Халықаралық армия ойындары айбынды әскеріміздің қуатын айқындамақ

Халықаралық армия ойындары айбынды әскеріміздің қуатын айқындамақ

7-ші тамызда «Отар» 40-ншы базасында ҚР Қорғаныс министрі генерал-майор Нұрлан Ермекбаев Армиялық халықаралық ойындарды салтанатты түрде ашты.

Биыл әлем елдерінің әскерлері арасындағы бәсеке 10 елдің 21 полигонында, сондай-ақ Каспий, Балтық теңіздері мен Парсы шығанағында өтуде. Ойын бағдарламасындағы 32 конкурстың 3-і Қазақстанда өтеді. Қазақстандағы конкурстарға 13 мемлекеттің әскери қызметшілері, оның ішінде Қазақстан Қарулы Күштерінің командасы да бар. Бұдан кейін полигон аспанында армия ойындарының туы көтеріліп, қатысушы Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Венесуэлла, Зимбабве, Иран, Сирия, Тәжікстан мен Қытай елдері Қарулы Күштерінің командалары салтанатты парадпен алаңда адымдап өтті. Аталған армия ойындары аясында 7-15 тамыз аралығында Қазақстанда үш конкурс өтеді. Атап айтар болсақ, миноатқыш есептоптарының – «Артиллериялық оқ ату шеберлері»,  ұшқышсыз ұшу құрылғыларының – «Сұңқар аңшылығы» және байланысшылар арасындағы – «Сенімді қабылдау» сайыстары.

Қазақстан армия ойындарының ауқымын кеңейткен елдердің бірі және төрт жыл бойы түрлі елдердің кәсіби әскерилері мен контигенттері осында бас қосып жүргенін айта өткен жөн. Қатысушылардың өздері атап өткендей, өз елінің және әлемдік деңгейдегі армиялардың атынан конкурсқа келу үшін олар күрделі іріктеулер мен қажырлы дайындықтардан өтті. Жүлделі орындар мен марапаттар маңызды болғанмен, олардың әрқайсысы үшін армия ойындары – тек жарыс қана емес, әскери бауырластықтың символы мен тәжірибе алмасудың мүмкіндігі.

Әскери ынтымақтастық

«Алабино» полигонында мерейтойлық Армиялық халықаралық ойындар-2019 сайысы 3-ші тамызда бастау алды.

Мәскеу облысының «Алабино» полигонында  V Армиялық халықаралық ойындары - 2019 сайысының ресми ашылу рәсімі өтті.  Биылғы жылы ойындар тамыздың 3-і мен 17-і аралығында 10 мемлекеттің 21 әскери полигонында, Каспий, Балтық теңіздері мен Парсы шығанағының су айдындарында өтеді. Бұл ойындарды Ресей, Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Иран, Қытай, сондай-ақ алғаш рет Өзбекстан, Моңғолия және Үндістан өз жерлерінде өткізеді. Жылдан жылға қарай АрХО-ға деген қызығушылық арта түсуде. Сонымен бірге, қатысушы елдердің саны да ұлғаюда. Осы жылы үздік деген атаққа, жүлделі орындар мен марапатқа Азия, Еуропа, Африка, Орталық және Латын Американың 39 елінен 223 команда бақ сынасатын болады.

