Бүгін Қасым Қайсеновтің туғанына 100 жыл

Бүгін Қасым Қайсеновтің туғанына 100 жыл

Биыл аты аңызға айналған партизан, көрнекті жазушы, қазақ әдебиетіндегі партизан тақырыбының негізін қалаушы, «Халық қаһарманы» Қасым Қайсеновтің туғанына 100 жыл. Бір бойында қазақ халқының ерлік рухы, адамгершілік асыл қасиеттері тоғысқан тарихи тұлға жайлы қанша жазсақ та көптік етпейді. Ұлттық энциклопедиялар мен анықтамалықтарда қысқа ғана қайырылған ғұмырбаянын толық түзу үшін біраз ізденуге тура келді. Тұлғатану саласына қатысты шағын еңбекті «Сарбаз» газетіне арнайы ұсынамын.

Заңғар КӘРІМХАН, «Қазақстан тарихы» интернет жобасының шығарушы редакторы

1918 жылғы 23 сәуір

Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Асу Бұлақ ауылында Екінші Дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, атақты партизан, жазушы, «Халық қаһарманы» Қасым Қайсенов өмірге келді. Әкесі Қайса, анасы Бижамал он үш баланы дүниеге әкеп, оның сегізін аман-есен ержеткізген қарапайым еңбек иелері болатын. Қайса ақсақал 102 жасап өмірден озған.

 

1934 жылы 

Ауылындағы қарағайдан қиып салынған шағын орта мектепті бітірген соң, Өскемендегі Коммунистік саяси-ағарту (Комполитпросвет) техникумына түскен.

 

1937 жылы

19 жастағы Қасым Асыл Қабышқызына үйленді. Асыл апамыздың бұл кездегі жасы 16-да болған.

 

1938 жылғы тамыз

Техникумды аяқтаған соң, Шығыс Қазақстан облыстық саяси-ағарту қызметкерлері курсының меңгерушісі болып алғаш еңбек жолын бастаған.

 

1939 жылғы 16 сәуір

Қазақ ССР Халық ағарту комиссарының орынбасары Большаковтың бұйрығымен Павлодар облысы халық ағарту басқармасының қарамағына жіберілді. Өзінің туған күнінде, яғни 23 сәуірде Қасым Қайсенов Павлодар облыстық білім басқармасының саяси-ағарту жұмысы жөніндегі инспекторы болып тағайындалған.

1940 жылдың қысы

Алдымен әскер қатарына шақырылады, кейін Мәскеу маңындағы әскери барлау мектебіне жіберіледі. Бұл оқу орны «Совет Одағында әскери барлаушылар мен жау тылында диверсиялық жұмыс ұйымдастырушыларды дайындайтын жалғыз ғана мектеп» (М. Құл-Мұхамед) болды. Мұнда барлаушыларды екі тарап бойынша дайындаған: бір тобын Шығыс Түркістан өлкесін Совет құрамына қосуға және Қытай мен Жапонияға қарсы соғысқа жұмылдырмақ болса, екінші тобын батыстағы майдан үшін пайдаланбақ болды. Қ. Қайсеновтың тағдыры герман-совет соғысына байланысты өрбіді.

 

1941 жылғы 19 қараша

Барлау ісінің қыр-сырын бір жылдан аса уақыт ішінде үйреніп, меңгерген соң, құпия мектептің арнайы курсынан өткен Қасым Қайсеновті Оңтүстік-Батыс майдан штабына, нақтырақ айтқанда, Украинаның Богуслав деген қаласының маңындағы қалың орманға қарамағындағы он жауынгермен бірге парашютпен түсіреді. Алайда қалың дұшпанның ортасында қалған ол серіктерінен айырылады, түгелі дерлік қаза табады. Өзі он шақты күн бойы ну орманның ішінде тасаланып, нәр сызбай, аштықты да көреді. Бірақ, жау тылында астыртын жұмыстар атқарып жүрген Иван Кузьмич Примакпен кезігіп, партизандық жолын жалғастырады.

 

1941 жылғы қараша – 1943 жылғы қыркүйек

Екі жылға жуық уақыт ішінде екі адамнан бастап 7 000 адамға дейін жеткен ірі партизан құрамасына еніп, өзі №6 отрядтың командирі болды. Жауды қарумен немесе қарусыз өлтірудің жүзден астам түрін жетік меңгерген кәнігі барлаушы үшін Украинаның қалың жынысты ормандары екінші үйіне айналды.

 

1943 жылғы 21-22 қыркүйек

Қасым Қайсенов басқаруындағы 120 адамнан тұратын партизан отряды түн қараңғылығында тұтқиылдан ұрыс сала жүріп Григорьевка, Луковицы, Зарубинцы хуторларын басып алады. Кейін совет әскерлері шабуылға шыққанша аумақты өліспей-беріспей ұстап тұрған отрядтың жүзге жуық партизаны ерлік көрсетіп қаза табады. Совет әскерлері Днепрдің оң жағалауына өткенде Қасым отрядынан 20 шақты адам ғана тірі қалған екен. Днепр үшін болған шайқаста Букрин плацдармын дайындау үшін арпалысқан Қасым Қайсеновтың ұлы ерлігі мүлде ескерусіз қалды. Тіпті батырды өлдіге санаған басқа отрядтың командирі А.В. Тканко әскери басшылыққа хат жолдап, «ерлік» жасағанын мәлімдеп, Совет Одағының Батыры атағын иеленеді.

 

1944 жыл

700-ге жуық соғыс тұтқындары қамалған «Белая Таня» концлагеріне Қасым Қайсенов бастаған отряд шабуыл жасады. Жау лагерге баратын жолдың барлық бағытын түгелдей миналап, қажет деп тапқан жағдайда шегіну кезінде лагерьді жарып жіберуге дайын отырған. Ержүрек Қасым бастаған партизандар тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындайды. Бұл ғажайып ерлік ССРО Қорғаныс министрі болған маршал А. Гречконың «Карпаттан асу», генерал В. Лавриненковтың «Аспанға қайтып оралу», әскери тарихшы Г. Уткиннің «Шығыс жотасына шабуыл», басқа да тарихшылардың еңбектерінде жақсы көрсетіледі.

 

1941 жылғы қараша – 1944 жылғы маусым

«Ұлы Отан соғысының» шеңберінен шығып кететін бұл майдан жылдарында Қасым Қайсенов жау тылына төрт рет десантпен түсірілген. Әуелі 1941 жылы 19 қарашада Украинаға, 1943 жылдың соңында Молдавия жеріне, 1944 жылдың басында Румынияға, соңғы рет 1944 жылдың маусым айында Карпат тауына парашютпен тасталған. Құдайдың құдіреті, соның барлығында да жанындағы майдандас достары әр түрлі жағдайда өлім құшса, кейде санаулы достарымен, кейде жеке өзі аман қалып отырған.

1944 жылғы 19 қараша

Дәл үш жылдан соң Карпат тауында партизандық майдан жолы аяқталды. Карпат тауындағы ересен ерлігі үшін Қасым Қайсенов 4-Украин майданының партизан штабы тарапынан ІІІ дәрежелі «Богдан Хмельницкий» орденіне ұсынылды.

 

1944 жылғы 23 наурыз – 20 маусым

«А, казахский народ, как дела?» деп қарсы алатын қаһарман Сидор Артемьевич Ковпак Қасымды туған еліне жібергісі келмеді. Оны республикалық «Укрдормост» тресі кадр бөлімінің бастығы қызметіне орналастырды.

 

1945 жылғы 1 қаңтар

Қазақтың тағы бір партизан ұлы, ақын Жұмағали Саин Украинада жүрген Қасымды кездейсоқ кездестіріп қалады да, оны Алматыға ертіп келеді. Бұл кезде «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет істейтін жары Асыл апамызбен табысады. Алғашқыда жұмыс оңай табыла қоймайды, Жұмағали Саинның кеңесі бойынша Ковпактың хатын алып барған Қасымды республика партия ұйымының басшысы Ж. Шаяхметов қабылдап, соның нәтижесінде Қазақ Жоғары Кеңесі Төралқасына референт етіп қызметке алынады.

 

1945 жылғы қараша

Тұңғышы Ләззат дүниеге келді. Сәбидің есімін нағашы ағасы қойған екен.

 

1946-1949 жылдар

Орталық аппаратта біраз істеп, қаруын тастап, бейбіт өмірге бейімделген Қасымды сол кездегі Шымкент облысының Жуалы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейін Жамбыл облысы Свердлов аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқаруға жолдамамен жібереді.

 

1947 жылғы 7 шілде – 1948 жылғы 2 шілде

Жамбыл облысындағы Михайловск ГЭС құрылысының бастығы болып тағайындалып, «құрылыс жұмысының аяқталуына байланысты» қосымша қызметтен босатылған.

 

1949 жылы

Советтік әкімшілік басқару жүйесіндегі қызметі осымен тәмамдалып, Алматыға оралады. Бұл жылдарға дейін ол басқару жүйесінде «партизандық» әдістерді қолданғаны (заем жоспарын дұрыс орындамаған, егін орағы кезінде көңіл көтеріп жүрген колхоз бастықтарын жазалаған – З.К.) үшін қызметтен алынады.

 

1950 жылы

Мұрат есімді үлкен ұлы өмірге келді.

 

1950-51 жылдары

Қасым Қайсенов баяғы Жұмағали Саин арқылы әдебиетшілермен араласа бастайды. Майдан даласынан от кешіп келген офицер қаламгерлер Қ. Аманжолов, Х. Ерғалиев, С. Мәуленов, М. Әлімбаев, т.б. танысады, әдеби ортаға жақындайды. Партизан соғыстарын ауызша әңгімелеп жүрген Қасымға сол достары мұны қағазға түсіру жайлы ақыл-кеңестерін айтады. Осылайша басылым, баспаларды жағалап, бірде тілші, бірде редакторлық қызметтерді атқарады. Жазушылық жолында ол ұстазы ретінде Мұқан Иманжановты атайды.

 

1951-1953 жылдар

Жоғары партия мектебі жанындағы екі жылдық курсқа оқуға түседі де, оны екі жылдан соң бітіріп шығады. Өзі кейін жазғандай ағаларының алақанын сезіп, сол ақылшы асылдардың қамқорлығымен кәсіби журналистер, аудармашылар мен редакторлар оқитын бұл курста Қасым қарайып қалған білімін қайта көтеріп, сауатын жетілдіре түседі.

 

1952 жылы

Екінші ұлы Болат дүние есігін ашты.

1953 жылы

Курсты тәмамдаған соң, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасына (Қазмемкөркемәдеббас) аға редактор қызметіне тұрып, қаламгерлікпен шындап айналыса бастады. Қасым Қайсенов – қазақ әдебиетінде партизан соғысы тақырыбының негізін қалаушы. Партизан жорықтардың желісімен алғашқы жазбалары республикалық «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Пионер», «Әдебиет және искусство» журналдарында жарық көре бастады.

 

1953 жылы

Толқын есімді екінші қызы өмірге келді.

 

1954 жылғы мамыр айы

Көзі көрмеуге айналған кезде жазушы достарының көмегімен Одессадағы атақты көз дәрігері академик Филатовқа барды. Бұл кезде Украинаның даңқты партизаны А. Ковпактың ықпалы да болған.

Осы кезде «Украинаның Россияға қайта қосылуының 300 жылдық тойын» мерекелеуге келген делегацияның құрамындағы ұлы жазушы Мұхтар Әуезовпен танысты.

1954 жылы

Партизан Қасым Қайсенов зейнетке шықты. Оның алғашқы кітабы «Жас партизандар» деген атпен жарық көрді. Мұны автордың бұған дейін ауызша айтып келген әңгімелерінің желісі бойынша өмірде болған, соғыс кезеңінде көзімен көрген соғыстың көркем тілмен баяндалған шежіресі деуге болады.

 

1955 жылы

Екінші дүниежүзілік соғыстың қиын-қыстау кезеңін, жауынгерлердің жанқиярлық ерлігін шынайы суреттеген шығармалардың бірі «Илько Витряк» кітабы жарық көрді.

 

1956 жылы

«Переяслав партизандары» атты үшінші кітабы жарияланды. Қасым Қайсеновтың даңқты ерлігін иемденген генерал А.В. Тканко: «Осы күндері мен қазақ жазушысы Қасым Қайсеновтің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Днепр үшін шайқасты сипаттаған «Переяслав партизандары» атты жазбаларын оқыдым. Қазақстандық Қасым Қайсеновтің әскери өмірдегі ежелгі жолдасым, біздің бәріміз жақсы білетін Вася партизанның өзі екенін сонда барып бірақ білдім» деп жазды.

 

1957 жылы

Үш кітабы жарық көріп, аз уақыт ішінде қалың оқырманның сүйікті жазушысына айналған жазушы Қ. Қайсенов Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды. Соғыстың жарасы жазылмаған кезеңде әкелер ерлігі мен аналар еңбегін шынайы суреттеуімен қаламгердің туындылары көпшіліктің жүрегіне жол тауып жатты.

 

1959 жылы

«Ажал аузынан» атты жаңа кітабы шықты.

1960 жылдар

«Жау тылындағы бала» атты партизан жазбалары жарық көреді. «Днепрде», «Жау тылында» атты кейінгі жетпісінші жылдары мол тиражбен екі рет қайта басылып шықты.

