Дариға Назарбаева: Бізге көрсеткен береке-бірліктеріңді әрдайым сақтап жүріңдер

Ақпан айының 17-ші жұлдызы күні Астанадағы ҚР ҚМ ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Бүгінгі патриот – ертеңгі ел қорғаны» деген тақырыпта жиын өтті. Оған Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бастаған Сенат және Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық және жастар ұйымдарының басшылары қатысты. Ал енді аталмыш жиын жайында жан-жақты тоқтала кетейік.

Өскелең жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуді мақсат еткен бұл жиын еліміздің Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың алғысөзімен басталды. Алдымен, арнайы уақыт тауып, келелі кездесуге келген Дариға Нұрсұлтанқызына және Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттарына өз ризашылығын білдірген Қорғаныс ведомствосының басшысы патриоттық бағытты көздеген айтулы жиынның Қарулы Күштеріміздің 25 жылдық мерейтойына арналып отырғанын да атап өтті.

Жалпы, министр мырзаның айтуынша, кездесудің негізгі мақсаты – Елбасы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясының мақсаты мен міндеттерін жастарға терең түсіндіру, сол арқылы олардың бойына қазақстандық патриотизм сезімін ұялату болып табылады екен. Бұл орайда, ел патриоттарын тәрбиелеу ісіне министрлік мейлінше ден қойған. Осы мақсатта өткен жылы еліміздегі жергілікті мемлекеттік басқару органдарымен, сондай-ақ қоғамдық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатып, жас патриоттарды тәрбиелеу бойынша бірлесе жұмыс атқарылып келеді екен. Мәселен, осы жұмыстардың нәтижесінде «Айбын» деп аталатын республикалық жас армияшылар бірлестігінің жаңа құрамдағы штабы құрылған. Оның төрағасы – ҚР Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, генерал-майор Мұхамеджан Таласов. Аталмыш Штабтың құрамына ынта білдірген мемлекеттік басқару органдарының, қоғамдық жастар ұйымдарының және «Нұр Отан» партиясы Жастар қанатының өкілдері енген. Еліміздің барлық өңірлерінде «Айбын» республикалық жас армияшылар бірлестігі Штабының филиалдары ашылған. Қорғаныс министрлігіне қарасты Әскери-техникалық мектептің 15 филиалы базасында әскери-патриоттық орталықтар жұмыс істеп келеді. Бұлардың барлығы патриоттық бірлестіктің жұмысын жандандыруда.

Жастарға патриоттық тәрбие беруде төл әскеріміздің ардагерлері де аянбай еңбек етіп келеді екен. Осы орайда айта кетер жайт, ардагерлермен арадағы қарым-қатынасты жетілдіре түсу мақсатында биыл министрліктің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінде осы бағытты ұстанатын арнайы бөлім де ашылыпты. Әскери қызметшілердің отбасындағы балалармен тәрбиелік бағытта жұмыс істеу де Қорғаныс министрлігінің басты ұстанымдарының біріне айналған. Осы мақсатта барлық горнизондарда әскери отбасылармен жұмыс істейтін қызмет түрлері бар.

«Айбын» республикалық әскери-патриоттық бірлестігі Штабы бүгінде өңірлік және қалалық әкімшіліктермен тығыз байланыста жұмыс істеуінің арқасында жергілікті жерлерде патриоттық клубтардың саны анағұрлым артып отыр. Нақтырақ айтқанда, олардың саны 2308-ге жетіп, бұрнағы жылдармен (107) салыстырғанда 12 есе өскен. Жыл сайын дәстүрлі өткізіліп келе жатқан «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жиыны жастар тарапынан аса қызығушылық тудырып отыр. Бұл жиынға әскери-патриоттық клуб мүшелері, өңірлік жиын жарыстарының жеңімпаздары, республикалық және облыстық мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері, жоғары оқу орындарындағы әскери кафедра студенттері тартылған. Олардың жалпы саны 800-ден асқан. Бұл ауқымды іс-шара мемлекетіміздің 2020 жылға дейінгі жастар саясаты тұжырымдамасына енгізілген. Ал, биыл «Айбын» әскери-патриоттық жиынның мәртебесі халықаралық деңгейге көтеріледі. Яғни, үстіміздегі жылы аталмыш жиынға елімізден 1000-нан аса жасөспірім қатысатын болса, сондай-ақ Ресей, Қытай, Белорусь, Армения, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттеріндегі әскери-патриоттық клубтар шақырылып отыр.

Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақов өз сөзінде осындай деректерді алға тарта отырып, айтулы кездесудің жастарға жүйелі патриоттық тәрбие беру ісінде тың серпін беретініне үмітті екенін жеткізді. Содан кейін сөз кезегі ҚР Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, генерал-майор Мұхамеджан Таласовқа берілді.

Өз сөзін Елбасы – Қазақстан Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарға айтқан «Патриот болу дегеніміз, өзінің Ұлы дала ұрпағы екенін мақтан ете білу, елінің жарқын болашағын жасауға өз үлесін қосу» деген ұлағатымен бастаған генерал-майор мырза әрі қарай «Айбын» республикалық жас армияшылар бірлестігі Штабының жұмысымен жіті таныстырды. Оның мәлімдеуінше, аталмыш Штабтың жаңа құрамы өткен жылдың желтоқсан айында жасақталған. Сондай-ақ, алдағы атқарылар жұмыс жоспары да бекітіліпті. Онда жастарды әскерге ынталандыру, әскери-патриоттық клубтардың жұмысын жандандыра отырып, олардың өзара тығыз байланысын нығайту және басқа да бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыратын іс-шаралар қамтылған.

Әскери-патриоттық клубтардың жүйелі және белсенді жұмыс жүргізу үрдісі жағынан Оңтүстік Қазақстан облысы, Павлодар және Қызылорда облыстары көш бастап тұр екен. Жергілікті басқару органдарының, қоғамдық және жастар ұйымдарының ұйытқы болуымен жер-жерлерде әскери-патриоттық акциялар, мәдени-спорттық шаралар, түрлі байқаулар өткізу қалыпты үрдіске айналған. Олардың қатарында «Ерлік сабағы», «Әскердегі бір күн», «Ақ найза» және «Ұлан» деген секілді іс-шаралар бар. Тағы бір айрықша айта кетер жайт, «Асыл бала» және «Жан досым» атты қоғамдық ұйымдармен бірлесе атқарылған жұмыстың нәтижесінде Астанадағы №13 және №57 орта мектептерде әскери-патриоттық бағытты ұстанатын Кадет сыныптары ашылған. Осындай 71 сынып бүгінгі таңда еліміздің 8 облысындағы оқу ошақтарында жұмыс істеп келеді. Онда 2278 оқушы тәлім алуда. Сондай-ақ, Қорғаныс министрінің тікелей ұйтқы болуымен, «Айбын» респбуликалық бірлестігі Штабы өңірлердегі әскери отбасылар мен олардың балаларын да назардан тыс қалдырмауда. Жасөспірімдердің патриоттық рухын көтеру және жеке шығармашылығын дамыту мақсатында армия әндеріне арналған «Жас ұлан» республикалық фестивалін жыл сайын өткізу дәстүрге айналған. Бүгінде бұл фестиваль қоғамға танымал мәдени шаралардың бірі саналады.

Ел жастарын отансүйгіштікке баулу бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды осылайша тізбектеген генерал-майор М.Таласов бұдан кейін бірқатар өзекті мәселелерге де тоқталып өтті.

