Жат идеология ар-ожданды өлтіреді

Жат идеология ар-ожданды өлтіреді

Деструктивті ағымдардың қоғамға келтірер зияны мен зардабын отандық ғалымдар мен мамандарымыз айтып келеді. Мұны өзіміз де күнделікті өмірден көріп келеміз. Бұлардың барлығы алғашқы кезде адамға жылы күліп, гуманистік, ізгілік, адамгершілік ойларды көп айтып, сырт көзге жақсы көрінуге тырысады.

Бұл бар болғаны азаматтардың басын айналдырып, өз қатарларына тарту үшін пайдаланатын бүркенішті реңк екенін естен шығармаған жөн. Айласын асырып, көздеген адамын өз қатарына қосқан соң, оған «өзіміз» деп басқа идеология құя бастайды. Оны қасындағы ағайын-туысынан, ата-анасынан, жора-жолдастарынан айырып, керек болса өмірлік жарынан ажыратып, өздерімен пікірлес топқа, жамағатқа қосады. Келешекте өздеріне басымен тәуелді ету мақсатында оны өз араларындағы біреумен үйлендіреді.
Міне, мұнан соң жат ағымның жетегінде кеткен азамат, тек сол ағымның идеологиясы үшін өмір сүріп, күреседі. Оған жан-жағындағы өмір, қоғам қызық емес. Ол үшін мемлекеттің мүддесі, ұлтаралық қатынас, конфессияаралық бірлік, жер байлығы, патриотизм, Отан алдындағы борыш, ата-ана алдындағы міндет, дәстүр деген сияқты көптеген маңызды дүниелер құндылығын жоғалтады. Сол жат діни ұйым немесе ағым үшін жұмыс жасайды. Көлігін, пәтерін сатып, ақшасын соларға аударады, отбасы және жұмыстағы ұжым мүшелерін сол ұйымға немесе ағымға тарта бастайды.
Неге? Өйткені ағымды (сектаны) басқарып отырған оның «рухани ұстазы» солай бағыт беріп отыр. Әдетте, мұндай «ұстаздар» шет мемлекеттерде отырады. Ал мұнда жәй миссионер шабармандары келеді. Елдегі демократиялық, зайырлылық жағдайды жақсы білетін олар адам құқығы, діни сенім еркіндігіне қатысты баптарды өз мақсаттары үшін тиімді пайдаланып, діни ұйымдар, бірлестіктер ашып алады. Сөйтіп, тыныш әрі бейбіт өмір сүріп жатқан елдің ішіне іріткі салуға кіріседі. Діни ұйымға немесе бірлестікке мүше болып кірген азаматтар үшін қоғам бұдан былай «біз» және «басқалар» болып шаға келеді. «Біз» дегені өзімен пікірлес ұйым мүшелері, ал «басқалар» дегені сіз бен біз, яғни олардың идеологиясын қолдамайтындар. Сондықтан олар мемлекет идеологиясына, бірлік саясатына қарсы. Кешеге дейін қазақ елінің жерінде өсіп-өніп, білім алып, кәсіп қылып, асын ішіп келген азамат бүгінде жат елдің, теріс ағымның күйін күйттеп шыға келеді. Бұл айтылғандар – барлық дерлік деструктивті, жат пиғылды ағымдар үшін ортақ белгілер.
Шын мәнінде сырттан келген келімсек бір ағым, жат идеология қазақ елінің көркеюіне, қоғам өмірінің жақсаруына жаны ашып, қаншалықты көмек берер дейсіз? Егер олар расында да адамды жарылқайтын болса, неге өз мемлекеттерінде соны іске асырмайды? Әлде ол елдерде экономикалары жетілген, қоғам мүшелері рухани кемел ме? Материалды һәм рухани жәрдемге мұқтаж адам қалмаған ба? Қалай десек те, өкінішке орай бүгінгі қоғамда теріс ағым жетегінде кеткендер жоқ емес. Олар бар, бұл – ащы шындық. Ондай азаматтардың бірі – танысымыз, екіншісі – көршіміз, үшіншісі – бауырымыз, төртіншісі – әріптесіміз.
Менің қолыма қалам ұстатқан да осындай жағдай. Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес шаралардың біріне қатысты Ақтөбеге іс-сапармен бардық. Жоғары оқу орындары мен арнайы біліп беру орындарының студенттерімен және мектеп оқушылармен түрлі кездесулер өткіздік. Басқосулардың бірі қала маңындағы бір мектептің 9-сынып оқушыларымен өтті. Деструктивті, теріс пиғылды ағымдардың қоғамға тигізер зияны, бүгінгі терроризм мен экстремизмнің зардабы, оларға қарсы күрес, алдын алу сияқты мәселелер әңгіме болды. Сөз арасында «Осында отырғандардың арасында қандай да бір діни ұйымға, ағымға мүше болғандарың бар ма?» деп сұрай салдым. «Балалы үйде ұрлық жатпайды», бір бала қолын көтеріп, орнынан тұрды. Оның дүниетанымын, ұстанымын білу мақсатында әңгімеге тарттым, бірнеше сұрақ қойдым. Мысалы, өмірлік ұстанымың қандай? Қазақ елі, туған жер туралы не ойлайсың? Отан алдындағы борыш, сүйіспеншілік туралы не айтасың? Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсеткен дұрыс па және т.б. Онымен әңгімелесе келіп, жасөспірімнің расында да жат ағымның жай ғана мүшесі емес, жастар арасындағы белсенді миссионер екенін байқадым.
Бір ғана бала сыныптағы 28 оқушымен сөз тартысып, өзінің жолын ақиқат екенін дәлдеуге тырысты. Ол сыныпта мұғаліммен бірге мүйіздері қарағайдай дін мамандарының отырғанынан да қаймықпады. Сондағы айтқаны: «Патриотизм деген жоқ. Ұлттық рәміз деген – жай ғана белгілер. Оларды қадір тұту – адасушылық». Ал Отанды қорғауға, әскери борыш өтеуге мүлдем қарсы. «Алда-жалда ел шекарасын қорғау жағдайы туа қалса не істейсің?» деген сұраққа берген жауабы: «Мен қолыма қару алмаймын, Отанды қорғамаймын. Бізге қару ұстауға мүлде болмайды, біз бейбітшілікті насихаттаймыз. Басып кірген дұшпан келе берсін».
Бұл әлі тұлғалық бітімі қалыптаса қоймаған бала. Соның өзінде миссионерлер оның бойындағы ар-ождан, намыс, Отанға деген махаббат, ел алдындағы борыш сияқты рухани құндылықтарды жойып, санасын өзгертіп үлгерген. Ол есейіп ер жетем дегенше өз қатарына қанша ұл-қыздарымызды тартып үлгіреді. Белгілі болғаны бұл ағымға бала отбасымен кіріп кеткен.
Енді Алматы облысы Талғар қаласында болған мына оқиғаға қараңыз. Мектепте өткен ашық сабақ алдында Әнұран орындалады. Сол кезде екі оқушы орындарынан тұрмаған, қолдарын жүрек тұсына қоймаған. Мұғалім мұның себебін сұрағанда, олар: «А нам так нельзя» деп жауап беріпті. Яғни оларға мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуге болмайды. Мұндай оқиғалар тек Ақтөбе, Алматы облыстарында емес, Қазақстанның барлық аймақтарында бар. Бұған кінәлі адамды сырттан іздеудің қажеті жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!» Ата-ана баланы жастайынан ата-баба дінін үйретіп, махаббатына бөлеп, дұрыс тәлім берсе, жастарымыз көрінген жат ағымның артынан ермес еді. Өйткені, дәстүрлі дініміз «Отанды сүю – иманнан» деп үйретеді. Атасы мен әжесінің жұмсақ алақанын ұстап, олардың ақыл-кеңесін тыңдап өскен бала рухани бай болады. Ал рухани бай адам Отанын сатпайды. Тек намысы, ар-ожданы жоқ адамның кіндік қаны тамған жеріне махаббаты, қызғанышы болмайды.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ, дінтанушы

Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: как военнослужащие смогут получить жилье по новой модели?

Инфографика: как военнослужащие смогут получить жилье по новой модели?