Азаттық пен Астана

Азаттық пен Астана

Тәуелсіздік – қазақтың маңдайына қонған ғажайып бақ. Ғажайып бақтың жолында қанша қажыр, күш, жігер, тіпті, қанымыз бен жасымызды төктік, жоғалттық! Бұл – айтары көп, қасіреті зор басқа һәм салмақты әңгіме. Әйтеуір, дербестікке дейін ділімізден де, тілімізден де, дінімізден де, керек болса, діңімізден де көз жазып қала жаздағанымыз ақиқат. Сол тәуелсіздік қазаққа орасан құндылықтарын қайтарды. Керемет дүниелерімен қауыштырды. Өшкенін тұтатып, тарихымен табыстырды. Шегелеп айтар тұсы, тізгін ұстар тұлға сыйлап, Астананы салдырды. Қазақтың Астанасын! Сондықтан ғой, Елбасы мен елорданың егіз ұғымдай қатар айтылатыны. Ал, дәл бүгін тарқатылар тақырып былай: Тәуелсіздік тарту еткен Астана қазаққа не берді?..

Ұлы көш 10 желтоқсанда басталған

...Таңдау Сарыарқа төсіне түсті. Себептер көп. Бірі емес, бірегейі сол, астана тәжі Алматының басында тұрғанда өңір орталықтан шалғай-тұғын. Теріскейдегі ықпалды мемлекеттің әсерінен Арқа жұрты ана тілін шұбарлай бастады. Қос ел арасындағы шекарада да шешімін күткен түйткілді мәселелер жетерлік-тін. Бос жатқан сайын далаға қарап, жұтынып отырған алпауыттар ше?.. Өзекке түскен қорғасындай болған бұл жағдаяттар Елбасы көңілін көлегейлеп, ел үмітін үзе берді.

Несін тізбектей береміз ине-жіпке? Бәрі көз алдымызда өзгерді. Мемлекет экономикасындағы, әлеуметтік саладағы проблемаларға қарамастан, Ақмола Астанаға айналды. Президенттің бұл тәуекеліне кереғар пікірлер легі бір төбе. «Өзін сүйрей алмай жүрген елдің Астана салғаны – қай сасқаны?..» деушілер ішімізден де, сырттан да табылды. Табалағандыққа жақын. Хош делік.

Бір замандарда бабалар Есілдің бойын еркін жайлады десек те, Ақмола заманында адам емес, ит байласа тұрмайтындай еді. Соңғы сөзімізден кейін-ақ, он бес жыл бұрынғы Арқа төсін көз алдыңызға әкеле беріңіз... Өзеннің оң жағалауында келбеті оғаш тартқан, жұпыны шағын қала жатты. Сол жағалау... сол жағалау иен дала! Көкжиек қана көрінеді. Жамбастап алты ай жатып алатын қаһарлы қысын айтыңыз! Қойын-қонышқа сумаңдай еніп, әбігерді алатын ақ бораны бар!..

Не керек, 1998 жылы 10 желтоқсан күні Алатаудың етегінен Арқаның төсіне, Ұлы Даланы тіліп-жарып ұлы көш бет түзеді...

 

Бүгінгі келбетіне бүкіл әлем қызығады

Бүгін. Бүгін мақтанар тұсымыз көп. Иен далаға ел қонды. Ел қонған жерге аспан тіреген зәулім ғимараттар бой түзеді. Хан тағы орныққан Ақорда! Астананың символына айналған «Бәйтерек»! Төл дініміздің мәйегін шашқан Әзірет Сұлтан, «Нұр-Астана» мешіттері! Ертеңінен үміт күттірген әлем жастарын, қазақ жастарын білімге шақырған Назарбаев университеті! Түрлі ұлт пен ұлыстың басын шаңырақ астына біріктірген Бейбітшілік және келісім сарайы! Сұлулығымен таңдай қақтырған «Хан шатыр»! Нобайын Елбасының өзі сызған Назарбаев орталығы! Елордалық жеткіншектерді өнегеге, өнерге шақырған Оқушылар сарайы! Іргесі көтеріліп, қабырғасы қаланып жатқан «Әбу-Даби Плаза» қонақ үйі, опера және балет театры...

ЭКСПО қалашығы бар! Былтыр ғана әлемнің 115 мемлекеті мен 18 халықаралық ұйымының басын Арқа төсіне тоғыстырған мамандандырылған көрменің маңызы зор болды. Айтулы шараның естелігіндей болып қақ төрімізде «Нұр Әлем» сферасы Астананың ажарын айшықтап тұр.

Шаһардың 20 жылдығын қалай ұмытармыз?! Әр өңір бас қаласына бір-бір нысаннан сыйға тартқаны есімізден шыға қоймас. Олардың қай-қайсы да Астана тұрғындары мен қонақтарының игілігіне жарап тұр.

Мұның бәрі қазақтың Астанаға, Астананың қазаққа тартуы!

 

«...Қазақ тілі көшіп келді»

Сөз басында, сонау тұста ақмолалық ағайынның тілі орыстанып кеткенін айттық. Кінәлап емес. Жан күйзеліп. Өйткені, іргеде Ресей... Сарыарқа бас шаһардың тәжін алғалы өңір-өңірден Астанаға ағылған қандастар қатары жиіледі. Бос келмеді, елорданы өсірем, өркендетем деп келді. Жоғарыда мақтанған жетістіктер де ізгі ниет пен пәк пейіл жұмсалған істің нәтижесі. Бұл нәтиже тілде де байқалды. Яғни, қазақыландық. Қазақтың Астанасы қазақ тілінде сөйлей бастады. Осы орайда, қаламгер, ана тілінің жанашыры Ербол Шаймерденнің айтқаны еске түседі: «Астананы Арқа төсіне көшіруді жүрегіммен, жаныммен қабылдадым... Өзім осы өңірдің жай-күйін, жағдайын бұрыннан жақсы білетінмін. Әлі есімде, 1985 жылы қазіргі Астана – сол кездегі Целиноград қаласына Петропавлдан алғаш көшіп келген уақытта біздің үйдегі жеңгең «Бұл жақтың базарында қазақтар бар екен!» деп қуанып жүруші еді. Елорда мәртебесі өңірге үлкен оң өзгеріс ала келді.

...Астана Ақмолаға көшер тұста Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігіне қарасты Тіл департаментін басқаратынмын. Оған қоса, республикалық Ономастикалық комиссия төрағасының орынбасарымын. Жаңа елорданың атын ауыстыру туралы шешім қабылданар тұста министрліктің басқа құрылымдарының бәрі Ақмолаға көшіп, жалғыз біздің департамент қана Алматыда қалған еді. Ономастика комиссиясының да негізгі құрамы Алматыда болатын. Бір күні министр хабарласып, «комиссия құрамы түгел жиналуы керек, барлығын Ақмолаға алып келіңіз» деп тапсырды... Үлкен жиын өтіп, қала басшылығы мен мәслихат депутаттары Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілсін деген ұсыныс түсірді. Ономастикалық комиссияның шешімімен бұл ұсынысты Елбасының қарауына жібердік.

...1998 жылдың 18 мамырында Тіл департаменті еліміздің бас қаласына көшіп келген күн ел өміріндегі үлкен оқиға ретінде қабылданды. «Егемен Қазақстан» газетінің бірінші бетінде «Астанаға қазақ тілі көшіп келді» деген тақырыппен көлемді мақала жарық көрді. Өйткені, ол кезде Астанадағы қазақ тілінің жағдайы өте мүшкіл халде болатын».

Енді нақты мәліметтерге жүгінелік. Жуырда Астанада жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижесіне сәйкес, қазақ тілін білетіндер шамамен 77 пайызды құраған. Ал, өзге ұлт өкілдерінің ішіндегі мемлекеттік тілді білетіндер 22,2 пайыз екен. Сұралғандардың 75 пайызының пікірінше, соңғы екі жылда елордада мемлекеттік тілдің қолданылуы едәуір ұлғайған. 81 пайызы «Астанада қазақ тілі қоғамдық өмірдің негізгі салаларында қолданылады» депті. 61 пайызы мемлекеттік тіл қоғамның әртүрлі салаларында қолданылғанда өздерін қолайлы және өте қолайлы сезінетіндерін айтқан. Сол секілді, тіл үйренгісі келетіндердің 44,6 пайызы 18 бен 25 арасындағы жастар. Көрсеткіштер нені білдіреді? Өзінің келешегін ойлаған саналы жастар мемлекеттік тілді үйренуге ұмтылып жатыр деген сөз.

Бұл – Астананың ең үлкен жеңісі!

 

Көше атауларында көп сыр бар

Елордадағы басқосулардың бірінде белгілі қаламгер Ғарифолла Әнестің: «Астананың көшелерінің атауына разы болдым. Бір-бірімен ғажайып үйлесімін тауып, тарихи дүниелерді қайта тірілткендей екен» дегені бар-ды. Айтса, айтқандай-ақ, Абай даңғылы, Абылай хан, Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр даңғылдары, Бауыржан Момышұлы даңғылы, Рахымжан Қошқарбаев даңғылы... Қандай жарасымды! Сарыарқа, Тәуелсіздік, Тұран даңғылдары… Тамаша! Бас шаһардың он жылдығында ғой, “Астана көшелерінің атаулары” атты жинақ жарық көрді. Кітаптан кешегі К.Маркс көшесінің бүгін Кенесары, “Первомайский” – Қарасай батыр көшесі, “Смакотин” – Жәнібек тархан, “Социалистическийдің” Мұхаммед Хайдар Дулати көшесі болғанын байқаймыз.

Астана көшелеріне ат қоюда “мың өліп, мың тірілген” халқымыздың азаттық жолындағы тарихи оқиғаларға, байырғы жер атауларына айрықша басымдық берілген. Айталық, Аңырақай көшесі –Мұғалжар көшесінен басталып, Ақкемер, Жайсаң көшелерімен қиылысады. Аңырақай – біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы күресте жеңіске жеткен жердің аты. Қозыбасы көшесі –Мұстафин көшесінен басталып, Іле көшесінде аяқталады. Ал, Қозыбасы – Қазақ хандығының құрылған жері. Елім-ай көшесі –Жалаири көшесінен басталады. “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” жылдарында қазақтың “Елім-айлағанын” естен шығармасақ игі!..

Елорда көшелерінің есімі Қазығұрт, Ұлытау, Қаратау, Қарасаз, Ордабасы, Торғай, Тарбағатай деп тағы жалғасады. Айтпақшы, әйел-анаға деген шексіз құрмет те бас қаланың назарынан тыс қалмаған. Сол жағалау мен оң жағалауды серуендеп жүрсеңіз Домалақ ана, Қарашаш ана, Қарқабат ана, Ұмай ана, Айша бибі, Тұмар ханым, күйші Дина, ақын Сара атындағы көшелерді де көзіңіз шалады...

Міне, рухымызды өсірген осы жетістіктер биігінен өткенге қарасақ, еріксіз «Астананың тарих алдындағы өтеуі ғой» дей бересіз. Расы, солай!

Асхат РАЙҚҰЛ


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Итоги Вооруженных Сил РК в 2018 году

Итоги Вооруженных Сил РК в 2018 году