Ал, келесі кезекте сөз алған Астана қаласы білім басқармасының методисті Сергей Қасымұлы жастарды  ұлтжандылыққа тәрбиелеуде, оның ішінде әскери-патриоттық тәрбиені жандандыруда  Алғашқы әскери дайындық пәнінің орны ерекше екенін атап өтіп, патриоттық бағытта жұмыс істеп жатқан елордадағы ұйымдар жайлы ақпаратты алға тартты. Келтірілген дерекке қарағанда, бүгінде бас қаладағы колледждер мен мектептердің базасында 15 000 баланы қамтыған 69 әскери-патриоттық спорт кулубтары жұмыс істейді. Ал, жаңа оқу жылында елорданың 8 мектебінде 18 кадет сыныбы жұмыс істеп келеді екен. Оқушылар республикалық деңгейде өткізілетін әскери-патриоттық шараларға және байқауларға белсене қатысуда. Мәселен, өткен жылы 40 мыңнан астам оқушы осындай шаралардың басы-қасында болған.

Мінбеге көтерілген «Жас ұлан-2016» республикалық фестивалінің «Көрермен көзайымы» номинациясы бойынша жеңімпазы Серік Еркебұлан алдымен «Бүгін, осы мінберден барша «Жас ұлан» мектебінің тәрбиеленушілерінің атынан сөз сөйлеу, кездесудің куәгері болу, мен үшін үлкен мақтаныш» деп кеудесіндегі қуаныш сезімін жеткізді. Содан кейін Жоғарғы  Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, адамзаттық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» деген сөзін алға тарта отырып, Елбасының осы бір сөзіне адал болуды өз парызы санайтынын жеткізді. Сонымен бірге «Мен білім алып отырған, генерал С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі Елбасымыздың жастарға жасаған үлкен сыйы. Мен де осы мектепке өз арманымды қуып келген жастардың бірімін. Бала кезімнен елін, жерін, қорғаған батыр ағаларыма еліктеп, әскери қызметкер болуды армандайтынмын. Қазіргі таңда сол арманыма жетіп, білім мен өнерді серігім еттім. Осы мектепте білім алып жатқаннан бергі үлкен жетістіктерімнің бірі ол, 18-ші республикалық «Жас ұлан» әскери әндер фестивалінің «Көрермендер көзайымы» номинациясының жүлдегері болғандығым. Осындай жүлдеге ие болу мен үшін үлкен мәртебе» – деп ағынан жарылды. Ол өз сөзін:

Бір Халықпыз – мызғымайтын бірлігі,

Қазақ елі – татулықпен тірлігі.

Бір тағдырдың – татқан тату татымын,

Мәңгілік ел – өшпейтұғын күн нұры! – деген жыр жолдарымен тәмамдады.

Өз кезегінде сөз алған Астана қаласындағы №13 орта мектептегі «Кадет сыныбының» оқушысы Гофман Виолетта айтар ойын қазақ тілінде жеткізді. «Менің ұлтым – неміс, бірақ жүрегім қазақ деп соғады» деп сөзін бастаған ол «Біз, кадеттер сабақтан бос уақытта спортпен, бимен шұғылданып, ментальді арифметика, шет тілдерін меңгеріп, әскер ісін үйренудеміз. Кадет сыныбында бойға дарыған өжеттілік пен табандылық біздің «Нағыз Кадет» атануымызға  септігін тигізді. Алдағы уақытта қиындықтарға мойымай Әлиядай қайсар, Мәншүктей батыр, Елбасымыздай көшбасы болуға, сапта бірінші тұруға бар күшімізді саламыз» деп өжет мінез танытты.

Семей қаласындағы «Дарынды балаларға арналған Шоқан Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернатының» тәрбиеленушісі Кенжеқанов Ерқанат келесі кезекте мінбеге көтеріліп, алдымен өзін «Мен, «Айбын-2016» Республикалық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысып, жеңімпаз болған команданың мүшесі,   «Айбын дарыны»  интеллектуалды сайысының бас жүлде иегерімін» деп таныстырды. Ал, одан кейін «Айбын» жиыны өзім сияқты көптеген арманшыл жастарға достар табуға септесті. Әр өңірден келген замандастарымызбен қауышып, білім және күш бәйгесіне түстік. Біздің  «Арлан» командасына «Айбын» жиынында   үздік атану оңайға түскен жоқ. Дегенмен, табандылық пен шыдамдылық, бірлік пен ынтымақтастық біздің команданы жеңіске жетеледі. Қарсыластарымыздың да бұл жиынға асқан дайындықпен келгені,  күш-жігерін  жеңіс жолында жұмсағаны сайыс барысында анық  байқалды. 

«Айбын» жиынында әскери-қолданбалы  спорт түрлерімен қатар білімге, зияткерлік ойындарға басымдық берілді. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» дейді қазақ атам. «Қазақстанның болашағы - білімді жастарда» деп, Елбасы айтып өткендей Егеменді  еліміздің  ертеңін көркейтер бүгінгі, білімді жастары – Біз!» деп жалынды сөздерін жалғады.

«Бүгінгі патриот – ертеңгі ел қорғаны» деген тақырыпта өткен жиынды Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева өз сөзімен қорытындылады. Ол алдымен залда отырған кадеттердің жарасымды киіміне, мінбеге көтерілген жасөспірімдердің сөйлеген сөзіне, дауыс ырғағына тәнті болғандығын жеткізді. Содан кейін Елбасы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Н.Назарбаевтың ел тыныштығын сақтау жолында ерен еңбек сіңіріп жүргендігін тілге тиек ете келе, жастарға «Бүгін бізге көрсетіп отырған береке-бірліктеріңді әрдайым сақтай біліңдер. Алдағы уақытта қандай мамандық иесі болсаңдар да бір-бірлеріңді ұмытпаңдар» деп өз ақылын айтты. Сондай-ақ, жиында көтерілген мәселелерге қатысты ойын ортаға салды.

Қарулы Күштеріміздің 25 жылдық мерейтойына орайластыра ұйымдастырылған әскери-патриоттық жиынның соңы кездесу қонақтарына жастардың сұрақ қою үрдісіне ұласты. Олар әр қонаққа жеке-жеке сауал қойды. Мәселен, №61 орта мектептегі кадет сыныбының тәрбиеленушісі Дариға Нұрсұлтанқызынан бала кезінде жақсы көрген сүйікті әнін сұрағанда мәртебелі қонақ «Мен бала кезімде «Құстар» әнін жақсы көрдім. Өйткені, әке-шешем қонақтар келгенде осы әнді қосыла шырқап отыратын» деп жауап қатты. Ал, Қорғаныс министрі өзіне қойылған «Ауған соғысының от-жалыны кезінде шынайы қорыққан кезіңіз болды ма?» деген сұраққа «Егер мен «жоқ» деп жауап берсем, шындыққа жанаспайды. Әрине, кез келген адамда ұрыс кезінде қорқыныш сезімі болады. Алайда, ол қорқыныш берілген тапсырманың орындалуына кедергі болмауы тиіс. Ауған соғысы кезінде біздің алдымызда тек жауынгерлік тапсырманы тиісті деңгейде орындау міндеті тұрды. Солай істедік те» деп жауап берді. Бұдан кейін жасөспірімдер тарапынан Бас әскери прокурор әділет генерал-лейтенанты Е.Мерзадиновқа, Парламен Сенатының депутаты, Армия генералы М.Алтынбаевқа және басқа да жиын қонақтарына сауалдар қойылып, оған тұшымды жауап алынды.

 

 

P.S. Сонымен бұл жиыннан не білдік, не түйдік? Білгеніміз, Қорғаныс министрлігі тарапынан жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу ісінде бірталай жұмыстар атқарылған екен. Жоғарыда келтірілген деректер осыны айғақтайды. Түйгеніміз, патриоттық тәрбие алып жатқан өрендеріміздің өзіндік рухы биік екен. Мұны да жиын барысында көріп, тәнті болдық. Ендеше, «Іске сәт!» дейміз. Жастарымыздың рухы мықты болса, еліміздің іргесі берік, еңсесі биік болатынына титтей де күмәніміз жоқ. Солай болғай.

 

Ерлібай Қадырбай

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"