"Айбын" жиыны биыл тұңғыш рет халықаралық деңгейде өтеді

Бүгінде өңірлерде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналған «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қызу дайындық жүріп жатыр. Биылғы жылы бұл жастар жиынына 600-ден аса адам қатыспақ.
Дәстүрге айналған айтулы шара жылдан жылға жаңарып, ерекшеленіп келеді. Осы орайда біз әскери патриоттық жастар жиынының бұған дейінгісіне шолу жасап, бүгінгі деңгейіне де тоқталғанды жөн санадық.

Алғашқы «Айбын» жиыны

Екі жылға шегініс жасалық. 2015 жылдың 10 маусымы. Алғаш рет «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны Қарағанды облысына қарасты «Спасск» оқу-жаттығу орталығының базасында ресми түрде ашылды. Жиын қазақстандық белсенді жастардың 800-ден аса өкілінің басын қосты. Олар әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, әскери-қолданбалы спорт түрі бойынша облыстық және қалалық жарыстардың жеңімпаздары атанып жүрген қыз-жігіттер, сондай-ақ республикалық әскери мектеп интернаттарының (Алматы, Қарағанды, Шымкент, Семей, Павлодар, Ақтөбе қалалары), «Жас ұлан» республикалық мектебі және «Арыстан» лицейінің тәрбиеленушілері, жоғарғы оқу орындардағы әскери кафедралардың студенттері еді.

Салтанатты ашылу рәсімінде сол кездегі ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабының бастығы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйлеп, «Бүгінде халқымыз Елбасы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысының қолдауының арқасында өскелең ұрпаққа аса зор ықыласпен көңіл бөлуде. Барлық өңірлерде, қалаларда жастардың оқуына, спортпен айналысуына және өз Отанының абыройлы азаматы деген атқа лайық болуына барлық қолайлы жағдай жасап келеді. Қазіргі таңда армия отансүйгіштіктің, достықтың, тұлға болып қалыптасудың шынайы мектебіне айналып отыр.  Мені жастардың бар ынтасымен ҚР ҚК қатарына түсуге деген ұмтылысы қуантады. Бұл маңызды және ізгі міндет. Сіздерді Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің курсанттары мен офицерлерінің қатарынан көремін деген үміттемін.  Осы орайда әскери істе білікті маман болу үшін барлық күш-жігерді аянбайтындарыңызға сенемін. Жүректеріңізде Елге шексіз берілген сүйіспеншілік оты жалындасын, сау және шымыр болып, ақыл-ойларыңыз маңызды және күрделі міндеттерді шешкен сайын қайрала түссін», - деді ол. «Айбын» жиыны маусымның 10-ы мен 13-і күндері аралығында төрт күнге созылды. Жастар мазмұнды бағдарламаларға қатысты. Оған жастардың дене даярлығын анықтайтын негізгі күштік жаттығулар және әскери-қолданбалы спорт түрі бойынша жарыстар енгізілген. Оның ішінде: белағашқа тартылу, 100 метрден АК-74 ату, пневматикалық винтовкадан атыс, газтұмылдырықты кию, сондай-ақ әскери-медициналық даярлық бойынша: алғашқы таңуды көрсету, жарақаттанған адамды көшіру. Жастар қазақстандық армияның заманауи техникасы мен қару-жарағын көріп, ерекше даярлық мектебінен өтті. Олар күштері мен мүмкіндіктерін сынады, теңдесіз тәжірибе жинап, жаңа достар да тапты.

Жиынның басты міндеттері жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдіру, әскери-патриоттық клубтардың іс-қимылын үйлестіру, жастарды Қарулы Күштердегі әскери қызметке даярлау, олардың бойында әскери қызметті өтеу кезінде қажет дағдылар мен ептілікті қалыптастыру, сондай-ақ жастарға салауатты өмір салтын насихаттау, дене, әскери-қолданбалы және техникалық даярлықты жетілдіру болғанын атап өткен жөн.

Иә, алғаш рет ұйымдастырылған бұл шараның жөні бөлек, жолы ерек болды. Алғашқының аты алғаш. Жиын жетекшісі ҚР ҚК Бас штаб бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Мұхамеджан Таласов мырза: «Биылғы кеткен кем-кетіктер болса оны ескеріп, келесі жолы бұдан да жақсы ұйымдастыратын боламыз» деді бір сөзінде.

Әрине, өткен іске айтар сын да, сыншы да көп. Алайда, бұл жиын басталмас бұрын әбден илеу мен сүзгіден өткені аңғарылып тұрды. Ұсақ детальдарға дейін ескерілгені тағы бар. Әр өңірден келген жасөспірімдер үшін шатырлы қалашық тұрғызылып, әр шатырдың маңында қай өңірден, қай мектептен немесе қандай әскери патриоттық клуб екендігін аңғартатын тақтайша орнатылып, тамақтанатын және тағам әзірленетін орын да өз алдына жақсы орын тапқан еді.

 

Екінші жылы ерекшеленді

 Былтыр «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны маусымның 14-і күні екінші мәрте шымылдығын түрді. Бұл жолы да оқу-жаттығу орталығының аумағында жайылған шатырлы лагерьге 800-ден аса жас қыз-жігіттер жиналды. Олардың әрбірі әскери қызметші болу, патриот болу және әскери істің шынайы күшін білу ниетімен «Спасск» орталығына келді.

Аталған жиынның салтанатты ашылу рәсімінде әдеттегідей сол кездегі Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов сөз алды. Сөзінде: «Бүгін қазақстандық армия тәуелсіз мемлекетіміз бен халықты қорғауға жан-жақты дайын. Ол өзінің қалыптасу жолында жинақылық пен жауынгерлік рухты  нағыз патриоттық  тұрғыда тәрбиелеу мектебі деп аталуға толық құқыққа және қоғамда айтарлықтай беделге ие болды. Елбасы Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері барынша күшті және берік болып қалыптасуы үшін барлық жағдайды жасап отыр. Әскери кәсіп елімізде талап етілетін беделді кәсіпке айналды. Бүгінгі күні бізді жастардың өз өмірін әскермен байланыстырғысы келетін ниеті мен талап-тілектері ерекше қуантады. Бұл жиында негізгі басымдық ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында идеялық-тәрбиелілік іс-шараларға бағытталатын болады. Барлығыңызға сайыста табыс, рухтың жігерлілігі, шын күресте жеңіске жетуге деген сенімділік тілегім келеді. Жиын барысында бәріңізге білім және машықтану дағдылыларын жинақтауға тілектеспін. Ал әскери қызметші кәсібімен өмірін байланыстырғысы келетіндерді жоғары оқу орындарында кездестіреміз деген сенімдемін» деді генерал-полковник.

Ашылу рәсімі кезінде жас патриоттарға, болашақ Отан қорғаушыларға ҚР ҚМ Құрметті қарауыл ротасының әскери қызметшілері өз шеберліктерін көрсетсе, арнайы мақсаттағы жауынгерлер шапшаңдығы мен күш-қайратын паш еткенін айта кеткен жөн. Ел армиясының Әскери-әуе күштері мен Құрлық әскерлерінің бөлімшелері шартты қарсыласқа шабуыл жасау мен оларды жою жөніндегі арнайы операцияны бірлесіп толық орындады.

Сондай-ақ, бұл жолы «Айбын» жиынына алғаш рет Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы әскери кафедралардың курсант қыздары қатысқаны – есте қаларлық жайт. Олар «әскери қызметкер болу – «тек ер азаматтың міндеті» деген түсінікке толығымен қарсы. Олардың көпшілігі өмірін армиямен және әскери қызметпен байланыстыруға ниетті.  

«Біз жиынға екі ай дайындалдық. 22 қыздың ішінен екеумізді таңдады. Маған әскери қызметкер болған ұнайды. Алдағы уақытта лейтенант әскери атағын алғым келеді. Тіпті, болашақта генерал болсам деген арманым да бар» дейді М.Әуезов атындағы мемлекеттік университеті әскери кафедрасының 1-курс студенті Аида Бәйдібекқызы.

18 маусымға дейін жалғасқан «Айбын» жиынына қатысушы жастар бір апта бойы күш сынасып,  теориялық білімдерін сынау үшін барын салады. Жиын барысында әскери-қолданбалы спорт түрі және жауынгерлік даярлық, әскерилендірілген ойындар, сондай-ақ интеллектуалдық байқаулар мен басқа да жарыстар өтті.

Былтырғы бағдарламада жаңа өзгерістердің де енгізілгенін айта кеткен жөн. Өткен жылмен салыстырғанда әскери-спорт түрі бойынша жарыстар саны екі есеге азайды. Сонымен қатар, жас буынның зияткерлік және интеллектуалдық қабілетіне ерекше назар аударылды.

 

Үшінші мәртеде халықаралық мәртебе берілмек

 Ал биыл, үшінші мәрте өткізгелі отырған бұл шараға 600-ден аса адам қатысады. Олардың арасында еліміздің түкпір-түкпіріндегі әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, шетел мемлекеттері әскери-патриоттық клубтарының тәрбиеленушілері, Астана, Шымкент, Алматы, Қарағанды қалаларында шоғырланған «Жас ұлан» республикалық әскери мектептерінің, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің, Павлодар қаласындағы әскери мектеп-интернаты мен Семей қаласындағы мамандандырылған ер балалар мектеп-лицейінің тәрбиеленушілері бар.

Қазіргі кезде «Айбын» жастар жиынына дайындалу шеңберінде өңірлерде үздік командалар іріктеліп жатыр.

Әрине, жыл өткен сайын жиынның өту барысы мен бағдарламасы екшеленіп, оған өзгерістер мен жаңалықтар да енгізілуде. Аталмыш жиынның да мәртебесі артып келе жатқаны даусыз. Оның дәлелі – халықаралық мәртебеге лайықтанғаны. Яғни, биыл «Айбын» халықаралық әскери-патриотттық жиынына алғаш рет халықаралық мәртебесі берілу көзделуде. Бұл дегеніңіз бірегей шараның ауқымы кеңейіп, абыройының асқақтағаны.

Жастардың жігерін жанитын жиынға биыл осылайша серпін берілмек. Алдынғы екі жылдың табысты нәтижелері де биыл еселеніп, дода қызу әрі тартысты өтетініне де сенімдіміз. Күш-жігерлерін тасып, абыройларың арта берсін «айбындықтар!». 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"