Ел әл-аухатын еңселеткен жыл

Адамзат күнтізбесінен тағы бір жыл жылыстап шығып, Жаңа 2019 жылға орнын берді. Қазақта жеті қазынаның бірі саналатын ит жылы да тарихтан кетіп, мүшел есебінің 12-жылы доңыз жылы келіп жетті. Жарайды, «ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа». Өткен жылға өкпеміз жоқ, жаңа жылдан күтеріміз көп. Десек те, жыл соңында ескі жыл кетер алдында есеп беретін әдетіміз бар. Сонымен, 2018 жыл еліміз үшін қандай елеулі оқиғалармен есте қалды? Ендеше, жан жадыратар жаңалықтар мен оқиғаларды саралап көрейік.

Қаңтарда Қазақстан Орталық Азия бойынша алғашқы мемлекет болып БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етті. Қазақстанның төрағалығы барысында консультациялар, брифингтер және пікірталастар форматында 30-ға жуық отырыс өткізілді және олардың қорытындылары бойынша Кеңес Төрағасының БАҚ үшін қарарлар мен мәлімдемелер қабылданды. 18 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың төрағалық етуімен өткен «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» тақырыбындағы жоғары деңгейдегі тақырыптық брифинг Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде төрағалық етуінің басты іс-шарасы болды. Отырыс сенімді нығайту шаралары, сондай-ақ превентивті дипломатия құралдарын нығайту әлемдік державалар арасындағы саяси конъюнктура нәтижесінде уақтылы шешілмейтін көптеген маңызды мәселелер бойынша прогреске қол жеткізудің негізі бола алатындығын көрсетті.

***

Елбасы ресми сапармен Ресей,  Қытай, Орталық Азия мен Еуропада болды.  2018 жылы АҚШ-қа ал­ғашқы сапар жасаған Мем­ле­кет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев болды. Қаңтардың 16-сында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ  президенті Дональд Трамппен кездесті. Сондай-ақ Қазақстан Пре­зидентінің Америка, Ресей, Қытай сынды алпауыт елдермен  қарым-қатына­сы­ның болашағын айқындаумен қатар, Орталық Азия ел­дерімен байланысы, оның ай­мақ­тағы орнын айшықтау тұрғы­сы­нан үлкен маңызға ие.

***

2018 жылдың елді елең еткізген тағы бір жаңалығы – Елбасының апострофсыз латын әліпбиінің нұсқасын заңды түрде бекітіп, Жарлыққа қол қойғаны болды. Ақпанда қазақ тілі 32 әріптен тұратын латын әліпбиіне көшірілді. Тиісті ақпарат Ақорданың ресми сайтында жарияланды. Осыдан соң Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын жаңа әліпбимен құттықтады.  «Бұл - тарихи маңызға ие оқиға» деген сенат спикері жылы лебізін латын қарпімен жазды. 

***
Қазақстан 2018 жылғы қысқы олимпиада ойындарында бір қола медалді еншіледі. Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен жетінші ақ олимпиадада фристайлшы қыз Юлия Галышева Қазақстанға жалғыз алқаны алып берді.

***

Наурыз айында Астана қаласында Орталық Азия елдері басшыларының саммиті өтті. Сарапшылар Орталық Азия елдерінің ахуалын талқылаған саммит соңғы 9 жылда алғаш рет өтіп отыр.

 

***

Наурызда Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы жарияланды. Елбасы Үкіметке еліміздің әр отбасына баспана алуға мүмкіндік беру,
жоғары білім алудың сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін салық жүктемесін азайту, шағын несие беру көлемін арттыру және елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыруды тапсырды.

 

***

Сәуірде қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» жобасы аясында гуманитарлық бағыт бойынша  тәржімаланған 18 кітаптың таныстырылымы өтті. Бұл оқу құралдары 10 000 таралыммен 110 жоғары оқу орындарына таратылды. Жоба басталғалы бері Ұлттық аударма бюросы Кембридж, Оксфорд университеттерінің баспалары мен Cengage, Pearson, Penguin Random House, Mcmillan секілді халықаралық баспа үйлерімен тығыз әріптестік байланыс орнатты.

 

***

Маусымда Түркістан облысы құрылып, Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері тұңғыш рет облыс орталығы халқының саны миллионға жетіп, ерекше мәртебе беріліп, Шымкент әкімшілік бірлігі елдегі он жетінші аймақ болып аталды. Ал жаңа әкімшілік функцияларды сапалы түрде жүзеге асыратын барлық мүмкіндігі бар Түркістан қаласының облыс орталығы атануы – үлкен тарихи мәні бар шешім.

***

6 шілдеде Астана 20-жылдық мерейтойын атап өтті.
Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Биыл Астананың 20-жылдық мерейтойына орай 85-тен астам іс-шара ұйымдастырылды.

***

Тамызда V Каспий саммитінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция қабылданды. Теңіз жағалауындағы бес мемлекет көшбасшыларының бәтуаластық және барлық тараптардың мүдделерін өзара есепке алу негізінде тұжырымдалған көп жылғы жұмыстың қорытындысы, базалық халықаралық шарт – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюы жоғары деңгейдегі кездесудің басты оқиғасы болды. Бұл – жағалау мемлекеттері ынтымақтастықтың барлық салаларында өз қатынастарын орнататын негіз қалаушы құжат.

***

Қыркүйекте Лос-Анджелестегі 20 мың адамға арналған T-Mobile аренасында өткен алапат айқаста қазақстандық боксшы Геннадий Головкин алғаш рет мексикалық боксшы Сауль Альварестен жеңілді. Бұл халықтың ұзақ уақыт күткен  Головкин-Канело жекпе-жегі еді. Өз салмағында ешкімге есе жібермеген Головкин Канеломен кездесуін «сойқан соғысқа» балаған еді. Қос былғары қолғап шебері де бұл жекпе-жекті нокаутпен аяқтауға уәде берген. Алайда жекпе-жектің қорытындысында Головкин "Канелоға" есе жіберді. Головкин барлық чемпиондық белдігінен айрылды.

***

Қазанда Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру»атты жолдауы халыққа жол тартты.  Жолдау жұртшылық тарапынан кең қолдауға ие болып, көптеген жақсы пікірлер айтылды. Жолдауда Елбасы ха­лық­тың әлеу­мет­тік жағдайын көтеру үшін қызмет етіп жатқан барлық салаларды қамтыды және Жолдауының алғаш­қы сөзін халықтың жа­ла­қы­сын көтеру мәсе­лесі­нен бастады. Жолдауда айтылған міндеттер мен мақсаттар халықтың әл-ауқатын арттырып, көптеген әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етері сөзсіз.

***
Қазанда 80-нен астам делегация қатысқан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өтті. Астанада  өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кеңесінің үшінші отырысы  «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін» тақырыбында болды. Съезге саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден 82 делегация қатысты.

***

Қарашада Қазақстанның әлем тарихында алатын орны туралы баяндалатын Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрді. Президент жаңа мақаласында төл тарихымыз бен мәдениетімізді жіктей келе тарихи сананы жаңғырту мәселесін көтеріп, 6 бірдей жоба ұсынады. Оның ішінде, «Ұлы дала тұлғалары» серияларын шығару, оқиғалар мен тұлғаларды уақыт тізбегі бойынша бір жүйеге келтіру,  түркі дүниесінің қара шаңырағында түркілер өркениеті жобасын қолға алу мәселесіне тоқталды. Енді осыншама тарихымыз тек деректер тізбегі күйінде қалмай, қалың жұрт қанық болу үшін тарихи фильмдер өндірісі жандана түспек. Ертегілер, аңыз-әфсаналар, қиссалар мен эпостардың басын құрап, дала фольклорының антологиясы, оған қоса, дәстүрлі музыкалық аспаптардың Ұлы даланың көне сарындары жинағы басып шығарылмақ.

***

Қарашада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркін іске қосты. «Бұл шара жүзеге асырылып жатқан бағдарлама 4-ші өнеркәсіп революциясы жағдайында Қазақстан үшін маңызды әрі өзекті болып отыр. Былтыр біз «Қазақстанның үшінші жаңғыруын» іске қостық. «Үшінші жаңғыруда» қазір жаңа технологиялар, цифрландыру енгізіліп отыр. Қазірдің өзінде нәтижесін көрсетіп отыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев Astana Hub ашылуында.

Сондай-ақ қарашада халықтың сүйіспеншілігіне бөленген жыл әншісі – Димаш Құдайберген Лондонда жеке концертін өткізіп, Ресей сахнасында халықты таңдай қақтырды. Қазақ халқын бүкіл әлемге танытқан Димаш Құдайбергеннің биыл жұлдызы жанды, ірі сахналарды бағындырды. Лондонда өткен жеке концертіне Қытай, Канада, Белгия, Чехия секілді 45 елден жанкүйерлер келіп, "Indigo at the O2" концерт залында ине шаншар орын болмады. Сонымен қатар, Ресейдегі «Жыл әні – 2018-ге» қатысып, Олимпийскиді де бағындырды. Халықтың ыстық ықыласын көрген жүргізушілер Димашты "Жыл жаңалығы" деп атады.




Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"