Армиялық ойындардың бағдарламасына далалық, әуе және теңіз машығы бойынша 32 байқау кіреді. Қазақстан командасы оның 16 байқауына қатысады. Өткен ойындарда Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамасы көшбасшылар үштігінде болды. Биылғы жылы әскери қызметшілеріміз жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ниеттеніп отыр. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Беларусь қорғаныс министрлері, сондай-ақ қатысушы елдердің ресми делегациялары қатысты.  Өткен жылдардың тәжірибесіне сүйенсек, әскери сайыстың көрермендері мен әуесқойлары арасында «Танк биатлоны» көшбасшы болып табылатынын сеніммен айтуға болады. Бір сөзбен айтқанда, танк экипаждарының алғашқы додасы 4 тамызда өтеді. Басқа байқаулар да қызықты.  Олардың әрқайсысының алаңында қызу әрі тартысты жарыс өтпек. Әскери ұшқыштар мен байланысшылар, дәрігерлер мен кинологтар, мергендер мен артиллерияшылар, аспазшылар мен инженерлер, теңізшілер мен десантшылар өздерінің шеберліктерін паш ететін болады. Армиялық ойындар аясында Моңғолия аумағында алғаш рет «Ат марафоны» байқауы өтеді. Қатысушылар арасында біздің командамыз да бар. 7 тамызда Қазақстанда Армиялық халықаралық ойындар-2019 бастау алатынын айта кеткен жөн.  Полигондарымызда «Артиллериялық оқ ату шеберлері», «Сұңқар аңшылығы» және «Сенімді қабылдау» атты үш байқау өтеді. Армиялық халықаралық ойындар  – бұл халықаралық ауқымдағы айрықша іс-шара. Сайыс әртүрлі елдердің әскери қызметшілері арасында тәжірибе алмасу және іс жүзінде машықты жетілдіру алаңы болып табылады. Ойындар халықаралық әскери ынтымақтастықты нығайтуға себепкер болатыны сөзсіз.

«Теңіз кубогы-2019»

 

Қазақстан ӘТК кораблі Әзербайжанның су айдынына жорыққа шықты Қазақстан ӘТК «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кораблінің экипажы «Теңіз кубогы-2019» халықаралық байқауы шеңберінде Каспий теңізінің су айдынында Әзербайжан ӘТК  жауынгерлік даярлық полигондарына штурмандық таныстырылым жорығына шықты. Әскери теңізшілер көрсетілген ауданда байқау эпизодтарының орындалуын есептеп, рейдтік жабдықтың орнатылуын, навигациялық қоршауларды тексерді, оқ атуға арналған нысаналарды қарап шықты.  Корабль экипажы байқаудың негізгі эпизодтары бойынша теңіздегі алғашқы жаттығуын өткізді. «Теңіз кубогы – 2019»  - бұл Армиялық халықаралық ойындары бағдарламасы байқауларының бірі болып табылады. Сайыс Әзербайжан ӘТК «Пута» әскери-теңіз базасында тамыздың 5-і мен 15-і аралығында өтеді. Әскери теңізшілерге теңіз және әуе межелерін жоя отырып, оқ атуда өздерінің шеберліктері мен дәлдіктерін паш етуге тура келеді. Корабльді зәкірге және арқанға байланатын бөшкеге қою, теңізшілердің құтқару дайындығы, сондай-ақ корабльдің жандылығы үшін күресу жекелеген кезең болмақ.   Сайысқа барлығы төрт елдің, яғни, Әзербайжан Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясының командалары қатысады. 

 

«Эльбрус сақинасы-2019»

Қазақстанның таулы бөлімшелері «Эльбрус сақинасы-2019» халықаралық сайысының дайындық кезеңдерінен өтті Қазақстанның құрама командасы Қабарда-Балқар Республикасының аумағындағы «Эльбрус сақинасы-2019» байқауына дайындық кезеңдерінен сәтті өтті. Сайыс қатысушыларымен әскери қызметшілердің жеке дайындығын жетілдіру және бөлімшелерді үйлестіру, жеке құрамды жерсіндіру, қозғалыс маршрутын зерделеу, тауларда құтқаруды үйымдастыруды пысықтау бойынша сабақтар өткізілді. Сайыс барысында топтар бөлімше құрамында Эльбрус тауының шыңына шыға отырып, автономды режимде әртүрлі тау бедерін еңсере отырып, жоғары таулы жағдайларда марш жасайды.  Ойын үш кезеңде өтеді. Онда қатысушылар 14 арнайы тапсырманы орындайды. Бірінші кезең барысында қатысушылар 5 арнайы тапсырманы орындайды, оның ішінде, жеке өрмелеу бойынша сайыс, таулы жерде бағдарлау, тізбекте өрмелеу бойынша сайыс, таудағы кедергілер жолағы және топ құрамында оқ ату. Сайысқа 5 елдің, яғни, Үндістан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Марокко Корольдігі, Өзбекстан Республикасы және Ресей Федерациясының  әскери қызметшілері қатысады. Сайысқа барлығы жоғары таулы жерде тапсырмаларды орындауға тартылатын бөлімшелер құрамынан 70-тен аса адам тартылады. Үздік жоғары таулы бөлімше сайысы тамыздың 3-і мен 17-і аралығында өтетінін естеріңізге сала кетейік.

 «Ат марафоны»

 

АрХО-2019 сайысының аясында Моңғолия жерінде өткен «Аравт» ат марафоны өз мәресіне жетті. Жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстан командасы Қырғызстан, Ресей құрамасын артқа тастап, екінші жүлдені иеленді. Бірінші орын сайысты ұйымдастырушы Моңғолия құрамасының еншісінде қалды.

 

 

Бұл байқау биыл халықаралық әскери шараның шеңберінде бірінші рет өткізілді. Ойынның шарты бойынша сайыскерлер 130 км қашықтықта марафонға қатысып, қысқа аралықта аралас эстафетаны өткеруі тиіс.

Жалпы жарыс туралы Қазақстан командасы бөлімінің командирі аға лейтенант Бекдайыр Төлегенов айтып өтті. «Ат марафоны жарысына әскери қызметкер және оның жылқысы қатысады. Сайыстың ерекшелігі де осында. Егер басқа конкурстарға жауынгердің өзі қатысып, нәтиже жеке дайындығынан көрінсе, бұл сайыста алға қойылған тапсырманы өзара бірігіп атқарған топ қана жеңіске жетеді» - дейді.

Марафонның бағыттары ретінде таулы, орманды, су бөгеттері мен құмды жерлер таңдалды. Сонымен қатар әр түрлі қашықтықтарда қатысушыларды түрлі сынақтар күтіп тұрды. Біздің әскери қызметшілер тереңдігі 1 метр мен ұзындығы 100 метрге дейін жететін су бөгетінен, миналы алаңнан өтіп, тактикалық тапсырманы орындап, түнеу орнын іздеп, жараланғандарды және салмағы 30 кг болатын оқ – дәрілері бар жәшіктерді тасымалдауы тиіс болды. Мұның барлығы ат тізгінінде отырып орындалуы қажет. Ал екінші кезеңде сайыскерлер шұңқыр, лабиринт, дуал, бұзылған көпір және баспалдақ, хабар берілетін құдық және траншея  сынды арнайы кедергілерден өтеді.

Ат марафонының төрешілер алқасы киім-кешек пен қауіпсіздік шараларының сақталуын мұқият тексерсе, мал дәрігері жылқылардың жүрек соғысы мен пульсін қарады. Бұл орайда жарысқа келген әр елдің командалары шаршағандарын да жасырмады, алайда жеңіске деген жігерлілік әрқашан күшті болатынын көрсетті.

   «Мерген шебі»


Беларусь Республикасының «Брестский» полигонында бұл күндері V  Армиялық халықаралық ойындар шеңберінде «Мерген шебі» халықаралық байқауына қызу дайындық жүруде. Жақында ғана жеребе тастау өтті. Қазақстан командасы 20-шы, байқау қожайындары 18-ші, ал ресейлік команда бірінші болып өнер көрсететіні белгілі болды. Одан басқа, барлық қатысушылар қару-жарақ, қажетті керек-жарақ жиынтығын алды және сайысқа дайындықтың шешуші кезеңіне кірісіп кетті. Қазақстандық мергендер қару-жарақтың жиынтықтылығын тексерді, көздеуіш керек-жарақты салыстыра тексерді және оны қалыпты ұрысқа келтіру үшін қаруды атып көрді. Сайысқа қатысу үшін командалар полигонда өрістетілген медициналық жасақ базасында медициналық тексеруден өтті. Одан кейін байқаудың барлық кезеңдері барысында қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша сабақтар өткізілді. Байқауға қатысуға 21 елдің өкілдері ниет білдірді. «Мерген шебі» байқауы «Танк биталоны» жарысынан ғана қалыс қалып, армиялық ойныдардың байқаулары арасында аса қызығушылық пен танымалдылыққа ие екенін айта кеткен жөн.



«Танк биатлоны»

 

Қазақстандық танкшілер сайыстың алғашқы кезеңінде бірінші болып мәреге жетті.

Мәскеу қаласының «Алабино» полигонында  «Танк биатлоны»  сайысының жеке жарыс кезеңі жалғасуда. 22 минут 16 секунд нәтижесімен отандық танкшілер бірінші болып мәреге жетті. Қашықтықтан өту кезінде танк экипаждарына тек жылдамдықты ғана емес, сондай-ақ зеңбіректен, зениттік және қосарлы оқшашардан ату дәлдігін көрсету маңызды болды. Жақсы нәтиже көрсеткен команда айып шеңберінде қалмайды. Ауыр машинаны басқару шеберлігін сынау үшін бірқатар кедергілерден өту қажет. Шұңқырлардан, жыралар мен қорғандардан өту танктер сайысын қыздыра түсті. Біздің экипаж бұл кезеңдегі сынақтан сүрінбей өтті. Қазақстандық танкистер жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жылдан жылға биатлонның мықты командаларының бірі ретінде өз шеберліктерін шыңдауда. Айта кетейік, «Танк биатлоны» сайысы үш кезеңнен тұрады. Екінші кезеңде әр қатысушы елдің үш танк экипажы командалық жұмысты көрсетіп, бір танкпен өзара ауыса отырып өнер көрсетеді. Ал, финалдық кезеңде  жүлделі орындарды иемдену үшін үздік танк экипаждарының төрттігі бәсекеге түседі.

 

Армия ойындарының алғашқы жеңістері

Мәскеу облысындағы «Алабино» полигонында өтіп жатқан «Танк биатлонында» біздің танкистер сайыстың екінші күнінің қорытындысы бойынша бірінші орында. Рязаньдағы «Авиадартс» сайысының бірінші кезеңінде біздің әскери ұшқыштар дене даярлығынан үздік нәтиже көрсетті. Су-25 жойғыш ұшағы, Ми-35 и Ми-171Ш тікұшақтарының экипаждары бірінші, ал Су-30СМ жойғыш ұшағының ұшқыштары үшінші орынды иеленді. Мәскеу маңындағы Алабинода өтіп жатқан «Далалық ас үй», сондай-ақ Өзбекстандағы «Фориш» полигонында басталған «Әскери-медициналық эстафета» турнирлерінің қорытындысымен командалар екінші орынға қол жеткізді. Бресттегі (Беларусь) мергендер сайысында қазақстандықтар үздік үштік қатарынан көрінді.  Қазір олар жеке сынақта үшінші болып тұр. Әзербайжандағы «Теңіз кубогы» конкурсында әскери теңізшілер өздерін лайықты деңгейде көрсетті. Кеменің ұрыста өміршеңдігі мен теңіз жағасындағы жаттықтыру кешендерінде жаттығу орындаудан олар үшінші орынға ие болды. Дәл осы сәтте Моңғолия оқу-жаттығу полигонындағы Қазақстанның әскери командасы биыл алғаш рет өтіп жатқан «Әскери бәйге» сайысында да жүлделі үшінші орында. Армениядағы «Әлем жауынгеріне» қатысушылар әскери-медициналық дайындықта бақ сынасты. Біздің команда бұл кезеңді үшінші орынмен тәмамдады. Сондай-ақ Қазақстанда сайыстар басталған бірінші күннің өзінде-ақ «Сенімді қабылдау» конкурсында біздің байланысшы жауынгерлер 5 команда арасынан 281 ұпаймен көш бастады. Естеріңізге сала кетсек, қазір Армия халықаралық ойындарының 32 байқауы әлемнің 10 мемлекетінде өтуде. Бұл сайыстарға жер шарының 39 елінен 223 команда қатысуда. Біздің әскери қызметшілер 16 конкурсқа қатысады.

 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи