Елбасының қарапайым бейнесі

Елбасының қарапайым бейнесі

Ертең – Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні. Мереке Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел үшін атқарған ерен еңбегінің құрметіне орай бекітілген болатын. Дәл осы 1 желтоқсанның таңдалып алынуы бекер емес. Себебі 1991 жылдың 1 желтоқсанында тәуелсіз қазақ елінде алғашқы президенттік сайлау өтіп, онда Нұрсұлтан Назарбаев 98,78 пайыз дауыспен жеңіске жеткен еді.
Ал Парламент 2011 жылы арнайы заң қабылдап, 1 желтоқсанды «Тұңғыш Президент күні» ретінде мемлекеттік мереке деп белгіледі. Бұл мейрам 2012 жылдан бері елімізде аталып келеді. Соның ішінде Қазақстанның Қарулы Күштерінде осы атаулы күні жас сарбаздардың ант қабылдау рәсімін өткізу дәстүрге айналған.

 

 

ЕЛБАСЫНЫҢ ҚАРАПАЙЫМ БЕЙНЕСІ

 

Жалпы жұртшылықты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент ретіндегі және адами болмысы қызықтыратыны анық. Оның өз ортасында, отбасында, жақындарының қасында қандай? Оның достары бар ма? Мінезі қандай? Бала Нұрсұлтан қандай болған? Осы сынды сұрақтарды ескере келе, Елбасының беймәлім тұстарын ашып көрсетпекке ниет еттік. Бұл тұста біз Елбасының әр телеарнаға берген әңгіме-сұхбаттарын көріп шықтық. Содан топтастырып, мақала әзірледік. Сонымен...

Үшқоңыр ауылында дүние келген бала Нұрсұлтан бала болып асыр салып ойнап, оқуды да оқып, ата-анасына қолғабыс етіп те үлгеретін. Бала болса да естиярлығын танытып, ағалығын да білдірген. Ата-анасының басынан кешкен тағдыр тауқыметін көзімен көрген Нұрсұлтанның бір ғана арманы болған. Тезірек ер жетіп, жұмыс істеп, бұл қиыншылықтан оларды құтқару.  

- Ата-анам көп еңбектенетін. Оларға әркез көмектесетінмін. Ол кезде дастарханда наннан басқа ештеңе болмайтын. Ауыл балалары еңбекке баулып өседі ғой. Осы еңбектенудің арқасында әркез алда болуға тырысатынмын. Бұл дағдыға айналды, - деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Бауыр, қарындастарына қамқорлық таныту – оның бойына біткен қасиет. Бала күннің естелігі бүгінде оған жылылық сыйлайды екен.

- Сезімталмын. Бала күнімді еске алсам, жан дүнием тебіреніп кетеді. Әкеміз екеуміз аң аулауға шығатынбыз. Әлі есімде, ол кезде сағат атаулы жоқ болатын. Әжем мені әтештің шақырғанына қарай оятып, сабағыма жөнелтетін. Ол кезде мектеп ауылдан қашық еді. Кейде әтеш түнгі 3-те шақыратын. Сонда, әжем оятса, тұрып сабағыма кететінмін, - деп күліп еске алды Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы болса-дағы бойында сенгіштік қасиет сақталған. Талай мәрте алданып, сатқындықтын куәсі болса да, әлі де адамдарға сенумен келеді. Сенімін жоғалтпаған...

– Қарапайым адаммын. Табиғатым сондай. Біреуді жақсы көрсем, онымен дос болам. Қарым қатынасты үзбеймін. Өмірде сатқындыққа көндігу мүмкін емес. Алайда, әрбір сатқынды өзінің ар-ұяты мазалайтыны анық. Оны мен өмірлік тәжірибемнен білем. Бірақ, сонда да адамдарға сенумен келемін, - деді.

Елбасы халық үшін қызмет етіп жүрген тұлға болғандықтан, көбіне көп түзде жүреді. Алайда ол отбасын ешуақытта ұмытқан емес. Ол оның жүрегінде...

- Оның өзінде ұялы телефоны жоқ. Кез келген уақытта хабарласа алмаймыз. Жұмыс орнына хабарласып, қызметкерлері арқылы шығамыз. Көбіне ол жиналыстарда отырады. Біздің хабарласқанымызды білген сәтте өзі хабарласады. «Бәрі жақсы ма?» деп. Кейде хат жазысып тұрамыз. Ол маған жүрекке толы хаттар жазады. Мен оларды сақтап жүрмін. «Қызым, Дарияшым менің!» деп басталады хаттары. Артынша «Папаң!» деп қол қояды, - деді қызы Дариға.

- Қыздарымның менің пір тұтатынын білемін. Мен үш қызымды қалтқысыз жақсы көремін, - деді үш қыздың әкесі.

- Үйде анам – қатал, әке – мейірімді, жұмсақ. Кейде анам «жарайды, мен-ақ жаман болайын» дейді – деп күлді Дариға Нұрсұлтанқызы. Әкесі туралы Әлия: «Әлі есімде, дискотекаға барғам. Әкем хабарласты«Сен қашан келесің?» деді. Мен «қазір шығайын деп жатырмын» деймін. Біраз уақыттан соң «Сен қайдасың?» деді. «Міне, шығып келемін» дедім. Бірер минуттан соң, би кешінде бәрі дүрлігіп кетті. Не болғанын сұрасам «Президент осында келе жатыр» деді. Сол мезетте-ақ, машинаға отырдым да үйге тез арада жеткенім есімде», - деді қызы Әлия күліп.

Адамзат баласы дүние есігін ашқанда жай адам болып келері хақ. Жүре келе, тағдыр салған әр соқпақтан өтеді, маңдайына жазылғанын көреді. Бірақ, қандай жолда болмасын, ішкі жан дүниесіндегі табиғи мінезділік сақталады. Тек әртүрлі қам-қаракетке байланысты ерікіңнен тыс өзгеріске ұшырап отыруы мүмкін. Әйтпесе, мінезде ауытқушылық болмайды. Нұрсұлтан Назарбаевта да дәл солай. Бұл сөзімізді қызы Дариға Назарбаева айғақтасын.

- Оның жүрегі өте нәзік. Сондай арманшыл. Тіпті, ол ән айтқан кезде көзіне жас үйіріледі. Ән айтқанды жақсы көреді. Өте сезімтал. Президент болған соң соған сай жүргенімен, ішкі жан-дүниесі сол қалпы, - дейді қызы Дариға. Ал, оның қызы Әлия әкесінің сырт көзге қатал болып көрінгенімен іштей мүлде басқа күй кешетіндігін айтты: «Сырттай қатал болып көрінетіні жүрегінің жараланғанын білдірткісі келмейтіндігінен. Ал, шын мәнісінде ол сондай сезімтал адам».

Иә, оның жаны ән салғанды ұнатады. Әдебиетке деген құштарлық еш басылмаған. Бұл туралы Бекболат Тілеухан: «Жамбыл мен Айкүмістің айтысы бар ғой. Сондай айтыстардың бәрін қашан жаттап жүргенін білмейсің. Бастан-аяқ біледі. Консерваторияда сабақ берген менің өзім жатқа білмеймін. Ол кісінің болмысында дәстүрге деген құрмет, ақындыққа деген бейімділік, әнге деген құштарлық атаның күшімен, ананың сүтімен келген ғой. Әлі есімде, ең алғаш депутаттық қызметке отырғанымда, бір жиында көпшілік арасында тұрған мені көріп «Арғымақ атқа міндім деп, ата жұрттан қалып қойма» деді. Ондағысы домбыраң мен әніңді тастама дегені болатын», - деді.

