Елінің бақытына туған елбасы

АҚШ президенті Ричард Никсон мен әлемнің басқа да ірі тұлғалары туралы жазған Ұлыбритания Парламентінің бұрынғы депутаты әрі өкімет мүшесі болған белгілі қаламгер әрі қоғам қайраткері Джонатан Айткеннің «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның қарышты қадамдары» атты еңбегі 2009 жылы Лондон мен Нью-Йоркте ағылшын тілінде, ізінше, орыс және қазақ тілдерінде жарық көргені оқырман назарында. Кітап авторы Ұлт лидері, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дала қазағының отбасында дүниеге келгенін, еңбек жолын, стратегиялық тұрғыдан өте маңызды мемлекеттің іргетасын қалап, тұтқасын ұстаған қайраткер екенін қысқа қайырып, Қазақстанның тұңғыш Президенті тағдырының соқтықпалы соқпақты тар жол, тайғақ кешулерден тұратынын баяндайды. Туынды өзегінде отандастарымызға бұрыннан мәлім, ал қазір әлем жұрты мойындап үлгерген шындық жатыр. Ол – бүгін бүкіл жер жүзіне танымал болған Қазақстанның қысқа да болса ғасырға татырлық егемен тарихы мен сол тарихты халқымен бірге сомдап келе жатқан Елбасының сындарлы саясатының нәтижелері. Тұңғыш Президент күні қарсаңында сондай жетістіктерімізді санамызда саралап, көпшілік көзімен шолғанды жөн көрдік.

Ел тізгінін ұстаған
Алдымен өткенге бір сәт көз жүгіртсек, егемендіктің алғашқы жылдарынан ұлт лидері халқымыздың талайына жазылған ащысы мен тұщысын бірге татып, ыстығына бірге күйіп, суығына да бірге тоңып, қайғысы мен қуанышын бірге бөлісіп келеді. Демек, ел тағдырынан Елбасы тағдырын бөліп қарау мүмкін емес. 1991 жылы ата-бабаларымыз мың жылдар бойы сарыла күткен тәуелсіздікке қол жеткізіп, қуанышымызды қойнымызға сыйғыза алмай, бөркімізді аспанға аттық. Егемендіктің жалынан жаңа ұстаған жас мемлекетіміз үшін ол мезгіл нағыз сын сағаты болғаны да рас. Өйткені құрамында Қазақстан мен өзге де республикалар болған бұрынғы Кеңес одағы рухани тоқыраудың салдарынан саяси, әлеуметтік және экономикалық алапат дағдарысқа ұшырап, өте қысқа мерзім ішінде қиюы кетіп, күйреп тынды. Бұрын мызғымастай болып көрінген, атауының өзінен әлем үркетін тоталитарлық империя қас-қағымда жан тапсырып, келмеске кетті.
Жалғыз орталықтың аузына қарап, айдауында болған тәуелді экономикалық қатынастардың тамыры кесіліп, бір сәтте күрт үзіліп қалды. Мұның салдары халықтың әл-ауқатын құлдыратып, азық-түліктің жетімсіздігі мен жұмыссыздықтың белең алуын тездетті. Міне, осындай қара құйын үйірген аумалы-төкпелі заман халықты есеңгіретіп, әзер дегенде жеткен егемендіктің етегі мен жағасына жармасқан шақта мемлекет тізгінін ел тағдырын арқалаған Елбасы қолына алды. Оның батыл қадамдарына тірек болып төңірегіне ел-жұрт жұдырықтай жұмылды.
Бүгінгі егемен мемлекетіміздің көк байрағында бейнеленген алтын күн астында самғап ұшып келе жатқан қырандай тез түлеген еліміз бен Елбасы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, кеңестік жүйе бұғауынан жылдам арылуға және егемен мемлекеттің негіздерін құруға, экономика мен саяси жүйенің жаңа құрылымдық өзгерістерін тез іске асыруға, қорғаныс шебін шегендеп, шекарамызды нықтауға білек сыбана кірісіп кетті.

Еуразия жүрегіндегі елорда
Президенттің реформаторлық батыл шешімдерінің нәтижесінде, ең алдымен, отандық ақша мен банк жүйелері іске қосылып, шала-жансар ел экономикасының күре тамырына қан жүгірді. Еліміздің даму процесі қайта жандана бастады. Дәл сондай алмағайып кезеңде Елбасы отандастарын тарихи теңдесі жоқ алып жобаға жұмылдырды. Бұл Еуразия кеңістігінің қақ ортасында басталған Қазақстан мемлекетінің жаңа Астанасының құрылысы болатын. Шындығында экономиканың әлі оңала қоймаған кезінде, көп қаражат қажет ететін мұндай ірі жобаның іске асатынына күмәнданғандар жетіп артылатын. Келе-келе ол күмән сейілді. Бұрын-соңды өңіміз тұрмақ түсімізде көрмеген құрылыс жұмыстарының ғаламат қарқынмен жүргені сонша, бар-жоғы он жыл өткен кезде отанымыздың жүрегі Астана халқымыздың сан ғасырлар армандап жеткен киелі егемендігінің символына айналып шыға келді. Тіпті, күллі түркі әлемінің мәдени астанасы деген атақты да бағындырды.
Мемлекет басшысы “Еуразия жүрегінде” атты төл туындысында Сарыарқа төсіне отанымыздың жаңа елордасын салу туралы түбегейлі шешімге бірден келмегенін, мемлекеттік мәні мен жауапкершілігі мол бұл ұлы мүдде төңірегінде сарыла ойланып, көп толғанғанын, тарихта өз астаналарын ауыстырған өзге елдердің іс-тәжрибелерін жан-жақты зерттегенін айтады. Мәселен, Ресей, Бразилия, Австралия, Қытай, Жапония, АҚШ, Испания, Түркия сынды мемлекеттердің астана алмастыру тәжірибелерін ой елегінен мұқият өткізіп, ондай саяси шешімдердің тек қана мемлекеттік мүдделерден туындағанына және оларға тың серпін беріп, қарқынды дамуына өте тиімді ықпал еткеніне көзін әбден жеткізіп алған соң ғана нар тәуекелге бел байлағанын баяндайды.
Елордаға байланысты Елбасы көрегендігінің тағы бір қырына тоқталсақ, Астананы салу мен дамытуды, оны ХХI ғасырдың ең сәулетті қалаларының бірегейіне айналдыруды Президент тек осы қала әкімінің ғана шаруасы деп есептемейді. Керісінше, еліміздің бас қаласын тұрғызуды жауапкершілігі өте ауыр, нағыз мемлекеттік әрі Президент ат салысатын ауқымды іс деп қарайды. Сондықтан да Астана – Отан жүрегі, ұлттық рух пен сананың нәрі, ел жаңаруының нышаны, жасампаз күш-қуаттың куәсі, жастарымыздың болашаққа деген зор үмітінің көрінісі, математикалық шешім, географиялық орталық, тоғыз жолдың торабы, стратегиялық ойлар мен ұмтылыстардың жемісі, өзгеріс локомотиві, күшті президенттік биліктің туындысы, мемлекеттің символы.
Шекарамыз шендескен елміз
Елбасы бастамасымен қабылданған Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы үлкен саяси міндет қойылған. Онда бұл міндеттің орындалуы мемлекеттік егемендікті сақтаудың, аумақтық тұтастықты және шекараның мызғымастығын қамтамасыз етудің кепілі ретінде атап көрсетілген. Тәуелсіздік жылдарында еліміз қол жеткізген ұланғайыр табыстардың бірі – ел аумағының тұтастығын бекіткен әрі оны мызғымастай етіп шегендеген шекарасы. Бұл – бүкіл әлемге танылған, қалтқысыз мойындалған фактор. Сонымен қатар ұлт тарихында бұрын-соңды болмаған, мемлекеттігімізді айшықтайтын құндылық.
Шекараларымыз түгелдей ашық-шашық жатқан тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында Президент Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген сыртқы саясаттағы басымдықтардың ішінде, әсіресе, осыны межелеу, халықаралық тұрғыдан заңдастырып алу ең кезек күттірмейтін мәселе болатын. Елбасы 1996 жылы халыққа арнаған Жолдауында тәуелсіздіктің алғашқы бес жылын қорытындылап, “...Халықаралық ауқымда танылмайынша, әлемдік қоғамдастық тарапынан қауіпсіздік, аумақтық тұтастық пен шекаралардың мызғымайтынына кепілдік алмайынша, мемлекеттіліктің қалыптасуы, егемендік, экономикалық реформалар, әлеуметтік саланы дамыту туралы әңгіме қозғау құрғақ сөз болып қала береді», деген.
Осы қағиданы басшылыққа алған еліміз бұрынғы Кеңес одағы тарап кеткен сәтте шекараларды рәсімдеу үшін Қытай, Қырғыз, Ресей, Түрікменстан және Өзбекстан Республикаларымен келіссөздерге белсене кірісіп кетті әрі бұл жауапты жұмысты белгіленген мерзім ішінде сәтті аяқтады. Ия, бір қарағанда бұл нәтижеге де оп-оңай қол жеткен сияқты болып көрінуі мүмкін. Ал шындығында, бұл – нағыз жанкешті ерлікке тұратын Елбасының сұңғыла да сындарлы, көпвекторлы сыртқы саясатының жемісі.
