасыл танктерде Сирияның, сары танктерде Венесуэланың командасы өнер көрсетеді. Жеребе тасталғаннан кейін командалар даңғыл жолмен танысып, танктерін алды. Осы жылы «Танк биатлоны» сайысы жетінші рет, оның бесеуі – Армиялық халықаралық ойындар шеңберінде өткізілуде. Қазақстан командасының алғашқы додасы 4 тамызда өтеді.
Ал, «Теңіз кубогында» Қазақстан Қарулы Күштерінің намысын «Маңғыстау» кемесі қорғайды. Оның құрамына 65 әскери қызметші кіреді. Олар сайыстың үш түріне қатысатын болады, ол кеменің мақсаты бойынша қолданылуы (артиллериялық оқпен атыс), кеменің сақталуы үшін күрес және теңіз машықтылығы мен құтқару жұмыстары сайысы.

Айта кетейік, «Маңғыстау» кемесінің экипажы әуедегі, теңіздегі нысаналар бойынша атыс жаттығуларын жүргізіп, жүзіп жүрген миналарға қарсы тұру бойынша дайындықтар жүргізіп, әрбір жаттығу сайын, жеке құрам өз біліктілігі мен үйлесімділігін арттырып, тәжірибелерін арттыруда.

Аталмыш сайысқа қатысуға каспий маңы елдерінің су сыйымдылығы 1000 тоннадан аспайтын кіші кемелерінің қатысуына рұқсат етілген. Шарт бойынша, олардың артиллериялық және атыс қаруларымен қоса, құтқару шараларын орындау үшін кіші көлемдегі жүзу құралдары (катер, шлюпка) болуы тиісті. Бұл Ресей Федарциясы, Иран Ислам Республикасы, Әзірбайжан Республикасы мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің кемелеріне қатысуына мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, осы жылы Қазақстанның Қарулы Күштері Халықаралық армия ойындарының 32 байқауының 16-сына қатысады. Осылайша, командалар барлық ойын түрлерінде ұсынылады.

«Алғашқы рет өнер көрсетейін деп отырған әскери қызметшілерге үлкен үміт артылып отыр. Танкішілердің, әскери ұшқыштар мен теңізшілердің аталмыш сайыстарға қатысудағы мол тәжірибелері «Танк биатлоны», «Авиадартс», «Теңіз кубогы» байқауларында жүлделі орындарға үміттенуге мүмкіндік береді» дейді мамандар.

Биыл Армиялық халықаралық ойындары 10 мемлекеттің аумағында өтеді. Айта кетейік, додаға Куба, Швейцария мен Шри-Ланка елдері алғаш рет қатысады. Жаңа қатысшылармен бірге, сондай-ақ Жапония, Иордания мен Камбоджи тарапынан жарысты бақылаушылар бар.

 

Қарлығаш АҚЫЛБЕКОВА

ҚР ҚМ Ақпарат және коммуникациялар департаменті


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи