1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні!

Сейсенбі күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы Біртұтас Ұлт» атауымен кезекті ХХІV  сессиясы болып өтті. Оған Елбасы – ҚК Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етті.

Сессияда сөз сөйле­ген Мемлекет басшысы Қазақ­стан халқы Ассамблеясы біздің Тәуелсіздігіміздің ұлы құнды­лық­тарының бірі екенін атап өтті.

Біз достықты қазақ­стан­дықтар­дың барлық буынының бас­ты игілігі ретінде сақтай білдік. Біздің бірегей жолымыз – тең құ­қық­тылық, бір шаңырақ астында өмір сүретін барлық этностың бір­лігі мен келісімі халықтың тілек-қалауымен таңдалды.– деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті тәуелсіздік, келісім, Болашағы біртұтас ұлт ұғымдарының қазақстандық арманды жүзеге асыратын бір-бірімен өзара байланысты ұғымдар екеніне назар аударды.

Бақыт бағалай білгеннің ғана басында тұрады. Ең асыл қазынамыз – бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай білсек, барлық асулардан асамыз.

ҚР Президенті Н.НАЗАРБАЕВ

(Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында сөйлеген сөзінен)

 

ҚАЗАҚСТАН – БЕЙБІТШІЛІК МЕКЕНІ

 

Сөз басы

 

Баяғыда жаужүректілігі мен батырлығы үшін ел арасында Қабан атанған (Қабылиса жырау Асанұлы (1733-1824)) жырауымыз мына бір сұхбат түріндегі:

«...Бақыт қайда барасың?

– Көршімен болған бірлігі,

  Тағат, ғибадат тірлігі,

 Ұйымшыл елге барамын..» деген  жырымен елді бірлік пен татулықты сақтауға, алауыздыққа жол бермеуге шақырған екен. Ал, одан алты жүз жыл бұрын өмір сүріп, түркі халықтарына жол көрсеткен Қожа Ахмет Ясауидің адамның кемелдікке жетуі үшін ұсынған шарты: «Кеңістік, уақыт, бауырмалдық – өзара ынтымақтастық,  мемлекет басшысына риясыз бағыну» еді. Қабан жырау да осы талаптың барлығын берік ұстаған ел бақытты болатындығын айтады. Жоғарыдағы Мемлекет басшысының да ұстанымы осы бабалардың сөзіне саяды.

 

Бауырға басты

 

Уақыттың шеңберінде өмір сүріп жатқан халықтың әрқилы жолы мен сантүрлі соқпағы бар. Сол жолдар өзгені қазақ сахарасына алып келді. Сөйтіп талай жұртқа қазақ даласы пана болды, жер қонысы – құтты мекеніне айналды.

Тарихты қозғасақ, XX  ғасыр басында қазақ даласына столыпиндік реформа кезеңінде Ресейден, Украина мен Беларусьтан 1 миллион 150 мың адам, 1930-шы жылдарғы ұжымдастыру кезінде 250 мың мүліктері тәркіленген шаруалар және өнеркәсіп нысандарын салуға елдің барлық түкпірлерінен шамамен 1,2 миллион адам қоныс аударыпты. Ал, сталиндік режим кезіндегі әр жылдарда  елімізге бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық немістер, 102 мың поляктар, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасылары жер аударылған екен. Сонымен қоса, сталиндік қуғын-сүргін жылдарында 11 лагерьдің  (АЛЖИР, КарЛАГ, СтепЛАГ, ДальЛАГ, ПесчанЛАГ, КамышЛАГ, ЖезказганЛАГ, Ақтөбе, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерьлері) тұтқынына айналғандар да кейін босағаннан кейін біздің елден жыраққа кетпеді. Бұдан өзге соғыс кезінде Қазақстан 350 мың эвакуацияланған халықты қабылдады. 50-ші жылдары тың игеруге тағы да 1,5 миллион адам келді. Түрлі жабық әскери нысандар шамамен 150 мың маман мен олардың отбасыларын қабылдады. Бүтіндей алғанда, ХХ ғасырдың басынан Қазақстанға 5,6 миллион адам қоныс аударып, қазақ жеріне табан тіреді. Өз кезегінде қазақ халқы оларды құшақ жая қарсы алып, бауырмалдығын танытты. Жатты жақынындай көріп, бауырға тартып, төрін ұсынып, қиыншылығын бөліскен қазақ халқына сол заманның теперішін көргендер қашан да ризашылығын білдіріп жатады. Айта кетерлігі, әр кеңістікте, әр уақытта біздің ел бауырмалдықтан айрылмады.

 

Бірлікті ту етті

 

Дархандығы кең жазира даласындай болған қазақтың елді мекенінде тұрақтаған өзге жұрт ешкімнен кемдік көрмеді. Жергілікті жұртпен өмір кешті, бірлесе күнін көрді. Таршылық пен қиындыққа мойымады. Сол ғасырдың қасіретін бірге бөлісті. Өсті, өркендеді. Соның бәріне өзара түсінушілік пен ымыраластықтың арқасында қол жеткізді.

«Елу жылда – ел жаңа» деген. Еліміз егемендігін алған кезде де Қазақстан халқы ынтымақтастық пен бірлікті ту етті. Осылайша, бір-біріне деген сенімділіктің арқасында алға қарай қадам басты.

 Бүгінде Қазақстанда бейбітшілік пен өзара ынтымақтастықта 140 этника мен 40 конфессия өмір сүруде. Олар отанымызды құтты мекендеріне балайды.

 

 

Достыққа дәнекер болды

 

Егемен ел атанған тұста ел президенті көпұлтты Қазақстанда жаңа институттың құру қажеттігін алға тартты.  Яғни,  Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында тілге тиек етті. Сөйтіп, 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы шықты.

Араға бірнеше апта салып, өзінің тікелей бастамасымен шақырылған Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясында та­р­ихи баяндамасын жасады. «Мен елімнің Прези­ден­ті ретінде қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты міндетім деп санаймын. Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Мен кең-байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін. Мұның, ең алдымен, миллиондаған қазақстандық отбасына керек екенін еске аламын. Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үй­лерінің алдында қасірет шегіп, жыламағанын қа­лай­­мын», деген Нұрсұлтан Назарбаевтың сөз­де­рі сол кездегі ең өзекті, ең маңызды мәселе ретін­де әр­бір қазақстандықтың жүрегінің төрінен орын алды.

Міне, содан бері Қазақстан халқы ассамблеясы орасан біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап әрі халықтық дипломатия институты үлгісіне бейімделе отырып, ұзақ даму жолынан өтті. Еліміздегі 100-ден аса этностың басын біріктіретін бірегей құрылым тұрақтылықты сақтап, республиканың ілгерілей дамуы үшін маңызды рөл атқарды. Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл әлемге Қазақстанның этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін паш етіп келеді. Ол өзге елдерге, мелекеттерге үлгі көрсетіп қана қойған жоқ, бірліктің қазақстандық бірегей үлгісін қалыптастырды. Ассамблея мүшелері қашан да Қазақ елінің ынтымағы мен бірлігін жақтап келеді. Алғашқы референдумнан бастап, кешегі күнге  дейін Ассамблея осы өмірлік мәселелердің бел ортасынан табылды.  Бір сөзбен айтқанда, достыққа  – дәнекер, ұлағатты істерге  ұйытқы болды. 

Жалпы алғанда негізінен Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсініктік ахуалы қалыптасты.

Республикада Қазақстанның барлық этностарының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ассамблея қызметі Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделін арттыруға ықпал етуде.

 

Тұрақтылықтың кепілі

 

Ата Заңымызда бейбітшілікке құштарлығымыз, барлық мемлекеттермен тату көршілік пейіліміз көрініс береді. Онда ұлтына, дініне, нәсіліне қарамай, адамның, азаматтың құқығы ардақ тұтылатыны және  «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті» екені айқын жазылған. Сондықтан, бүгінгі күні Қазақстанның Қарулы Күштерінде ұлтына, нәсіліне қарамай, ел азаматтары қызмет етіп жүр. ҚР ҚМ Кадрлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, қазір ҚР Қарулы Күштеріндегі офицерлердің үлес салмағы мынадай: қазақтар  – 82,4 пайыз, орыстар – 10,5 пайыз, украиндіктер  – 1,4 пайыз, татарлар – 1,2 пайыз, немістер – 0,3 пайыз, кәрістер  – 0,3 пайыз, ұйғырлар –  0,9 пайыз,  беларустар –0,3 пайыз, қырғыздар  – 0,2 пайызды құрайды.  Яғни, бұл еліміздің 9 ұлт өкілі Отанымызды қорғауға атсалысып жүр деген сөз.

Өз жерін қол сұғушылықтан қорғап, тыныштықты сақтау, бірлікті берік ету – Отан қорғаушылардың басты қағидасы. Өйткені, Қазақстан Республикасының Әскери доктринасында жазылғандай, қорғанысымыз бейбітшілікті дәйекті түрде ұстанатындығы елдің ұлттық мүддесін табанды қорғаумен, әскери қауіпсіздігіне кепілдік берумен үйлеседі. Жалпы, Әскери доктринада әскери қауіпсіздіктің қазіргі заманғы, оның ішінде ассиметриялы қатерлер – кибертер­ро­ризмді, этноұлттық және діни экс­тре­мизмді, қарудың заңсыз таралуын қоса алғанда, халықаралық терроризмге қарсы күрес ескеріле отырып, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралым­дарды дамыту жағдайлары мен негізгі бағыттары нақтыланған.

 

 

 

Бейбітшіліктің бесігі

 

Қазір, баршаға аян, дүние астаң-кестең. Қантөгіс тыйылар емес. Қақтығыстар барған сайын өрши түсуде. Араны ашылған ұлы державалар текетіресі ешкімді аяп жатқан жоқ. Геосаясат тақтасындағы олардың «ойыны» жер бетіндегі миллиондаған адамға қайғы-қасірет әкеліп жатыр. Мәселен, Украина, Біріккен Араб әмірлігінің Иранмен қақтығысы, Мысыр, Сирия, Ирак, Ливия, Йемен, Алжир, Марокко, Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыс, Жапония мен Қытай шиеленісі, Армения мен Әзірбайжан арасындағы дау және тағы басқа да елдердегі қарулы қақтығыстар мен азаматтық соғыс, тәуелсіздік үшін күрес пен билікке наразылықтар, жікшілдіктер саяси тұрақсыздыққа әкеп соғуда.  

Осы орайда, біз, Құдайға шүкір дейміз. Аспанымыз ашық, жүзіміз жарқын, бейбіт күн кешіп жатырмыз. Еліне сенген Елбасының да, Елбасына сенген еліміз де егемендіктің ақ таңы атқан сәттен бастап осы тыныштықты қалады. Қазақстандықтар қауіпсіздіктің белдеуінен аттамады. Қайта, ұжым­дық қауіпсіздіктің аймақтық жүйесі негіздерін жасап, ядролық қатерді азайтуға жұмылды. Оның жарқын дәлелі – Қазақ­стан КСРО-дан мұра болып қал­ған ядролық арсеналға деген құ­қы­ғынан өз еркімен бас тартып, Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылуы. Осы Қазақстанның жасампаз миссиясын халықаралық қоғам­дас­тық мойындап, Елбасына Бей­бітшілік және алдын алу дипло­матиясы сыйлығының табыс етілуі Қазақстанның алғашқы күннен-ақ дұрыс жолды таңдағанын дәлел­десе керек.

Иә, ел басшысына риясыз сенген ел қазір мызғымас бірлігімен, тату-тәтті тірлігімен әлемге танылып отыр. Өйткені, береке-бірлігі жарасқан Қазақстан – әлем сүйсінетіндей бейбітшіліктің бесігі.

 

Сөз соңы

 

Татулық және достық деген кезде жұдырық болып жұмылған, ынтымық-бірлігі жарасқан ұлттар мен алауыздығы жоқ ел еске түседі. Қай ұлт, қай ел болса да бейбітшілік пен ашық аспанды, бақытты, терезесі тең, керегесі кең елдер қатарында болуды аңсайды. Өйткені, татулық пен келісім, бейбітшілдік пен тұрақтылық бар елді бақыт өзі іздеп келеді.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"