Астана тойына әлем елдері атсалысады

Астана тойына әлем елдері атсалысады

Биыл – қазақты ғана емес, әлемді салтанатымен сүйсіндірген, асқақтығымен таңдандырған Астананың жиырма жылдығы. Торқалы тойға дайындық қазірден басталып, біршама шаруалар да атқарылды. Мәселен, Үкімет қаулысымен бекітілген Астананың 20 жылдығы аясында өтетін 175 шараның қай-қайсының да маңызы жоғары. Бұл басқосулар халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейлерде ұйымдастырылады.

Этноауыл қайта ашылады

Елорданың мерейтойына арналған шаралардың республикалық жоспарымен қатар, өңірлік жоспары да жасалды. Облыстарда 1800-ден аса шара өткізу көзделуде. Бұл жайында Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмаз Нұразханның аузынан естідік. Оның айтуынша, Астананың 20 жылдығын атап өту үш кезеңнен тұрады. Негізгі кезең өткен жылдың 10 желтоқсанында басталып, 6 шілдеге дейін жалғасады. Осыған орай министрлік елорданың мерейтойы аясындағы шаралардың бірыңғай бағдарламасын әзірлеген.

«ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі кезінде халықтың көз қуанышына айналып, думанды төр болған этноауыл биылғы маусым айында қайта ашылып, қыркүйекке дейін жұмыс істейді. Онда «Алпамыс», «Трапеция мектебі» атты театрландырылған цирк шоулары ұйымдастырылады. «Астаналар шеруі» атты көлемді халықаралық жобаға ерекше мән беріп жатырмыз. Оған Париж, Берлин, Лондон, Мәскеу, Сингапур, т.б осы сияқты әлемнің 20 астаналарының жетекші шығармашылық ұжымдары, танымал әртістері, даңқты спортшылары қатысады» деді департамент басшысы.

Алмаз Нұразханның мәліметіне сүйенсек, «Astana Musical» театры әлемге әйгілі «Notre Dame de Paris» мюзиклінің авторлары Риккардо Коччанте мен Люк Пламандонмен бірге аталмыш туындының тұсаукесерін өткізеді. Астанаға гастрольдермен Мария театры, Американ балет театры келеді. Сондай-ақ «Астана» атты екінші дүниежүзілік театр фестивалі өтеді. Ұлттық музейде маусым-қараша аралығында халықаралық көрмелер ұйымдастырылады.

Танымал жиырма кітапханамен танысамыз

Биыл Қазақстанның Ұлыбританиядағы, Жапониядағы, Қытайдағы күндері және Өзбекстанның, Әзербайжанның, Ресейдің Қазақстандағы күндері өтеді. Астана орталығындағы Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаева кітап ордасы елорда мерейтойына арнап әлемнің танымал 20 кітапханасының көрмесін өткізетінін жеткізді. Он тоғыз мемлекеттің кітапханаларында Қазақстанның әдеби және мәдени орталықтарын ашқандарын мәлімдеген ол осындай жиырмасыншы орталық биыл Германияда ашылатынын, осылардың бәрі көрмеге келетінін айтты.

«Былтыр Францияның BULAС атты үлкен кітапханасында Мұстафа Шоқайдың қолжазбаларын таптық. Кітапхана бізге бұл қолжазбаларды тапсыруға дайын», деді Үмітхан Мұңалбаева.

«Турандотты» Тимур сахналайды

«Астана Балет» театрының директоры Валерий Күзембаевтың айтуынша, биыл аталмыш өнер ошағы Астана мерейтойына «Жизель» балетімен қоса, қазақ ертегісі желісімен қойылатын балетті тарту етеді. Бұл туындының либреттосын Бақыт Қайырбеков жазып жатыр.

«Астана Опера» театры директорының орынбасары Александр Совостьяновтың сөзінше, биыл бұл ұжымның «Біржан-Сара» операсының премьерасы ашық аспан астында өтеді. Кастинг жарияланып, қазіргі таңда бас кейіпкерлерді сомдайтын әртістер таңдалып жатқан көрінеді. Бұған қоса, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Севилья шаштаразы», «Евгений Онегин» опералары «Корсар» балеті қойылады. Пекиннің ұлттық опера театрымен бірге қойылатын «Турандот» операсын сахналауға әлем мойындаған режиссер Тимур Бекмамбетов шақырылып отыр. Қазіргі таңда онымен келіссөздер жүргізілуде.

Ұйымдастырушылар Астана мерейтойына арналатын айтулы шараларға билеттер техникалық себептерге байланысты электронды сатылымға әлі түспегенін айтты. Десе де осы айда сатыла бастауы тиіс.

Асхат РАЙҚҰЛ


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства