Жауынгер өсиеті – ұрпаққа мұра

Жауынгер өсиеті  – ұрпаққа мұра


   Ұлы Отан соғысының ардагері Исағали Иманқұлұлы Топатаевтың өсиеті бойынша жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Ленинградты қорғағаны үшін» медалі Семей өңірлік гарнизонының әскери полиция жасағына, өзге жауынгерлік наградалары мен жәдігерлері Семей тарихи-өлкетану мұражайына тапсырылды.

   Исағали Топатаев әкесінен ерте айырылып, жетімдіктің тауқыметін көп көрді. Намысшыл жігіт техникаға әуес болып өсті. 1941 жылдың маусым айында соғысқа шақырылды. 1942 жылдың тамыз айынан 1943 жылдың қазан айына дейінгі аралықта Волхов бағытында сапер взводының командирі болды. Сапердің бір-ақ рет қателесетінін жадында сақтап, осы қағиданы жеке құрамға үйрете білді. 1943 жылдың қаңтар айында инженерлік–саперлік батальонға күрделі тапсырма берілді. Әскерге шабуылға шығатын бағытты миналардан тазарту жүктелді. Қыстың аязы мен бұршақша зулаған оққа қарамастан жауынгерлік тапсырма орындалды. Жау кері шегінді. Ленинград қоршауын бұзып шығуға жол ашқан күрделі операция кезінде асқан ерлік көрсеткен сапер взодының командирі кіші сержант Исағали Топатаев «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Алайда, бұл награда иесіне арада 11 жыл өткен соң ғана жетті. Мамандығы мина қойылған жерді анықтап, оның жарылысын залалсыздандыру болды. Сол себептен де минаның мыңдаған түрлерін оқып-зерттеді. Сарышұнақ аязда төбесіне оқ тиіп, сол жақ қолы қимылға келмей қалды. Гранатаның жарықшағы екі қабырғасын сындырды. Сонда да соғыста жүрді. Өлдіге саналып, отбасына «қаралы қағаз» жіберілген кіші сержант Исағали Топатаев дәрігерлердің арқасында тірі қалып, соғысқа қайта аттанды. Әскери қызметті 1947 жылы ақпан айында кіші лейтенант атағында аяқтады. Ол ешқашан арақ ішіп көрмеген, шылым да шекпеді. 70 жасына дейін коньки тепті. 20 жылға жуық Семей өңірлік гарнизонының әскери полиция жасағының қамқорлығында болған уақыт аралығында жас ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге бар күшін салды. Әрдайым жігерлік, қайсарлық, батылдық – жеңістің басты ұстанымы екенін айтып отыратын. Қарт жауынгер биыл 14 ақпанда 99 жасында дүниеден озды.

   Қызы Шәрбат Исағалиқызы әкесінің өсиетін бұлжытпай орындап, жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Ленинградты қорғағаны үшін» медалін Семей өңірлік гарнизонының әскери полиция жасағына тапсырды. Өзге жауынгерлік наградалары Семей тарихи-өлкетану мұражайының төрінен орын алды. Семей өңірлік гарнизоны әскери полиция жасағының бастығы подполковник Талғат Әмірханның бұйрығы негізінде жауынгер жәдігері жасақтың әскери патриоттық бұрышына қойылды.

 

Алуа ИСКАКОВА

Суретті түсірген автор


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

Броньды машиналар кәсіпорны

Броньды машиналар кәсіпорны

БКМ "Барыс 8х8"

БКМ "Барыс 8х8"