Ол күніне 300-400-дей ақпаратты оқиды. Бәрін біліп отыруы тиіс. Адам болса да ол - Елбасы. Президент ретінде бір жайтты білмей қалу – әбестік. Сол себепті, барлығын көз алдынан өткізіп отыруды әдетке айналдырған. Кешігіп жүру оның жанына қас. Таңертеңгі ең алғашқы ісі – жаттығу. Спорттың барлық түрімен айналысатын Елбасы, шаңғыны ең алғаш рет 55 жасында аяғына таққан екен.

– Жастар маған қарап бой түзейді. Ұйқыңның қанбағанын немесе шаршаңқылықты білдірмеу керек. Әр уақытта өзіңді бабында ұстап, сергек жүру керексің. Демалыс қашан болады екен деп асыққан емеспін. Өйткені өзімнің жұмысымды жақсы көрем. Ешуақытта, ешқайда да кешіккен емеспін. Бұл жастайымнан бойыма сіңген, қалыптасқан дағды.

Спорттық ойындарда жеңіліп қалсам, көңіл-күйім түсіп кетеді. Жеңілгенді ұнатпаймын. Әркез жеңуге тырысамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол өзге Елбасылар сияқты стилист, костюмердің айтқанына жүгінбейді және оны қажетті деп санамайды. «Киімді өзім таңдаймын. Менің ойымша, ер адамға киім таңдау қиын емес. Президентке сән қуу әдептілікке жатпайды. Оның қажеті де жоқ», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент болған соң, Елбасы маңында болып жатқан қам-қаракетке бойын еріксіз үйреткен. Тіпті ол, алғаш жасаған іс-әрекетін де жасырмады.

- Президент болған соң бәрі Конституция бойынша жүзеге асады. Мысалы мен шет елге демалуға бару үшін, ол елдің Президенті білуі тиіс. Мен бір өзім емес, күзетпен бірге жүруім қажет. Өздігімнен қала аралап, кез-келген мейрамханаға бара алмаймын.

Алғаш рет күзетілетін тұлғаға айналғанымда үйрене алмадым. Олар сені күзете ме, әлде бақылап жүре ме. Олардың түсінігінде нысан назардан тыс қалмауы керек. Сондағы нысаны менмін. Кейде күзеттен қашып кету сияқты баланың ісін істеген кездерім де болды. Қазір оған үйрендік, - деді күле.

Оның ел үшін жасаған істерін халық көріп отыр. Бүгінде ол ел таныған тұлғаға айналды. Президент ретінде қолға алған істері орындалуда. Ал, адам ретінде оның қандай арманы бар екен?!

- Анам мені қатты жақсы көретін. Оның маған сыйлаған махаббатының өтемін өтей алмадым. Ол менің жетістігімді көрмеді. Өмірден ерте қайтты. Ауылдың тек бейнетін ғана көрді.

Бір күні Мәскеуге аттануым керек болды. Ол кезде ол ауырып жатқан болатын. Кетер алдында менімен бірге көшеге ере шықты. Сонда «Енді көрісе алмайтын шығармыз» деді. «Не айтып тұрсың?! Екі күннен соң ораламын» дедім. Мәскеуге келіп жеткенде анамның қайтыс болғаны туралы хабар келді. Сонда екі күн болса да қасында болуым керек еді деп ойладым. Оның аналық мейірім ерекше болатын. Сезінетінмін. Енді міне, неге қасында көбірек болмадым екенмін, неге көбірек ықылас танытпадым деп ойлаймын. Бәлкім, таңданарсыз. Мен оны шыныменде сағындым... – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Жетпістің желкеніне шықса да, әлі күнге дейін анаға деген сағыныш жүрек түкпіріне сақталған. Оның өзегін өртейтін өкініші де осы сияқты - анасының қасында болмауы... Бұл оның орындалмас арманы болып қала бермек...

Қазақтың атын мәшһүр әлемге танытып жүрген ұлы тұлғаның қарапайым бейнесі міне, осындай.

 

Суреттер «akorda.kz» сайтынан алынған


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства