Атомдық қарудан азат Қазақстан

Атомдық қарудан азат Қазақстан

Кеңес одағы тарағаннан кейін ядролық қаруға ие болу кейбір жаңа тәуелсіз мемлекеттердің басшыларына егемендікті сыртқы қауіп-қатерден қорғаудың бірден-бір кепілі секілді көрінгені рас. Алайда, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұзақмерзімді халықаралық саясат тұрғысынан алғанда ядролық қаруға иелік ету Қазақ елі үшін қауіпсіздік кепілі емес, керісінше, қауіптің басты көзіне айналуы бек мүмкін екенін жақсы түсінді.

Расында, дәл қазіргі ахуалда Қазақстан әлемдегі алпауыт ядролық державалармен бетпе-бет келіп, жекпе-жекке шақыруға шамасыз, шамасы болған күннің өзінде ел басшылығы оны қаламайды. Президенттің пікірінше, біздің күшіміз жаппай қырып-жоятын қару-жараққа иелік етуімізде емес, әлем қауымдастығының алдындағы абырой-беделімізде, тату қарым-қатынасымызда. Сондықтан да қолымыздағы ядролық қарудан бас тартуымыз Қазақстанға «ядролық қарусыз» мәртебесін әперді. Бұл мәртебе мерейімізді әлсіреткен жоқ, асырды, көпке үлгі етті.
Мұндай асқан жауапкершілікті қадамды табысты жасау үшін ел бастаған адамның үлкен ерік-жігері, көреген болмысы, табандылығы, мемлекетшілдігі қажет еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бойынан осы қасиеттердің барлығы артығымен табылды. Ол еліміздің қауіпсіздігімен қатар, жалпақ әлемнің қауіпсіздігін сақтауды ойлады. Бұл жерде Елбасы өзін өз мемлекетінің ғана емес, барша адамзаттың қамын жеген әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде танытты. Бұл сөзімізге дәлелдер жетерлік. Тарқатып көрелік...
Әлемдегі беделі биік Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанмен арадағы көп жоспарлы серіктестікті жоғары бағалайды. Өйткені, қос тарап ядролық қарусыздандыру саласынан бөлек, климат жөніндегі Париж келісімін жүзеге асыруда, мәдени және дінаралық диалогты ілгерілетуде, терроризмнің алдын алуда табысты өзара іс-қимыл жүргізуде. Биылғы қыркүйекте Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясының отырыс алаңында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш еліміз туралы ойын былай білдірген еді: «Қазақстан – 2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы күн тәртіпті жүзеге асыруға үлгі болатын мемлекет. Сирия жөніндегі Астана процесіне толықтай қолдау білдіреміз және Қазақстанға бейбітшілікті сақтау жолындағы күш-жігеріне алғыс айтамыз».
Жоғарыдағы жиынға қатысқан, Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары, сарапшы Санат Көшкінбаевтың пікірінше, тәуелсіздік таңы атарда Қазақстан көшбасшысы ядролық қарудан бас тартып, сол кезде-ақ көрегендігін таныта білген. «БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон: «Қазақстан басшылығының батыл шешімі ядролық қарудың, оның құрамдас бөліктерінің, ядролық материалдардың және қос мақсатты технологиялардың зиянкестердің қолына түсу қаупін едәуір қысқартты» деп ерекше атап өтті. Тәуелсіздік алған 1991жылдан бері ядролық қарулардың әлем елдеріне таралуына жол бермеу және адамзатқа төнетін қауіп үшін қарусыздандыру бағытындағы жаһандық маңыздағы жұмыста Қазақстан шет қалған емес. Мемлекетіміз осы әрекеті арқылы халықаралық механизмдердің беки түсуінде айтарлықтай рөл атқарды. Қазақстанның бұл жауапты ұстанымы біздің еліміздің оң имиджін қалыптастырып қана қоймай, әлемдік қауіпсіздікті сақтауда айтарлықтай үлесін қосады», дейді сарапшы.
Қазақстанның атомдық қарудан азаттығын, осы бағыттағы бастамаларын әлемдік ғалымдар да жарыса мадақтайды. Айталық, Пагуош ғалымдар қозғалысы бас хатшысы Паоло Котта Рамусиноның пікірі мынадай: «Бір кездері Қазақстан ядролық қарудың аса ауыр зардабын шегіп еді. Бұл мемлекет ядролық сынақтарды тоқтатудың маңызды элементі болып қала береді. Біз ядролық қарудың ешбір елде болмағанын қалаймыз. Қазіргі уақытта 15-16 мың дана көлемінде ядролық қару бар, сондықтан ядролық қауіп-қатерлер мәселесін тасада қалдыра алмаймыз».  
«Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру идеясы алғаш рет айтылған БҰҰ жиналысында мен де болдым. Біз Қазақстанның  ядролық қарусыздандыру ғана емес, Сирия мәселелері бойынша да диалогтық платформаға айналғанын көріп отырмыз. Астана процесі бұл шиеленістің саяси шешімін іздеуге елеулі үлес қосып келеді», дейді белгілі ғалым Джаянта Данапала.
Міне, атомдық қарудан азат Қазақстан әлем елдеріне қалай үлгі болуда! Жолымыздың даралығы, бағытымыздың дұрыстығы елімізді бірегей өркениет өлкесіне жақындатуда. Тыныштық аралы атанған туған еліміз, туған жеріміз дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылған күнді көретін сәт те алыс емес.
Бүркітбай АЯҒАН, Мемлекеттік
тарих институтының директоры

Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: как в казахстанской армии работают над профилактикой правонарушений

Инфографика: как в казахстанской армии работают над профилактикой правонарушений