Атом қаруынан азатпыз
Қылышынан қан тамған кеңестік империяның озбыр саясатының салдарынан қазақ жастарын қырғынға ұшыратқан желтоқсан оқиғасының азалы табы 1989 жылы Семей ядролық сынақ полигонын жабуға бағытталған “Невада – Семей” қозғалысының құрылуына серпін бергені хақ. Бірақ Кеңес өкіметінің орталық билігі қозғалыс мақсатының орындалуына мүмкіндік бермеді. Ол арман тек егемендік алған 1991 жылы ғана іске асты. Ел сенімін арқалаған Нұрсұлтан Назарбаев халқымызға есепсіз радиациялық нәубет әкелген, жер асты мен үстінде 40 жыл бойы 500-ге жуық ядролық сынақтар өткізген, экологиялық зардабы әлі толық тыйылмаған Семей ядролық полигонын өктемшілдіктен әлі арыла қоймаған бұрынғы орталықтың тегеурінді қарсылығына қарамастан жауып, соңын ала ел аумағында орналасқан ядролық зымырандар жүйесін жоюға да бірден кірісті. Бұл жай ғана ерлік емес, бүкіл әлемнің санасын селт еткізіп, кілт өзгерткен, еліміз бен Елбасының халықаралық аренадағы абыройын асқақтатқан және өзге мемлекеттердің ядролық сынақ полигондарының бірінен соң бірінің жабылуына тікелей ықпал еткен айбынды ерлік болатын.
Елбасының сындарлы саясатынан туған антиядролық бұл қадамның ешқашан мәнін жоймайтынына сенім мол. Өйткені техногендік немесе табиғи себептердің салдарынан жарылған Чернобыль және Фукусима секілді атом электр стансаларынан тараған радиация салдары бүкіл әлемнің төбе шашын тік тұрғызып, әлі алаңдатып отырғаны жасырын емес. Сонымен қатар бейбіт атом объектілері мен олардан шығатын мыңдаған тонна ядролық улы қалдықтардың өздері де лаңкестердің қолына түссе, әлем қауіпсіздігіне төніп тұрған айбалта екені дау тудырмайтын шындық. Әлгі қатерлердің алдын алмаса, істің мүлде насырға шабатынын ядролық алпауыттардың өздері де терең сезініп, кейінгі кезде жиі-жиі бас қосып, төніп келе жатқан ядролық лаңкестіктің жолын кесетін шаралар қабылдауға мәжбүр болып отыр.
Беделіміз – биік, абыройымыз – асқақ
Егемендік алғалы еліміз бен Елбасы көпжақты мемлекетаралық қарым-қатынастарға айырықша мән беріп, саяси, әскери және сауда-экономикалық әріптестікті дамытуға әрі интеграциялық бастамаларды іске асыруға және жаһандық және аймақтық қауіпсіздіктің тұрақтылығына кепіл болып отырған Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы, Еуропа Одағы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Кеден Одағы, Еуразиялық Экономикалық Қауымдастық және Ислам Ынтымақтастық Ұйымы, Ұжымдық Қауіпсіздік Шарт Ұйымы сынды ірі халықаралық ұйымдармен өте тығыз байланыс орнатты. Және олардың кейбіріне төрағалық жасап та үлгерді.
Қазақстан жоғарыда аталған абыройлы халықаралық форумдардың толыққанды мүшесі ғана емес, өзінің ұтымды бастамаларымен олардың жұмыстарын жандандыруға да барынша атсалысып келеді. Мәселен, БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 1992 жылы өткен 47 сессиясының мінберінен сөз сөйлеген Н.Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының планета бетінде бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін 1992 жылға дейін бар болғаны 8,3 миллиард АҚШ долларын жұмсағанын тілге тиек етіп, бұл қаржының қорғанысқа жұмсалатын Ұйымға мүше елдерінің бір жылдық жиынтық бюджетінің бір процентіне де жетпейтінін, керісінше, бұрынғы онжылдықта аталмыш елдердің қару-жараққа бөлген қаржысының бір триллион долларға жуықтағанын сынға алған болатын. Ал бүгінгі әлем қару-жараққа он жыл емес, тек бір жылдың ішінде ғана 1,5 триллион доллардан аса қаражат жұмсайтыны белгілі. Осыған орай, әлгіндей олқылықтың орнын толтыру мақсатында Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның Бейбітшілік қорын ұйымдастыру қажеттігін және сол қорға БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің жыл сайын қаруға жұмсайтын жылдық бюджеттерінің бір пайызын аударып отыруды ұсынды.
Сол сессияның мінберінен Елбасы Азия кеңістігінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған Өзара Іс-қимыл және Сенім Шараларының Кеңесін шақыру идеясын және әлемдік экологиялық апатқа айналған, Семей ядролық полигоны мен адами факторлардың салдарынан арнасы кеуіп қалған Арал теңізінің қатерлі салдарын жоюдың БҰҰ-ның қаржылай қолдауынсыз іске аспайтын жобалар екеніне мүше-мемлекеттердің көздерін жеткізген.
Әскери әріптестікке адалмыз
Енді аз-кем қорғанысымыз жайында, Қарулы Күштерді құруда Елбасы сіңірген еңбекті әңгімелесек. 1992 жылы 7 мамырда Президент, Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» және алғашқы қорғаныс министрі етіп генерал полковник С.Нұрмағамбетовті тағайындау туралы жарлықтарға қол қойды. Бұл күн Қазақстанның дербес Қарулы Күштерінің құрылған күні болып қалды. Армия агрессияға тойтарыс беруге, аумақтық тұтастық пен егемендікті қару-жарақпен қорғауға, мемлекеттік және әскери объектілерді күзетуге және қорғауға, әуе кеңістігін күзетуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес міндеттерді орындауға арналады.
Қарулы Күштер құрылысының бастапқы кезеңіндегі аса маңызды проблема – егемен ел армиясының нормативтік-құқықтық негізін құру болатын. Жаңа мемлекеттің жаңа әскерінің нормативтік-құқықтық базасын жасаумен бір уақытта ұлттық Қарулы Күштердің бейнесі мен құрылымын, олардың басқару органдарын қалыптастыруда тынымсыз жұмыс жүргізілді. Жас республиканың Отан қорғау мәселелері жөніндегі алғашқы заңдары өз уақытында және тиісті деңгейде дайындалды.
1992 жылы 22 қыркүйектің өзінде-ақ Жоғары Кеңес «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері және қорғаныс туралы» Заңды қабылдады. Сондай-ақ, 1993 жылы 11, ақпанда Президент бекіткен Қазақстан Республикасының алғашқы әскери доктринасы ұжымдық түрге әзірленді. Ол соғысты болдырмау, қорғаныс қуатының жеткіліктілігі, ТМД елдерімен өзара көмек одағы принциптеріне негізделді. Доктрина ережелері мемлекеттің сыртқы саяси және әскери қызметінде кеңінен пайдаланылды.  
Қарулы Күштер басшылығы халықаралық әскери әріптестікке, басқа елдер армияларымен өзара іс-қимылға және тәжірибе алмасуға көп көңіл бөлді. 2000 жылы 10 ақпанда Қазақстан Жоғарғы Бас қолбасшы Н.Назарбаев жаңа Әскери доктринаны бекітті. Ол бұрынғыша қорғаныс сипатына ие және әскери қақтығыстарды болдырмауды, оларды дипломатиялық жолдармен шешуді басты міндеті санайды. Геосаясаттағы өзгерістер терең талдана отырып, жаңа әскери доктринада жаңа қауіп-қатерлердің өскені, әсіресе, оның халықаралық терроризм, саяси және діни экстремизм, ұйымдасқан қылмыс, қару-жарақ пен есірткіні заңсыз тасымалдау тарапынан болып отырғаны мәлімделді. Әскери қауіпсіздікті экономикалық жағынан қамтамасыз ету мәселесі де кеңінен қарастырылды.
P.S. Тумысынан ұлтының қамын жеп, елінің ертеңін ойлаған тұлғаларды халқымыз «елінің бақытына туған перзент» дейді. Ұлан-байтақ Қазақстан сынды алып елдің жаңа Астанасының ғана емес, оның мемлекеттігінің де іргетасын халқымен бірге қалаған, еліміздің 2030 жылға дейінгі экономикалық, әлеуметтік, мәдени, қорғаныс салаларының стратегиялық бағыт-бағдарларын жоспарлап, шекарасын шегендеп, ішкі және сыртқы саясатын дәлдікпен анықтап, айшықтаған, оларды заң жүзінде бекітіп, нақты іске асырып жатқан, соның арқасында бүкіл әлемге елін де, жерін де танытып, дипломатиялық байланыстар орнатқан Қазақстан Президентін «Елінің бақытына туған Елбасы» десек, қателеспегеніміз.

Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"