Жалған жиһад жарға жығады

Жалған жиһад жарға жығады

Өткен аптаның соңында Ресей Федерациясының әскерилері Сирия жеріндегі лаңкестік қанды қырғыннан 40 адамды құтқарып, арнайы рейспен Шешенстан астанасына жеткізген. Оның 5-еуі Қазақстан азаматы екен. Нақтырақ айтсақ, 29 жастағы отандасымыз төрт баласымен бірге әзірге Грозный қаласында.

Сириядағы соғыстан қажыған әйелдер мен кішкентай ұл-қыздарды құтқару үшін әскерилер үш апта бойы келіссөздер өткізген. Нәтижесінде қырық шақты адамды зорға дегенде аман алып шыққан.
Негізі, құтқарылған бұл келіншектердің барлығы кезінде күйеулерінің соңынан еріп, жат ағамның жетегінде – жиһадқа аттанған. Оларды орыс  әскері соғыстан құтқарып алып шығып отыр. Содан кейін арнайы рейспен Ресейдің Грозный қаласына жеткізілген. Шешенстан Республикасының Таяу шығыстағы өкілі Зияд Сабсабидің айтуынша, Сириядан шығарылғандардың барлығы лаңкестермен бірге болған. Бірақ, соғыстан  шаршаған әйелдер балаларымен бірге қашып шыққан. «Кейбірі күрд бүлікшілерінің қолына түскен. Біз олармен келісімге келіп, барлығын құтқарып алдық.   Жалпы құтқарылғандардың саны 40-тан асады. Оның 12-сі әйел, қалғаны – кішкентай ұл-қыздар. Көбі Ресей азаматтары, ал екеуі – өзбек, бесеуі – қазақ», дейді ол.
Грозный қаласына жеткен 29 жастағы отандасымыздың қасындағы ұл-қыздарының үлкені бес жаста болса, кішісі небары екі айлық шақалақ екен.   "Ол – 1988-жылы туылған Орал қаласының тұрғыны. Және оның кәмелет жасына толмаған 4 баласы бар. Оларды Грозный қаласының әуежайында Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің қызметкерлері қарсы алды. Жақын арада олар Қазақстанға жеткізілетін болады», дейді еліміздің Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Әнуар Жайнақов.
Қазақстанға оралған бойда Сириядағы соғыстан келген келіншектен Ұлттық қауіпсіздік комитеті жауап алары белгілі. Содан соң әйелдің отбасымен бірге шетел асуына кімдердің түрткі болғаны анықталуы тиіс. Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың мәліметінше, олар егер жауапкершілікке тартылмайтын болса, егер шетелде жүріп қылмыс жасамаған болса, тек оңалту жұмыстары жүргізіледі. «Өйткені, оларды біздің қоғамға бейімдеу керек. Жиһад жасаймыз деп түрлі геосаяси ойындардың құрбаны болып жатқан қазақтарға тосқауыл болмай тұр. Сондықтан, теологтар ұл-қыздарымыз жат ағымға кірмеуі үшін алдымен тәрбиеге мән бергені жөн», дейді ведомство басшысы.
Ал осы мәселеге қатысты дінтанушылар қандай пайымда? Теолог Мәди Орынбайдың пікірі мынадай: «Біріншіден, балаға дәстүрлі, ата-бабамыздан келе жатқан асыл дінін үйрету керек. Тілін, салт-дәстүрін меңгерткен абзал. Тарихын білсін. Осы төрт нәрсені ата-анасы балаға үйрететін болса, онда бала адаспайды деп ойлаймын. Ал,қазір жастардың көбі білімін интернет арқылы жетілдіруге әуес. Онда жалған жиһад туралы арандатушы ұрандар өріп жүр. Көбі соған еріп, қалай радикалдық топқа кіріп, Сириядан бір-ақ шыққанын аңғармай жатады».
Иә, мәліметтерге қарағанда, жүздеген отандасымыз қазір Таяу шығыста қару асынып соғысып жүр. Оларды елге қайтару ісін еліміздің күштік құрылымдары барынша күшейткен. Егер олар оралған жағдайда шетелдегі соғысқа қатысқаны үшін  жеті жылға дейін түрмеге жабылуы мүмкін.

Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

История развития органов воспитательной и идеологической работы ВС РК

История развития органов воспитательной и идеологической работы ВС РК