 

1964 жылы

Тарас Шевченконың 150 жылдық тойына қатысу үшін Украинаға барды. Осы сапарының нәтижесінде «Партизан соқпақтары» кітабы жарық көрді. 

 

1978 жылы 23 сәуір

Партизан-жазушы Қасым Қайсенов 60 жасқа толды. Мерейтойға орай «Народные мстители» повестер мен әңгімелер жинағы жарыққа шықты.

 

1987 жыл

Желтоқсан жастар көтерілісі кезінде қала сыртында болған батыр бұл жайды кеш естиді. Біраз қазақ зиялылары жастардың өзін кінәлап, айыптап жатқан тұста Қасым Қайсенов жастарды қолдап, пікір білдірген. «Жалғыз көзінен жас ағып» (Еркін Нұразхан) жылаған Қасым Қайсеновтің сол сәтін көргендер болған екен.

1990 жыл, қараша айы

Өскеменнен Алматыға қайту жолында шығарып салушы жігіттер басқа ұшаққа отырғызып жіберуі себепті Ресейдің Кемер өлкесінен бірақ шыққан. Облыс басшысы Аман Төлеевке хабарласып, бұл жағдайды естіртеді, ал Төлеев оны қабылдап, құрмет көрсетеді.

1991 жылдың тамыз-қыркүйек айлары

Қазақ халқының даңқты батыры Қаракерей Қабанбайдың 300 жылдық торқалы тойына қатысты. Сол кездегі Талдықорған, Семей және Шығыс Қазақстан облыстарында өткен ұлан-асыр тойларға қатысқан Қасым Қайсенов жерлестерінің ыстық құшағына енді.

 

1995 жылғы 9 мамыр

ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен Қасым Қайсеновті еліміздегі ең жоғарғы награда – «Халық қаһарманы» атағымен марапатталды. Қазақтың атын асқақтатқан батыр кеудесінде жарқыраған «Алтын жұлдыз» өз дәуірінде бағаланбай кеткен ұлы Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаевтың да ерліктерінің салтанат құруы болатын.

 

1999 жылы

Екінші отаны болып кеткен Украинаға кезекті сапармен барып қайтты. Мұнда ол өзінің ескі майдандағы қаруластарымен, жолдастарымен кезігіп, әңгімелеседі. Партизан отрядының командирлерін көріп, көзайым болады. Бір кездері заңды несібесінен қаққан А. Тканконың полковник шенінде қалғанын біліп, ел президенті Л. Кучмаға хат жазып, генерал атағын алуына көмектеседі.

 

2000 жылдан бастап

Денсаулығының сыр бере бастауына баланысты Қасым Қайсенов мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың атына шығармашылық жұмыстарына қолғабыс ететін жеке хатшы тағайындауды сұрап хат жолдады. Сол кездегі ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім министрі А. Сәрсенбаев шешім шығарып, кімді алатынын батырдың өз еркіне қалдырған. Қасым Қайсенов 1985 жылдан бері таныс белгілі суретші Еркін Нұразхановты жеке хатшым деп атады.

 

2002 жылы

Қасым Қайсеновтің «Естеліктер мен жазбалар» атты публицистикалық кітабы жарық көрді. Республикалық басылымдарға берген сұхбаттарында автор соғыста көрген сұмдықтардың шындығы жазылмады, тек 25 пайызы ғана қамтылды дейді.

 

2003 жылы

Белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің айтуы бойынша Қасым ақсақалдың мүлдем көрмеуге айналған көзін отандық дәрігер Мәдина Құралова емдей бастады. Қыруар қаржыны талап ететін күрделі операцияны тегін жасаған мейірімді дәрігер қыз майдангердің батасын алды.

 

2004 жылы

Қазақстан Жазушылары одағы жазушының «Естеліктер мен жазбалар» кітабын Мемлекеттік сыйлыққа ұсынды, бірақ комиссияның шешімі бойынша өтпеді.

 

2006 жылғы 30 желтоқсан

Көзінің тірісінде аңызға айналған батыр, партизан, жазушы, «Халық қаһарманы», «Отан» орденінің және А. Фадеев атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Қасым Қайсенов 89 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған ауыр науқастан Алматыдағы өз үйінде қайтыс болды. Батырдың қайтыс болуына байланысты республикалық басылымдарда қазанама жарияланды. Қазақстан президенті Н. Назарбаев марқұмның отбасына, асыл жарына және балаларына көңіл айту жеделхатын жолдады.

 

 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства