Астана тойы – Алаштың тойы

Астана тойы – Алаштың тойы

«Көрінген таудың алыстығы жоқ», Астананың жиырма жылдық мерейтойы да жақындап қалды. Ақынның тілімен айтқанда «Көкті сүйген көркімен таңғалдырған, Көңілінде көргеннің ән қалдырған» ару шаһардың дөңгелек даталы думаны ұлан-асыр дүбірге ұласпақ. Жиырма жылдық той аясында өтетін ауқымды іс-шараларға республикалық деңгейде мән беріліп отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сәуір айының басында бас қаланы одан әрі дамытуға арналған мәжілісте: «Бұрынғы Ақмола қаласының төңірегі қандай болғаны бəрімізге белгілі. Жаңа қаланың орны мидай дала еді. Қазір қаланың осылай дамығанына өзім де таңғаламын. Біз ата-бабамыздың арманын орындап, Сарыарқаның төрінде ел ордасы – Астананы салдық. Дүние жүзі тамсанып, таңғалатын шаһарға айналдырдық. Елордамыздың 20 жылдық мерекесін барлығымыз бірлесіп атап өтуіміз қажет. Бұл – елдің қуанышы», деген болатын.  

Бас қаланың торқалы тойына еліміздің облыстары тарту жасап, елорданың сәулетінде қолтаңбаларын қалдыруға ниет білдіріп жатқанын айта кеткен жөн. Осыған байланысты Президент облыстар қала тұрмысына қажетті нысандар салуға көбірек көңіл бөлуі қажеттігін айтты. Осы арқылы жоғарыда сөз еткен қаржыны ел игілігіне жаратуды меңзеді. «Мерекені бәріміз жақсы көреміз. Мен барлық облыстардың шараға атсалысқысы келетінін білемін. Оның бәрі бір арнамен, барынша тиімді жолмен ұйымдастырылуы керек. Облыстарға тым салмақ салудың қажеті жоқ шығар, дегенмен елордаға тарту жасағысы келгендер болса орнымен жасалуы керек. Жай ескерткіш емес, қалаға пайдалы көше, сквер, саябақ, қандай да бір нысандар салынғаны дұрыс. Жұмыстың ең маңызды тұсы – көрінбейтін жағы. Мәселен, сумен қамту, жылумен қамту, қоқысты тазалау сияқты жұмыстар. Ол бір қарағанда байқалмайды, көрсетіп мақтана алмайсың»,– деген болатын Елбасы.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының, Астана әкімі Әсет Исекешевтің сөздеріне сүйенсек, бас шаһардың туған күніне орайлас шаралар бас-аяғы бірнеше күнмен немесе бірер аптамен шектеліп қалмайды. Қала халқы, шаһарға алыс-жақын аймақтардан келген меймандар үшін ұйымдастырылатын шаралардың ауқымы әлдеқайда кең, тіпті бірнеше айға дейін ұласатын болады. Жоспарланған жиындар да Астанамен шектеліп қалмайды, Алматыда және басқа да ірі қалаларда атап өтіледі. Демек, көлемді қаржы ауқымды шараларға жұмсалады деп пайымдауға болады.

Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қалалық әкімдігі және басқа да мемлекеттік органдар мұрындық болатын 645 шара өткізілуі тиіс. Бұлардың қатарында ресейлік Мария театрының гастрольдік сапары, халықаралық Канн кинофестивалі - 2018 аясындағы қазақ киносының апталығы, Нью-Йоркте өтетін Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік музей қорындағы картиналардың көрмесі сынды шаралар бар. А.Мұхамедиұлы айтып өткендей, 15-16 маусымда өтетін Voice of Astana эстрада әндерінің халықаралық фестивалі де көлемді қаражатты қажет ететін жобалардың санатында. Бұл мәдени жиынға әлемдік супержұлдыздар шақырылмағанымен, жарық пен дыбыстың сапалы болуының өзі арзанға түспейді екен. Бір атап өтерлігі, музыкалық бағыттағы шаралардың барлығында отандық музыка өнерін, төл композиторларымыз бен жұлдыздарымыздың шығармашылығын насихаттауға баса көңіл бөлінеді. «Біз биыл фестивальдің алғашқы күнін «А-студио» тобының жетекшісі Байғали Серкебаевтың 60 жылдығына арнағымыз келіп отыр. Екінші күнін Батырхан Шүкеновті еске алуға арнаймыз. Валерий Меладзеден бастап, Леонид Агутин, Кристина Орбакайте сынды танымал өнер жұлдыздарының барлығы Батырханның достары ретінде осы концертке қатысуды парыз санайды», дейді министр.

Мерейтой бағдарламасына көз жүгіртсек, 1 шілдедегі «Қазақстан барысы» республикалық қазақша күрес турнирі, 1-5 шілде аралығында өтетін XIV халықаралық «Еуразия» фестивалі, 7-13 шілдедегі І халықаралық Wide World театрлар фестивалі, 25-29 маусым күндері өтетін The Spirit of the Dance этностық музыка мен халық биі фестивалі, халықаралық ақындар айтысы сынды ауқымды мәдени шаралар легі толастамайды екен. Wide World театрлар фестивалі аясында халықаралық симфониялық оркестр сүйемелдейтін Карл Дженкинстің Chune Astana одасының салтанатты премьерасы, «Опералия» фестивалінің бағдарламасында Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы қойылатынын атап өткен ләзім.

Жыл сайын маусым айының орта шенінен бастап қала күнін тойлау қыза түсетіні белгілі. Биыл мерекелік шаралардың легі, шаһардағы мерекелік көңіл-күй бірер аптаның аясында саябырлап қалмай, жаз бойы толастамауы тиіс. Бұл елордалықтар үшін де, Астанаға жазда қыдырып келетін меймандар үшін де ыңғайлы болары сөзсіз.

                                                                                                Асхат РАЙҚҰЛ

Суреттерді түсірген Ағыбай АЯПБЕРГЕНОВ


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства